Кәкімжан Наурызбаев: Абайдың ескерткішін алып тастауға дейін барды

АРХИТЕКТУРА
9188

Кәкімжан Наурызбаев, мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор


– Сіз – қазақтың ақыл-ой алыбы – Ұлы Абайдың шынайы бейнесін сомдаған мүсіншісіз. Дала данышпанының ескерткішін соғу – кім-көрінгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Мұндай үлкен сенімге қалай ие болдыңыз? 

– Ұлы Абайдың өзі себепкер болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннің өзінде хакім Абайдың өлеңдерін жатқа білетінбіз. Оның қара сөздерінен нәр алып, рухани өсіп-өндік. Ұлы ақынның көзін көрмесем де мен өзімді онымен қатар өскендей сезіндім. Себебі не? Өйткені оның бүкіл ғұмыры, шығармалары, алып тұлғасы, бет-бейнесі маған темірқазық болды. Мен оған еліктеп өстім. Абайдың өзі: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демеп пе еді?!

– Бұл енді Сіздің рухани дайындығыңыз іспетті ғой. Ал ескерткішті жасауға тапсырысты қалай алдыңыз?

– 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты оның алып тұлғасын сомдауға байқау жарияланыпты. Мен ол кезде Өскеменде жүр едім. Ол байқау туралы мен суретші достарым Қанафия Телжанов, Сабыр Мәмбеевтер салған жеделхаттан құлағдар болдым. Бұл – менің үлкен арманым еді. Барлық  жұмысымды жинастырып қойып, Алматыға жеттім. Келсем, Үкімет басшылары Абай ескерткішін екінші Алматы теміржол бекетінің алдындағы  алаңға  қоятын болып ұйғарым жасап, сол жерге үлкен тас қойыпты. Байқаудың талап-шарттары өте қатаң болды. Оған Ресейден, Белорусиядан, Татарстан мен Қазақстаннан – бәрі 57 марқасқа мүсіншілер қатысты. Осы сындарлы сында мен екінші орын алдым.

– Ал бірінші орынды кім алды?

– Ол орын ешкімге бұйырмады. Сөйтіп жүргенде, ескерткішті соғуды кейінге қалдыру туралы Үкіметтің Қаулысы шықты. Өйткені ол кезде халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмен еді. Елдің көбісі жертөледе тұратын. Соларды баспанамен қамтамасыз ету, басқа да тұрмыстық-әлеуметтік ахуалын көтеру қажет деп ойлапты.

– Сонда әлгі байқаудың әдірә қалғаны ма?

– Солай болып тұр ғой. Содан үш жыл өткен соң тағы да жабық байқау өткізілді. Бұл дегеніңіз – қатыссаң да қатысасың, қатыспасаң да қатысасың деген сөз ғой. Іріктеуден өткен мүсіншілердің жұмысы Үкімет назарына ұсынылды. Сонда менің мүсінім сол кездегі ел басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың көңілінен шығыпты. Сөйтіп, ұлы ақынның ескерткішін соғу мәртебесі маған бұйырды.

– Ол ескерткіштің қазіргі тұрған тұғырына орнатудың өзі аян арқылы болған тірлік деп естиміз. Сол әңгіменің анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

– Жоғарыда айтқанымдай, Үкімет басшылары ескерткішті қоятын жерді алдын-ала белгілеп қойған. Ол жер менің көңілімнен шыға қоймады. Өйткені  теміржол бекетінде кімдер жүреді? Әрине, жолаушылар. Олардың бірі діттеген жеріне жетуге асықса, енді бірі қайтуға асығады. Ондай көңілінде алаң бар адам ескерткішке мән беріп қарап, оның бағасына жете қояды деп әсте ойламаймын. Осы пікірімді Мұхтар Әуезовке білдірдім. Ол Димекеңе айтқан екен. Димаш ағамыз кемеңгер кісі еді ғой. «Онда ол орынды Наурызбаевтың өзі тапсын» депті. Содан мен Алматының төрт бұрышын түгел кездім. Ұлы Абайға лайықты орын іздедім. Сөйтіп, қазіргі тұрған орынға тоқтадым. Ол кезде Көктөбенің етегінде ақ шаңқан киіз үйлер көп болатын. Бейнебір Абайдың ауылы іспеттес әсер қалдыратын. Қазіргі Республика сарайы тұрған жерде базар болушы еді. Оны кейін сарай салатын болып сүріп тастады ғой.

– Оған Сіз қуанған боларсыз? Қанша дегенмен, базар болған соң ескерткіш аяқ асты болып қалмай ма?

– Қуануын қуандым ғой. Бірақ одан да күрделі мәселе туындады. Тіпті Абайдың ескерткішін алып тастауға дейін барды.

– Кімдер?

– Кімдер дерің бар ма?! Ленин сарайын салатын авторлар құрамы. Олар Дінмұхаммед Ахметұлына Абай ескерткішін алып, оның орнына Лениннің ескерткішін қою туралы ұсыныс жасаған. Димекең олардың бұл ұсынысын қабылдамайды. Сосын олар сол кездегі Бас хатшымыз Леонид Ильич Брежневке хат жолдайды. Сонда ол бұрыштамаға былай деп жазыпты: «Уважаемый Динмухаммед Ахметович! Прошу, разберитесь в этом деле. Мне кажется пахнет шовинизмом» деп. Содан көп кешікпей, әлгі авторлардың бәрі жоқ болып кетті. Оларға қандай шара қолданылғаны маған әлі де жұмбақ.

– Жаңағы аян туралы айтпадыңыз ғой.

– Иә, ол түсті мен Абайдың мүсінін соғып жүрген кезде көрдім. Шығармашылық адамы болған соң, күндіз-түні сол туындың туралы ойланасың. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Қатты уайымдадым, қам жедім. Ол кезде мен Калинин көшесіндегі №83-үйдің 34-пәтерінде тұратынмын. Пәтер төрт бөлмелі болғанымен, оның екі бөлмесінде – мен, ал қалған екеуінде басқа біреулер тұрды. Жатын бөлмемдегі кереует терезеге қарайтын. Бір күні түнгі сағат үш-төрттердің кезінде терезеден Абай кіріп келді. Оны анық көрдім. Өз-өзіме сенбей, көзімді уқалап қоямын. Сенбейін десем, перде кәдімгідей қимылдап тұр. Сосын жұбайымды оятып, мән-жайды айттым. «Әлде маған солай көрінді ме?» деген күдігімді де жасырмадым. Сонда ол: «Олай болса, көз дәрігеріне барайық» деді. Сөйтіп, түн ортасында 8 март көшесіндегі көз аурулары емханасына бардық. Дәрігер мұқият тексеріп, көзімде ешқандай кемшіліктің жоқтығын айтты. Сонда барып оның аян екендігіне көз жеткіздім.

– Қазір кең байтақ еліміздің облыс орталықтары мен тарихи қалаларында халқымыздың біртуар ұл-қыздарына ескерткіштер қойылуда. Әрине, бұл – жақсы нышан. Бірақ солардың кейбіреуі кейіпкер тұлғасын аша алмай жатады. Мәселен, Астана қаласындағы Абай ескерткіші төңірегінде келеңсіз әңгіме әлі бір толастар емес.

– Қайдам, мен ол ескерткішті арнайы барып көрген жоқпын. Бірақ суреттерден көзім шалды. Ол мүсіннің халықтың көңілінен шықпайтындай себебі бар. Өйткені қазіргі мүсіншілер ескерткішті кейіпкердің суретіне қарап соға салады. Ондай мүсінде қандай жан болсын! Абайдың ескерткішін сомдау үшін мүсінші оны өте жақсы білуі керек. Оның терең тарихына бойлап, кемел ойына шому қажет. Керек десеңіз, тек Абайды ғана біліп қоймай, оның туған жерін, елін, оның өскен ортасын, тіпті жұтқан ауасына дейін білуі шарт. Онсыз Абай – Абай болмайды.

– Түркістан қаласындағы әл-Фараби ескерткіші мен Атыраудағы Сұлтан Бейбарысқа арналған мүсіннің арасында еш айырмашылық жоқ. Екеуі де үстіне шапан киіп, басына сәлде ораған. Бір қуанарлығы – мүсінші олардың аты-жөндерін өзгертуді ұмытпапты. Мұндай сорақылыққа ұстаз әрі маман ретінде не айтар едіңіз?

– Ендеше, ондай ескерткіштің астына «Иванов» деп те қоюға болады. Барлық мәселе осында жатыр. Егер мүсінші халық алдындағы жауапкершілікті сезінбесе, осындай сорақылыққа барады. Ескерткіш дегеніміз не? Ол – мәңгілік дүние. Ендеше, ондай кез келген мүсін өз заманынан сыр шертіп тұруы тиіс.

– Сонда әлгі ескерткіш қай заманнан тіл қатпақ? Әл-Фарабидің бе, әлде Сұлтан Бейбарыстың ба?

– Оны сол мүсіннің авторынан сұрау керек. Меніңше, ол мүсіншіге ел алдындағы жауапкершілік пен өзінің ар-намысынан гөрі, қаламақы көбірек керек болған сыңайлы. Сосын бұл жерде сол ескерткішті қоюға атсалысқан ұйымдастырушылардың арасында да бір шикіліктің болғаны байқалады. Ұят-ақ болған екен.

– Ілгеріде ҚазҰУ қалашығының студенттер алаңында әл-Фараби бабамыздың еңселі емес, еңсе түсіретін ескерткіші тұрушы еді. Университеттің 70 жылдығына орай оны алып тастап, оның орнына басқасын қойды. Жаңа бір сөзіңізде: «Ескерткіш – мәңгілік дүние» деп қалдыңыз. Егер ескерткіштерді әрбір мерейтой сайын ауыстыра берсек, одан қандай қадір-қасиет қалады?

– Ұлы ұстазға арналған алғашқы ескерткіш менің де көңілімнен шықпаушы еді. Оны алып тастағаны орынды болған.

– Ал қазіргі ше?

– Оны да алып тастау керек.

– Неге?

– Ол ескерткіш емес, карикатура. Мәңгілік ескерткіш деген ондай болмайды. Әл-Фараби кім? Ол – бүкіл түркі дүниесінің тарихы, түрік халықтарының бет-бейнесі. Ондай тақырыпты игеру үшін мүсіншіде энциклопедиялық білім болуы қажет.

– Ал сіз сол ұлы бабамыздың мүсінін сомдап көрдіңіз бе?

– Жоқ.

– Оған не қолбайлау болды?

– Өйткені мен оған әлі дайын емеспін. Оның үстіне, маған ешкім тапсырыс та берген жоқ. 

– Егер тапсырыс берілсе ше, жасар ма едіңіз?

– Бірден жасай алмаймын. Ол үшін жүз ойланып, мың толғану қажет. Ана өмірге сәби әкелу үшін 9 ай, 9 күн толғатады ғой. Бұл да сол сияқты.

– Шеберханаңызда Қаныш Сәтбаевтің ескерткіші тұр. Оны қай уақытта жасап үлгердіңіз? Ол неге өз тұғырын таппаған?

– Мен – Қанышпен жақын араласқан адаммын. Оның өмірдегі және білім мен ғылымдағы жолын өте жақсы білемін. Бұл ескерткіште Қаныштың жоғары оқу орнын бітіріп, тау-тас кезіп, кен іздеу ісіне енді араласа бастаған кезі бейнеленген. Аяғына етік киіп тұрғанына да – сол. Егер біреу бұл ескерткішке тапсырыс беріп, алар болса, онда мен оның тау маңында, өте биікте тұрғанын қалар едім. Өйткені мүсіннің өзі соған сұранып тұр. Оның үстіне, өзім де ол мүсінді сондай таулы аймаққа арнап соқтым. Ол ескерткішті Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығы қарсаңында жасаған болатынмын. Сол күйі әлі тұр. Ешкімге керек емес сияқты. Сосын мен де үндемей жатырмын.

– Жалпы алғанда, Сіз Абайдың неше мүсінін жасадыңыз?

– Екі мүсінін жасадым. Оның бірі – осы Алматыда тұрса, екіншісі – Қарауылға орнатылған.

– Тағы қандай тарихи тұлғалардың бейнесін сомдадыңыз?

– Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің қатар тұрған және жеке ескерткішін соққаным бар. Олар Торғайда тұр. Сосын мынау Ғылым Академиясының алдында тұрған Шоқан Уәлихановтың мүсінін жасадым. Оны жұрттың бәрі жақсы біледі. Ал Жамбылға арнап соққан екі ескерткішімнің бірі – Алматыда, екіншісі – Жамбылда тұр. Мәселе – олардың санында емес, сапасында ғой.

– Өзіңіз тәрбиелеген шәкірттеріңіз бар ма?

– Бар ғой. Бірақ сол шәкірттердің ішіндегі таланттысы – Тілеуберді Бинашев. Оның болашағынан мол үміт күтемін. Сондықтан ол алдағы уақытта өз еңбегін халыққа көрсетуі тиіс.

– Жалпы, біздің елде мүсіншілердің қалыптасқан мектебі бар ма?

– Қазақстанда мүсін өнерін ең алғаш қалыптастырған – мен. Бұл – мақтанғаным емес. Бірақ мақтансам да болады. Оған ешкім қарсы дау айта қоймас. Осы орайда мына әңгімені айта кеткім келіп отыр. 1947 жылы Алматыға атақты мүсінші Евгений Викторович Вучетич келді. Ол Бауыржан Момышұлының жақын жолдасы болатын. Сол Баукеңнің мұрындық болуымен Евгений Викторович сол кездегі Орталық алаңға Лениннің ескерткішін жасап қойды. Сондай бір күндері Баукеңнің үйінде қонақта отырған болатынбыз. Ойымда ештеңе жоқ. Бір кезде әлгі Вучетич маған қарап: «Сенің сурет өнерімен айналысқаның дұрыс. Бір көзбен мүсінші болу – саған ауыр тиеді» деді. Оның бұл сөзі маған қатты тиді. Жүрегімді ауыртты. Бір апта бойы үйден шықпай, жылап жаттым. Сонда  өз-өзіме: «Мен қайтсем де мықты мүсінші боламын» деп ант еттім. Бір жағы ол сөзі мені қамшылады. Содан бастап мен өз-өзімді аямай еңбек еттім. Маған абырой әперген туындылардың бәрі осыдан кейін туды. 

– Сол еңбектеріңізді әлгі «ақылгөй» мүсінші көрді ме?

– Көрді ғой.

– Қандай баға берді? Не деді?

– Баға да берген жоқ. Тіл де қатпады. Мен де оған жолай қойған жоқпын. Енді Абай ескерткішіне байланысты тағы да бір қызық әңгіме айтып берейін. Ұлы ақынның мүсінін тұғырға орнатқаннан кейін, бірнеше шығармашылық одақ менің бұл еңбегімді Лениндік сыйлыққа ұсынды. Бір қызығы, менің өзім – осы сыйлықты беру комиссиясының мүшесімін. Сонымен, жиналыс өтіп жатыр. Комиссия мүшелері бірінен соң бірі сөз алып, мақтап жатыр. Сосын мен сөз сұрадым. Сөйтсем олар: «Жолдас, Наурызбаев, Сіз шыға тұрыңыз. Бұл мәселені біз Сізсіз-ақ шешеміз» деді. Сонда да қайтпай: «Жарайды, мен шығайын. Бірақ оның алдында сіздерге айтатын ұсынысым бар. Бұл – Абай – менің соңғы жұмысым емес. Мен әлі жаспын. Егер сіздер осы жолы маған Ленин сыйлығын берер болсаңыздар, бақыттан басым айналып, менің ізденбей қоюым мүмкін. Сондықтан мен сыйлықтан бас тартамын» деп бәріне көз жүгіртіп өттім. Сөйтсем, Тихонов пен Галина Ульянова бастарын шайқап отыр екен. Сол мәжілісте өз кандидатурамды өзім алдырып тастап, сыртқа шықсам, менімен ілесе Мұхтар Әуезов те шығыпты. Ол мені әбден жер-жебіріме жетіп ұрысты.

– Сөйтіп, сол жолы сыйлықты алмай кеттіңіз бе?

– Жоқ, алдым. Комиссия менің ұсынысымды қабылдамай қойыпты. Қазір ойлаймын, соған Мұхтар Әуезовтің ықпалы тиді-ау деп. Қазір сол кездерді сағына еске аламын.

– Сіз қазақтың аптал азаматы Нұртас Оңдасыновтың шарапатын көрген адамдардың бірісіз. Ол қандай адам, қандай басшы еді?

– Мен жетінші сыныптан кейін оқыған жоқпын. Өйткені ол кезде соғыс басталып кетті. Елдің жағдайы қиын еді. Бас көтеретін азаматтардың бәрі майданға кетті. Мен ауылдың ұстасы болып қалдым. Сонау шалғай Қостанайда жүрген мені Алматыға алдырып, оқытып, шоқытып, осындай мүсінші дәрежесіне жеткізген адам – Нұртас Оңдасынов еді. Ол ел басшыларының бірі бола  жүріп, ел ішіндегі талантты жастарды өсіруге көп еңбек сіңірді. Жалпы, ол өнер адамдарына деген қамқорлығын аяған емес. Нұрағаң менің әкемдей болып кеткен адам еді. Мен ол кісінің алдында өмірбақи қарыздармын. Қазіргі басшылар ол кісіден үлгі-өнеге ала алса, игі.

– Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

«Айқын» газеті, 2005 жыл

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...