Жыл санау тәсілдерін адамдар аспан денелерінің өзара қатынастарына байланыстыра отырып, күн, ай, жұл...
Cерік Негимов: «Елтаңбаны танымау – сауатсыздық белгісі»
«Мәдениет порталында» «Қазақстандықтар Елтаңбаны неге танымайды?» деген тақырыппен «Жаңа адамдар» қозғалысының жүргізген сауалнамасын жариялаған едік. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 70 пайызы Елтаңбамызды танымай, масқара болған. Осыған орай, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың пікірін беріп отырмыз.
2022 жылы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы аталып өтті. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков жер-жерде, ел-елде аралап жүріп, жұртшылықпен кездесті, сұхбат берді. Баспасөзде жазылды, көрсетілді. Егер «Жаңа адамдар» қозғалысының сауалнамасына қатысқан азаматтар Елтаңбаны танымай жатса, олар оқымаған адамдар, бұл тіпті қылмыс жасағанмен бірдей деп айтар едім. Білімсіздік ол – көргенсіздіктің белгісі. Оған қуанудың ешқандай реті жоқ.
Мемлекеттік Елтаңба біздің елдігіміздің белгісі. Онда халқымыздың 5 мың жылдық тарихы, мәдениеті қамтылып, бейнеленген. Ол біздің мақтанышымыз. Ғасырлар бойғы ата-бабаларымыз аңсап күтіп, қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиеті де осынау рәміздерімізде жатыр.
Қазір көп адам газет-журнал оқу, кітап оқудан қалып бара жатыр. Бұл жақсылықтың белгісі емес. Көркем әдебиет оқымаған ел рухани тұрғыдан дамымайды. Сауалнамаға қатысқан 500 адамның көбі Елтаңбаның атрибуттарын танымай жатса, ұлттық құндылығынан айырылып бара жатқандықтың белгісі. Дала өркениеті, дала мәдениетінен ажырап қалғандықтың көрінісі.
Біз сауатымызды қалай көтереміз? Ұлттық таным-түсінігімізді қайтсек оятамыз? Бір мысал айтайын, 1923-24 жылдары Орынбордағы үлгілі мектепте ұлы ұстаз, Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының өзі сабақ берді. Қазақтан шыққан зиялылар, оқығандар түгел мектепте қызмет етті. Осының арқасында, халқымыздың ұлттық иммунитеті қалыптасты.
Қазір сондай мемлекеттік тұлғалар, саяси қайраткерлер мектепке барып сабақ өткізе ме, студенттермен кездесе ме? Білгенін үйрете ме, жиған өмірлік тәжрибесін айта ма? Міне, мәселе осында. Егер осындай ұрпақ сабақтастығы болса рәміздерге құрмет, тарихқа қызығушылық артар еді. Мемлекеттік рәміздерді дәріптеп, насихаттау ісімен Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі айналысып, халықтың сауатын көтерудің үлгісін ойлап табуы тиіс. Бұған мемлекеттік көзқарас керек.
Ал, жоғарыдағы сауалнамаға келсек, оған қатысқандар, әсіресе, жастар Елтаңбаның атрибуттарын түсінбейтіндерін айтыпты. Кейбір элементтерді түсіну қиын депті олар. Олай болса, бұл мәселені көптің талқысына салып қарайық. Қалай болғанда да жұрт болып ақылдасқан жөн.