Бүлдіршін қиялының мөлдір ордасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Балалар жылы» аясы...
Айзат Қадыралиева. Театр өнерінсіз мемлекет тұл
"Театр өнерінсіз мемлекет тұл" деген рас екен. Мына карантин соны жақсылап ұқтырды. Көңіл-күйің көтерілсе де, түссе де театрға қарай жүгіретін күндерді аса сағындым. Таңдап-талғап баратын спектакльдер былай тұрсын, бірнеше қайнауы ішінде жүретін қойылымдардың өзін көруге зар болып қалдық қой!
Енді қашан театрға жол ашылар екен деп пал ашып жүргенде, бір танысымыз үйге келіп, екі сағаттан кейін "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" трагедиясының премьерасы болатынын айтты. Ғимараттың ішінде емес, Тараз қаласы тарихи жерлерге бай болған соң, "Төрткүл" деген керуен сарайының ішінде, ашық аспан астындағы шағын сахнада көрсетілетінін естіген бетте бірден сол жаққа қарай бет алдым. Қалай бармайсың, қоюшы режиссері Қ.Қасымов болса. Оның үстіне сан ұрпақты тәрбиелейтін, жанын тербейтін, жүрегін қозғайтын қазақы туынды болса. Бардым. Қанша жерден көрермен ретінде отырамын десең де әдет қала ма, сол әдеттегідей шығармашылық ұжымның сахналық ізденістерін саралай бастадым. Режиссердің қайсыбір сахналық тәсілдері сәтті, шешімдері оң болғанымен, актерлердің шеберліктері озық болды деп айту қиын. Орындаушылардың нұсқаулары жырдағы кейіпкерлерінің мінездерімен қабыспай жатты. Қарабайдың қара ниетін, сараңдығын, малынан басқасын ойламайтын зұлымдығын, Жантықтың екіжүзділігін, араңдатушы озбырлығын әлі де қоюлата түсу керек. Ал Қозы мен Баянның арасындағы сезімді көрушіні сендіретіндей ойната түссе, қысқасы барлық актерлер әріден келе жатқан типтік құндылықтарды өз бойларына сіңіре түссе нұр үстіне нұр болар еді. Салт-дәстүрге негізделген, түрлі мінез-құлыққа құрылған бұл ұлттық дүниеге аса қырағылықпен тағы бір қараса анағұрлым артық болғалы тұр.
Көп үзілістен кейін үйреншікті өз сахнасында емес, оң-солы ашық алаңда премьераны ойнату да оңай шаруа емес. А.Тоқпановтың атын иеленген шығармашылық топқа алдағы уақытта аш қарын жұбана алатындай майлы ас молынан болсын деп тілеймін!