Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РайымқұловаЕліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұ...
"Алтын адамның" баскиіміндегі Құбыжық ат
"Алтын адамның" баскиіміндегі ат кескіні: арғықазақтық сәйкестіктер
Алматы маңындағы Есік үйігінен табылған сақ оғланының ("Алтын адамның") баскиімінде ешкі мүйізі бар, алтын қанатты (крылатый конь с козлиным рогом) екі аттың кескіні бар, олардың арқаларынан төрт алтын жебе "өсіп шыққан". Осы дүниенің мифологиялық болмысын тәптіштеп талдаған археолог Ә.Ақышев тек үндіеуропалық -үндіирандық - ирандық мифологияның материалдарын ғана пайдаланған, мұнысына дау айту қиын, дегенмен белгісіз этникалық заманның дүниесінің мифтік сырын түсіндіруге басқа да дәстүрлердің, ең алдымен түркілік-қазақтық материалдарды да пайдалануға болатын еді ғой. Әрине, жетісулық сақтар да территориялық, генетикалық сабақтастық тұрғысынан алғанда арғықазақтық этникалық субстрат болып табылады, сондықтан да бүгінгі қазақ фольклорлық материалынан осы "Алтын адамның" баскиіміндегі егжетейлердің мифтік астарын көрсете алатын айғақтарды іздеп көргеннің артықтығы жоқ.
Құбыжық ат
"Алтын адамның" баскиіміндегі мүйізді аттың (крылатый конь с козлиным рогом) қанаттылығы жөнінде әңгіме айтпай-ақ, "бұл көрсеткіш түркі мифологиясында бар" дей салуға болады, өйткені қанатты ат бейнесі қазақ ертегілік, жырлық дәстүрінде де жеткілікті. Ал "аттың ешкі мүйізділігі" мәселесіне келсек, қазақ (түркі) фольклорынан осыған сәйкес мысалдарды іздеп табумен қатар жалпы аттың құбыжықтық (атқа басқа мақұлықтардың дене мүшелерін беру) сипаты жөніндегі мәселені қарастыруға тура келеді.
Нақты "теке басты" ("мүйізді" деп нақтыланбағанына қарамастан) тұлпар бейнесі "Қорқыт ата кітабы" циклінде сақталған: "Бейрек туралы жырда қарындасы Бану-Чечекке құда түспек болған Қорқыт-атаға Қарашар (Карчар) мынадай аттарды әкеліп бер дейді: "По крайней мере приведите мне двух быстрых, как соколы, коней из табуна Баюндур-хана: одного... ((всех) обгоняющих) жеребца с козлиной головой и одного гнедого с овечьей головой, чтобы я, когда будет бегство и преследование, на одного вскочил, другого повел в поводу". Қорқыт осы екі атты әкеліп береді. Қарашар оны өлтірмек болып қуғанда Қорқыт әуелі қой басты атқа мінсе, артынан теке басты атқа мінеді". Міне, мұндағы "теке басты ат" пен сақ ханзадасының баскиіміндегі "ешкі мүйізді атты" бірдей кескінді деп есептеуге болады.
Аталмыш үзіндіде "қой басты ат" жөнінде де сөз болған, бұл - аттың құбыжықтығының көне түркі (арғықазақ) мифологиясында кездейсоқ еместігін көрсетеді. Ал осындай мысалдарды қазақ фольклорынан табуға бола ма? Нақты мысалын таппасақ та, осыған мегзейтін емеуріндерді табуға болатын сияқты. Мынадай мысалдарды келтіремін.
- Қой мойынды құла шолақ ат - жеті қабат жер астындағы жалғыз көздінің аты ("Жарты Төстік" ертегісінде (4—68)).
- Майысқақ жирен ат - қызыл найзалы Ерке Сары алыптікі (("Ханшентай" ертегісі (4-218)).
- Асық бойлы алтынсары ат - Ханшентайдың аты ("Ханшентай" (4-219)).
- Қарға бұтты қара ат - Едігенің аты. "Мініп тұрмын, Тоқтамыс, Қарға бұтты қара атқа, Сәтемірдің еліне, Бармаққа тұрмын талапқа"... немесе: "Қарға бұтты Қараазбан, Кішімішпен жемдегем"
- Серке санды ат - Нұрадынның аты. "Серке санды ат бақтым..., Астыма мінген Серке сан, Көңілге тұр ұнамай, Маған берсең қайтеді, Қарға бұтты қараны-ай?"
Мұндағы тұлпарларға берілген атаулардың (және эпитеттердің) әдеби-көркемдік бағамдау тәсілінен туындағанын мойындағанның өзінде де, сондай эпитеттердің астарында да байырғы қазақтық әлдебір мифтік келтірімнің жатқандығын жоққа шығара алмаймыз. Осындай мысалдарды қазақ фольклорының қорынан әлі де көптеп іздеп табуға болады, ол жағын басқалардың үлесіне қалдыра отырып, мифтік құбыжық аттар бейнесінің болғандығын атап қана көрсетеміз.
Тувалық түркілердің "Тевене Meгe" жырындағы Төрге-Қараның ат басты қаршыға түрінде ұшқандығы айтылады, мұндағы "ат басты қаршыға" - айқын құбыжық ат бейнесі. Осы жырдағы Сайын батырдың суда балық болып жүзетін, аспанда құс болып ұшатын Сары ала атынан да осындай құбыжықтық табиғатты көруге болады.
Ал "Қарасай-Қази" жырындағы "қабан құлақ қара ат" ше? Ол да мифтік құбыжық ат бейнесінен қалған сарқыншақ болуы әбден мүмкін.
Көп жылқының ішінде
Сегіз жылқы, бір саяқ
Қабан құлақ қара ат бар
Белі бүкіш құду-ды
Жылқыдан артық сұлу-ды
Көрген адам кеткісіз
Бір жылқының баласы
Он жылқыдан өткісіз
Ішінде бар-ды бір тарлан
Қарны болар қабақтай
Бұты болар таяқтай
Ұзын болар құлағы
Үлкен болар тұяғы...
Осы қара аттың әкесі - Қарақұс, шешесі - Сүйін бие (Суын бие) делінеді. Оны тек таң атар алдында, сегізінші күн өткенде (неліктен?) ғана ұстап алуға болады. Осы сюжеттің басқа мәселелерін қарастырмай-ақ, тек аттың сипатына ғана тоқталар болсақ, жыр мәтініндегі жылқы суреттемесіне қарап ат емес, әлдебір ебедейсіз құбыжықты көргендей боламыз. Бұл - тек мифтік табиғаның болғандығын мойындаған жағдайда ғана түсінікті болады.
Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағындағы Жамбыл тауындағы (Айманшоқы аңғары, Жамбыл облысы) жартастардың бірінде қабанға мінген кісі бейнесі кескінделген екен ("Всадник на кабане"). А. Медоев осы петроглифті б.з.д. 2 мыңжылдықтың екінші жартысында (қола ғасыры) салынған деп есептейді. Кескіндемеде адамның "ат қылып мінгені" - реалды қабан (вепрь). Бірақ қола ғасыры және оған дейінгі замандардың мифтік келтірімінде адам (немесе тәңірие) өзіне көлік қылып қабанға, текеге, бұқаға, қошқарға, аққуға, т. б. мақұлыққа мінген болса, одан кейінгі уақыттардағы мифологияда аталған мақұлықтар бейнесі мен реалды ат бейнесі араласып, құбыжық кескінді, айтылып өткен "қабан құлақ қара ат" (қабан + ат), "асық бойлы алтынсары ат" (?), "қарға бұтты қара ат" (қарға + ат), "серке санды ат" (теке + ат), "қой мойынды құла шолақ ат" (қой + ат), "жеребец с козлиной головой" (теке + ат), "гнедой с овечьей головой" (қой + ат) бейнелері қалыптасты. Мифсіздену заманында бұл кескіндер де ұмытылып кетті, бірақ аталып шыққан сипаттамалар ертегілік, эпостық мәтіндерде жылқының реликт-суреттемесі ретінде сақталып қалған. Осындай қисынның өзі кейбір қарапайым болып көрінетін күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мәселен, герман-скандинав мифологиясындағы найзағайшы тәңірие Тордың ешкіге (текеге) мініп жүретіндігі айтылады, осыдан келіп археологиялық қазбалардан текеге мінген мүсін не кескін табылса болды, оны не германдық Тордың өзі, не жалпы үндіеуропалық найзағайшы деп жариялай салу үрдіске айналып кеткен. Ал осындай кескін қазақ/түркі мәтіндеріндегі "серке санды ат", "теке басты ат" сияқты тұлпарларға мінген батырдың осыдан 3^4 мың жыл бұрын нақты ешкіге (текеге) мінген дей-түркі тәңіриесі болып шығуы әбден мүмкін, сондықтан қалыптасып кеткен "арийлік қисындарға" алданып қалмауымыз үшін осындай ұсақ-түйектердің ешқайсысы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Басқа мысалдарды да іздеп табуға болады. Нақты сақ ханзадасының малақайындағы ешкі мүйізді аттың (айтпақшы, бүгінгі қазақ мемлекетінің елтаңбасына кірігіп отырған) бейнесі тек қана, сөзсіз ирандық болып қала алмайды, сондай дәрежеде оны түркі текті ортаның мифтік дәстүрінікі деп есептеуге болады.
Екі ат
Сақ ханзадасының баскиіміндегі аттың екеу болуы себептерін де қазақ (түркі) фольклорының материалдары негізінде түсіндіруге болады. Екі аттың болмысы жөнінде мен бірінші кітаптағы "Жүнт/Йүнт" мақаласында сөз қозғай бастаған болатынмын, сондай-ақ екінші кітаптағы "қара аттар" тарауында да осы екі атқа тоқталғанмын. Бұл жөнінде әлі де зерттей түсуге мүмкіндіктердің бар екендігін айта отырып, бұл әңгімемде тек кейбір мысалдарды ғана атап өтумен шектелмекпін. Қосарланып айтылатын "екі сан ат" та - қазақ фольклорынан табылады. Табылып қана қоймай, жиі кездесетіні мен қайталанатынына қарап, олардың тұрақты бейне екендігін аңғаруға болады.
"Көкшенің ұлы Ер Қосай" (Мұрын жыраулық нұсқа) жырындағы Қосай батырдың екі аты бар, бірі - жез тұяқты Жиренше, екіншісі - күміс тұяқ Күреңше. Олар сөйлей алады, иесін қалыңдығына алып барады, жауынан қорғайды. "Ақжонасұлы Ер Кеңес" жырындағы Бағлан таздың да екі аты (қос торы аты) бар. Жалпы ағайынды немесе қосарланып келетін екі ат бейнесі қазақ фольклорына тән, мысалы, Қалабай мен Көксал батырлардың, Қазақай мен Шора батырлардың мініс аттары осы ретінде туысқан "екі ат" болып табылады.
Тақырыпқа сай "екі ат" мәселесін қозғасақ, эпостардағы қос аттардан мифтік сырды аңғара қою мүмкін емес, өйткені батырлық эпос барынша мифсіздену сатысына дейін жетіп отыр. Оның есесіне ертегілік материалдарда сақталған "қос ат" сюжеттерінің берері молырақ.
Бірінші мысал. "Тоғайдың қалың жеріндегі жарқыраған шаһар. Қырық бір сарайы бар. Қыран Қарақшы балаға қырық бір кілт беріп, тек қырқын ашуға рұқсат етеді де, соңғысын ашуға тыйым салады. Бала оны да ашады, қараса - ішінде екі көк арғымақ тұрады; жоғарғы еріндерін сарайдың төбесіндегі арқалыққа шегелеп, төменгі еріндерін табалдырыққа шегелеп қойған екен. Бала оларды босатып, сыртқа шығарып, суарады. Су ішкен екі ат екі адамға айналып, баланы бір ұрып талдырады да, қызды алып кетеді. Олар - "Ақ пері" мен "Қара пері" - әлгі қыздың ағалары екен.".
Екінші мысал. "Бала бір дарбазаға кіреді. Дарбазаның ішінде бір үй бар екен. Үйде бір үлкен қазан қайнап тұрады. Бала шалдың өзін қазанға түсіріп жібереді. Қалтасындағы қырық кілтті алады... Ең соңғы екі үйді ашса, іштерінде екі ат байлаулы тұрады. Олардың біреуі - ақ боз ат, біреуі - көк боз ат. Бала көк боз атқа тимей, ақ боз атты алып шығуы керек еді, бірақ бала көк боз атты алмақ болады. Көк боз ат оны теуіп жіберіп, жеті қабат жер астына түсіріп жібереді...".
Үшінші мысал. "Бір шаһар бар. Сарайлардың біреуін ашуға болмаса да, ерен оны да ашады. Ішінде екі қара арғымақ шынжырлаулы, байлаулы тұр екен. Қабырғалары қабысып, арып, жадап қалған екен. Екеуін босатып жібергенде, олар екі дәуге айналып кетеді...".
Қарапайым түсінікпен берсек, бұларды аспандағы Ақбоз және Көкбоз жұлдыздары деп қайыра салуға болар еді, бірақ аттың кейіптену мысалы қазақ мифологиясының күрделі екендігін көрсетеді. Бұл да - ат мифологиясының бір іздену бағыты. Қазақтың өңделмеген архаикалық ертегілерінен алынған осы үзінділер - байырғы мифологиялық түсініктердің қарабайырланған (профанацияланған) түрлері. Оларды саралау арқылы қазақ мифологиясының маңызды көрсеткіші - ат мифологиясын зерттеуге алғашқы әрекет жасай бастауға болады. Сырт көзге қарапайым сияқты көрінгенімен, барлық фольклорлық материалдарға шолу жасауды, оны түркі және басқа мифтік дәстүрлермен салыстыруды жүзеге асырғаннан кейін ғана "іс бітті" деп айтуға болады.