І Республикалық жастар театрлары фестивалі: жас режиссерлер және ұлттық классика

ТЕАТР
2255

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің қолдауымен, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 1-6 қараша күндері Алматы қаласында І Республикалық жастар театрлары фестивалі өткізілді.  Іріктеу комиссиясы 30-дан аса өтінім жіберген театрлар жұмыстарын қарай отырып, 8 қойылымды таңдап алды. Еліміздің әр аумағынан жиналған 35 жасқа дейінгі режиссерлердің спектакльдерін алматылық көрермендердің назарына ұсынды. 

Аталмыш фестивальдің басты мақсаты – отандық театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, режиссерлер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтау болып табылады. 

Барлық қатысушылар мен көрерменге айрықша мерекелік көңіл-күй сыйлаған фестивальдің ашылу салтанаты Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының алаңында болды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын аталған министрліктің Театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова оқып берді. Бұдан соң қатысушы театрлар мен жас режиссерлерге Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хаттары табысталды. Сонымен қатар, фестивальдің құрметті қонақтары, сахна өнерінің майталмандары Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Нұрқанат Жақыпбай, Әубәкір Рахимов, Мұрат Ахманов, Гүлсина Мирғалиева, Наташа Дубс осы фестивальге қатысуға жолдама алған 8 режиссерді марапаттап, әрқайсына 1000 000 теңгенің сертификатын тапсырды. 

Бұдан кейін бүкіл әлемге жақсы танылған А.П.Чехов атындағы Халықарылық театр фестиваліне биыл елімізден алғаш рет қатысқан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» спектаклі  байқаудан тыс көрсетілді.

Кез-келген жанрға заманауи контент тұрғысынан келмесе, көркемдік тұтастығы айқын спектакль жасалмайтыны әлімсақтан аян. Мұны жақсы түсінген Ф.Молдағали осыдан бірнеше жыл бұрын театр сахнасында жарық көрмеген І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасының сахналық нұсқасын жасап, саундрама жанрында қойды. Ең біріншіден, режиссер қазақ поэмасының жауһары саналатын күрделі шығарманы жаңа жанр қалыбына салып, батыл экспериментке бару арқылы ұлттық әдеби мұраларымызды сахналаудың тың жолын көрсетті. Саундрама жанрындағы қойылымдар көбінесе музыкаға, дыбыс пен үнге негізделеді. 

Спектакльдің өн-бойына Ақан әні лейтмотив етіп тартылып шығарма мазмұнының терең ашылуына негіз болды. Әсіресе, режиссер «STEPPE SONS» этно-модерн джаз тобын осы спектальге арнайы шақырып, олармен тығыз бірлікте жұмыс жасаудан көп ұтқан. Өнерпаздардың жанды дауыста орындаған әндері мен өз дауыстары арқылы және аспаптармен түрлі дыбыстарды шеберлікпен бере алуы, сахнадағы оқиғаға ерекше реңк беріп, әрлендіріп тұрды. Жас әнші Ерден Жақсыбек «Маңмаңгер», «Шырмауық» әндерін жүрек қылын шертетін нәзік романтикаға жеткізіп, өзіне ғана тән интонациялық бояумен орындайды. Оның үніндегі назды сағыныш мұңды сезімге астасып, тыңдаушыларды әрқилы көңіл-күйге бөлейді. Спектакльдің саундрама жанрына тән ерекшелігі де осы топтың кәсіби шеберлікпен орындаған музыкалық сүйемелдеуімен жүзеге асырылды. Мәселен, бәйге сахнасындағы ат тұяқтарының дыбыстық әсері исі қазақ баласының делебесін қоздыратын биік нүктеге көтерілген. Дүбірлі бәйгеге қатысқан аттардың ролін ойнаған актерлер тұлпарлардың шабысын ерекше ырғақпен, музыка үніне сәйкес қимылдап, қазақтың ұлан-байтақ даласының қайталанбайтын рухын жеткізді. 

Спектакльдің шарықтау шегі саналатын Құлагердің мерт болу сахнасы да режиссерлік шешімде әдемі табылған. Мылтық даусымен бірге, қызыл түске боялған сахнада жоғарыдан саудырап шашылған тағалар метафоралық мәнде оқылады. Яғни, режиссер тұжырымында Құлагердің өлімі жазықсыз жапа шеккен барша Алаш арыстарының тағдыры болып көрсетілді. 

Республикамыздағы үлкен өнер шаңырақтарының бірі саналатын аталмыш театр ұжымының бұл спектаклі құрылымдық жинақылығымен, ішкі динамикасының тегеурінділігімен, әрекет серпінділігімен, музыка мен хореографияның үндестігімен оқшауланды. Спектакльге қатысқан актерлердің барлығы да Ақан – Ә.Иманғалиев, Құлагер – М.Сәбитов, Сағынайдың кемпірі – Л.Кәден, Көктұйғын – Е.Кәрібаев, Батыраш – Р.Омаров, Күреңбай – С.Қарабалин өз кейіпкерлерінің психологиялық тебіреністерін шынайы беруімен дараланып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. 

Фестиваль ұйымдастырушыларының аталмыш спектакльді көрсетудегі негізгі мақсаты  бүгінгі жас толқын режиссерлер арасында өз қолтаңбасымен алыс-жақын шетелдерге кеңінен таныла бастаған Ф.Молдағали сынды 35-ке жетпеген жастарымыздың да бар екенін өзгелерге үлгі ету болғанын атап айту керекпіз. 

Сонымен өнер бәйгесіне М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Кассандра таңбасы» (реж. Әридаш Оспанбаева), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қыз Жібек» (реж. Әлібек Өмірбекұлы), С.Сейфуллин атындағы академиялық Қазақ драма театры «Қарагөз» (реж. Гүлназ Балпейісова), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Ричард ІІІ» (реж. Мейрам Хабибуллин), Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры «Қобыланды» (реж. Анна Цой), Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Шырақ» (реж. Шыңғыс Жақыпбай), Тотальді театры «Мен бармын» (реж. Антон Зайцев), 17 жастар театры «Алғашқы ұстаз» (реж. Шағуан Үмбетқалиев) спектакльдерімен қатысты.

Фестиваль аясында әсем Алматының бірнеше театрларының сахнасында соңғы жылдары SHOWCASE ең үздік спектакльдердің көрсетілімі болды. Мұны осы іс-шараға қатысуға келген барлық актерлер, режиссерлер, суретшілер т.б. театр мамандары тамашалады. Аталған фестивльдің тағы бір ерекшелігі бүкіл қатысушылардың барлығы да фестивальдің басынан соңына дейін болып, бір-бірінің жұмыстарын көріп, өзара пікір алмасты. Мұны айтып отырған себебіміз, көптеген фестивальдерде актерлер өз спектакльдерін ойнап бола салысымен, іле-шала қайтып кететін. Бұл жолғы фестиваль театр қызметкерлерінің шығармашылық ізденістеріне тың серпіліс беріп, алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруларына мүмкіндік жасады. 

Фестиваль шымылдығы Тотальді театрының «Мен бармын» («Я есть») (авт. Финн «Здраствуйте, мистер Бог, это Анна» деген шығармасы негізінде қойылған) спектаклімен ашылды. Әрбір адамды өмір мен өлім туралы ойлануға жетелейтін қойылымның режиссері А.Зайцев Финн мен Анна рольдерін өзі сомдады. Кіп-кішкентай Анна қуыршақтың жүргізілуі, қимылдауы, сөйлеуі актердің кәсіби шеберлігін танытты. Финнмен кездейсоқ жолығып қалған бес жасар қыздың әрбір сөзі, өмірге деген көзқарасы оның жан-дүниесіне төңкеріс жасап, өмір туралы ойларының өзгеруіне қозғау салады. Кенеттен ағаштан құлап небәрі жеті жасында дүние салған қаршадай қыздың рухымен үнсіз тілдесіп отырған Финн – А.Зайцев адам жанының мәңгі жасай беретініне көз жеткізеді. Режиссер спектакль оқиғасын шашыратпай көздеген нысанына жеткен.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі үлгіден бөлек спектакльдер қою бүгінгі таңда үрдіске айналды. Автор туындысын замана талабына сай оқу, көрерменге тосын ой салатындай трактовка жасау, сахнаның эстетикасы мен тіліне жаңаша үн мен көзқарастар енгізуге талпыныстар жасап жүрген жас режиссерлеріміздің жұмыстары әртүрлі деңгейде болды. Аталған бағытта үйреншікті сахналық дәстүрмен қабыспайтын, өзара бірікпейтін өнер жанрлары мен түрлері арасындағы шекараны бұзып, соны жол іздеген жастардың кейбір ізденістерін қолдаймыз. Сонымен қоса, жанрларды мидай араластыру, драматург мәтінін өзгерту, қысқарту, өз жандарынан сөз қосу әдетке айналып бара жатқанының да куәсі болдық. Әсіресе ұлттық классикалық шығарма кейіпкерлерін бүгінгі заман қалыбына салудан көп ұтылып жатқандай әсер алдық.

Айталық, С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры көрсеткен «Қарагөз» спектаклі мұның айқын дәлелі болды. Спектакльді қойған Гүлназ Балпейісова Ресейдің Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері, әлемге есімі жақсы таныс режиссер Римас Туминистің шәкірті. Бір сөзбен айтқанда Г.Балпейісованың біліктілігі мен білімділігіне, режиссура мамандығын жете меңгергеніне таласымыз жоқ. Ол классикалық шығармаларда жалпыадамзаттық мәселелер көтерілетінін, яғни оны қай заманда қойса да, өзектілігін жоймайтынын дәлелдеуге тырысқан. Бірақ спектакльді көріп отырған кезде М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясын емес, мүлде басқа дүниеге тап болғандай әсерге бөленесің. Нақтылап айтқанда, спектакльде Сырым жанына еріп жүретін серілер ауылдың тентектеріне, Мөржан бастаған қап-қара киім киіп алған жесір әйелдер орыстардың тақуа кемпірлеріне ұқсап, Ақбала көрінгеннің қолжаулығына айналып шыға келген. 

Алғашқы сахнадан бастап желпілдеген Қаракөз – Ә.Сағындықова Мөржандай бәйбішеден титтей де ықпайды. Бүгінгінің бетпақ әйелдеріндей оның бетіне тік қарап, екіленіп, ойын батыл айтады. Шығармадағы Қаракөз адуын әжеге қарсы келе алмай, ел-жұрттың сөзінен қысылып, жылап-сықтап Наршаға ұзатылатынын режиссер мүлде ескермеген. Дәлірегі, естен шығарған.

Спектакльде келін болып түскен Қаракөз Наршамен – Б.Нұрмағанбетов неке түнін өткізіп, алып қашуға келген Сырыммен тағы да төсектес болады. Осыдан соң М.Әуезовтың Қаракөзінің кімге айналғанын айтып жатудың өзі артық. Ал аңдушылардың қолына түскен Сырымды Нарша жұдырықпен төпештеп есінен танғанша қан-жоса етіп сабайды. Сонда пьесадағы көкірегі ояу, көзі ашық, салқын сабыр иесі Нарша қайда кетті? Ол – қалың малы төленген, той күні белгіленген қалыңдығының өзін сүймейтінін біле тұра сұлу қыздан үмітін үзбей өз махаббатына өртенген ақсүйек жігіт еді ғой. Б.Нұрмағанбетовтың Наршасы алғашқы сахнадан бастап, спектакль соңына дейін ашуға булығып, қызғаныштың қара жалынына тұншыққан күйгелек, ақылсыз жігіт кейпінен өзгермеді.   

Режиссерлік оқылымда Сырым ауылдан ұзап шықпаған көп бұзақы жігіттің бірі. М.Әуезов трагедиясында Сырым бастаған салдар тобы халық өнерінің өкілдері. Қазақ халқының ұғымындағы салдар өнерлі болумен бірге, сұлу да, сымбатты, отырған жерлері әзіл-қалжыңға толы ерекше жандар. Пьесадағы кейіпкердің бірі: «Ол – жаланған ер, жалындаған ақын, салтанатты сал Сырым», - деп мінездеме беруі бекер емес. Өкінішке орай, спектакльдегі Сырымда осының жұрнағы да жоқ. 

Г.Балпейісованың сахналық кейіпкерлерін қазақ деп айтуға арланасың. Наршаның шашбауын көтеріп жүретін Асан, Матай сынды ақындар жартылай нақұрыс болса, Дулат, Қоскелді, Дәулеткелді құр ыржалаңдап, Сырымның жанында бос жүгіріп жүр. Пьесада бұлардың бәрі көмейлерінен өлең төгілген ақын-әншілер әрі қанжардай өткір сөздерімен драмалық тартысқа белсене қатысатын қаһармандар. 

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, спектакльдің екінші бөлімінде ауылдан қуылған Сырым – А.Нұрмағамбетов нашақорға айналған. Ол қасындағы достарымен бірге кілең жеңілтек қазақ қыздарымен сайран салып жүр. Осындай моральдық тұрғыда азып-тозған жігіттің Нарша жіберген адамның соңынан еріп, Қаракөзбен соңғы рет жолығуына сену қиын.

Трагедияда айтылатын «Жар-жар» мен «Беташар» сынды тұрмыс-салттық өлеңдер пьеса шиеленісін тереңдетіп, кейіпкерлердің жан айқайын жеткізуде үлкен рөл атқарады. Спектакльде Сырым мен Наршаның жігіттері кезектесіп айтатын жар-жар мен беташар келекеге айналған. Халқымыз қастерлейтін дәстүрлердің мән-мағынасының төмендетілуін қалай түсінерімізді білмедік. 

Режиссер өзін қызықтырған ойдың жетегінде кетіп, авторға қиянат жасаған. Пьесаның көркемдік ерекшелігінен жырақ, шығарма мазмұнымен жанаспайтын құбылыстарды енгізіп, өзінің түйсік-түсінігін күшпен танған. 

Түйіндеп айтқанда, режиссер бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахнадан қозғағысы келсе, онда басқа драматургке пьеса жаздырып, сонымен бірлесіп жұмыс жасағаны дұрыс. Ал, халқымыздың інжу-маржанына айналған санаулы ғана классикалық шығармаларымызға ойланып барған жөн. Әлемдік театр режиссурасында жаңалықтар жүріп жатыр екен деп бүгінгі жас ұрпақтың ой-санасын лайлаудың қажеті жоқ. Біз үшін халқымыздың жадындағы Қыз Жібек, Еңлік, Баян, Қаракөз, Кебек, Сырым, Қозы сынды кейіпкерлер түпнұсқадан ауытқымауы тиіс.  

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қазақ театрының шығармашылық өмірінде өшпес із қалдырып, неше буын актерлер шеберлігінің өсіп қалыптасуына ықпал еткен «Еңлік-Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. классикалық пьесаларымыздың жүндей түтіліп, мүлде басқаша көзқараста оқыла бастағаны көпшілігімізді алаңдата бастады. Өткен ХХ ғасыр сахнасында қойылған классикалық туындыларда драматург мәтініне қол тигізбей, кейіпкерлер өмір сүрген тарихи ортаның көрінісі, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы көркем бейнеленді. Шығармадан тыс, пьесаның ерекшелігінен бөлек режиссерлік шешімдер болмайтын. Ал, қазіргі кезде «классиканы жаңаша оқу» үрдісін дұрыс ұқпағандар пьеса мәтінін қарабайыр тілге бұрып, диалогтерді қысқартып жөн-жосықсыз қайшылаудан көп ұтыла бастады. Классикалық туындыларға бүгінгілік үн береміз дегенді желеу етіп, әр режиссер пьесаны өзінше «түзеп-күзеп» драматургтің стилін бұзғаннан кейін оның көркемдік құндылығынан ештеңе қалмайтыны түсінікті. Сонда, қазақ театры шаңырақ көтерген кезден бастап сан буын режиссерлеріміз бен актерлеріміз көздің қарашығындай сақтап келген ұлттық классикамыз форма іздеу жолында «құрбандыққа» шалынып кете бере ме? Қайта қазіргі технология жетістіктерін пайдалана отырып, жас ұрпаққа классикалық пьесалардың бай мазмұнын, ішкі сырын, сөз құдіретінің қасиетін, ұлттық мінез ерекшеліктерін қаймағын бұзбай көрсету режиссерлеріміздің басты міндетіне айналуы керек. Режиссер қойылымның көркемдік кілтін, пластикалық формасын, бейнелік шешімін табумен бірге актерлерді бүгінгі жаңа тәсілдермен ойнатуға да күшін салуы тиіс.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Қыз Жібек» спектаклі жас режиссер Әлібек Өмірбекұлының ізденіс үстінде жүргенін көрсетіп берді. Дәл қазіргі кезде көптеген режиссерлеріміз ұлтымыздың бет-бейнесін танытатын әдеби туындылар мен классикалық шығармаларымызды бүгінгі заманға сай «өзектендіріп» қоюға тырысып жатқанын жоғарыда айттық. Егер аталған спектакльге осы тұрғыдан қарайтын болсақ режиссердің өткенге бет бұрып, «Қыз Жібекті» басқаша жандандыруға деген талабын құптауға болады. Бірақ еліміздегі бірнеше опера театрларының репертуарында ұзақ жылдардан бері қойылып келе жатқан туындының басқа нұсқасын жасап музыкалық-драма театрының сахнасына шығарудың қандай қажеттігі болғаны түсініксіз. 

Ә.Өмірбекұлы Жүсіпбек қожа Шайхисламұлының «Қыз Жібек» жыры мен Ғ.Мүсіреповтың либреттосы негізінде М.Әбіл мен Л.Алпысбаеваға сахналық нұсқасын жасатып спектакль жанрын драмалық опера деп айқындаған. Қойылымда Евгений Бруслиовскийдің «Қыз Жібек» операсындағы музыкалары қолданылған. 

Спектакльдегі хор тура көне грек театрындағыдай оқиғаның мән-мағынасын түсіндірумен қатар, қойылымның ішкі динамикасын, сахналық атмосфераны сақтауда маңызды рөл атқарды.

Негізгі сахналық оқиғаны режиссер Төлеген төңірегіне топтастырған. Тоғыз ұлын жер қойынына беріп қапаланған Базарбайдың – Н.Өтеуіл бесіктерді бір-бірден сахна төріне шығарып, тізіп қоюы әдемі табылған режиссерлік шешім. Осындай қасіреттен кейін дүниеге келген Төлегенді – О.Жақыпбек бауырына басып аялаған Базарбайдың әкелік мейірімі актерлік ойында иланымды шыққан. Бірақ аталған кейіпкердің мінезі драматургиялық шығармада ары қарай әрекет үстінде дамымай қалғандықтан, актердің шабыттана ойнауына мүмкіндік бермеді.

Театрдың көрнекті актрисасы Б.Жұмағұлова спектакльде шағын ғана орын берілген Қамқаның баласына деген аналық сүйіспеншілігін, алыс сапарға шығарып салатын сәттегі қобалжуы мен тебіренісін психологиялық дәлдікпен орындады. Актрисаның әншілігі мен драмалық өнері әдемі қабысып, қазақ аналарына тән мейірімділік пен дархан мінезді  анық бедерледі.

Режиссер спектакль кейіпкерлерінің барлығын да қарапайым тілмен сөйлеткен. Төлеген әкесімен, анасы Қамқамен және тағы басқа кейіпкерлермен әзілдесіп, қалжыңдасып тіл қатысады. Бұдан режиссердің академиялық стильден саналы түрде бас тартқаны көрінеді. Сол сияқты екі Төлеген, екі Жібек сахнада қатар өмір сүріп, бір-бірін толықтырып тұрды. Бірақ Төлеген – Б.Орман мен Жібек – А.Омарова вокалдық партияларды нақышына келтіріп айтқандарымен де Жібек пен Төлегеннің өмірге деген құштарлықтарын, жастық жалындарын актерлік шеберлікпен жеткізе алмады. Алдағы уақытта сан қырлы, ішкі сезімге толы бейне жасау үшін әлі де еңбектене түсулері қажет.

Екінші жұптағы Төлегенді ойнаған О.Жақыпбек сөзі мен ісіне берік, махаббат жолында алған бетінен қайтпайтын бірбеткей жігіттің бейнесін сомдады. Актер ойынында бозбалаға тән еркелік, әкесінің батасын ала алмаған сәттегі көңіл-күй толғаныстары нанымды болды. 

Жібек – А.Танабаева да қыздың Төлегенді көргеннен кейінгі қуанышын, одан айырылған кездегі қайғы-қасіретін әсерлі жеткізді. Алайда режиссер тарапынан екіге бөлініп кеткен кейіпкерлер актерлердің толыққанды бейне сомдауына кедергі жасаған. Өйткені, сөз бен ария, ән мен диалог, хор мен би музыкамен бірге өрілмегендіктен әрқайсысы бөлшек-бөлшек болып көркемдік тұтастыққа жетпеді.

Режиссер бірінші орынға актерлердің вокалдық орындаушылығына мән беріп, олардың драмалық көңіл-күй мәселесі екінші кезекке сырылған. Драмалық театр үшін кейіпкерлердің психологиялық жан тебіреністерін жеткізу маңызды. Ал, бұл спектакльде кейіпкерлердің әрекет аясы тарылып, режиссерлік мизансценаларды музыкалық бейненің ішкі даму желісіне сай орындауға келгенде актерлер шабан қимылдады. Орындаушылардың сахнадағы әрекет ету пластикасы мен сезім шарпылыстары музыканың интонациялық, ырғақтық т.б. өзгерістеріне бағындырылмағандықтан, кейіпкерлердің жан-күйлері терең ашылмай қалды. 

Спектакльде Бекежан – Е.Нұрымбет мен Төлегеннің – О.Жақыпбектің білек күшімен немесе өткір тілмен қызға таласатын сахнасы мүлде жоқ. Төлеген желісі Жібекпен байланысты ғана өрбіген. Сондықтан да, Бекежан рөліндегі актер сахнада әрекетсіз тұрып қалады. Е.Нұрымбеттің дауыс диапазоны кең, вокалдық тұрғыда жақсы дайындалған. Актердің сырт келбеті келісті, батырға лайық болғанымен де сахнада Бекежан әрекетін шарықтау шегіне жеткізетін тартыс болмағандықтан да дала батырының өр мінезін көрмедік. 

Төлегеннің інісі Сансызбайдың – А.Мамыр екі аяғын баса алмайтын сал болуы да жырмен сәйкес емес. Спектакльдің финалында денесін көтере алмайтын сол жігіттің Бекежандай батырды қылқындырып өлтіруі де ешқандай шындықпен жанаспайды. Сол тәрізді Қыз Жібекті қолынан ұстап жетелеген Анасы – А.Нөгербек Базарбайдың ауылына келіп, қызын Сансызбаймен қосуы да қазақтың дәстүрінде болмаған. (Жырда Сансызбай әмеңгерлік жолымен Жібекті өзі іздеп келеді). Біздіңше, режиссер шығармаға қай тұрғыдан қараса да, бұрыннан қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрін бұрмалаудың реті жоқ. 

Бұған дейін сахналық жолы әбден қалыптасқан шығармаға басқаша көзқараспен келуге талпынған режиссер жаңадан сахналық бейнелеу үлгісін табамын деп қарабайырлыққа тап болған. Спектакльдегі оқиға Базарбай отбасының маңынан ұзамаған. Төлегеннің Жібекке ғашық болуы жеке бастың мүддесінен аспайды. Жыр мен либреттодағы Бекежан, Төлеген, Сырлыбай әрекеттері елдің, халықтың әлеуметтік өмірімен тығыз байланысып жатқандығымен де шоқтығы биік болатын. Неге екені белгісіз бұл спектакльде заман қайшылығын суреттейтін тұстардың бәрі қысқартылып, халық тағдырынан сыр шертетін көріністер қамтылмаған. Сондықтан да, спектакльде дастанның көркемдік құрылымына сай эпикалық кеңдік пен әлеуметтік тереңдік жетпей қалды.   

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында әлем жұртшылығына мәдени құндылықтарымызды таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін тапсырғаны баршамызға мәлім. Олай болса, Қазақстанды дүниежүзінің дамыған елдері қатарына жетелейтін елеулі қадамдардың бірі театр өнерімен тығыз байланысты екендігіне кез-келген театр ұжымы үлкен мән беруі қажет. Әсіресе, тілімізді, ділімізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, халықтық келбетімізді сақтау әр режиссердің басты міндетіне айналуы тиіс деп білеміз.

Бақыт НҰРПЕЙІС,

театртанушы, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры 

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...