Рабиндранат ТагорАударған С.ШаймерденовIПхалгүн айының орта кезі. Мүккерджи үйінің терезелері ашық т...
Дидар Амантай. Біз білмейтін жақтарда
– Зәуре, сосын, не болды?
– Есіңде жоқ, айтпаймын.
– Бірге қайттық па?
– Қайдағы?
– Енді?
– Бөлек кеттік.
– Неге?
– Сұрай бермеші.
– Мені тастап...
– Жоға.
– Есімді бір жисам, есік алдында отырмын. Дала тас қараңғы, бағаншамдар тегіс сөніп тұр. Кімнің үйі екені белгісіз, әр терезеден бір-бір білте шам сығыраяды, қала жым-жырт, терең ұйқыда жатыр.
– Біз сенен қаштық.
– Сонда, сені бірінші рет көрдім.
– Балдағыңды әперейін бе, әлде арбада отыра бересің бе?
– Жоқ. Тұрамын.
– Көйлегіңді ішіне сал, көрген жұрттан ұят.
– Көршілер үйренген, көңіл аудармайды,
Зәуре оның үстін ретке келтіріп, жағасын жөндеді. Белін буды, балағын қақты, Дәмірдің киімде шаруасы жоқ, жиырма жыл бұрынғы уақиғаны анықтап білгісі келеді, түптің түбінде неге адасқанын ол айқындап алуы тиіс.
– Аяғың демалсын, әрі-бері жүр.
– Сен бір-ақ күнге келдің бе?
– Бір-ақ күнге.
Дәмір мұңайып қалды. Көзіне жас толды. Тоқтат, болды. Әркімнің өз өмірі бар, ол қол орамалын шығарып, екі көзін кезек сүртті. Зәуре байқамағансыды.
– Алматыны сағынып келдік, Еуропада елді, туысты, дос-жаранды іздейсің.
– Дос барда ғана дос, – деді Дәмір.
Өкініп айтты. Дауысы жарықшақтанып шықты. Тарғыл үнінен қол жетпеген арман, өзегін өртеген өкініш білінеді.
– Біздің жаққа жүр, жазғы демалыста үй кеңейеді, отбасы кішірейеді, Еуропаның аты Еуропа.
– Көремін.
– Әуежайдан қарсы аламыз.
– Шынынды айтшы, сол түні неге мені адастырып кеттің?
– Не болды?
– Ештеңе.
– Неге ештеңе?
– Үйге қайттым.
– Ертеңіне телефон шалғанын есіңде ме?
– Есімде.
– Біз сен келіп қалады деп күттік.
– Көзім ілініп кетіпті.
– Ардақтар соқты ма?
– Жоқ.
– Сені іздеп кеткен.
– Ол өзі басқа біреудің ауласында отырыпты.
Зәуре күлді. Екеуі жолға шықты. Ерсілі-қарсылы жүрген ірілі-ұсақты машиналар толассыз, әрі-бері пепілдетіп, дүрілдеп, күркіреп ағылып кетіп жатыр.
– Өзіңді өзің қолыңа ал, – деді Зәуре, саған жеңілуге болмайды.
– Жеңілсем, не болады екен?
Зәуре үнсіз.
– Дүние төңкеріліп кете ме, әлде аспан айналып жерге түсе ме?
– Қой, Дәмір.
Дәмір бір жаққа қарап тұр, дәлірек айтқанда, ешқайда қарап тұрған жоқ. Ол болашаққа сенбейді, Дәмір осы арбада өледі, оны бұл балдақтар өлтіреді. Ол балдағын алды да, жол жиегіндегі бордюрға бір-ақ ұрды, өзі жерге құлап түсті. Зәуре шошып кетті.
– Айналайын, Дәмір, қой, ер-азамат емессің бе?
– Мен далада қондым, – деді Дәмір шалқасынан жатқан беті.
– Оны ойыңа да алма.
– Ешкімді кінәламаймын.
– Тұрасың ба?
– Ән айтсақ қайтеді.
– Қандай әнді.
– В полях под снегом и дождем, мой милый друг, мой бедный друг, Тебя укрыл бы я плащом от зимних въюг, от земних въюг...
– А если мука суждена Тебе судьбой, тебе судьбой, Готов я скорбь твою до дна Делить с тобой, делить с тобой.
– Зәуре, қош бол.
– Тұрмайсың ба?
– Мені ұмытпа.
– Неге ұмытам.
– Алматыда, арбаға байланған бір досым бар еді, бейшара қор болды, жігіттің сырттаны еді де.
– Жоқ, мен тек жақсы жақтарыңды айтамын.
– Оны өзің білесің.
– Бұл ауру емделмей ме?
– Емделмейді.
– Бос сөз.
– Қайтіп?
– Дұрыстап іздемегенсің.
– Олай өзімді өзім алдап болғанмын.
– Мен Еуропадан табамын, күйеуім біледі сені, біз саған көмектесеміз.
– Рақмет, Зәуре.
– Неге жылайсың?
– Көп рақмет саған, осындай досым бар деп іздеп келгеніне.
– Құдай әркімге әртүрлі сынақ береді.
– Арбаны тақашы.
– Өзің мінетін болғансың ба?
– Иә.
– Өзіңді ұста, сонда ғана бұл дертті жеңеміз. Уәде бересің бе?
– Уәде берем.
Ол енді жылаған жоқ, жайғасып, бабын тапқан соң, рейстің уақытын сұрады.
12.03.2019