Байбота Қошым-Ноғай. АБАЙ АҚЫН ЕМЕС… Немесе Аузына Құдай сөз салған Адамзаттың Абайын толық танып-бiлдiк пе?!.

ӘДЕБИЕТ
4816

«Ана тілі» газетінде қызмет етіп жүрген кезім еді. Жаз кезінде кезекті еңбек демалысына шығайын десем, газеттің Бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлы «Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты оқылымды бір дүние керек, соны жазып бермесең, демалысқа шықпайсың» деді кәдімгідей қабағын түйіп. Редакцияға түсіп жатқан ғылыми мақалаларды көпшілік оқымайды. Ал менің айтарымды 100000 данадан астам таралыммен таралатын газет оқырмандарының бәрі де оқуға тиіс. Бас редактордың талабы қатал. Тапсырманы орындауым керек. Немесе кезекті еңбек демалысы да көзден бұл-бұл ұшқалы тұр. Бір бет қағаздың бас жағына «АБАЙ АҚЫН ЕМЕС...» деп жазып қойдым да, әрі-бері теңселіп жүріп алдым. Ештеңе шығара алмай, біраз әуреге түсіп, басым салбырап үйге қайттым. Жол бойы ойланып келемін. Ақыры мақаланың нобайы пайда болды. Үйге келе сала, машинканы сатырлатып жұмысқа кірісіп кеттім... 

Сол кезде жазылған «Абай ақын емес... немесе Аузына Құдай сөз салған Адамзаттың Абайын толық танып-білдік пе?!.» атты бұл мақала газетте жарық көрісімен жұмыс телефонымызға бір күн бойы тыныштық болмады. Бас редактор да, газеттің жауапты хатшысы да, мен де оқырмандарға түсінік беріп, әбден шаршадық. Бұл мақала “Ана тілі” газетінің 1995 жылғы маусымның 22-сі күнгі №22 санында жарияланған-ды. Сіздер де бір шуласып алыңыздар.


“Абай ақын емес…” деген сөз Сәбит Мұқанов айтыпты дейтiн бiр күлдiргi әңгiменi еске салады. Ертеректе Қазақстан Жазушылар одағында өтiп жатқан жиындардың бiрiнде мiнбеге көтерiлген бiр жас ақын қыза-қыза келе “Сәбит Мұқанов ақын емес” дегенге дейiн барыпты. Өз кезегiнде сөз алған әйгiлi жазушы “кәдiмгi Сәбит Мұқанов” мәжiлiске қатысты негiзгi айтпағын аяқтай берiп: 

– Әлгi бала дұрыс айтады. Оның жасында мен де Абайды ақын емес дегенмiн,– деген екен өзiнiң қарлығыңқы дауысымен.

“Абай ақын емес…” деген сөз жастықтың буымен, немесе албырттықпен ғана айтыла ма екен? Әй, қайдам?!. Өзiн әжептәуiр ақын санап жүрген адамға Абайдың көрсетпейтiн “қорлығы” жоқ. Кемел жасқа келiңкiреп қалған шағында ақын Өтежан Нұрғалиевтiң “Абай мне мешает!”– дегенi бар күйзелiп отырып. Қолына қалам ұстаған қауымның айта алмай жүрген шындығы да осы емес пе екен деп ойға қаласың кейде.

Абайдың – Ибраһим Құнанбайұлының туғанына бiр жарым ғасыр толып отыр. Оның осы мерейтойы қарсаңында баспасөз беттерiнде марапатқа толы мақалалар Қаратау шопандарының Қызылқұмға қарай айдаған қойындай қаптай өрiп келедi. Өре берсiн! Өре берсiн деймiз-ау, бiрақ олардың көбi одаға бергiсiз мадақ қана болса қайтесiз?!. Осындайда тағы марқұм Жұматай ағам (ақын Жұматай Жақыпбаев) айта беретiн “соқыр шалдың баласы” жазған мына бiр сұрақ көкейiме оралады: “Зинһар, сендерден бiр сұрайын деп жүрген iсiм бар. Осы, бiздiң қазақтың өлген кiсiсiнде жаманы жоқ, тiрi кiсiсiнiң жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?”. Ау, ағайын, әлде сiздер Абайды шынымен өлiп қалды деп ойлап жүрсiздер ме? Абай өлген жоқ едi ғой! “Өлдi деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” Абай?!.

Жалпы сөздiк қорында “ақын” деген атау бола тұра, ә деп аузын ашқанда: “Мәдәт бер, я, шағири фәрияд”,– деп Фзули, Шәмси, Сәйхали, Навои, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз секiлдi пiрлерiне сыйынып алып, қолына қалам ұстаған Абайдың “ақынмын” деген бiр ауыз сөзiн оқысам, көзiм соқыр болсын, өзгелердiң де оқымағанына, тiптi ауызекi бiр әңгiмесiнде айтыпты деген әуезе-қауесеттi естiмегенiне де шек келтiрмеймiн. Тiрi күнiнде өлеңдерiн өз атынан жариялауға да қысылған көрiнедi байғұс. Өзi ақынмын деп айтпаса, оны ақын деп жәбiрлеуге бiздiң қандай хақымыз бар?!.

Ғасырымыздың басында дүниеден озған Абайды жиырмасыншы жүзжылдықтың соңына дейiн танып үлгере алмаған бiз бейшарадан не сұрайсыз?

Абайды ақын дейдi!.. Бiреулер оның артында қалған азғантай сөзiн жiлiктеп, “Абай – лирик”, “Абай – сатирик”, “Абай – публицист”, “Абай – философ”… деп, қойшы, әйтеуiр, тiсiне ыңғайлы кемiктiң майлы басын мүжи бастайды. Абайды фантаст деген де ағамыз бар. Дiндар деп танытқысы келетiндердi де көрiп жүрмiз. Жақында бiр бауырымыз оны физик деп дәлелдептi. Сөйте тұра тағы да ақын деймiз оны шiмiрiкпей!.. Жоқ, Абай ақын емес!..

Оның қазақ өлеңiне әкелген жаңалығы орасан зор екенi жайында осы күнге дейiн аз айтылған жоқ. Әлi де айтыла, жазыла берерi хақ. Алайда поэзиядағы жаңалық, жаңашылдық Абайменен ешқашан тоқтап, тоқырап қалмайды, дами түседi. Бұл – табиғи заңдылық. Әдетте кейiн жасалған жаңалық өзiне дейiнгi жаңалықтарды ескiртедi, көнертiп, жұпынылай түседi, оның одан ары қарай өмiр сүруiне кедергi жасайды. Ал Абай өлеңдерiне бұл тұрғыдан келсек, бiз айтып отырған “табиғи заңдылықтың” өзiне кәдiмгiдей күмән келтiре қарайтын сықылдымыз.

Мұның сыры неде? Әлде тағы да: “Абай ақын емес…”,– деп қайталауға тура келе ме?

Осыдан сәл ертерек өмiрден өтiп кеткен аса дарынды ақындарымыздың бiрi Төлеген Айбергеновтiң “Сағыныш”, “Аруана – бауыр дүние” секiлдi өлеңдерi алпысыншы жылдардың соңында өзiнiң сыртқы пiшiнi, iшкi мазмұны жағынан “қиыннан қиыстырылған”, “тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиетiн”, “айналасы теп-тегiс жұмыр” жаңа дүние болып қабылданды. Кейбiреулер Төлеген жырларынан Шығыс шайырларының, әсiресе, қарақалпақ ақындарының әсерiн iздестiре бастады. Ақынның бұл өлеңдерiне елiктеп туған туындыларды шекесiнен шертiп отырып тауып бере аламыз.

Бiрақ Төлеген туындыларындағы бұл түрлiк iзденiстердi алыстан арбалап әкелудiң қажетi де жоқ едi. Оның ұрығы да осы Абай поэзиясынан келiп түскен-дi.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Абайдың өкшесiн басып шыққан көптеген талантты ақындарды сиқыршыдай арбап баурап алған атақты “Сегiз аяқ” Төлеген шығармашылығында жарасымды жалғасын тауып, қайта құлпырып, өлеңнiң өзге түрiн туғызды.

Салыстырып көрелiк:

Абай:

“Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған,

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетiп қайырған

Толғауы тоқсан қызыл тiл,

Сөйлеймiн десең, өзiң бiл”.

Төлеген:

“Көркiңдi жүрген қуаныш қылып мендей ме екен бар ағаң,

Шын iнiм болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған.

Қажет жерiнде қатыгездiк пен қаталдық керек десек те,

Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте”.

Өлең пiшiнiнiң бар айырмашылығы мынада: Төлеген Абай “Сегiз аяғының” алғашқы үш тармағын бiр жолға, келесi үш тармағын екiншi жолға қалауынша созып, жетiншi және сегiзiншi тармақтарды қажет санамайды. “Сегiз аяқтағы” iшкi қысқа қайырым ұйқастарды елеусiз қалдырып, еркiнше кең көсiлгендi қалайды. “Қазақтың жырын Абайсыз” елестете алмайтын қыршын ақын ұлы ұстазының үрдiске айналған үлгiсiн өз бойына осылайша өлшеп-пiшкен. Ырғақтың бұл түрi оның iзбасарларында бұдан ары қарай байытылып келедi. Ғасыр өтсе де қайта түлей беретiн қазақтың өз ғұрпындай ғұмырлы бұл не? Күнi бiтпейтiн бұл қандай дәстүр?..

Алпысыншы жылдардағы жартылай жариялылық кезеңiнде “қайта туған” қазақ өлеңi өзiнiң мазмұны жағынан ғана емес, түрi, iшкi-сыртқы сұлулығы, орындалу шеберлiгi жағынан ерекше құлпырып шыға келдi. Бiрiнiң атын атасаң, екiншiсiнiң көңiлiне келетiн көптеген ақындарымыз қазақ өлеңiн әлемдiк деңгейге көтеруге әр қырынан келiп ат салысып бақты. Олардың бәрi де балталасаң бұзылмайтын шымыр ұйқас жасау өнерiн жетiк меңгергенi соншалық, келе-келе жақсы жыр мен жаман өлеңнiң арасындағы жiктi қарапайым оқырман ажыратып ала алмастай жағдайға жеттiк. Қазақ өлеңiнiң техникалық жағынан шыңға шырқай өсуi Абай жырларындағы жартыкеш ұйқастарды “жасытып-ақ” тастады:

“Жапырағы қуарған ескi үмiтпен

Қиял қып өмiр сүрiп, бос жүрiппiн.

Жыбыр қағып, көңiлдi тыншытпайды

Қашанғы өтiп кеткен бұлдыр көп күн”.

Қара өлең үлгiсiндегi осы бiр шумақтың бiрiншi, екiншi, төртiншi тармақтарындағы соңғы бунақтарды – “ескi үмiтпен”, “бос жүрiппiн”, “бұлдыр көп күн” деген сөз тiркестерiн “ұйқас” деп айтуға қазiр шын мәнiнде ыңғайсызданамыз. Бiрақ бұдан Абай өлеңдерiнiң құны түсiп, қадiрi қашпайды, қылы да қисаймайды, “Жапырағы қуарған ескi үмiт” деген бiр-ақ тiркестiң өзiне ой жүгiртiп қарасаңыз, “бұл өлең емес қой” деп айтуға аузыңыз бармайды. “Жыбыр қағып, көңiлдi тыншытпайтын қашанғы өтiп кеткен бұлдыр көп күн” де есiңiзден тандырады. Тiптi өлеңге ұйқастың қажетi де жоқ секiлдi. Қазiргi ақындардың ақ өлеңге (верлибрге) алаңдай беруiнiң сыры да осында емес пе екен? Әлде бұл ақындықтың таусылған жерi ме?!

Абай өлеңдерiнде өзiне дейiнгi ақындарда кездеспейтiн соны тақырып, тың теңеу, эпитет, метафора молынан ұшырасады. Қазақ әдебиетiнiң өсiп-өркендеуiне оның туындылары – өлеңдерi, аудармалары, ғақлиялары тигiзген әсердi санамалап шығу, немесе айтып тауысу мүмкiн емес. Ол – ғасырлардан ғасырларға жалғасып кете беретiн ұзақ сонар “Мың бiр түн”.

“Сұлуды сүймектiк – пайғамбар сүндетi” деп бiлетiн Абайдың махаббат жайында жырлаған туындылары адами ұлы сезiмдi шынайы суреттейдi. Сондықтан қазiргi күннiң бозбалалары да оның:

“Мен сәлем жазамын

Қарағым, қалқама.

Қайғыңнан азамын,

Барушы айта ма?

Күн бойы күтемiн,

Келер деп хабарың.

Қайғырмай не етемiн,

Бiзде жоқ назарың.

Көңiлге жұбаныш

Сен едiң базарым.

Сенсiз жоқ қуаныш,

Тозды ендi ажарым”,–

тәрiздi өлең-жырларын ұйқыдағы жүрегiн селт еткiзiп оятқан аруларға өздерiнiң атынан ұялмай жолдай алады. Өлең ХIХ ғасырда жазылған деп айтуға мүлде дәтiң жетпейдi. Абайдың ынтық ықыласын тудырып, “ажарын тоздырған” сол сұлу осы қазiр өзiмiздiң арамызда жүрген секiлдi. Жырдың көнерудi бiлмес бұл қасиетi тақырыптың мәңгiлiгiнде ғана ма, әлде Абай шығармаларының жалғандыққа жаны қастығынан, өз жүрегiне өзiнiң “терең бойлай” бiлгендiгiнен деп ұғынуымыз керек пе? Әйтеуiр, бұл жырды ақын жазбаған. Абай да өлеңдi өзi жазбайтын сықылды. Мүмкiн, оның аузына әр шумақты дәмдеп Алланың өзi салатын шығар. Немесе: “Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп”,– деген жыр жолдарын ақын ғана айта ма?!

Оның оңаша бiр сәттегi психологиялық көңiл күйiн бейнелейтiн мына лирикалық шумақтары да оқырманын осы сезiмдi өз басынан өткергендей әсерге бөлейдi:

“Көк ала бұлт сөгiлiп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егiлiп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып, 

Жер көгерiп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, iш жанар”.

Табиғат пен адам тұтасып кеткен психологиялық параллелизм үлгiсi – бұл! Абай ғұмыр кешкен уақыттан берi табиғат та, адам да бейне бiр өзгермегендей. Әлде ғаламдық уақыт қас қағым сәтке тоқтап қалған ба?

Әйтеуiр, Абай бiрте-бiрте сыналап кеудеңiзге кiрiп алады да, сiз де өзiңiзше Абайға айналып шыға келесiз. Бiрақ өзiңiздi “мен де Абаймын” деп сендiрсеңiз, әбден күлкi боласыз. Өйткенi шын Абайдың өзi қарсы алдыңыздан шыға келiп:

“Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екi көзiң аларып,

Құр қарайсың аспанға”,– 

деп тұра қалады. Толқисыз, тебiренесiз, ойланасыз… Ақырында абыржып, қара терге түсесiз. Абай сол кезде де сiзге жәрдемге келiп, жебеп, “асқанға бiр ғылымнан басқаның бәрi бекер” екенiн айтады. “Болмасаң да, ұқсап бақ, бiр ғалымды көрсеңiз”,– деп кеңес бередi.

Қазақ арасында ақын болу үшiн аса көп бiлiмнiң қажетi жоқ дейтiн пiкiр әбден қалыптасқан. Олар өлеңдi өздерi қолына қалам ұстап жазбайды-мыш, шабыт келгенде ол “өзiнен өзi туа бередi” екен. Орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковскийдiң: “Шабыт – жалқаулардың үйiне бас сұқпайтын тәкаппар ару”,– дейтiн бейнелi афоризмi қазақ ақындарына мүлдем қатыссыз көрiнедi.

Ал Мұхтар Әуезов Абайдың үнемi iзденiс үстiнде жүргендiгiн жазады: “Бұрын қолына түскеннiң бәрiн талғаусыз, ретсiз оқып жүрген Абай бертiндегi оқуын Михаэлистiң ұсынысы бойынша үлкен тәртiптi ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдары, әр алуан тарихтық кiтаптарға шейiн тарау-тарауымен, жоспармен оқитын болған.

Орыстың белгiлi ақын-жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Шедрин, Некрасов, сыншыл, ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Еуропа ақындарынан: Гете, Байрон, философ бiлгiштерiнен: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған.

Алғашқы кездерде оқығандарының көбi орыстың көркем әдебиетi мен сыны болу керек. Көп заманға шейiн қалада жатып оқып, кейiнiрек талай кiтаптарды қырға да алып шығып, елде де қарастыратын болады. Еуропаның көпке мәлiм романшыл прозаиктерiн де оқыған” (Әуезов М.О., “Он екi томдық шығармалар жинағы”. Алматы, “Жазушы”, 1969. Он екiншi том, 286-бет).

Яғни, Абайды Абай қылған оның сойындағы ақсүйектiк, тектiлiк қана емес, ғылымға, бiлiмге құштарлық, шындық жолында қолына шырақ ұстап шарқ ұрған тынымсыз талай, дүниенi тануға аңсары ауған ыстық көңiл екен. “Мен көрдiм дүние деген иттiң көтiн” немесе “Адамды сүй, Алланың хикметiн сез, не қызық бар өмiрде онан басқа?!” секiлдi сөздердi айту үшiн, әрине, оқымысты Абай болмасқа шара жоқ. Мұны түсiнбесең, сен де “бiр боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың өлсең тағы”. Көрдiңiз бе, “дүние деген иттiң көтiн” көрiп қойған Абай ешкiмдi де аяйын деп отырған жоқ. Тыңдамасыңа, ұқпасыңа және қоймайды!..

Ол өз шығармаларында қазақ халқының бар жеккөрiнiштi әдет-ғұрпын, жексұрын мiнез-құлқын жерiне жеткiзе шенеп жазды, отаршылдық езгiнiң қамытын киiп, “өз қолынан ырқы кеткен”, “құдай құлқын алған”, бiр-бiрiне алакөз ағайынның шамына тиiп, шабынан түрттi, қамшылады, “наданға қадiрсiз қайран тiлдiң” зәрлi уын төктi, ащы айтты. Өйткенi:

“Дәмi қайтпас, бұзылмас тәттi бар ма?

Бiр бес күннiң орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмiрдiң

Татуды араз, жақынды жат қыларға?”.

Қарындастың қамын ойлап айтқан сөзiне құлақ асар пенде көрмеген соң қамыққан Абай: “Осы мен өзiм – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек едi. Уа әрнешiк бойларынан адам жақсы көрерлiк, я көңiлге тиянақ қыларлық бiр нәрсе тапсам керек едi. Соны не үмiт үзбестiкке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңiлге қуат қылуға жаратсам керек едi, ондайы жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжiлiстес, сырлас, кеңестес болмасам керек едi, тобына бармай, “не болды, не қылды?” демей жату керек едi, ол мүмкiн болмаса, бұлардың ортасынан көшiп кету керек едi. Бұларды жөндеймiн деуге, жөнделер, үйренер деген үмiтiм де жоқ. Бұлардың бiрi де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бiрiн тұтпай болмас едi”,– деп торықты “Тоғызыншы сөзiнде”.

Ал бiздiң замандасымыз данышпен Қадыр ақын Мырза Әли оған керiсiнше өз ұлтының бар жақсысын жырларында жарқыратып көрсете бiлдi. Абай мен Қадыр шығармаларын қатар оқығанда ғана поэзияда бейнеленген бiр ҚАЗАҚ халқын көз алдыңызға толайым елестете аласыз. Бұл – бiр-бiрiне кереғар көзқарас емес, өз ұлтыңды сүюдiң екi қыры ғана.

Абай шығармаларына қайта бiр үңiлгенде көңiлге ұялаған ой осындай. Ал оны тұтастай қарастыруға бiздiң шама-шарқымыз шектеулi, мүмкiндiгiмiз шақтаулы. Әйтеуiр, қайталап оқыған сайын олжаға жолыға беретiнiңiз бар.

Бiрде белгiлi режиссер Асқар Тоқпанов ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен:

– Мұха, Абайды сарықтыңыз ба?– деп сұраған көрiнедi.

Iнiсiнiң бұл тосын сұрағы көңiлiн қоңылтақсытқан данышпен жазушы:

– Пәлi, Асқар, Абай дегенiң ұлы мұхит емес пе? Мұхитты кiм сарқады?– деген екен.

Иә, Абай ақын емес… Абай түгiл, оның рухани ұстазы А.С.Пушкиндi де ақын емес деген iрi тұлғалар болған: “Если вы предложите мне вопрос: есть ли у нас в России замечательные поэты? – то я вам отвечу без всяких обиняков, что у нас и нет, никогда не было, никогда не могло быть – и, по всей вероятности, очень долго еще не будет. У нас были или зародыши поэтов, или пародии на поэта. Зародышами можно назвать Лермонтова, Гоголя, Полежаева, Крылова, Грибоедова; а к числу пародий я отношу Пушкина и Жуковского. Первые остались на всю жизнь в положении зародышей, потому что им нечем было питаться и некуда было развивиться. Силы-то у них были, но не было не впечатлений, ни простора. Поэтому ничего и не вышло, кроме односторонних попыток и недодуманных зачатков разумного миросозерцания” (Писарев Д.И., “Литературная критика в трех томах”. Ленинград, “Художественная литература”, Ленинградское отделение, 1981. Том второй, стр. 128–129).

Құдай сақтасын, әзiрге мұндай нигилистiк көзқарастан көкiрегiмiз ада. Жаратылысынан ақынжанды қазақтың ауыз толтырып мақтанышпен айтатын хас ақындары аз емес. Тiптi қайым өлеңге шамасы жететiн кейбiреулер пәлен облыстың түген деген бас ақынымын деп қолына домбырасын ала салып, Республика сарайының төрiнде отырып айқайға басатыны бар. Олардың бiразына “Қазақстанның халық ақыны” деген ресми атақ та берiлген. Ал Абайдан бастап Амантайға (Амантай Шәрiповтi айтамын) дейiнгi қолына қалам ұстағандардың бiрде-бiрi бұндай атаққа ие болмақ тұрғай… Ары қарай айтатын сөз де қалған жоқ. Өлеңi болмаса да, атағы алты алашқа “белгiлi” әлгiлердiң қатарына қосып, Абайды қалай ақын демексiң?!.

Иә, Абай ақын емес!.. Өйткенi “айтушы мен тыңдаушы көбi надан, бұл жұрттың сөз танымас бiр парасы”.

Шүкiр, абайтану ғылымы дүниеге келдi, Абайды шын мәнiнде тануға бет бұрдық. Күнi кеше “байларды шенеп-мiнеген”, “исламның залалдылығын әшкерелеген”, “Құнанбайдай қатал әкенiң бетiнен алған” Абайды жаңаша көзқараспен қайта қолға ала бастадық. Бiрақ оның барлық қадiр-қасиетiн өзiмен түйдей құрдас замандасы, жыр алыбы Жәкеңдей – Жамбылдай жерiне жеткiзе айтқан ешкiм жоқ. Жамбыл да Абайды ақын емес деген екен…

Жыр алыбының жанында жүрген жақын iнiлерiнiң бiрi (әсiлi, Қасым Тоғызақов болса керек), қандай ойы болғанын кiм бiлсiн, Жәкеңнен сыр тартып:

– Абай қандай ақын?– деп сұрайтын көрiнедi. Жамбыл болса сөзге келмей шарт ете қалып:

– Абай ақын емес!..– дептi жұлып алғандай. Ә дегенде аңтарылып қалған iнiсiнiң (үлпет iшiнде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғали Орманов, Тайыр Жароков бар екен) көңiлiн ұлы ақын:

– Абай ақын емес, ақындардың ПАЙҒАМБАРЫ ғой!– деп орнына түсiрген екен.

Иә, Абай ақын емес, ақындардың ПАЙҒАМБАРЫ! Ал пайғамбар жай ғана мақтап-мадақтауды сүймейдi, өзiн танып-бiлгенiмiздi, сөзiне құлақ асқанымызды қалайды.

Байбота Қошым-Ноғай


author

Байбота Қошым-Ноғай (Серікбаев Байбота)

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...