Несіп Жүнісбаев. Қазақтың ән биігі

МУЗЫКА
3980

Қайрекеңмен достығымызға 40 жыл болған шығар. Жәй ғана отбасылық емес,өнердегі достық басым арамызда. Қаншама өнер сапарына бірге шықтық,қаншама ән кештерін сырларымызды суытпай бірге өткіздік, ән өнері, әнші, заман тақырыбына қанша рет сырластық! Осы жыл туа бере мен Қайратжанға сымсыз телефон арқылы сөз салдым. "Қайратжан, міне, біздің екеуміздің жылымыз табалдырықтан аттады. Екеуміз осы жансыз болса да бір-бірімізді қатар отырғандай сезіндіретін Ватсапп арқылы бір сұхбат құрайық. Әрі ол сұхбат баяғы сенің өмірбаяның,әншілігің жайлы болмасын - бәріміз де пендеміз ғой - міне, баяғы Біржан, Әсет аталарың әнге қосып айтатын шау тартатын кез келді.Сен де сол көңіл-күй жайлы домбыраны шертіп отырып,шер тарқататын сәтің келгендей... Кел, құрдасым, досым, осылай етіп, жас ұрпаққа өмірдің өтпелілігі жайлы жан тербер сыр қалдырайық! " дедім. Қарсы болған жоқ. Тек "Неско (Қайрекең мені осылай атайтын.-Н.Ж.), сәл күтейікші, мына өмірді тұмшалаған перде ашылсын! Мусым айында Жаңаарқа шақырып отыр, бірге барамыз, оған дейін уақыт көп қой, сырласармыз..." деді. Мен де көндім. Сездім де. Қайрекең мұнан 50 жыл бұрынғыдай қылпылдап тұрған жоқ. "Кәрілік келіп қалдың қай жағымнан?!..." дегенді де іштен ыңылдап айтатын болар қазақтың ай маңдайлы әншісі.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ 70 жасқа толып жатыр. Тура сол күнгі жазба болса да мен Қайрекеңнің әншілігін,жеткен жетістігін,алған атақ-даңқы мен марапатын тізіп жазбадым. Өйткені,оны әрбір ҚАЗАҚ жатқа білуі керек! Ұлы әншімен жас келген жылдар жайлы да сұхбаттаспағаным жақсы болды. Қайраттай әнші, ҚАЗАҚТЫҢ ӘН БИІГІ де шау тартатын жасқа келді деп елден сүйінші сұраймын ба?! Одан да дәл осы күні Қайратжан жастық кезеңде шексіз даусымен құс қалықтатқанын еске алмаймын ба? Кешегі тамаша қаламгер досымыз Ертай Бекқұлов еске салған Қайратжанның Оңтүстікке ән сапарынан туған толғаулы жазбамды жариялайын одан да. Сонда Қайрат Байбосынов досымыз да ел алдында сол баяғы дауысы қозы көш жерге еркін жететін теңдессіз сәтімен қайта елестейтін болады!

Осы сапарда мен әнші Қайрат Байбосыновтың әніне ғана емес, сөзіне де құлақ тігіп, айтқан әңгімесін қағазға түсіріп отырдым... Мына ғажапты қараңыз: Қайраттың сол кезде айтқан әңгімесі бір тамшы мағынасын да жоғалтпай, бүгінгі күннің биігінен сөз алып, уақыт тамырын солқылдатып тұр. Асқақ әнін екі ғасырдың аспанында қалықтата қалдырған Қазақтың ән-дауысы 70 жастың асқарына өзі салған ән қанатында көтеріліп келеді.

Шешім

Бұл 1987 жыл болатын.

Сапар жайын коллективте едәуір талқыладық. Ойландық. Жо-жоқ, жүрер жол, қонар бекет жайын емес, өзіміз ойлап тауып, жыл сайын өткізіп жүрген жүздеген, мыңдаған газет оқырмандарымен жүздесуге қандай дайындықпен бара жатырмыз, әңгімеміз қандай арнада өрбиді – сол жайын талқыладық. Күнделікті газет бетінен өзіміз сөз айтып отырған жүз мыңдаған оқырмандарымызбен бетпе-бет келуге әуелі толқыдық. Соңында қатайдық. Өзара жүздесуге, сырласуға біз сақадай сай едік. Бізді толқытқан басқа нәрсе. Өзіміз ғой бала кезімізде ата-анамыз, туыс-туғанымыз қаладан келсе, бізге не әкелді екен деп, құпия үмітпен қолына қарайтынбыз. Дәлірек айтқанда, жол қапшығына, қалтасына... Өз оқырмандарымызға біз де етене жақын туыспыз. Олай болса, олар да бізден бірдеңе дәмететіні сөзсіз.

Ақылға салып көрдік. Өткен жылы Торғай облысына барған осындай сапарға классикалық күрестен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті ертіп барып, алғысқа бөленгеніміз бар. Бұл сапарға... Ойға бірден әнші Қайрат Байбосынов түсті. Оңтүстікте жатқан қалың оқырмандарымыз қазақтың әншілік өнерінің жас та болса тұлғалы әншісі болған Қайрат Байбосыновты құшақ жая қарсы аларына күмән жоқ. «Бітті, шешілді, бұл сапарға Қайрат Байбосыновты шақырамыз», – деп шештік.

Қайраттың үйіндегі телефон номерін сол күні тердім.

– Алло, Қайреке, бұл Сіз бе? Қалай, денсаулық жақсы ма, үй іші аман ба? Бізде мынандай өтініш болып тұр: дәстүр бойынша «Лениншіл жас» газетінің күндері биыл Шымкент облысында өтуші еді. Сол үлкен шараға Сіздің сапарлас болып, оқырмандарымызбен өнер жайлы сырласып қайтуыңызды қалап едік... Ия, бір апта ғой. Ой, дұрыс болды, Қайреке, рахмет Сізге! Ал, онда жұмыс орныңыздан ресми түрде рұқсат аламыз, аманшылық болса, сенбі күні жүріп кетсек...

– Жігіттер, Нәке, айып етпеңдер, мен Гурьев облысындағы гастрольден бүгін ғана келіп едім, семьяммен құрығанда бір күн бірге болайыншы. Түсінесіңдер ғой... Мен жексенбіде шықсам жолға...

– Дұрыс, дұрыс, Қайреке. Онда Сізге билетті жексенбіге самолетке алайық.

Облыстың бас қақпасы саналатын Шымкенттегі аэропорттан түскен соң-ақ газетіміздің әрбір алты оқырманының бірі тұратын бұл оңтүстік өлкесіндегі жүздесулеріміз дүрілдеп жүре берді. Осы кездесулердің әрбірінде мен Қайраттың сөзі мен әнін қалт жібермей тыңдадым. Бүгін соларды қайтадан есіме түсіріп отырмын. Әрі әрбір кездесудегі айтқан әншінің әңгімесін қалай естісем қағазға солай түсіріппін. Енді сөз кезегін сол жазбаларыма берейін. Ондағы оқиға, сұрақ-жауап, тіпті сезімге берілген кейбір сәттердің бояуын сәл де өзгерткен жоқпын. Бәрі сол қалпында.

Шымкентте

Педагогикалық институтта өткен жүздесу кезінде сөйлеген қарт ақын Омарбай Малқаров сөзін былай аяқтады:

– Қайрат деген әнші балама сырттай ғашық адамдардың бірі менмін. Бұл «махаббат» деген тоқсанға келсең де маза бермейді екен ғой. Ғашық болатыным – бұл балам қазақтың тарихындай ұмытылуға шақ жүрген көне әндерді айтады. Соларды ұмыттырмай, өмірін ұзартып жүрген де осындай ұландар. Қайрат балам ән айтса, көз алдыма Жүсіпбек, Әміре, Манарбектер келеді. Шіркін, қазақ әндерінің тарландары еді ғой олар. – Қарт ақын қарап тұрып көзіне жас алды. – Қой, мұным не, тәубе, тәубе, Қайрат секілді тұяғы бар оларда да арман жоқ.

Бұл тебіреністен соң, сілтідей тынған зал сахнаға Қайрат шыққанда да қол шапалақтай алмай, күрмеліп отырды. Бес жүз елу адам түгелдей Қайратқа қарады. Қайрат даусын тереңге түсіріп, толғана сөйледі.

– Рақмет, аға, рақмет! Қазақ әндерінің аруақтай адамдарын еске алғаныңызға рақмет, бізге көрсеткен сеніміңізге рақмет. Арқалаған жүгім ауыр екенін білемін. Кешегі Жүсекеңдер өз көздерімен көрген саңлақтарының асыл қазынасын бізге үйретіп қана қоймай, аманат етіп табыстап кеткен болатын. Ол кісілер әндерді бізге жеткізу арқылы өз қарыздарын өтеді. Енді ол әндерді келешек ұрпаққа жеткізу – біздің міндет. Өз басым сәл мүмкіндік туса сол міндетімді өтеуге асығамын. Мысалы, осы сапарыма келейік. «Лениншіл жас» – өнерге алғаш талап қылғанда тұсауымды кескен газет. Енді сол газеттің гүлденуіне өз үлесімді қосқым келеді. Екінші, осы сапарымда да әлгінде айтылған қазақ өнерінің асыл ұлдарының аманатын орындау ойымда бар. Ол аманат мынау...

Қайрат домбырасын қағып-қағып жіберді де шырқай жөнелді:

«Атандым Мәди ақын бала жастан,

Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан-ай!..»

Бас-аяғы ат шаптырым еңселі зал ішіндегі ауа біткенді айдап шығып, бұрыш-бұрышқа дейін әнші даусы жайлап алған секілді. Жиналғандардың бәрі тек әнмен демалып отыр.

Сұрақ: Біз Сіз айтқан әндерді сүйіп тыңдаймыз. Сізді әншілік өнерге әкелген жанға рақмет. Ол кім еді?

Жауап: Олар көп. Ең әуелі, әкем домбыра, қобыз тартып, аздап ән айтатын жан еді. Анам да ән айтады. Солар бесікте тербетіп отырып құлағыма ән сіңіре берген-ау... Мектепте жүргенімде алғаш маңдайымнан сипаған белгілі әнші Игілік Омаров болды. Мектеп бітірісімен Алматыдағы эстрадалық студияға түстім. Осы жерде мені әнші қылған қымбатты ұстазым Жүсіпбек Елебеков дер едім.

Сұрақ: Сізге қай ақындардың сөзіне жазылған әндер ұнайды?

Жауап: Халық әндері мен халық композиторларының әндеріне құмармын. Одан соң Қ.Мырзалиев, М.Мақатаев, К.Салықов, Т.Молдағалиевтердің сөздеріне жазылған әндер дәмді.

Созақта

– «Лениншіл жас» газетінің облыстағы күндеріне қатысуға газет қызметкерлерімен бірге Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, әнші Қайрат Байбосынов та келіп отыр, ендігі сөз кезегін Қайратқа береміз.

Елдің ду еткізіп қол шапалақтауын Қайратттың зор даусы жұтып жіберді. Ол «Гәккуді» мамырлатып ала жөнелді.

...Мен сәл сасып қалдым. Сценарий бойынша Қайрат өзінің бұл сапарға неге келгені жайлы қысқаша сөз сөйлеп бастауы керек еді. Әйтпесе, халық Қайратты кезекті бір өнер сапарымен келгендей көреді ғой.

Ән аяқталды. Қайрат сонда барып сөз бастады. Әншіге жүздесуді әнмен ашқан қандай жарасымды екенін мен сонда ғана сездім.

– Мен бұл сапарға «Лениншіл жас» газетінің өтінішімен келдім. Күні кеше ғана сапардан келсем де, үйде сирек боламыз. Келіншегімізбен, балаларымызбен сағыныса табысамыз. Бірақ, амал не, әнші – халықтың қызметшісі. Өнер сапары қайда апармайды? Әлемнің түпкір-түпкірін түгел араладым. Осы майда ғана Мороккодан оралдым. Сонда зерттейтінім бір-ақ нәрсе: «Біздің әніміздің өзгеге нендей әсері бар?» Жалықтырмайтын тақырып.

Менің сөзім жастарға арналады. Эстраданы сүйеміз. Ол жөн. Бірақ сол эстрада, әсіресе шетелдік эстрада жанға сәттік жылудан өзге азық бере ме? Не сөзін түсінбейміз, не мағынасын білмейміз. Теңселеміз, бұлғаңдаймыз. Естіп боламыз – есте түк қалмайды. Ал сол эстрада ұлттық өнерді тықсырғысы келеді. Жоқ, ол мүмкін емес! Әлгі шетелдік сапарларда байқадым, халықтық өнерге қай елде болса да ерекше мән береді екен. Өз тілімізде ән айтуды көп сұрайды олар бізден. Әннің табиғатын түсінгісі келеді. «Сол ән арқылы сол халықтың бейнесін көргіміз келеді», – дейді олар. Бірде «Ағашаяқты» айтқан едім, олар «Бұл Италияның әні ме?» – деп сұрады. «Қазақ әні», – дедім. Бас шайқады. Сенбегені емес, таңданғаны екен. Әттең, оларға Италияның әні 10 метр болғанда, қазақ әнінің биіктігі мен тереңдігі 50-100 метр екенін сахнада дәлелдейтін Ермек ағай, Әлібек, Роза сынды ұл-қыздарымыз керек-ақ!

Сұрақ: Ұлттық ән өнеріміздің телевизия, радиодан насихатталуын қалай бағалайсыз?

Жауап: Қазір жақсы деңгейде. Бірақ гәп басқада. Бұл радио, телевизиядан берілген әндерімізді жастардың тыңдамайтындығында. Сондықтан да болар, олар бір салтанатты кеште бас қоса қалса, анық бір өлеңнің сөзін білмей, жан-жағына жаутаң-жаутаң етіп отырады. Бұған себеп не? Өзге хабар, кино, спорт репортаждарына тиіспегеннің өзінде, қазақ әндерін тыңдатпайтын – тағы да эстрада. Бұл өзі күнде ауыстырып киген көйлек секілді қызық дүние. Жастар соның түр-түсіне қызығамын деп алданып қалады. Эстрада күнде өзгереді. Ал халық әндері мәңгілік өзгермейді. Ойсыз жастарға алғашқысы қызықтау. Болмаса қазақ телевизиясы ән-жыр, терме, айтыс атаулыға ерекше ден қойғалы қашан.

Сұрақ: Әнші болғым келеді деген іні-қарындастарыңызға айтарыңыз...

Жауап: Әнші болу үшін ең басты алғышарт – әнді құлай сүю керек! Сахнаға шығып шапалақ есту үшін әнші болу – қылмыс! Әр адам – бөлек бір ғалам. Ән айтуға да өз жолымен келгені жөн. Жөнсіз еліктеудің қажеті жоқ. Таяуда мені Жамбыл облысынан бір жас жігіт іздеп келіпті. «Қайрат аға, мен тура сіздей әнші болғым келеді», – дейді. Мен оған: «Жоқ, бауырым, мен саған орнымды бере қоймаймын!» – дедім. Тағы бір әнші Қайраттың қажеті қанша? Ол өзінше әнші болсын. Әйтпесе бір-бірімізді магнитофоннан көшіргендей қайталап тұрмаймыз ба? Менің ойымша, әншілік туа бітетін қасиет пе деймін. Болмаса баз біреулер естілер-естілмес дауыспен атшаптырым залды баурағысы келеді. Үміті микрофонда. Шіркін-ай, Ақан, Біржандардың даусы ен далада 12 шақырым жерден естілгені қайда?! Халқымның «Ерінбеген өлеңші болады» деген сөзін жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ ол өлеңші ғана ғой. Ал біздің әңгіме әнші жайлы!

Сұрақ: Сіз кезінде «Қыз Жібек» фильмінде» Төлегеннің ариясын орындаған едіңіз, сол ән есіңізде ме?

Жауап: Бүгінгідей есімде!

...Домбырасын қолға алды. Баяу ғана, мұңлы үн айналаға тарап жүре берді. Әнші саусақтары сұлу сазды пернелерді тап басып тауып жатыр.

...Жете алмай жолда шаршап тұрған кезде,

Бір ғана елес берші, сәулем, көзге...

Қапысыз дауыс ашық аспан биігіне (бұл кездесу жұрт клубқа сыймаған соң далада өтіп жатқан – Н.Ж.) қанатын қағып-қағып жіберіп, ұшты да кетті. Ән құдіреті сонда-ау, сенің өз бойыңа ғана лайық қиялың сол биік дауысқа ілескісі, түнеу биікке шырқап шыққысы келіп, тынбай талпынады екен. Бір кезде дауыс төмен сорғалады. Біздің қиял да жерге қайтып оралды.

Ақсұңқарым Жібегім,

Жалғыз сенде тілегім,

Сегіз жылдай сергелдең,

Бір сені ойлап жүдедім!..

Қайраттың жүзіне қараймын. Сонау 1968 жылы он сегіз жасында осы әнді әр кеудеге қымбат етіп айта алған оның бүгінгі даусында да сол саз, сол сезім, сол сағыныш, сол ынтызарлық, сол махаббат бар. Әнге деген махаббат! Ән сөзіне деген махаббат! Ән тарихына деген махаббат!

Алғабаста

«Қыз емес, қыздың аты қызыл асық!..»

Ортаға шыққан бетте түрлендіріп ала жөнелді Қайрат. Жұрт та ынтызар болып отыр екен. Қайратпен бірге әлгі әнде айтылған қызды көргісі келгендей мойындарын созып-созып қояды. Қайрат болса, ән мен сөзден сұлу қыздың мүсінін құйып тастады. Тек соңғы шумақтың соңғы екі жолы айтылғанда барып зал толы халық дүр ете түсіп, ду күлді.

...Уәдеңнен күндіз берген түнде тайып,

Қойдың ғой сипалатып, ойпырым-ай,

Жүктің бұрышын-ай-ай-ай!..

Ән ұнады. Біржанның бұрын белгісіз боп жүрген бұл «Қызыл асық» әнімен жұртты бір серпілтіп алған Қайрат сөз бастады:

– Осыдан 1-2 жыл бұрын ғана осы сахнада ән шырқап едім. Бәріңіздің жүздеріңіз таныс, тіпті сол жолы жиналған жандар секілдісіздер. Жалпы біз, өнер адамдары, ел арасына шығуымыз аз. Облыс орталығынан, қаладағы ірі-ірі сахнадан қайтамыз. Ал нағыз тыңдаушыларымыз, халық әніне сусаған жұрт, осындай ауыл-ауылда ғой. Сіздермен қауыштырған «Лениншіл жасқа» рақмет! Көп не айтамын?.. Менің әнші досым Жәнібек Кәрменов осындайда: «Маған бес ауыз сөз сөйлегеннен он ауыз өлең айтқан жеңіл», – дер еді. Жәнібек секілді сөздің майын тамызатын жігіт солай десе біздікі не? «Түйені жел теңселтсе, ешкіге не жорық?» деген емес пе, мен бар сырымды енді әнмен жеткізейін. Мынау – семейлік әуесқой композитор Тұрсынғазы Рахимов деген жігіттің жаңа әні. Сөзі ақын Мұқағали Мақатаевтікі. Әлі әннің аты да жоқ, «Дұшпаның бар ма дейсің...» деп жүрміз. Соны айтайын...

Дүлдүл ақынның дүниенің әр жүрек лүпіліне қойған сұрақтарының ең маңыздыларының бірі ән тексіне арқау болыпты.

«Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем,

Әйтеуір ортасында ойнап-күлем...»

«Сәби болғым келеді» деген халық ерекше сүйген әнді, өзге де жақсы әндер жазған әуесқой композитордың бұл әні де ақын өлеңі тілегендей сезім пернесін баса алыпты. Қайрат та бұл әннің өз жүрегіне жаққанын білдіргісі келгендей, іркіп-іркіп барып әрең бітірді. Тыңдағандар түгел ойға қалды.

Ортаға В.И. Ленин атындағы мектептің мұғалімі Жолдас Байкенжеев шықты.

– Міне, бұларыңыз үшін газетке де, Қайратқа да алғысымыз шексіз. Мынадай жаңа әндерді ел ортасына әкеліп тарату деген керемет қой. «Лениншіл жастан» Ақан, Біржан, Мәди жайлы талай оқыдық кезінде. Бұлар халқымыздың алтын ұлдары ғой. Енді солардың тұяғы Ермек Серкебаев, мына Қайрат туралы жазсын «Лениншіл жас». Әйтпесе бәрін біле бермейді жұрт. Ермек Серкебаев Канадада «Сырымбетті» айтқанда: «Бұл шынымен сендердің әндерің бе?» – деп сенбей сұрапты ғой...

– Мұныңыз рас болар. Өйткені халқымыздың әлемдік қорға қоса алатын әндері бар екенін білмейтіндер шетелде ғана емес, өзімізде де көп. Болмаса жаңа сіз айтқан серілердің әндері керемет қой. Қой, сері болмасақ та серінің ұрпағымыз ғой, Балуан Шолақтың «Ғалиясын» шырқап жіберейін...

«Ғалияны» тыңдаған соң кәрі де, жас та өз «Ғалиясын» ойлап кетті.

Сұрақ: Бүгінгі қазақ өнерінің деңгейі өзге республикаға қарағанда қай дәрежеде деп ойлайсыз?

Жауап: Өнерімізде кинодан басқа сала үлкен көштің бел ортасында-ау деймін. Эстрадада Роза, Нағима бар, операда Ермек аға, Әлібек Дінішев, скрипкашы Айман Мұсаходжаева, домбырашы Қаршыға Ахмедияров, өзге де таланттар аз емес. Жыр, терме, айтыс та тәуір. Жалпы жадында мұндай мөлдір сұрақ жүрген оқушыларға рақмет.

Сұрақ: Дүкендердегі домбыраның сапасы неге нашар?

Жауап: Осы сұрақты бәріміз бірігіп тиісті орындарға қояйықшы. Ал менің ойым, домбыраны жалпы штамповкамен шығару – киені аяқасты етумен тең. Кезінде қолы алтын атақты домбыра жасаушылардың он домбырасының бірі ғана жолды болған ғой. Біз болсақ домбыраны фабрикада мыңдап жасаймыз. Ал, кезінде скрипка жасаушы ұлы шеберлердің өз құпиясын ашпай кеткені де аңыз боп айтылады. Домбыра жасау киелі мамандық болуға тиіс!

Cұрақ: «Досмұқасан» ансамблі қазақ өнерінің үздік өкілдерінің бірі болып еді. Қазір не болды оларға?

Жауап: Жалпы эстраданың алдамшы екені осында. Алғаш шыққанда жарқ етті олар. Қазір ансамблге келу мен кету көп. Әркім әр жаққа тартады. Репертуар жағы да тапшы. Халық әндерін өңдейміз дейді де күзеп, құртады. Содан соң тыңдаушысы ренжиді. Бұл коллективке өнерге жаңаша көзқарас керек. Сол бағытта ізденуге тиіс олар.

Cұрақ: Қайрат аға, Біржанның «Айбозым» әнін айтқаныңызды бір рет радиодан естіп едік. Соны тағы бір есту арманымыз. Мүмкін болса, бір-екі ауыз тарихы...

Жауап: Мен біртүрлі тебіреніп тұрмын. Ән тыңдаушы қауымның өресінің өскеніне қуанып отырмын. Ұлттық өнерге деген мұндай назар, мұндай қызығушылық – тамаша! Әннің інжу-маржанын тере білу – өре бұл. «Айбозым» – Біржанның сондай әні. Философиялық ән, өмірмен, достармен қоштасу десе де болар.. Ерекше ән бұл. Бұл әнді музыка зерттеушісі, белгілі композитор Илья Жақанов ағамыз Көкше өңіріне тауып әкелді. Міне...

«Айбозым, ай-хай бозым-ай-үй...»

Сай-сүйегіңді сырқыратып жібереді екен Қайраттың бұл әнді айтқандағы даусы. Қайраттың деймін-ау, Біржанның даусы. Қазір Қайрат сол сазгер Біржанның кейпіне кіріп алған....

Клуб меңгерушісі Батыр Әзімбаев сөз алды:

– Халықтық өнердің кең тарауына бірден-бір кепіл болатын нәрсе – әндер, халық термелері, айтыс үлгілері, күйлер жазылған күйтабақ деп есептеймін. Солар бізге келе бермейді. Көңіліңе келсе де айтайын, осы сенің күйтабағың жоқ бізде...

Қайрат орнынан күлімсіреп тұрды. Лайықты әзіл іздеп тұрғаны белгілі.

– Бәке, Қайраттың күйтабағын қайтесіз, өзі келіп тұрған жоқ па?! – Кішкене ғана клуб үйіне жиналғандар бұл әзілге қол соғып жіберді. – Жоқ, мен жай қалжыңдап жатырмын. Болмаса, жаңағы Бәкең айтқан мәселе – аса маңызды мәселе. Ауыл-ауылға, шалғай аудандарға француз, итальян, ағылшын әншілерінің күйтабағын жәшік-жәшік етіп жібереміз де, қазақ әндерін ұмытамыз. Ал мұндай күйтабақтар ауыл өнерпаздарына көмекші құрал ретінде пайдаланылар еді ғой. Мысалы, біз кеше аудан орталығында кездесуде болғанда М. Әуезов атындағы қазақ орта мектебінің көркемөнерпаздар коллективінің өнеріне тәнті болдық. Бәріне мектеп директоры Сәуле Әлжанованың өзі мұрындық болып жүр екен. Тамаша өнер коллективі. Ондай өнерпаз жастар аз емес. Ал жаңағы мектепте би, эстрада, драма, домбыра үйірмелері бар екен. Тіпті олар Шаян халық театрына базалық мектеп деп те естідік. Қазақ өнерінің озық үлгілері жазылған күйтабақ оларға керек емес пе? Әрине, керек. Керек болғанда қандай!

Қызылқұмда

– Сіздердің облыстарыңыздағы сапарымыз аяқталып келеді. Міне, тарихи киелі өлке – Отырар аймағына келдік. Бұл өңірдің адамдары әнге де керемет құмар екенін білемін. Сондықтан да келуге құштармын. «Неге «Гүлдер» ансамблінен кетпейсіз?» – деп сұрадыңыздар. Мені тәрбиелеген осы коллектив. Қазір «Гүлдердің» 35 жастағы гүлі – мен! Әрине, болашақта халық мұрасын насихаттайтын этнографиялық топ құрсам деймін. Бұл жолда ұйымдастыру жұмысы жүріп жатыр. Қой, Жәнібек досым айтқандай, бір ән айтайын. Үкілі Ыбырайдың әні – «Жиырма бес...»

Бұл әннен соң бәріміз серпіліп қалдық. Жиырма бесін айтқанда жымың қақпайтын жан көрген емеспін, мүмкін көрмеспін де.

Сұрақ: Ең алғаш үлкен сахнаға шыққан күніңізді еске алыңызшы?

Жауап: Ұмытпасам 1968 жылы. Елубай Өмірзақов атамыздың юбилейі болатын. Кешке қазақ өнерінің қаймағы түгел жиналған екен. Сол сахнаға мені де шығарды. Артынан Жүсекеңе жігіттер келіп: «Баритон дауыстан тенор жасапсыз», – деп ризалық білдіріпті. Сол жолы сахнада бір ән айтып қана кетуім керек еді. Халық қол соғып тағы бір ән сұрады. Қапелімде не айтамын, сол күні түске дейін ғана үйренген Балуан Шолақтың «Ғалиясын» шырқадым. Өзім кіп-кішкене баламын, басқасы табылмай 56-размерлі ұлттық киім кигемін. Әрі Қали Байжановтан кейін баритон дауыспен «Қаракесек», «Ғалиялар» айтылмаған ғой... Жүсекең: «Ойбай-ай, мынау құртты-ау!» – деп еденге отыра кетіп, бетін басыпты. Саусағының арасынан маған қараса, әлі шатаспай айтып тұрған көрінем. Содан бүкіл әнді айтып болып бір-ақ түстім сахнадан. Мен келсем Жүсекең сол орнынан тұрмапты....

Сұрақ: Сіз шет елдерде көп болдыңыз. Олардың қазақ әндерін қабылдауы қалай және жақсы қабылдауы үшін не керек?

Жауап: Бұл сұрақтың шет жағасына мен бұрын да жауап бергенмін. Рас, өнері биік дамыған капиталистік елдерде жалғыз домбырамен сахнаға шығып, көрерменді баурап алу қиын. Сол кезде зор дауыстың ерекше қажеті бар. Бірде біз «Әлем халықтарының музыкасы» атты дүниежүзілік симпозиумға бардық. Қазақстаннан Құрманғазы атындағы академиялық оркестр, Бибігүл Төлегенова және мен. Симпозиум Швецияда ашық аспан астында өтті. Мен сахнаға Бибігүл апамыздан кейін шықтым. Ашық театрда 70 мыңдай адам отыр. Олардың жүздері көрінбейді. Тек әр жерден жылт-жылт еткен темекі шоғы ғана көзге түседі. Қатты толқып шыққанмын. Домбырамды қағып-қағып жіберіп: «Ой, Ардақ!..» – деген кезде қатты дауыстан микрофонның тарс етіп жарылып-ақ кеткені. Тоқтаған жоқпын, микрофонды тастай беріп, таза өз даусыммен шырқадым. Жаңағы жетпіс мың адам енді демдерін білдірмей алуға тырысты. Тым-тырыс, менің әнімнен басқа бар әлем үнсіз қалған. Әнді естіп болған кезде дүр еткен шапалақ үні микрофонды ғана емес, аспанды қақ айырып, ортаға түсіре жаздады. Ол елдің тыңдаушылары микрофонды ауызға тығып алып айқайлағаннан басқаны көрмеген ғой. Ал біз айдалада жылқы айдап жүріп, сол даланы басымызға көтере ән айтқан қазақтың баласы емеспіз бе? Даусымыз да соған лайық болуға тиіс.

Сұрақ: Сіз орындайтын әндерді санау мүмкін емес. Қалайша сол әндердің сөзін немесе әндерін жаңылыстырып, шатастырмай, айт деген уақытында шырқай беретіндігіңізге таңғаламыз?

Жауап: Әнді тек қана дауыспен, сөзін жаттап алып айтады деу қателік. Халық әнінің кез келгені бір тарих. Әр әннің шығу тарихы, себебі бар. Әуелі жүректе солар жатталады. Мысалы: «Ойда тұрып, Ғалия» десе-ақ көңіл лепіріп жүре береді, ал «Жел болса қамыс басы-ей, майда деймін» дегенде Құлагер еске түсіп, мұңға бата бересің. Кез келген әннің сөзі де, үні де осындай көңіл пернелерінде жазылып тұрады. Сондықтан олар ұмытылмайды. Жүсекең: «Әнді шекпенше киіп алу керек. Сонда жеті түнде оятса да тұра сап айта бересің», – деуші еді. Әннің айтылуы тыңдаушысына да байланысты. Тыңдаушылар неғұрлым әнге шөліркеп отырса, соғұрлым ән де жан тереңінен суырыла береді. Ал, олар ән тыңдамай, өз-өздерінің сұлулығына, киген киіміне, тағынған алқа-сақинасына ғана сұқтанып отырса, әншіге де күнде айтатын ән сөзін ұмытып қалу да қиын емес.

Сұрақ: Әнші мұраты неде?

Жауап: Халықтың өз мұрасы – өз әнін кір шалдырмай заманнан заманға жеткізуде.

Сұрақ: Ол үшін тек әнші болу жеткілікті ме?

Жауап: Жоқ, жеткіліксіз! Әрбір нағыз әнші әндердің зерттеушісі болуы керек. Бұл ғылыми зерттеуші бол дегенім емес. Ол қай әнді айтып отыр, кімнің әні, қай ғасырдан қалған, авторын шатастырған жоқ па, осының бәрін білуге міндетті. Қазір әндердің, әсіресе халық композиторлары әндерінің маңында талас көп. Мысалы, «Әудем жерді» Көкбайдікі деген қате факт. Мен Көкбайды көзі көрген Шәкір Әбеновпен сөйлестім. Ол кісі: «Қой, бұл болмаған екен», – деп ренжіді. Бұл бір, екінші әннің тағдыры үшін толғанатын әнші үнемі бүкіл әннің әр кезеңдегі айтылуына назар салып отыруы керек. Менде әндердің фонотекасы бар. Содан қай әнші қай әнді қалай айтты, домбыраны қалай тартты, соны қайта-қайта тыңдап, салыстырып жүремін. Сонда ғана әр әнді таза, өз табиғатымен жеткізуге болады тыңдаушысына. Жақында ғана маған Моңғолиядағы қазақтар өздерінде кең тараған «Қазақтың 400 әні» атты кітабын әкеліп берді. Көреміз, бұл жинақта да көптеген құпия болуы ғажап емес... Құрметті азаматтар, мен әншімін. Жәнібек досым айтқандай, одан да бір ән айтып берейін. Халық әні «Ағаш аяқ».

«Ей, қалды-ау, қалды-ау, қалды-ау...

Қыз қайда, ойбай, қыз қайда?»

Жаңа ғана әңгіменің балын тамызып тұрған Қайрат енді тұла бойымен ән әлеміне кірді де кетті. «Ағаш аяқ» бір ғана әнші орындайтын спектаклге парапар ән болатын. Қайрат оны өзі үйренген ұстаздарына жедеғабыл етіп орындап жатыр. Тыңдаушы жұрт мәз-мейрам. Езулерінде күлкі, көздерінде жас, көңілдерінде мереке...

Сыр

Кейін қайтып келеміз. Әдетте жол бойында домбыра мен әнге жоламайтын Қайрат домбырасын үнсіз шертіп отыр. Саусақтарының қимылына көз ілеспейді. Домбыра сағағындағы өңшең пернелерді тауып баса ма, шанақтан төгілген шырайлы әуенге бас айналғандай. Бір сәт Қайрат Қорқыттың «Қоңырын» шерте жөнелді. Жай ғана шертіс, еліктеу емес, есіңді алар, күй тіліне жан бітіре тарту, жаныңды суырып алардай сапырылысқан дыбыстарға тіл бітіре сөйлету... Ғажап! Ғажап! Қайраттың әнші екенін ғана білетін мен үшін де бұл керемет жаңалық болды. «Менің алдымда консерваторияның студенттері шертпе күй тартуға батпайды», – деп қалжыңдайды Қайрат менің таңданысымды түсініп. «Мынадан соң мүмкін!», – деп келісемін мен.

– Осы «Қайрат домбыраны құбылтып тартады. Сол тартыс домбыра табиғатына лайық емес?» деген пікірге не дер едіңіз?

– Ондай сөз айтылып жүр. Шығарған біреу ғой. Ал, ойласайықшы, бүгінгі қазақ әндерінің иірімін осылай бермесе бола ма? Домбыра әншінің ғана емес, әннің сүйемелі. Олай болса, сол әннің бүкіл қан тамыры боп осы домбыра соғуға тиіс қой. Мен соған ұмтыламын. Егер мен мұндай қағыстарды «аспаннан» алсам – кінә тақсын. Оларды маған үйреткен Жүсекеңнің өзі ғой. Ол кісінің «Тракторшы қарындас», «Туған ел», тағы да басқа әндерді айтқандағы домбыра тартқандары естеріңізде ме? Басқа ештеңе айтпаймын. Ақталатын түгім жоқ.

– Осы кездесулердің бірінде «Қайраттың ұстазы жақсы ғой» деген тебіреніс те естідік. Шәкірт ұстаздарының жалғасы-ау өзі. Ұстазың жайлы көп айттың. Әйтсе де басты бірер қасиетін тағы еске алсаң...

– Жүсекең өте адал, шыншыл жан еді. Шындықтың бір тал шөбі сынса, өлуге бар-тын. Бір қызық мысал. Осы «Лениншіл жасқа» ең алғаш мен туралы досым Жәнібек Кәрменов мақала жазды. Сонда «Қайраттың қыздың саусағындай сүйрік саусақтары домбыра пернелерінде тынымсыз жорғалайды» деген сөз бар екен. Соны оқыған Жүсекең Жәнібекке: «Ей, антұрған-ау, мына Қайраттың саусағына қарашы, томардай саусақтарды қыздың саусағындай сүйрік деп қалай ғана айттың?» – деп сынап тастады. Жүсекең әнге адал, әншіге адал жан еді ғой. Бұра тарту, біреуге телу дегенге қарсы болатын. Сол кірбіңсіз адал жүзі жүрегімде сурет болып салынып қалыпты. Арманым – соны кір шалдырмау.

Қайрат домбырасын шертіп келеді. Он-он бес қана пернеден бүкіл бір оркестр іздеп табатын тылсым үндер төгіліп келеді. Олардың біріне де риза боп тоқтайтын Қайрат жоқ, пернелердің бәрін қуалап, одан да тәтті дыбыстарды табады. Жүзі ойлы, жүрегі сезімге толып тұрғанын көзінен оқуға болады. Қазіргі қазақ әндерін орындауда таласы жоқ чемпион әншінің тағы да нені армандап отырғанын білуге қызығасыз... Бір сәт: «Ой, Ардақ!..» – деп гүр ете қалғанда Қалыбек Атжанов тізгінін ұстап келе жатқан бүгінгінің арғымағы – сүттей аппақ «Волга» орнынан бір шоршып түсті.

«...Сен ақ қоян секеңдеген!»

Сарт-сұрт машинаның есік-терезесін ашып тастадық. Мынандай әнді тар қапасқа қамағымыз келмегені. Әр шумағы ауыздан шыққан бетте бозторғайша аспанда қалықтап-қалықтап алып, дала төсіне кілемше төселіп қалып барады. Біз желмен жарысып, зулап келеміз. Осы бір апталық қана сапарда Қайрат айтқан әндерден әшекей тағынған оңтүстіктің өңді даласы көздің жауын алып, жайнап жатыр. Соңымызға Қайрат айтқан әннен әтір сеуіп, біз Шымкент шаһарына тартып барамыз.

author

Несіп Жүнісбаев

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...