Бір уыс топырақ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
23349

1996 жылы Шалқар ауданынан Ақтөбеге көшіп келдік.Ауылға үйренген әке-шешем көпке дейін қаланың өміріне көндіге алмады.

Әсіресе,шешем базарға барса кешке дейін адасып үйді әрең табады. Әкем бесінші қабаттан төменге түспей үнемі терезе алдында телміріп отырады.Төрт жылдан соң шешем науқастанып қалды.Денесі ауырлап орнынан әрең тұрады. Домалап жата береді.

2000 жылы аты аңызға айналған Халық емшісі Қализа Құттыбаевамен алғаш рет жолықтық. Жүзінен нұры төгілген емші жақсы қабылдады. Шешемнің бет-ажарына қарап тұрып:

-Апа,үйде ауылдан келген сұры чемодан бар екен, соның ішінде бір зат бар-деді.

Шешем селк ете қалды.

-Ол не?

-Бейіттен құм алыпсыз.

-Иә,ауылдан көшер кезде әжемнің моласынан топырақ алып едім-деп, шешем маған қарады.

-Бейіттен ештеңе алуға болмайды әруаққа ауыр тиеді.Сол орамалға түйілген бір уыс құмды адам аяғы баспайтын жерге апарып көміп тастаңдар.

Бәрі жақсы болды-деді емші Қализа.

Шешем сауығып кетті.

Ол осыдан кейін бала күнінде басынан өткен мына бір оқиғаны жайып салды. Оны есі кіргенде әкесі айтыпты.

Шешем Шәмен Ырғыз ауданы,Тәуіп совхозында дүниеге келіпті.Нағашы ата-әжем Сақып пен Уәли жайлауда мал баққан екен.Мамыр айының ортасында кенеттен күн суытып жаңбыр жауады.

Сырттағы жинап қойған қи-тезек су болып қалады.Содан нағашы әжем дорбасын арқалап отын іздеп далаға шығады.Қырдың басынан үйілген төмпешіктер көреді.Сол арадан қураған ағаштар тауып алады.

Отынды ағаш үйге әкеліп кептіріп, мосы ошаққа қазанды қойып,астына от жағып ет салады.Түс мезгілі.Сырттан мал жайлап келген нағашы атам ошақ басына қыздырынып жатып қалады.

Шешем әкесінің үстіне шығып ойнайды.

Ол кезде екі жаста екен.Нағашы әжем нан илеп жатады.Бір кезде сәбидің шыр еткен жан дауысы шығады.

Бала жанып жатқан ошаққа түсіп кетіпті. Қызып тұрған шоқтан шешемді суырып алғанша киімдері өртеніп,шаштары түгел жанып үлгереді. Отқа ішімен құлапты. Тұла-бойын түгел күйік шалған сәби есінен танып қалады.

Әкесі Уәли атқа мініп Ырғызға шабады. Ауданнан есімі шешемнің есінде жоқ Асатов деген дәрігер,әрі тамыр ұстайтын қасиеті бар адам атпен келеді.Баланы орамалға орап алып,кетіп бара жатып былай дейді:

-Ымырт үйіріле Ырғыз жақтан менің қарайған сұлбам көрінсе, мына бала адам болмайды дайындала беріңдер,егер менен хабар болмаса, қырық күннен кейін өзім келемін-дейді.

Дәрігер кеткенен соң күн батып бара жатқанда нағашы ата-әжемнің жүректері дүрсілдеп қатты алаңдайды.Ырғыз жаққа қарауға қорқады.

Түн болады.Ешкімнің қарасы көрінбейді.Содан дәл қырық күн өткенде қырдан аттылы кісі қараңдайды.Екі жасар шешемді алдына отырғызып алған дәрігер ағаш үйдің алдына келеді.

Баланың денесінде күйіктің түк ізі жоқ. Әке-шешесі сене алмай таң қалады.Әлгі дәрігер мынаны айтады:

-Сіздер мына ошаққа отынды бейіттің басындағы ескі қорымнан алыпсыңдар.Біліп алғанда бала аман қалмайтын еді.Өмір жасы ұзақ болады-депті.

Бұл көпке ой салатын әңгіме.Жалпы бұрын үлкендер "бейттің басынан сынық тас алмаңдар,әруақ ренжиді" деп ескертетін. Олар біліп айтады. Әруақ ескірмейді, ол мәңгілік.

Нұрлыбек Жұбатқан

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...