Ерлан Төлеутай. «Еститін Үкіметке» хат

СӨЗДІҢ АТАСЫ
1702

МЕН СОРЛЫЛЫҚҚА КӨНБЕЙМІН!

Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық мәдениетке деген немқұрайлығы, астыртын қастығы ашындырғандықтан қолыма еріксіз қалам алуға мәжбүрмін. 

Төтесінен айтсам, қазіргі Мәдениет шенеуніктері Ұлттық өнерді өлтірумен айналысуда. Олар Мемлекет идеологиясының алтын өзегі болып табылатын һәм оның негізгі іргетасы саналатын Ұлттық өнерді ашықтан ашық мазақ қылуға, қорлауға көшті. Кино қайраткерлеріне құрылған әм екі түнге созылған (15-16 мамыр) ТҮНГІ ОНЛАЙН СОТ осы қитұрқы, жымысқы саясаттың айқын дәлелі. 

Мәдениет және спорт министрлігі бізді келемеждеуші күллі корпусымен бұл трагикомедияны фанерщик һәм спортсмен друзьялары арасында қыбы қанып, рахат сезіммен тамашалап отырғанына күмәнім жоқ. Өйткені, үндемейді. Киногерлердің жазған хаттарына жауап беруді өздеріне ар санайды. 

Себебі Ұлттық өнер мен мәдениеттің носительдері олар үшін қазақша сөйлейтін мырқымбайлар, ал, домбыра ұстаған өнерпаздар Үкімет шенеуніктері үшін ескіліктің қалдықтары, енді Сіздерге бізді ескінің пережитоктары ретінде түп-тұқиянымызбен құрту ғана қалды! Сіздерге ұлттық өнерпаздар емес, санын жарқыратқан, омырауы ашық-шашық фанершик жұлдыздар мен шетелдік діни ағымдармен уланған таз мұрт, күйек сақал спортсмендер қадірлі. Ендеше, жойыңыздар бізді! Түрмеде шіріп немесе кеудемізге 9 грамм қорғасын оқ қадатып (награждение ретінде) бұл дүниеден армансыз өтейік! Басқа не қалды, бізге?!

Мәдениет және спорт министрлігі ұлтты азғындатушы, халық руханиятын қиратушы күшке ие, шетелдік тобырлық музыка экспансиясын бейсаналы түрде (милары жоқ болғандықтан) жүзеге асырушы, осынау мәдени диверсия арқылы қазақ мәдениетінің түбіне жетуге айналған тобырлық мәдениеттің өкілдерін қолдайды әрі дәріптейді. Оның тағы бір айғағы – барлық мемлекеттік һәм халықтық мерекелерде тек қана эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Барлық мемлекеттік телеарналарда фанерщиктерді насихаттауға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары күні-түні үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал ұлттық өнерді насихаттауға арналған бірде-бір арнайы бағдарлама жоқ.

Үкіметтің де түрлі басшылық қызметтерге үкілеп қоятындары, дәргейіне қабылдап ұлықтайтындары, марапат беретіндері, төбелеріне көтеріп әздек тұтатындары да – сол фанерщик жұлдыздар мен әсіредіншіл спортсмендер. Ал басқа өнер мен ғылым және білім салалары: ғылым, театр мен кино, домбыра өнерінің қайраткерлерінің (Совет заманынан келе жатқан атақтыларды айтпағанда) ешқайсы Мемлекет басшысының қабылдауында болып көрген емес. Бұл «Жаңа Қазақстанға» жаңа тұлғалардың керегі жоқ деген сөз. Есесіне билік тек әлемдік спорт сайыстарында жеңіске жеткендерді ғана дәріптейді. Себебі, сіздерге кратковременный результат важен! 

Ал Ұлттық ғылым мен мәдениеттің проблемалары жабулы күйінде қалуда. Бұл проблемаларды жанайқайымен көтергендер қорқытып, үркіту тәсілдерімен немесе айыптау жолдарымен жазалануға көшті. Мәселен, кино өнерінің жас қайраткерлеріне құрылған ТҮНГІ СОТ осының айғағы. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған шетін қадам. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған сұмдық АКТ! Мемлекет басшылығының бұл масқараға жол бергені, саяси идеологтардың бұл сұмдыққа көз жұмып қарап отырғаны, бұл да – АКТ! Мен қазақтың өнерпазы – Ерлан Төлеутай, бұл сұмдықты өз көзіммен көрдім, куә болдым. Бұл АКТ менің жаныма жазылмас жара салды. Жаны нәзік өнерпаз болғандықтан шығар, өмір мен үшін мағынасын жоғалтты, ғұмырда мән қалмады. «Өлген мола, туған жер жібермейді, әйтпесе, тұрмас едім осы маңда» (Абай) дегендей, құсалы күй кешулімін қазір. Қайда көшемін, қайдан пана табамын. Келешек күңгірт, болашақ бұлыңғыр.

«Жаңа Қазақстаннан» көп үміт күтіп едім, өмірлік тәжірибеммен, өнеріммен, қажыр-қайратыммен жаңаруға қадам басқан қоғамға қал-қадірімше қызмет етемін дегенмін. Ол ниетім сәтсіздікке ұшырады. Мен 12.05.23 күнгі митингке «Жаңа Қазақстанның» атынан шыққан едім. Бірақ «Жаңа Қазақстанның» құзырлы органдары маған және менің серіктеріме айып тақты, сотқа сүйреледі. Осылайша «Жаңа Қазақстанға» әділдік пен адалдық жолымен қызмет етеміз деген алғаусыз ниетімізге балта шабылды. Сөйтіп бұл ізгі ниетіміз «күшігінде таланды». Сіздер, бұл инцидент арқылы «Ескі Қазақстаннан» асып түстіңіздер. 

Амал нешік?..

Мен, Ерлан Төлеутай – Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Иманжүсіп, Сейтек, Қапез тәрізді халқымыздың ұлы өнерпаздарының тұяғымын, олардың өнерін жалғастырушымын әрі сол тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерттеушімін. Аталған ұлы тұлғалардың барлығы советтік системаның содырлары – НКВД жендеттерінің оғынан жазықсыз өлген. Көбінің сүйегіі далада көмусіз қалған. Менің жаным сол ұлы ұстаз бабаларымнан ардақты емес. Сіздер маған НКВД жендеттерінің көзімен қарап отырсыздар. Дегендеріңіз болсын, маған ең қатал жаза кесіңіздер. Мен дайынмын!

Айтпақшы, Мәдениет және спорт министрлігінің немқұрайлылыған жапа шегуші, құқы мен өнері қорғалмайтын қамқорлықсыз өнерпаз ретінде, сөз соңында айтарым, енді Мәдениет министрлігін таратыңыздар, жаңадан министрлік құрып, оның атын МИНИСТЕРСТВО МАССА КУЛЬТУРЫ И СПОРТА РК – деп қойыңыздар. Осылай орысша қойыңыздар, өйткені бұл министрлік ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНЕ қызмет етпейді ғой. Ұлттық мәдениет пен өнерге қызмет етпейтін, ұлттық өнерпаздарға күн көрсетпейтін мұндай министрліктің болғанынан болмағаны жақсы!


Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...