Мәртебелі сыйлықтың сыны мен сыйы кетпесін

ӘДЕБИЕТ
3033

Адамның табиғаты қызық. Ілеуде бір тақуа болмаса, көпшілігіміз жұмырбасты пенде ретінде атаққа, марапатқа ынтығып тұрамыз. Ол үшін ешкімді жазғыруға болмайды. Алайда елге жасаған еңбегіңізді басқалар біліп, қадірлеп жатқаны да артық емес. Қайта, ол адамға күш беріп, ынталандыра түседі.
Бүгінде атақтың да, марапаттың да сан алуан түрі бар. Еліміздегі солардың ішіндегі ең биігі, бағалысы – Мемлекеттік сыйлық. Бұл –мыңдаған адамның біріне емес, миллиондардың арасынан озған дараларға бұйырар сый. Өзім солай ойлаймын. Сондықтан біз бүгін әдеби шығармаларға берілетін Мемлекеттік сыйлық туралы сөз өрбітсек дейміз. Бұған түрткі болған «Егемен Қазақстан» газетінде таяуда жарық көрген жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұлтарақ» атты ой-толғамы еді. Бұл мақала карантин кезінде үйде қамалып, әлеуметтік желіге жүгінген оқырмандар арасында әжептәуір пікір туғызды. Бізге де ой салды.Биыл екі жылда бір берілетін Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі өзгеріп, енді ол Абай атындағы мәртебелі сыйлық болып аталды.
Жалпы, елімізде әдеби көркемдігі мен жаңалығы мол шығармаларға ұсынылған жоғары марапат 1966 жылдан бастап берілді. Ақын Есенғали Раушанов «Қазақы қара сөздің жолбарысы» деп атаған көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов дәл сол жылы «Дала сыры» хикаятымен алғашқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. 

Содан бері оны қазақ әдебиетінің керегесін кеңейтіп, көсегесін көгертіп, көркемсөз өнеріне өз өрнегін зерлеген біраз дарынды суреткерлер иеленді.

Жасырары жоқ, төбеден шұқшиып қарап тұрған қырағы көз болса да, кеңестік дәуірде қазақ әдебиеті біраз дәуірледі. Әдебиетке толқын-толқын талантты жастар келіп, шұрайлы шығармалар жазылды. Қазір біз аузымыздың суы құрып айтатын тамаша туындылар туды. Бірақ сол асыл қазынамызға айналған құнды дүниелерді жазған арқалы ақын-жазушыларды уақытында бағасын бердік деп айта алмаймыз. Олардың кейбіреуін өмірден өткеннен кейін танып, мойындадық.

Азаттық алғаннан кейін де қазақ әдебиеті өз сүрлеуінен жаңылған жоқ. Бұрынғы цензура жойылды. Қаламгерлер қандай тақырыпты жазса да, қаламды жасқанбай сілтейтін сәт туды. Соның нәтижесінде бірқатар сүйекті шығармалар өмірге келді.

Енді сол оқырман жүрегінен жол тапқан шығармаларды жазған қабырғалы қаламгерлердің қадірін сезініп, бағасын біліп жүрміз бе? Бұған келгенде ептеп күмілжиміз. Екі жылда бір берілетін Мемлекеттік сыйлық төңірегінде пікір де, сөз де көп. Бұл бәйгеге қатардан қалмай шауып жүрген жауыр торылар емес, топтан озған, шашасына шаң тимес жүйріктер қатысатыны анық. Бірақ жүлде саны шектеулі. Барлық жүйрікке ол бұйыра бермейді.

Естуімізше, биылғы Мемлекеттік сыйлыққа әдеби ортада әлдеқашан мойындалған, елге танымал бірқатар ақын-жазушылардың шығармалары ұсынылып отыр. Олардың қатарында Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Жүрсін Ерман, Серік Ақсұңқарұлы секілді қаламгерлер бар деп естідік. Бұл азаматтар бәйгеге биыл алғаш түсіп отырған жоқ, бұрын да түскен. Бірақ…иә, бірақ…оны да ішіңіз біліп отыр. Әрине, олардың шығармалары сыйлыққа сай болмады дей алмайсыз. Егер қазақ әдебиетінде аталған ақын-жазушылар болмаса, оның бір бүйірі олқысынып тұрар еді. Мен бұл кісілерді әдебиетіміздің дамуына зор үлес қосқан, өз үні, өрнегі, орны бар тұлғалар деп танимын.

Мәселен, талантты жазушы ­Тынымбай ағамыз алдағы оныншы маусымда жетпіс бес жасқа толады. Оның кітаптарын сүйсініп оқымаған қазақ баласы жоқ шығар. Алғашқы әңгімелер жинағы «Қауын иісі» деген атпен жарияланған суреткердің қаламынан қаншама кес­телі тілі төгілген туындылар туды. Оның «Қош бол, ата», «Қарлығаштың ұясы», «Атақоныс», «Туған ауыл түтіні», «Балалық шақтың әуендері» атты хикаяттары үшін-ақ Мемлекеттік сыйлықты бұрын-ақ беруге болушы еді. Жазушының кейінгі жазғандары да – сүбелі дүниелер. Өзім оны орыс әдебиетіндегі «деревенская прозаның» ірі өкілдері – Виктор Астафьев, Василий Белов, Валентин Распутин деңгейіндегі суреткер деп бағалаймын. Қазір бұл үш қаламгер өмірде жоқ. Бірақ олар көзі тірісінде туған халқының ғана емес, мемлекетінің үлкен марапатына ие болып, құрметін көрді. Ал біз Тынымбай ағамызды жақын танып, қадірлеп жүрміз бе..? Сондай-ақ прозаға жанрлық жаңалық енгізіп, жаңа өріс ашып, «Құдірет пен Қасірет» секілді шоқтығы биік роман жазған Несіпбек Дәутайұлының да орны ерекше.

Жүсіпбек Қорғасбек жоғарыда айтып өткен мақаласында: «Естуімізше, биылғы аламанның дүбірі алысқа кететін түрі бар. Басқасы басқа, осы биылғы тізімнің ішінде Тынымбай Нұрмағамбетовтің де жүруі мүмкін екені неге тұрады? Дара шапса өзі алып, қосарлап шапса Несіпбек Дәутайұлы екеуі қатар алуы мүмкін деген де сыбыс бар. Бірақ кешегінің Бейімбеті қандай сүйкімді болса, бүгінгінің Тынымбайы сондай сүйкімді екенін тіл білмейтіндер қайдан білсін? Сондықтан жеме-жемге келгенде, бұл сыйлық Тынымбайға да жоқ, Несіпбекке де жоқ болып шығуы таңғалатын нәрсе емес. Тіпті бұған дейін де сан мәрте болғаны сияқты, бұл жолы да күтпеген бір оқиға болып кетуі әбден мүмкін» дейді. Иә, бәрі де мүмкін.

Шындығында, Мемлекеттік сыйлық кімге беріледі? Осы тақырыпта бір ағамызбен әңгімелесіп қалғанда, ол кісі қазір мәртебелі марапат көркем туындыға емес, адамға береді деп айтып қалды. Сол ағамның сөзінің жаны бар секілді көрінді.

Шын мәнінде, сыйлық шығарманың көркемдігі мен мазмұнына, ол тұлғаның әдебиетке сіңірген еңбегіне берілу қажет. Сондай-ақ жазушы Мемлекеттік сыйлыққа түсу үшін комиссияға соңғы екі-үш жылда жарық көрген кітаптарын жолдайды. Осы жерде бір түсінбестік бар секілді. Айталық, ақын-жазушылардың ол туындысы жас кезінде немесе одан бұрын жазылған дүниесінен бір мысқал кем түсіп жатуы мүмкін. Мәселен, Ақсұңқарұлының 1984 жылы жарық көрген «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» атты жыр жинағы құбылыс саналды. Поэзия әлемінде өзіндік орны, қолтаңбасы бар айтулы ақынға осы кітабы үшін-ақ марапатты баяғыда беруге болатын еді. Сондықтан бәйгеге қосылған суреткерлердің соңғы бір кітабын емес, барлық жазған шығармасын ескеріп, әдебиетке сіңірген еңбегіне баға берген дұрыс сияқты.

Жақында ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай «Түркістан» газетіне берген сұхбатында осы тарапта ой толғай келіп: «Украинаға бірнеше мәрте жол түсті. Соңғы рет Тарас Шевченконың тойында болдым. Сол жиында әдебиет бойынша Мемлекеттік сыйлық иегерлерін марапаттау салтанатына куә болдық. Украинада Мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі комиссия жыл бойы жұмыс істеп, әр сала бойынша жемісті еңбек еткен азаматтарды, көпшіліктің ықыласына бөленген үздік шығармаларды іріктейді. Лайықты деп танылғандарды марапаттайды. Ал бізде Мемлекеттік сыйлыққа қоғамдық ұйымдар арқылы әркім өзін ұсынады. Марапатты тағайындау жүйелі, ашық түрде жүргізілмегендіктен, оның айналасында күбір-сыбыр да, дау да көп» деп айтады.

Мысалы, осыдан екі жыл бұрын қазақтың үш дарынды ақыны Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл үш шайыр да – әдебие­тіміздің айтулы тұлғалары. Бірақ сол жолы шығармасы ұсынылған Мархабат Байғұт одан құр қалды. Мақамы бөлек Мархабат ағамыздың қазақ әдебиетінде өз орны ерекше. Сол үш ақынмен бірге сыйлықты парасатты прозашы Мархабат ағамызға берген де болатын еді. Әйтпесе, біздің әдебиетімізде поэзия ғана емес, проза жанры да жақсы өркендеген. Сонда прозашылар да өкпелемейтін еді. Сонымен бірге «Елім-ай» роман-трилогиясын жазған Софы Сматаев ағамыз да бірнеше мәрте бағын сынап көрді, бірақ бұйырмады. Әдебиетіміздің дамуына бір кісідей үлес қосқан, үлкен жүректі азамат, жазушы, аудармашы, сыншы, марқұм Герольд Бельгер де көзі тірісінде бәйгеге тұлпарын қосты, мәреге жетпеді. Дәл Герольд ағамыз­дың да алатын жөні бар еді. Қатып қалған қағидаға сүйенбей, лайықты болса ұсынылған барлық дарын иелеріне сыйлық берілсе жөн. Меселі қайтып, тауы шағылған қаламгер келесі жолы тағы бір шедевр шығарма туғызып, оны үлкен бәйгеге қайта қосуы екіталай. Сондықтан талантымен топ жарған ақын-жазушының жалпы ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегі, жаңашылдығы, жаңалығы ескерілуі керек.

Марапат жас таңдамау қажет. Өмірден ерте өткен Төлеген ­Айбергенов, Мұқағали Мақатаев секілді көрнекті ақындар көзі тірісінде ешқандай сый-құрмет көрген жоқ. Ал қазақ әдебиетінің классиктері Ғабит Мүсірепов Мемлекеттік сыйлықты «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі үшін 70 жасында алса, Әбділда Тәжібаев «Көне қоңырау» жыр жинағы үшін 68 жасында алыпты. Осы жерде жазушы Думан Рамазанның «Даңқ пен дақпырт» («Көктамыр» 73-83 бет) деген мақаласындағы Жазушылар одағында деректі проза кеңесінде Мемлекеттік сыйлықа ұсынылған шығармаларды талқылау барысында болған бір оқиға есіме түсті. «Көп болып, ойласа келе, ұсынылған алты еңбектің ішінен екі-ақ автордың шығармасы лайық деп танылды. Оның бірі – Сапабек Әсіповтің «Қазақ қасіреті» атты зерттеу еңбегі болса, екіншісі – жазушы Тұрсын Жұртбаевтың екі томдық «Дулыға» атты көркем әрі ғылыми шығармасы. Сонда Сапабек Әсіпов сөз сөйлеп, үлкен ақсақалдық өнеге көрсете білді.

– Тұрсын Жұртбаевтың «Дулығасын» өз басым ғылыми-деректік және көркемдік жағынан өте жоғары бағалаймын. Өте құнды еңбек. Сондықтан мен, егер бір-ақ кітап Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы қажет болса, онда өзімнің «Қазақ қасіреті» атты еңбегімді Тұрсынның осы «Дулығасы» үшін дауыстан қайтарып аламын, – деген батагөйлік сөзі әлі күнге құлағымнан кетер емес» деп жазады автор. Кейде, осындай ірілікті де күтесіз.

Қорыта айтқанда, бұл тақырыпты қаузай берсе айтыла берер пікір көп. Біз ойымызды қысқаша ғана тарқатып көрдік. Айтпақшы, биыл тағы дүбір басталды. Ақиық ақын Қадыр ағамыздың «Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты бағалаңдар тірісінде» дегені де ­бекер емес.

Азамат Есенжол

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...