Отандық прокаттағы коммерциялық бағыттағы фильмдердің көтеретін та...
Youtube желісінде шетелдік фильмдерді тегін ұсынатын арналар
Қазақстанда коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты көпшілік жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылғаны белгілі. Оның ішіне кинотеатрлар да кіреді.
Үйде отырып кино көру – уақытша оқшаулануға мәжбүр бұқараның негізгі ермектерінің біріне айналады. Осыған орай Youtube желісінен тегін әрі заңды түрде шетелдік кино өнімдерін ұсынатын арналар туралы айтпақпыз.
Алдымен фильмдерді еркін таралымға шығаратын арналар туралы айтып өтейік. Көбінесе бұлар – Ресей кинодистрибьюторлары мен прокат компанияларының Youtube арналары. Сонымен қатар телеарналар мен киностудиялардың ресми аккаунттары. Прокат мерзімі аяқталған кейбір кинотуындылар солардың ресурстары арқылы тегін таратылады.
VideoLand – ресейлік ірі видео-лейбл, контент агрегаторы және DVD мен BLU Ray дисктердің дистрибьюторы. Компания VOD, PAY TV, Free TV құқықтарды басқарумен айналысады. Каталогында көркем, деректі және мультипликациялық фильмдер, блокбастер мен арт-хаус, кеңестік кино өнімдері бар.
VideoLand ресейлік CD Land Group компаниялар тобының құрамына кіреді. Осы топтың құрамында тағы бір Youtube жоба бар. Ол CD Land Video деп аталады. Бұл жерде де түрлі жанрдағы фильмдер жарияланады. CD Land Group құрамына, сондай-ақ, балалар контентін жариялайтын Детский Клуб арнасы да кіреді. Бұнда мультфильмдер мен балаларға арналған көркем фильмдер жарияланады.
Filmster – лицензиялық релиздерді таратумен айналысатын ресейлік арна. Олар өндіруші студиялардан құқық сатып алып, Youtube желісіне таратады. Соңғы жылдардың хиттары мен прокаттан тыс қалған фильмдерді көруге болады.
RWV Films – фестивалдік және тәуелсіз кино туындыларын таратумен айналысатын Russian World Vision компаниясының ресми аккаунты. Бұл арнада фестивалдерге қатысатын картиналардың, түрлі хит және блокбастер фильмдердің релиздері бар. Аптасына үш реттен жаңарып отырады.
Epic Media – Ресейдің ірі продюсерлік компаниясы. Компания көпсериялы фильмдердің өндірісімен және дистрибуциясымен айналысады. Оның қорында түрлі жанрдағы 50 шақты жоба бар. Өзінің Youtube арнасына өзі өндірген сериалдар мен көп бөлімді фильмдерін шығарады.
All Media Company – Ресей мен ТМД территориясында түрлі платформаларға арналған контенттің дистрибьюторы. Атап айтқанда – кинотеатр прокатына, ТВ, Интернетке, DVD, BluRay және мобилдік құрылғыларға арналған туындылар.
All Media шетелдің The Weinstein Company, Red Granite, Wild Bunch, Studio Canal, QED International, Entertainment One секілді компанияларымен әріптестік орнатқан. Солардың контентінен құралған қорда жеті жүзден астам фильм бар.
RVISION – лицензиялық видеоконтент тарататын арна. Иегер компания туралы ақпарат көп емес. Түсінгеніміз – ақпараттық технология саласында және контент иегерлеріне сервис көрсететін компания. RVISION – кино көруге арналған жалғыз арна емес. Осы аккаунттың «Арналар» (Каналы) бөліміне өтсеңіз, осы компанияның тақырыптық арналар тізімін көре аласыздар: драмалар, Совет фильмдері, мелодрамалар, әлемдік кино, т.б.
Cinematic – әлемдік киноны онлайн тарататын компанияның арнасы. Коллекция жиі жаңарады дей алмаймыз, бірақ арасында тым тәуір және танымал фильмдер бар.
Домашний – отбасы болып көруге болатын кинохиттарды көрсететін арна. Оның серіктес арнасы – Ashtray арнасына да кіре кетіңіз. Бұнда түрлі жанрдағы жаңа фильмдер шығады.
Central Partnership – Ресейдің ірі кинодистрибьюторы және кино мен тележобалар өндіруші. Ол өзі түсірген фильмдерден бөлек, Голливудтың Paramount Pictures, Lionsgate және Summit Entertainment компанияларының туындыларын эксклюзив таратады. Youtube арнасына шетелдік хиттар салып тұрады.
Фильмдерді киностудиялардың ресми аккаунттарынан да табуға болады. Youtube-та Киноконцерн «Мосфильм», Дирекция Кино, Кинокомпания «СТВ» секілді арналар бар.