МЕН СОРЛЫЛЫҚҚА КӨНБЕЙМІН!Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық мәдениетке деген немқұрайлығы, ас...
Оңайгүл Тұржан: Туған жердің рухани тартылыс күші бар...
-Оңайгүл апай, осыдан 3 жыл бұрын «Теңіздер де шөлдейді...» деген атпен Астананың төрінде өткен поэтикалық кешіңізге куә болып қайтқанымыз бар. Енді міне, араға уақыт салыып «Мен сағындым... Ал, сен ше, айналайын?!» атты тағы бір поэтикалық-мюзикл кешіңізді бергелі жатыр екенсіз. Осы екі кештің айырмашылығы қандай болмақ, әңгімемізді осыдан бастасақ?
-Бұл екі кештің жер мен көктей дейтіндей айырмасы бола қоймас.Бүгінгі күнің мен кешегі күніңді салыстыруға келмейді ғой. Дегенмен, адам танымы жағынан, шығармашылығы жағынан, өзіңнің жетілуің жағынан өзгерістер болғаны анық. Әрине, бұл жасыма келіп менде керемет жетілу болды, жаңа бір өзгерістер болды деп айтатындай кезең емес. Бәрібір, адам өмір бойы өзін іздейді, ізденеді дегендей... Қысқаша айтсам, екі кештің арасындағы өзгеріс: Жаңа жазылған өлеңдер болуы мүмкін, жаңадан тағдыр жолымда кездескен адамдар болуы мүмкін және жаңадан мойныма жүктеліп жатқан жауапкершіліктер болуы мүмкін. Бұның бәрі шығармашылығымда көрініс тапқан шығар деп ойлаймын. Кеш берудегі екінші бір ойым: поэзияны сахнаға шығару. Қазір визуалды заман. Поэзияны тек оқу немесе тыңдау арқылы қабылдайды деген шартты ұғым жойылып барады деуге болды. Сондықтан да, өлеңді, өлеңдегі айтылатын ойды сахна арқылы да оқырманға жеткізетін кез келген сияқты. Өйткені, қаншама мықты жазып жүрген жастар бар. Олар неге бұрынғы біздің кезіміздегідей залды толтыра алмайды? Өйткені, әр заманның өз сұранысы болады. Демек, қазіргі поэзияға деген сұраныс басқаша. Ақындар да соған икемделу керек деп ойлаймын. Өйткені, бұрынғы форматпен жүре беру – оқырмандарды жоғалтуға да алып келуі мүмкін.
- Бұрынғы кешіңіз Маңғыстаудың Астанадағы күндері аясында болған еді. Биылғы кешіңіздің өтуіне кімдер ат салысып жатыр?
- Негізі бұл кешті өткізу менің жоспарымда жоқ еді. Маған "AJAR foundation" руханиятты қолдау қоры хабарласып, кешіңізді өткізсек деп ұсыныс жасады. Бұл қордың басшысы елге белгілі меценат Самат Мұсабаев деген азамат. Қазіргі заманда әншілерге «Кешіңізді өткізіп берейік» деп хабарласатындар болуы мүмккін. Өйткені, олардың аудиториясы өте кең. Ал, поэзияға қолдау көрсететіндер өте сирек. Сондықтан да ел азаматтарына алғысым шексіз. Осы бастамаға қолдау көрсетіп отырған Самат Мұсабаев өзі құрылыс саласында қызмет етеді. Қазіргі таңда әр құрылыстың кірпішін қалай қалап жүрсе, руханияттың да әр кірпішінің дұрыстап қалануына ат салысып жүрген азамат. Кештің жақсы деңгейде өтуіне өзі де тікелей ат салысып, ақылдасып отырмыз. Кештің көркемдік жетекшісі қазақтың талантты ұлдарының бірі Асхат Маемиров. Менің өлеңдерімді сахнаға «Astana Musical» мемлекеттік жастар театры алып шығады. Қазір дайындық жүріліп жатыр. Нәтижесін 29 мамыр күні көре жатарсыздар...
- Осы екі поэзиялық кештің айырмасы туралы сұрап отырғанымның да өз себебі бар. Салыстырмалы түрде әрине, бұл кештің мазмұны, формасы алдыңғы кештен өзгерек болары анық. Бірақ, сіз туралы сахнада Әбіш аталарымыз сөйлемейді... Сіз туралы Фариза апаның тілегі архивтегі видеолар арқылы берілуі мүмкін... Жалпы, ол кісілердің жанында көп жүрдіңіз. Кезінде ол кісілер барынша сіздерге қолдау көрсетті. Ал сіздер ол кісілер туралы көлемді дүниелерді қашан жазасыздар?
-Иә, көңілдегі жүрген бір дүниені қозғап отырсыз. Сол кісілердің қасында жүрдік. Сондай адамдармен дәмдес болғанымызды, жандарында жүріп қандай ғибрат алғанымызды, тіпті, қай жерде қандай сөзінің болмысына бойлай алмағанымызды жазуымыз керек. Бірақ, олар туралы жазу үшін ішкі дайындық керек. Олардың болмысына бойлай алуымыз керек...Фариза апа дүниеден қайтқан кезде үлкен бір мақала жазсам деп ойлағам. Бірақ, жаза алмадым. Әрине, Фариза апамыздың атқарған ісі, поэзиясы туралы дүниелерді уақыттың еншісіне қалдырмай-ақ жазып тастауға болар еді. Мен басқаша жазғым келді. Фариза апаның 25 жылға жуық жанында жүрген кездегі өзім көре алған ішкі әлемін, Фаризаның әлемін жазғым келді. Өзімнің әр жылдары қағаз бетіне түсіріп жүрген жазбаларым бар. Соның бәрін жүйелеп, салмақты дүние қылып ұсынармын. Ал Әбіш ағамыз туралы «Түркі дүниесі және Әбіш әлемі» деген жұмысымды бастап жатырмын... Әбіш ағаны да жазу қиын. Себебі, біздің жазған дүниеміз сол кісілердің тұлғалық болмысын оқырманның алдында түсіріп алмайтындай болып шығу керек. Сол жауапкершілік шығар, қолыма қалам алып тәуекел етіп кете алмай жүргенім...
- Сіздер сондай тұлғалардың қамқорлығын көп көрдіңіздер. Сіздер өздеріңізден кейінгі буынға қаншалықты қамқорлық танытып жүрсіздер?
-Қамқорлығымыз – білгенімізше жөн сілтеу шығар. «Алдымыздағы үлкендеріміз мынадай, бізге не жорық» дегізбейтіндей ұстанымдарымызбен, мінезімізбен, ұлттық құндылықтарға деген құрметімізбен үлгі көрсете алсақ, ол да аз болмас.
- Қазір қыздардардың көбі тек лирик ақындар. Эпикалық өлең жазатындар санаулы ғана десек, соның бірі өзіңіз. Сізге Махамбет атындағы сыйлықты эпикалық өлеңдеріңіз үшін берді ме әлде, Махамбет туралы ғылыми зерттеу еңбегіңіз үшін берді ме?
- Ғылыми еңбегім үшін берді деп ойлаймын. Басында Махамбеттің өлеңдерін оқып жүргенде көлемді бір мақала жазсам деп ойлап жүрдім. Кейін, мемлекеттік қызметте жүргенде бұл менің салам емес екенін түсіндім. Сөйтіп, универститетке барып сабақ беріп, ғылыммен қоса айналысқым келді. Университетте жүргенде ғылыми жетекшім Рымғали ағамыз маған кандидаттық қорғауым үшін арнайы тақырып берді. Диссертация үшін сол тақырыпты зерттеп жүрген кезім. Сол уақыттарда Махамбеттің 200 жылдық тойы аталып өтіп жатты. Соған бұрын жазсам деп жүрген ойымды жүзеге асырып, 15-16 беттей мақаламды жаздым. Бұрыннан іштей дайындығым бар болғаннан соң ба, тез жазылды. Мақаламды «Егемен Қазақстанға» бердім. Сол кездегі осы басылымның басшысы Сауытбек Әбдірахманов қатарынан үш номеріне жариялатты. Соны газеттен Рымғали аға оқыған ғой. Оқи салысымен маған телефон шалды «тез кел»-деп... Алып-ұшып бардым. Мақалам Рымғали ағаның көңілінен шыққан екен. Алдыңғы берген тақырыпты қойып, осы Махамбет туралы мақаламды диссертация қылып жазып шығуым керегін айтты. Қуана келістім. Сөйтіп, 6 айдың ішінде ғылыми жұмысымды толық жазып бітіргенім бар. Махамбетті зерттеп жүргенде өзім өлеңнің не екенін түсіндім... Және ғылым деген ақындыққа салмақ беретін әрі азық болатын әлем екен.
-Махамбет туралы ғылыми жұмыспен айналысқанда өзіңіз үшін, өзгелер үшін қандай жаңалық аштыңыз?
-Махамбетті әдетте бізде патриот ақын деп насихаттайды. Шын мәнінде Махамбеттің жырларының тереңінде үлкен мұң жатыр. Сондықтан да ол өлеңдер қаншама әскердің басын қосып, жұмылдырып Исатайдың алдына алып келуіне себеп болды. Мысалы, Махамбетте
«Тебіңгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей» - деп келетін жолдары бар. Бұрын бұл өлеңді қалай талдап келдік? Бір қарағанда бұл жолдардан теңеу де көруге болады, аллитерация, ассонанс, эпитеттерді көруге болады. Ал мен бұл жолдардан уақыттың бейнесін көрдім. Былай қарасаңыз, тебінгінің терге шіруі үшін қаншама уақыт керегін білмейміз... Оған да артынша өзі жауап береді.
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске-деп. Бұл – ештеңеден тайынбайтын, қандай бейнетке салсаң да тайсалмайтын кезді бастан кешірмейінше бізге жеңіс жоқ дегенді айтады... Махамбет – үлкен әлем. Ол туралы ұзағынан айта беруге болады...
-Бір қарасаңыз әдебиетті жынысқа бөлуге келмейді деп уәж айтатындар өте көп. Бірақ, қыздар үшін бара бермейтін тақырыптар бар ғой. Өйткені, өлең жазылғанша өзіңдікі, жазылған соң елге тарап кететінін біледі. Елдің ішінде ата-ана бар, бауыр бар, отбасы бар дегендей... Қалай дегенмен азаматтық поэзия үшін жол ашық. Онда неге қыздар тақырып аясын кеңейтпейді? Жалпы, эпикалық өлеңдерді дүниеге әкелу топырақ пен мінезге байланысты ма?
- Осы мәселе мені де ойландырады. Негізі ақындардың бәрі о баста өлеңдерін сол лирикадан, сезімнен бастайды ғой. Бірақ, ішкі сезім деген махаббаттан ғана тұра ма өзі? Ішкі сезіміңде елдік бар, ішкі сезіміңде қоғамдағы мәселелер бар, ішкі сезіміңде туған жер бар. Соған қарай бұрылу керек. Бір қарағанда туған жер деген тақырыптар жаттанды болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бұл сөздің қуатын, бұл сөздің қасиетін сезу бір басқа. Барлығы содан басталады. Егер, бойыңда кішкентай ғана болсын талантың бар ма, ол туған жердің топырағы арқылы беріледі. Жалпы, жердің тартылу күші бар ғой – физикалық тұрғыда. Меніңше, туған жердің рухани да тартылыс күші бар. Неліктен адам туған жеріне барғысы келеді. Неге ешкім шақырмаса да, аңсарың ауады, сағынасың? Осыдан 20 жыл бұрын бір газеттен шағын мақала оқыдым. Бір орыс жігіті жазған екен. Көкшетау өңірінде туған бір отбасы – орыстар – баяғы 1919-20 жылдар шамасында Канадаға көшіп кеткен екен. Сол отбасындағы ол кездегі бүлдіршін қыз, кейінгі қартайған әже осы жақта қалған тумаластарынан қол үзбей хат-хабар алысып тұрыпты. Кеңес үкіметі кезінде бізде тәтті-тәпсектер, сағыздар қат болды. Әлгі әже Көкше жеріндегі сол туыстарына үнемі сол қат нәрселерді салып, сәлемдемелер жіберіп тұрады екен. Бір күні кезекті посылка келеді. Ашып қараса сол бұрынғы балаларға сыйлықтардан өзге кішкентай әдемі сандықша шығады. Сандықшаның ішінде кішкентай ұнтақ болады. Үлкені бар, кішісі бар – бәрі бұл не нәрсе деп, иіскеп көреді, дәмін татып, жалап көреді. Не иісі жоқ, не дәмі жоқ. Бұлар не нәрсе екеніне түсінбейді. Сосын сандықтың жанынан хат шығады. Сөйтсе, әжелері жасы 100-ге жақындап қайтыс болған екен. Қайтыс боларының алдында әжей балаларына аманат айтқан екен: Мені туған жеріме, Қазақстанға Көкшетау өңіріне жерлеңдер деп. Канададағы баласы ондай мүмкіндік болмаған соң, сол жақтың дәстүрі бойынша денені өртеп, қорапшаға салып жіберген екен. Туған жеріне қойыңдар деп. Балалар жейтін зат деп дәмін көріп жүрген ұнтақтың тарихы солай болып шығады. Қараңызшы, Канадаға кеткеніне 80 жылдан асып кеткен адамның өзі туған жерін солай аңсайды. Бір уыс топырақ туған жерден бұйырса деген ниет осындайдан туса керек. Жеке өзіме туған жердің әр тасы, әр тауы, әр ағашы менен бірдеңе дәмететіндей көрінеді. Ақындарға тақырып деген осыдан шықпай ма? Ішкі потенциялды сезімнен өзге дүниеге құя білу керек. Поэзияның мойнында үлкен міндет бар. Ол – қоғамға қызмет ету.
-Жаңа бір әңгімеңізде ұстаздық қызметте екеніңізді айтып жатырсыз. Сіз бізде енді ғана дамып келе жатқан саланың бірі – пиардан сабақ бересіз. Пиар теориясы мен практикасы туралы Стамбул университетінің профессорлары Айдемир және Айла Окаймен бірігіп оқулық жазған мамансыз. «Имиджелогия» атты оқу құралының авторы екеніңіз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда бұл саланың жолын да, жөнін де өзгелерден бұрынырақ білдіңіз. Бірақ,осының бәрін практика қылып өзіңіздің шығармашылығыңызды насихаттау жолында пайдаланып көрмедіңіз?
- Білмеймін енді... Дәл осы жағдайды сізге түсіндіріп бере алмайтын сияқтымын... Десе де, шығармашылықта да адамдар екі түрге бөлінетін сияқты. Бірі – бар жазғанын көрсетіп қалғысы келіп қоғамның алдында жүреді. Сол үшін жұмыс жасайды. Ал екінші топ – жазған дүниелерін насихаттаумен айналыса қоймайды. Шегіншектеп жүретін. Ол да мінез шығар. Қазақтың талантты әнші-сазгер қызы бар ғой Елена Әбдіхалықова деген. Сол Елена бірде Әбіш ағамыздың мен туралы айтқан бір пікірін есіме салды. Әбіш аға: «Бәрің білесіңдер, Гималай деген тау бар. Сол таудың артында да Гималаймен иық тіресіп жатқан, дәл сондай таулар баршылық. Бірақ, Гималайдың даңқы, әйгілілігі ана тауларды көлегейлеп тұрады. Мына Фариза екеуіміз де сол сияқты Оңайгүлді көлегейлеп жұртқа көрсетпей жүрміз»-депті. Қазір қарасам, біз сол тұлғалардың ығында, көлеңкесінде жүріп-ақ сол Гималайлардан көп нәрсені үйрендік, көп нәрсені пайымдадық. Жоғарыдағы Әбіш ағаның пікірі шығармашылығымыздың ұшталғанын байқап, қайраттансын, өз шығармашылығына немқұрайлы қарамасын деп айтқан сөзі болса керек. Әрине, пиар көп нәрсені шешеді. Біз дамыған елдерді алға алып шыққан экономикасы деп жиі айтамыз. Шын мәнінде, оларды алға алып шыққан – олардың пиары. Кішкентай дүние жасаса да, оның жарнамасын сауатты жасау арқылы әлемге танылады. Ал, бүгінгі таңда әлем таныған дүниенің бәрі сол елге ақша құяды, инвестор тартады дегендей...
-Ал жақсы шығарманың танылуына пиар керек пе, уақыт керек пе?
-Екеуі де керек. Және екеуі де қаламгерді ұзақ күтіп отыра алмайды. Қазіргі заман тайм-менеджменттің заманы. Уақыт жүйріктерге қызмет еткенді жақсы көреді. Пиар – амал-тәсілді жақсы меңгергендердің уысында жүреді.
-Осы жылғы әдеби ортадағы жаңалық – одақтағы ауыс-түйістер. Жазушылар одағына келген жаңа құрамға екі ұсыныс айтыңызшы?
-Жазушылар одағына басшылыққа келгендер өте креативті команда деп ойлаймын. Бұған дейінгі басшылықтың да жасаған дүниелерін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, ендігі басшылық – өте талантты шығармашылық топ. Менің ұсынысым: Қазір халық пен қаламгерлердің арасы алыстап кетті. Байланыс жоқ. Әдебиет өз қазанында ғана қайнап жатыр ғой. Сондықтан да, әдебиетті халыққа насихаттаудың басқа формасын әкелу керек. Қалың жұрт әдебиетті соның айналасындағылар ғана оқиды деген ойдан арылу керек.
Екіншіден, Одақ әдеби агенттіктің де қызметін жолға қойса, жақсы болар еді. Бұл басты мәселе. Дүкендерде неге Жапон, Америка жазушыларының кітаптары толып тұр. Өйткені, ол жақта әдеби агенттіктердің жұмысы рөл ойнайды. Бізде де бұл қызметті атқаруға мүдделі ұйымдар болу керек. Бұған жауапты министрліктер де араласса, іс өнімді болар еді.
-Әңгімеңізге рақмет, кешіңіз сәтті өтсін!
Сұхбаттасқан Айжан Табаракқызы