2026 жылы қазақстандықтар Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын бірге оқиды

nabrk.kz

ӘДЕБИЕТ
93

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2026 дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы және осы жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау отырысы өтті.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жылма-жыл өткізіліп келе жатқан танымалдыққа ие жоба.

Акция отырысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп төрағалық етті. Отырыс офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.

Жиынның кіріспе бөлімінде сөз алған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітова «Бір ел – бір кітап» акциясының қалыптасу жолына кеңінен тоқталып, оның қоғамның рухани өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.

Акция аясында әдеби мұраны заманауи форматта ұсынатын арнайы әзірленген мета-көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Акцияның басты мұраты – қазақ әдебиетін жүйелі түрде насихаттау, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны терең зерделеуге жол ашу, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік және рухани дамуын қамтамасыз етіп, ана тіліне деген құрметті күшейту.

2007 жылы алғаш рет Ұлы Абайдың қара сөздерін оқудан бастаған акция бүгінде қазақ әдебиетінің  таңдаулы 53 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынып, насихаттады.

Осы уақытқа дейін жоба 19 рет ұйымдастырылып, республика көлемінде 100 мыңнан астам мәдени-рухани іс-шара өткізілді. Акция аясында дәстүрлі оқырман кездесулері, әдеби кештер мен көрмелермен қатар, заманауи форматтағы виртуалды көрмелер, арнайы сайттар, онлайн-челлендждер мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, миллионнан астам аудитория қамтылды.

Республикалық акцияның басты мақсаты – қазақ әдебиетін жүйелі түрде насихаттау, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны зерттеуге мүмкіндік жасау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуын қамтамасыз етіп, ана тіліне деген құрметін арттыру.

2025 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ақын Жұмекен Нәжімеденовтің және көрнекті прозаик Тәкен Әлімқұловтың шығармалары ел көлемінде оқылды.

2026 жылы 20-шы рет өткен жыл кітабын таңдау жұмысы екі кезең бойынша жүзеге асырылды:

   •        бірінші кезеңде республикалық және өңірлік кітапханалар арасында сауалнама жүргізіліп, оқырман сұранысы мен ұсыныстары негізінде алдын ала кітаптар тізімі құрылды:

   •        екінші кезеңде Ұйымдастыру комитетінің отырысында ұсынылған тізім ішінен жыл кітабы бекітілді.

Алдын ала іріктеліп ұсынылған таңдаулы шығармалардың тізімі төмендегідей:

Қабдеш Жұмаділов - «Тағдыр»

Кеңшілік Мырзабеков -  «Дәуір – дастан»

Медеу Сәрсеке - «Жаңғырық»

Қастек Баянбай  шығармалары

Олжас Сүлейменов - өлеңдер мен поэмалар

Таласбек Әсемқұлов - «Талтүс»

Светқали Нұржан - «Ай таранған түн»

Ғалымбек Елубай - «Жүз жетінші көктем»

Әлеуметтік желідегі оқырмандардың таңдауы: Қадыр Мырза Әли  шығармалары   

Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер мен Қазақстанның кітапханалары басшыларынан құралған комиссия мүшелері ел болып оқылатын кітапты жабық дауыс беру арқылы анықтады. Дауыс беру нәтижесінде көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты тарихи романы таңдалып, 2026 жылы бүкіл ел осы туындыны бірге оқитын болды.

«Бұл таңдау – тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рухты тереңдетуге бағытталған ортақ шешім»- деді комиссия төрағасы Нұртөре Байтілесұлы.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...