Әніме бір басайын «Алтыбасар»

Фото автордікі

МУЗЫКА
736

Осыдан тура 50 жыл бұрын... Жерұйық Жаңарқаның төріндегі Иманақ тауының баурайындағы Наурызбай ақсақалдың шаңырағында торсық шекелі ұл туды. «Алаштың қамы үшін атқа мінетін азамат болып өссін!» десіп ауылдың үлкендері ақ батасын берді. Алтын асықтай ұлға «Ержан» деп азан шақырып ат қойды.

Сол күні Иманақтың баурайы шаттыққа кенеліп, сал Сәкеннің 80 жылдық тойы дүркіреп өтіп жатқан. Наурызбай аға тұяғымен жер тарпыған ақбозатқа мініп, Сәкеннің «Тау ішінде» әнін әуелетіп, орталық саябақта Сәкеннің бейнесін сомдап, сән-салтанатымен келе жатты. Әкесінің өнеріне ризашылығын білдірген аудандық мәдениет бөлімінің басшысы домбыра сыйлады. Шаңырақтың төрінде ілулі тұрған сол домбыра Базарбековтердің әулетіне құт, бақ, береке, шаттық әкелді. Ағайынды Ержан, Ербол, Ернұр, Жасұландар кезек-кезек домбыраны дыңғырлатып, құлағында қалған әндерін қос ішекке қондыруға талпынды.

Ержан қаршадайынан домбыраны қолынан тастамай, әнге құмартып өсті. Жазиралы Жаңарқада дүниеге келгенінің өзі басына қонған бағы еді. Арқадағы әннің туы желбіреген жерде кіндігі кесілген ұлдың әнге құмартпауы, қызықпауы да мүмкін емес-ті. Жастайынан Сайдалы Сары Тоқаның, Ықылас пен Дайрабайдың күмбірлеген күйлерін мен Игілік Омаровтың, Қайрат Байбосыновтың әуелеген әндерін ұйып тыңдады. Сәкен ауылындағы той-думанда дүйім жұртты аузына қаратқан Балтабай Қызыров ағасының әншілігіне, өнерпаздығына таңдайын қағып, әнге ғашық бала жүрегі ерекше қуанышқа бөленетін.

Жұдырықтай жүрегіндегі әнге, өнерге деген ғажайып сүйіспеншілігі әнші боламын деген асқақ арманына жетеледі. Әншіліктің оқуын оқымаса да Қазақстанның Халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтан тәлім алды, дәрісін тыңдады. Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Ерлан Төлеутай, Құрмаш Ыбышев сияқты Арқадағы ақтаңгер әншілердің соңынан ілесті. 

Ержан әнші қолындағы домбырасын күмбірлете ән шырқағанда тыңдаушысының құлақ құрышы қанады. Тап-таза, табиғи дауыс өмірге деген ынтықтығыңды одан сайын арттыра түседі. Бір сәтте сұлу әнге, ғажап әншінің өнеріне қиқулап үн қосып, алақаныңды аямай соғасың. Келер бір сәтте бұрын білмеген тамаша нәрсені танығандай тына қаласың. Ұйықтап жатқан жүрегіңді (Абай) әсем ән осылай оятады. Ендігі бір сәтте өз-өзіңнен асқақтап, ерекше рухтанып жан-дүниең түгел нұрланып кетеді. Тағы бір сәтте әнмен бірге көңілің көкке өрлеп, судай тұнық өмір сәулесін (Абай) көресің.

Мәңгілік ән сезімін жүрекке жеткізе алатын әншінің ең ғажайып екі қасиеті бар. Бірі – шынайылығы, екіншісі – табиғилығы. Рухы, жан-жүрегі таза әнші ғана асқақ әнді өз биігіне қондырып, шырқай алады. Жерұйық Жаңарқаның жампозы, бүгінгі күннің сал-серісі -  Ержанға бұл қасиет Иманақтың тасынан, Сайдалы Сары Тоқаның күйінен, ән патшасы Қайрат Байбосыновтың үнінен дарыған. Бұл – табиғи талант, Алла Тағаланың берген нығметі. Сол талантын ұштап, классикалық ән өнерінің биігіне көтерілгені - Ержан әншінің өмірдегі де, өнердегі де зор бақыты. Осы бақыты баянды, ғұмыр жасы ұзақ болсын деген тілегімізді айтамыз!

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ, ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ШАБЫТ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ЛАУРЕАТЫ, КӨПТЕГЕН ӨЗГЕ ДЕ ӘН-ДОДАЛАРДЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ, ҚАЛИ БАЙЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ ӘНШІСІ ЕРЖАН БАЗАРБЕКОВТІҢ мерейлі 50 жасының құрметіне орай 26 сәуірде сағат 18.30-да Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «ӘНІМЕ БІР БАСАЙЫН «АЛТЫБАСАР» атты шығармашылық кеші өтеді.

Ән мен күй кешіне танымал өнерпаздар, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері: әнші-жыршы Елмұра Жаңабергенова, әншілер Гүлмира Сарина, Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, республикалық шертпе күйшілер фестивалінің жүлдегері, Қарағанды қаласы әкімінің жастар сыйлығының лауреаты, күйші Мадияр Сүлейменов, әнші Нұрмұхамед Жақанов және болашақ қазақ өнерінің жұлдызы Ырысты Ержанқызы қатысады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ.

Қылмыс

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының қараусыз қалған ғимаратынан сәбидің денесі табылды,...

Шоу-бизнес

Танымал айтыскер ақын, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде коуч-психолог ретінде танымал Айнұр Тұрсынб...