Қазақстандық танымал актер және тележүргізуші Шыңғыс Қапин әйгілі әнші Мұрат Насыровтың бейнесін қай...
Сұлтан Сәрсемәлиев 32 жастағы қайнысы мен оның әпкесін қалай өлтіргенін айтып берді
ашық дереккөз
Атырауда бір отбасының мүшелерін өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев өзінің қайнысы — 32 жастағы Наурызды және 35 жастағы Мирамгүлді қалай өлтіргенін айтып берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
«Наурыз бірден қайтыс болған жоқ. Мен мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым, өмірімде мал да сойып көрмегенмін», – деді Сәрсемәлиев сотта.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін шамамен 15 минут бойы аулада отырып, үйдің кіреберіс есігінің ашылуын күткен. Кейін қайтадан үйге кіргенде Наурыздың еденде жатқанын көрген.
Айыпталушының сөзінше, ол сол кезде Наурыз әлі тірі болуы мүмкін деп ойлаған. Егер аман қалса, күйеу баласының өзін өлтірмек болғанын бүкіл отбасыға айтып береді деп қауіптенген.
Сәрсемәлиев болған оқиғадан кейін полиция шақыруды ойлағанын, алайда кешке дейін не істерін білмей жүргенін айтты.
«Шынымды айтсам, полиция шақырғым келді. Бірақ менің бес балам бар, ең кішісі ол кезде төрт айлық еді. Әйелім оларға жалғыз қарай алмайды. Сондықтан не істерімді білмей, ойланып жүрдім», – деді ол.
Сот барысында Сәрсемәлиев қараша айында болған Мирамгүлдің өлімі туралы да айтты. Оның сөзінше, қылмыс жасалған кезде үйде балалар мен жұбайы Ақбаян болған. Айыпталушы Мирамгүлді ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Жангелдин ауылынан әкелгенін, ол Ақбаянға көмектесіп, жанында болсын деген ниеті болғанын жеткізді. Алайда олардың арасында жанжал туындаған.
«Ол менің ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Психологиялық жағдайына байланысты анасының сөздерін бойына сіңіріп алған. Бұрын анасы айтқан сөздерді қайталай берді», – деді Сәрсемәлиев өз жауабында.
Айыпталушының айтуынша, жанжал оның ашуына тиген.
«Алдымен қолтық тұсынан ұрдым, кейін бетінен соқтым. Аузын жапқым келді, сондықтан пышақпен бет тұсынан жарақаттадым. Ол тіпті айқайлаған жоқ. Ол кезде еш өкініш сезінбедім. Үш адамды өлтіргеннен кейін бәріне бейжай қарай бастайды екенсің», – деді ол.
Іс материалдарына сәйкес, Мирамгүл Максот Қарабалин мен Насип Мұқанғалиеваны өлтіру кезінде қолданылған сол пышақпен өлтірілген. Айыпталушының айтуынша, қылмыстан кейін ол Мирамгүлдің мәйітін бұрын Наурыз Мұқанғалиевтің денесін жасырған жерге апарып, шұңқырға бетін төмен қаратып көмген.