Мәдениет және спорт министрі кино дауына қатысты жауап берді

КИНО
2278

"Ана тілі" газеті Бас редакторының  орынбасарының "Кейінгі кезде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бұған не дейсіз?" деген кино дауына байлынысты сұрағына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы жауап берді деп хабарлайды "Мәдениет порталы". Ол: "Негізі қомақты қаражат жүрген жерде дау-дамайдың болатыны анық. Ал кино сапасына байланысты сын-пікірлер айтылып, киногерлер мен сыншылар өзара тіпті дауласып, оған қоса көрермендер арасында қызу талқыға түсіп жатса, бұл жауапкершілік жүгін тереңірек сезінуге және салалық дамуға бас­тайды. Былтыр ұлттық киноның мәртебесін өсіретін «Кинематография туралы» заң қабылданды. Соңғы уақытта орын алған түсінбестіктер мен керағар көзқарастардың көбі кино саласындағы мәселелердің жоғарыда аталған жаңа заңның шеңберінде шешілетінінен туып отыр. «Кинематография туралы» заңының арқасында төл туындыларымызды мемлекеттік тілде прайм-тайм уақытында көрсету мәселесі шешімін тапты. Бұл үшін біз көрерменге қолайлы әрі халық көп келетін уақытта ұлттық фильмдерді көрсететін кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босаттық. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға тек әлеуметтік маңызы бар, еліміздің салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, кемеңгерлігі мен философиялық ұстанымдарын дәріптейтін, ұрпақты рухани және адамгершілікке тәрбиелейтін фильмдер, елімізді, батырларымызды дәріптейтін тарихи жанрдағы және рухты көтеретін патриоттық кинолар, анимациялық және дебюттік картиналар ие болады. Әрі фильмдер үкімет қаулысымен бекітілген сараптамалық, ведомствоаралық кеңестерден өткенде ғана мемлекет қаржыландырады. Заңда көрсетілген талап бойынша мемлекеттің қаражатына түсірілген фильмдер кірісінің 20 пайызы үкіметке қайтарылады. Бұдан бөлек шетелдік фильмдерді елімізде прокаттайтын компанияларға қойылатын талаптар күшейтілді. Айталық, шетелдік фильмдерді прокаттайтын компаниялар ел аумағына кірген фильмді қазақ тіліне аудару тұрғысында дубляждау, болмаса субтитрлеу немесе фильмдерге кадрдан тыс аударма жасауға міндетті. Аудармаға қатысты жұмыстың сапасы да қадағаланады. Сондай-ақ компаниялар бұрынғыдай көңілі қалаған фильмдерді әкеліп көрсете алмайды. Заң бойынша фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылады, ал компаниялар шетелдік фильмді елімізде прокаттауға рұқсат алу үшін өнімді мемлекеттік фильмдер тізімінде тіркеп, прокаттау куәлігін алуға тиіс. Міне, осындай қатаң қағидаларды орындау­дан қашатындар, осыған дейін мемлекет қаржысына оңды-солды кино түсіріп үйренгендер жаңа заңдағы талаптарды қабылдай алмай жатыр. Сондайда басқаша «шабуылдарға» көшеді. Бірақ бәрі заң шеңберінде шешіледі. Заңға бағынғысы келмейтін азаматтар дау-дамайға жұмсаған уақытын талаптарға сай өнім әзірлеуге арнағаны абзал. Бұл – барлық тарапқа да тиімді таңдау, - деп жауап берді. Министрдің бұл жауабына қазақ киногерлері қанағаттана ма екен?

Бұған дейін Қазақстан Кинематографистер Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов "ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?" атты үш бөлімнен тұратын мақала жариялаған болатын.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президент болып Ақан Сатаев тағайындалған. Бас редактор орынбасарының "Кино туралы айтқанда атақты «Қазақ­фильм» туралы сұрақты қоймай кете ал­маймыз. Қазақ киноөндірісінің қара шаңырағының қазіргі халі қандай?" деген сұрағына да министр ханым қысқа қайырып, жауап береген. 
"Өте дұрыс айтасыз. «Қазақфильм» шынымен қазақ киносының қарашаңы­рағы, ол біздің ұлттық брендіміз. Сон­дықтан оның өркендеуі, өсуі – біз үшін маңызды.  Бірнеше жыл бұрын осы атақты «Қазақфильм» студиясы жекешелендіруге жататын нысандардың тізіміне кіріп кетті. Сәл болмағанда мемлекеттің уысынан шығып кетуге шақ қалды. 2019 жылдың қазан айында министрліктің араласуымен бұл тізімнен алынды. Енді «Қазақфильм» жекешелендірілмейді. Бұл туралы Үкіметтің тиісті қаулысы шықты. Бұл біздің жеңісіміз және жетістіктердің басы деп білемін. Қазір киноөндіріс ошағында үлкен жұмыс күтіп тұр. Бұл ең алдымен бюджеттің ашықтығына қатысты дер едім. Техникалық модернизациялау жұмысы да жүргізіледі. Сонымен қатар, кадрлық жаңғыртулар да маңызды. Бұл үшін жас­тарымызды «Болашақ» бағдар­ламасымен шет елдерде оқытуға жағдай жасалып жатыр. Алдыңғы буын мен кейінгі жастар арасындағы байланыс орнатып, мықты, креативті, келешегінен үміт күттіретін шығар­машыл жастарға қолдау көрсетеміз. Мұның барлығы жоғары сапалы, көрермен талға­мынан шығатын картиналардың түсірі­ліміне жол ашады деп ойлаймын. Өкініш­ке қарай «Қазақфильмге» қатысты дау-дамай, бірін-бірі айыптау, сыртынан сөйлеу сынды еш пайдасыз, өрге емес, орға сүйрейтін іске көп уақыт шығындалып кетті. Енді нағыз іске көшетін кез келді. Жа­қында жаңа басшы келді. Ақан Сатаев­тың келуімен «Қазақфильмнің» тынысы қайта ашылады деп сеніп отырмыз. Оған қоса «Ұлттық кино орталығы» Қазақфильм ғимаратында бірлесіп жұмыс істейтін болады. Қазір киногерлер қауымын түгелдей «Қазақ­фильм» шаңырағына жинап, қазақ кино­сының тамаша тұлғалары – Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовттардың кезін­дегідей, жұмыла жұмыс істеп, бір бағытта қызмет етіп, киногерлердің барлық буынына жағдай жасауға ұмтылып жатыр. Оған қоса, саланың өз адамдарын, нағыз мамандарын біріктіре отырып, ысырапсыз, ашық, айқын жұмыс істеуге көшу талабын қойдық. Нәтижесін алдағы уақытта көреміз", - деген.

Бұған дейін осы кино саласына қатысты ҚСРО Халық артисі, ҚСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек ері Асанәлі Әшімов бастаған бір топ өнер қайреткерлері Президентке "...Мәдениет министрлігі жауапты қызметкерлерінің мұндай әрекеттері жүйелі түрде орын алып отырғанына назар аудартып, киногерлерді екі топқа бөлу әрекеттерінің салдарынан бұл салада дау-дамайлар өршіп тұрғанын айтқымыз келеді. Жақында Қазақстан Киногерлер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов, осы кино саласындағы проблемаларға жеке-жеке тоқталған болатын. Бұл мәселеге ол өз атынан ғана емес, шығармашылық одақтың атынан назар аудартуға тырысқан. Десе де билік құрылымдары тарапынан ешқандай реакция болмады. Президент мырза! Бұл мәселелер тек отандық кино саласына ғана емес, бүкіл Қазақстан мәдениетіне қатысты болғандықтан, өзіңіздің тікелей араласуыңызды сұраймыз", деп хат жазған болатын.


author

Асанәлі Әшімов

АКТЕР

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...