Желтоқсан оқиғасынан 1 ай өткеннен кейін менің түкірігім жерге тимейтін болды. Өйткені 1985 жылы ата...
Дулат Исабеков. Тоқаев, Тасмағамбетов... Тағы кім бар?
Кеше Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешіміне орай бір топ ақын-жазушы бас қосып, алдағы сайлаудың мән-маңызын талқылады. Жиынға Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап, Қабдеш Жұмаділов, Марал Ысқақбай, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы қатарлы бір топ қаламгер қатысты. Сол жиында сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков батыл ойларын ортаға салған еді. Біз соны ықшамдап ұсынуды құп көрдік.
Дулат Исабеков:
Сайлау бұрындары қақаған қыста өтуші еді. Мына бір мамыражай кезге сай келгеніне қуанып отырмын... Халық ықыласты қатысар деп үміттенемін.
Президенттік сайлау - елдің ел екендігін көрсетеді. Халық әділетті қоғам құруды аңсайды. Жемқорлық, саяси тәуелділік, кедейлік халықты шаршатты. Біз аграрлық ел болып тұрып, азық-түліктің көбін шетелден аламыз әлі. Сонау Бразилиядан қияр, памидор, Пәкістаннан тағы бірдеңелер келеді екен. Бұған қалай таңданбаймыз? Әлемдегі ең бай елдің бірі біз емес пе едік?! Кезінде Елбасы Назарбаевқа кезіккенде де бар шындықты айтқам. Елді тонаушылар көбейді, халық Шамалғанның өзінде еркін жүре алмайды дегем... Ол кісі емес, айналасындағылар шындықты жеткізбейтінін сезгемін. Сондықтан шындықты айтыңдар деп өзі де құлақ түрген.
Біз дамыған елу елдің қатарына кірдік дейміз? Осы сиқымызбен бе? Аш-жалаңаш ағайын көп қазір. Келесі Президент ешкімге жалтақтамайтын, батыл, халықтың қамын ойлайтын, қазақ тіліне жаны ашитын адам болса екен деймін. Тоқаевты сыйлаймыз. Мәдениетті жігіт. Тасмағамбетовті жұрт жақсы көреді. Тағы кім бар?.. Біз білмейтін мықты азаматтар бар шығар. Әділ сайлау өткізбей, өркендемейміз, өспейміз. Осыны баршаңыз ойласаңыздар. Халық бізді зиялы қауым өкілі деп сыйлайды. Сол үдеден шығу үшін нақты жағдайды айталық.
Келесі Президент ең алдымен мына Ресейдің ықпалынан құтылудың жолын қарастыру керек. АЭС бізге керек емес. Ресейдің 4 полигоны бар екен. Оның бәрін жабу керек. Төбемізден гептил құйылмайтын күнге жетелік. Экологиялық мәселені айтсақ, төбе шашымыз тік тұрады. Қазақты ойлайық, азаматтар. Біз осы халықпен біріміз жазушы, біріміз ақын, біріміз министр, біріміз президент болып жүрміз...
Арман Дүйсенхан.