Тұрмағамбет шығармаларының негізгі бөлігі бұрынғы ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти...
Ұларбек Нұрғалымұлы. Арыдан ойлау, астарлап сөйлеу
(Ақын Мамыр Байдәулетов туралы сөз)
Мына вирустың әлі аты аталмай тұрғанда, сәуірдің дәл осы күні Қызылордада болсам ғой деген бір жоспар болып еді. Өйткені бұл күн маған ғана емес, Сыр өңіріндегі талайлаған жігіттің сырттандарына аға болып алдында жүрген, айтулы азамат, арынды ақын Мамыр Байдәулетов көкем 50 деген жастың есігін ашар ерекше күн еді ғой.
50 жастың қадірі
Жездесі 50 жасқа толған мерейтойы үшін пойызбен астанаға келе жатқан Мамыр ағаға купелес шал: - Е, е, е, 50 жас де, сол да тойлайтын жас па еді? – деп миығынан бір мырс етіпті. Аяғы әжептәуір дауға апарардай мұндай әңгімені сатып алуға таппай отырған Мамыр аға мұрынның ұшын бір сипап, бірді-екілі құрғақ тартып жіберіп, әлгі кісіге тіктеле қарап: - Қария, қаншаға келдіңіз? – депті. – Ел әлдеқандай қылып жүрген сол елуіңді артқа тастап кеткеніме ширек ғасыр болды ғой, - депті қария да ділмарлығына салып. Сонда Мамыр аға айнала отырғандарға шола қарап: - Е, е, е қадірін білмеске қор болған қайран ғұмыр-ай... – деген екен. Сапарлас жігіт ағасынан мұндай сөз күтпеген қария шамырқанып шыға келіпті. – Не деп отырсың ей, менің ғұмырымның қадірін сен білгізбек пе едің, жөнімен сөйле, шырағым! – деп түйіліпті. – «Елу де тойлайтын жас па» деп кекетіп әңгімені бастаған өзіңіз, енді менің шаужайыма жармаспаңыз, айтатын сөзім іркіліп қалса түйіліп өле жаздайтын жаман әдетім бар еді, айтпасыма болмай отыр. Елу әркім келе берер жас емес көке. Мен тіпті 30-шы жылдардың аштығындағы миллиондаған қыршындардың, 37-нің қуғын-сүргініндегі мыңдап көктей орылған есілдердің, соғыста жүз мыңдап баудай қырылған боздақтардың, тіпті кешегі «21-де жасым» бар деген Қайраттардың қыршын ғұмырын айтпай-ақ қояйын. Естуіңіз бар шығар, қазақта Шохан Уәлиханов дейтін атақты ғалым болды, бейбіт күнде 50 түгіл 30-ға жетер-жетпесінде дүние салды. Сұлтанмахмұт Торайғыров дейтін сұрапыл ақын болды, 30-ды көрмей о да мерт болды. Телегей жырлары теңіздей тулаған Төлеген Айбергенов деген ақын 30-дың о жақ, бұ жағында өртеніп кетті. «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп жырлаған Мұқағалидың мұзарт ғұмыры қырықтың бесеуінде-ақ қырқылып кеткен екен көке! Елу деген әркім келер жас болса солар неге келмеді? Сондай-сондай сом тұлғалардың армандап кеткен ғұмырын Алла сізге берсе, ол жасты өзіңіз жалғап алғандай асқақтамай, қадірін білген жақсы, «қолына кей жаманның алтын түссе, қадірін біле алмайды мыстан артық» дегенді, ренжімеңіз, мен ойымнан шығарғам жоқ, атам қазақ айтқан екен. – деп барып бірақ тоқтапты Мамыр аға.
Айнала жұрт аңтарылып қалыпты, жетпісті желкелеген әлгі қариямыз жатқан жерінде күңірене бір аунап түсіп, сүйегінен өткен сөз сәлден кейін жілік майын қыздыра бастағанда түнерген түс-өңі қағыр жердің қаталап шөлдеген күзгі жоңышқасындай қарақошқылданып купеден шыға жөнеліпті.
Қазақта сөз ұстаған тілді-жақты адамдарды жалпы «шешен» дегенмен олардың да өз ерекшеліктеріне қарай «ұрт тілді», «орма ауыз», «жатып атар» деген секілді неше түрге бөледі ғой. Ал, бала күніңнен миыңның бір түкпірінде бүк түсіп жатқан осындай сөздер көзіңе дәл сол сипаттағы адам көрінгенде барып орнынан қозғалып ояна бастайды екен. Мамыр ағаның қазақ деген халқының танымына теріс келер әлдебір пасықтық, тексіздіктерді көргенде оның кім екеніне қарамай қабырғаның астынан қаза сойып, қанын сорғалата сөйлейтіні ойымның он қабат қатпарында қалғып жатқан «орма ауыз» деген сөзді оятып еді. Оған жоғарыдағы айтылған купедегі әңгіменің өзін алға тартсақ жетіп жатыр.
Купе демекші, тағы бір оқиға.
Қатынның астында қалай жатпақсың?
– Қызылордадан Астанаға пойызбен жолға шықтым, - дейді Мамыр аға, – сапарға шыққанда адам көңілі кеңіп сала береді ғой, маңайымдағы қазақ болса болды, самбырлап әңгіме айта жөнелем. Сөйтіп келе жатқанымда бір елуді еркін еңсеріп қалған денелі, семіз әйел маған келіп, «Аға, сөзіңіз өтімді, ер мінезді кісі секілдісіз, анау жігіт үстіне жатса деп едім, мен қайта-қайта сыртқа шығуым керек болып тұр, түнде ұйқысұрайтыным тағы бар еді...» деп жалынғандай болды.
Орнымды бере қояйын десем, мен де үстіңгі төсектемін. Сәл бөгелдім де, «Жарайды, шапанымды шешіп алмас» деп көрші купеге бас сұқтым. Ауру да емес, мас та емес, кәдімгі қазақтың жиырма беске келген зіңгіттей жігіті. Арыстай болып алдымда жатыр. Адамша амандасып ем, орысша жауап қайтарды. Не керек, ана тілінен іште жатқанда-ақ айырылып қалған тұл «жетім» екен. Өмір бойы жинап-терген елу шақты орысшамды миымның бұрыш-бұрышынан әрең іздеп тауып тіл байғұсты иліккенінше бұраңдаттым келіп. Қызылордада жүре берген соң «бағы» ашылмай оларды да әбден шаң басып қалған екен, алғашында өзім қақалып қала жаздадым. Анау көнер емес, тіпті миығынан күліп, иығынан жауап қатады. «Осы жерге жату үшін арнайы сатып алдым» дейді. Торығып кеттім. Анау әйел де қысылды. Тұла бойды шымырлатып ашу да келе жатыр лықсып. Өз жайым өзіме аян... өне бойдың қуатын өңешке қайыра тұрып соңғы сөзімді айттым: «Ей, ез неме! Еркек басыңмен қатынның астында қалай жатпақсың? Шықпаймысың жоғарыға!». Әрине, орысшалап айттым. Анау селт ете қалды. Селт еткенде жай емес, орнынан ытырыла түрегелді. Манадан сұрланып отырған сұп-суық жүзіне қазақы қан теуіп демде шырайланып шыға келді. «Рас айтасыз» дегендей ұялып тұрғаны анық байқалады. Заттарын жинастырды да, жоғарыға лақтырды. Мысықтай ырғып төсегіне шықты да «рахмет, аға» деді.
О, Алланың әмірі! Таңғалдым. «Сонда қазақтық таным, түйсік дегенің оңай өлмейтін дүние болды ғой» деген ой келді. Тамырын тап бассаң, бас көтереді екен ғой. Қайран қазақы түйсік! Танымайтын жігітті орнынан жұлып алды ғой, Ұлашжан-ау, - деп мәз болады Мамыр ағам. Кезінде осы сынды үш-төрт әңгімесін жазып, «Дайағашшы» деген кітабыма енгізіп едім, біраз жұрттан алғыс алдым.
Таңда келгенде біреу күтіп алатын ба еді?
Қазақ астарлы сөйлеген халық. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген соның айғағы. Айдаладағы біреу туралы әңгіме айтып отырып, қарсы алдындағы сені іреп-сойып отырады. Аңғарған адам айыбын білсе айылын жияды. Бұл қазақтың ерекше жетілген сан қырлы ойлау жүйесінің көрінісі еді. Ал, осы кезде адаммен астарлай сөйлесу жұмбақ жасырып немесе мазақ қып отырғанмен бірдей көрінуі мүмкін. Қазақтың қара өлеңі де солай. Сөзді қоя тұрасың да, ойын іздеп кетесің. «Басында қара таудың балуан тас» дегенді тас туралы айтып тұр екен деп түсінуі мүмкін бүгінгі «бар ма, жоқ-тың» жас қазақтары. Осы сөзімнің астын сызып қойып айғақтап бер десеңіз мысал-мысалымен алдыңызға жайып салар едім. Мамыр Байдәулет – қазақтың жан-жақты ойлау жүйесі мен астарлап сөйлеу тәсілін тұла бойымен тірідей алып келе жатқан бірегей тұлға.
Оған айғақ болатын, өзім білетін жүз мысалдың біреуін айта кетейін.
Бір жолы бір аптадан кейін астанаға келетінін айтып қоңыраулатты. «Жақсы, аға, күтіп аламын ғой» деген біз пақыр қарбаластап жүріп ұмытып кетіппіз.
- Әй, мына астаналарың суық қой, ауа райы ма, адамы ма, ызбарланып тұр ғой, - дейді телефонда көкем.
- Аға, кепсіз ғой, қашан келдіңіз? - деп құрақ ұшам.
- Таңда келдік қой...
- Таңда болғанда қаншада? – деймін тағы да, тым ерте болса алдыңыздан шыға алмай қалғанымызды айып етпессіз деген ишарамен.
- Төрт жарымда түстік-ау деймін.
- А, а, ерте екен ғой аға, жұлдыз барда түсіпсіздер ғой.
- Әй, жұлдыз кетіп, күн шыққанда түскенде бізді біреу күтіп алайын деп тұр ма еді? Қашаннан осы ғой, қайта астананың таксилеріне рахмет, апар деген жеріңе апарып салады екен, туысыңнан бұрын алдыңнан шығып, құрақ ұшып тұр, айналайындар аман болсын...
Диалогтың осы тұсына келгенде өтірік-шынды қарқылдап, жырқылдап күле бергеннен басқа амал жоқ. Айналып өтем дегенде бүйіріңнен қадалған найзадай тірелгенде, қозғалмай сол жерде қолға тұруға тура келеді.
Ерасыл қалай адам болады?
Содан, ол – ол ма, әлгінің арасында екі күн өте шықты. Бір күнім қала сыртындағы ауылға барумен өтіп кетті. Мамыр аға Ерасыл деген ұлын ерте келіп, бір аптадай дәрігерге қаралып қайтпақ болғанын білем, енді ақыры күтіп алмаған соң асықпай барып амандасып, үйден дәм татырам ғой деп жүргенде үшінші күні кеште ағам тағы қоңыраулатты.
- Әй, Ұлаш, осы сен балалардың тәрбиесіне қатысты бірдеңелер жазып жүруші едің ғой.
- Иә, аға бір кезде жаздым кішкене.
- Сенің бір көмегің керек болып тұр.
- Ой, аға, не боп қалды, айтыңыз?
- Осы мына Ерасыл адам бола ма, болмай ма?
- Неге, аға, Ерасыл деген атпал азамат емес пе?
- Әй, білмеймін. Бұларда бір түсінік, жағдайы боп қалған шығар, жұмысы қарбалас шығар деп біреуді түсіну деген болмайды екен.
- Не дейді аға?
- Әй мен айтам, Ұларбек деген Нұрмат пен Мұхтар секілді қолы бос жүрген адам емес, (кеше келіп кетті олар ауруханаға) десем ұқпайды. «Ағам ғой» дейді, енді ағаң болса қайтейін, түсінсеңші десем болмайды, бұлар бір қатқан ағаш екен, қайтып адам болады, бірдеңе деші өзің мынаған?
Тағы да әңгіме осы тұсқа келгенде құрулы қақпанға түскен қызыл түлкідей ыржалақтаймын ғой кеп.
- Ой, аға, мәселе ағада болып тұр ғой, ағада. Бала дұп-дұрыс істеп тұр ғой, - деймін.
- А, қайдан білейін, екі күн болды мына, Ұларбек аға, Ұларбек аға деп ызыңдады да қалды...
Телефон тұтқасын қоя салып, тұрған жерімде Мамыр ағам мен Ерасыл бауырыма тарттым ғой содан. Ағатайымды құшақтап әлсін-әлі басымды шайқап қойып күлем, бұл енді әбден бойынсал болған күлкі ғой.
«Пенсия аласың» дегенде шамданыпты
Айта берсек әңгіме көп-ақ. Әкесінің, анасының, ауылының, Тойтық әженің әңгімелері бір төбе. Оны тамсанып, тамырын бойлап тұрып әңгімелегенде талай құлағымыздың құрышын қандырды ғой. Ауылының қадірлі адамдарының қасиеті туралы ғажайып кітап та жазды. «Шіркін, қазіргі жастар білсе ғой» деп бастап кететін әңгімелерінің сарыны тағы бір басқа.
Әкесі Байментай 1906 жылы туған кісі екен. Аштықты, соғысты, одан кейінгі ауыр еңбекті бәрін көрген адам. Аштық кезінде алты баланы алып Ташкентке барғаны, сондағы азықтары есектің мойынтерісі болғаны, ісініп бара жатқан балаға соны сорғызып отырып Ташкентке жетіп аман қалғаны өз алдына ұзақ хикая...
Жарықтық, сөзге шешен, іске шебер, палуан денелі адам болыпты. Отан соғысына қатысып, алты жерден жаралы болған атамыз ауылына келіп ары қарай тіршілігін жалғапты.
1966 жыл екен, совхоздың күрішін егіп шаруамен жүрген ақсақалға бір күні совхоз директоры: «пенсияға құжат жинаңыз, бұдан былай жұмыс істемей үкіметтің берген ақшасын жеп жатасыз» депті (ол уақытта 60 жаста зейнетке шығарады екен). Сөйтсе ақсақал ашуға мініпті. «Мені үкіметтен тегін ақша алатын мүгедек деп жүрсіңдер ме? Алланың берген ризығы, күш-қуатым бар, сенбесең 40-тағы жігіттің істеген шаруасын көрсет, кем түссем, бәсіңді ал! Жазатайым мүгедек болып орнымнан тұра алмай қалсам, балаларым не істейді әкесін бақпай? Сен мені қорлама, шырағым» деген екен.
Сөйтсек ақсақалдың бұл «қырыстығы» алғашқысы емес екен. Соғыстан алты жерден жаралы болып келген кезде үшінші дәрежелі мүгедектер қатарында жәрдемақы тағайындамақ болғанда тағы да ашуға мініп, «тамақ сұрап жейтіндей бейшаралық күйге түскен жоқпын» деп ақырып-ақырып жіберген екен.
«Анау алты баланы аман алып қалу үшін не істемеді? Не көрмеді? Қандай өміршеңдік! Ұлаш-ай, жүріп жүрген қалыңдығы қырысып хабарласпай қалса, қылқына қалғысы келіп тұратын көкежасық шикіөкпе кейбір жігітсымақтарға өмірдің құнын мұнан артық қалай айтуға болады? Бір ғана менің әкем емес, қазақтың көп ақсақалдары осылай болды. Біреулер қазақты «жалқау» деп жазғырып жатады, жалқау болсақ біз жалқау шығармыз, жатыпішер, масылдық біздің бойда бар шығар, аталарымыз олай болмаған, жігіттер!» – деп толқиды кей сәтте. Иә, басында айтқанымыздай мұндай әңгіменің сарыны өз алдына бөлек.
Сіргежияр тілексөз
Мұхтар мен Нұрмат, Ержеңіс, Бекарыс Нұриман тағы басқа ақындарды алғашқы аламанға үкілеп қосып, қазірге дейін өлең-жырға құмар жас талаптарға ұстаз болып жүрген Мамыр аға талай үлгілі істің басында жүр. Бұл күнде Еуразия университетінің студенті, әке жолын қуған Ерасыл Республикалық үлкен айтыстарда қанжығасын майлаған аламанның айтулы жүйріктерінің біріне айналып келеді. Мамыр ағаның өзі тұратын «Қазақстан» көшесін қалай қазақыландырғаны, балаларды түгел жырға, әңгіме айту жарысына баулығаны өз алдына бір мақалаға жүк. Апта демей, күн демей балақонақ, данақонақтың бәріне құрақ ұшып Кәмшат жеңешеміз жүреді. Мамыр Байдәулет ағамыз туралы Мұхтар мен Нұрмат айтатын әңгімелердің жанры тағы бір бөлек. Алла нәсіп қылса алдағы уақытта соның бәрін бір кітапқа жинақтасам деген ой бар. Алла ғұмыр берсе алпысына дейін әлі талай оқиғалар болып, талай асау сөздер айтылар, бұйырса оның бәріне куә бола жатармыз, жазармыз. Айналаңызда алқалаған асыл азаматтар аман болсын!
Ал, бүгін өзі қадірін жақсы білетін 50-іне келіп жатқан ардақты азаматты, аяулы ағаны құттықтап, білдірген лебізіміздің тізгінін осы арадан тарта тұралық. Купедегі оқиғадан кейін Сізге 50-дің қадірі туралы айтып жату артық екені түсінікті.
Шүкір еткен сайын арттыра беретін Алла тағалаға енді бір елудің есігінен аттатып, қазақтың бар болмысын бойына жиған қазыналы қариялыққа жеткізсін деп тілейміз.