Мысықтар. Мысықтар. Мысықтар. Әдебиет әлеміндегі мысықтар. Қаншама жазушының «сүйіктісіне&raqu...
Ауылда тұратын суретші
«Ел іші – өнердің кеніші» деген рас. Алтын бесік ауылдарды араласаң ел мен жердің жақсылығын дәріптейтін, ұлтымыздың неше түрлі өнерін ту еткен дарынды жандарды жиі кездестіріп жатасың. Сондай таланттардың бірі – Жетісудың төрі саналатын Аспантау өлкесінің тумасы, Нарынқол ауылында тұратын қылқалам шебері Нұрболат Ысқақов. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, аталған академияның «Таранда Великого Эля» атты медалінің иесі Нұрболат Ысқақовты көп жұрт біле бермегенімен, өз саласының білгір маманы ретінде елге елеулі қызмет етіп келеді.
Райымбек ауданының бір артықшылығы, мерейлі тойлар кезінде суретші Нұрболат Ысқақовтың салған суреттерінен үнемі көрме ұйымдастырып отырады. Өйткені суретшінің бүкіл шығармашылық әлемі туған ел мен жерге, сол өлкеден шыққан дара тұлғаларға арналған.
Жалпы, Н.Ысқақовтың жылдап салған, көзінің қарашығындай арнайы жинап қойған шығармашылық әлеміне көз тоқтатпай кету мүмкін емес. Республикамыздың ең көрікті жерлерінің бірі, алыс-жақын шетелдерден арнайы қызығып келіп көріп жататын әйгілі Хантәңірі шыңы ағамыздың қылқаламында неше түрлі келбетімен көз тартып тұрғанда, мақтаныш сезіміне шын беріліп кетесің. Хантәңірімен қоса, осынау сырлы да нұрлы өлкеден шыққан Мұқағалидай ақиық ақынымыз бар. Нұрболат Ысқақовтың шығармашылығында шайыр бейнесі шынайы көрініс тапқан. Ақынның терең ойлы әрі шабытына берілген сәттері қылқаламның құдіретімен өте өзгеше көрсетілген. Ауылда тұратын суретші бұл үшін қаншама уақытын, сағаттарға созылған күндері мен түндерін жұмсады десеңізші?! Иә, бұл үлкен еңбек, үлкен дүние.
Еңбегіне қарай азды-көпті атаққа қол жеткізгені болмаса, қарапайым суретші Нарынқол ауылынан еш ұзаған емес. Биыл көктемде ғана зейнет демалысына шыққан өнер иесі орта мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы көркемсурет училищесін кескіндеме мамандығы бойынша бітіріп, содан бергі уақытта Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте оқушыларға сурет пәнінен дәріс беріп келді. Шәкірттеріне үйреткені көп, ұсынғаны жетерлік. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын белгілі суретші, Алмас Сырғабаевтай шәкіртінен бастап, Мақпал Ділдаева, Фархат Сартбаев, Ақылбек Шәкенов, Алуа Әнуарқоджа, Нүсіп Сұлтан, Рауан Бақтияр, Мәди Кенжебек секілді шәкірттері болашағынан үміт күттіретін суретшілер.
Иә, Нұрболат Ысқақов зейнеткерлік жасына келгенше айтарлықтай еңбек еткен жан. Жап-жақсы шығармашылық әлемі бар. Алматы қаласында екі дүркін шығармашылық көрмесін өткізген Нұрекеңнің Ә. Қастеев атындағы республикалық мұражайда «Жайлауға автоклуб келді» атты туындысы тұрғанын да айта кеткеніміз жөн.
Жалпы, Райымбек пен Кеген аудандары тарихи құндылыққа толы өңір. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бір ошағы Қарқара жерінде тұтанғаны белгілі. Нұрболат Ысқақовтың біраз дүниесі дәл осы Қарқара көтерілісіне арналған. Оның сыртында халықтың ұранына айналған хас батыр Райымбек бабамыз жөнінде суреттері де баршылық. Әсіресе батыр бабамыздың Көкмойнағымен берілген суреті әсерлі шыққан. Рас, батыр бабамыздың өз тұсында Іле өзенін кешіп өткені туралы аңыз әңгімелер баршылық. Суретші өзінің «Іле бойында» атты туындысында батыр бабамыздың жорығын бір қырынан көрсете білген. Кенепке майлы бояумен сурет салатын ағамыздың бірқатар шығармашылығы Тәуелсіздігімізге, Желтоқсан көтерілісіне арналған. Ал туған жердің тамаша табиғатын мөлдірете тізген таңғажайып туындылары өз алдына жеке әлем. Оларды көріп бір қуанып, бір көтеріліп сала бересің. Сол тұста туған өлкені көркем де көрнекті шығармаларына арқау етіп жүрген суретші ағамызға деген ризашылығымыз арта түседі.
«Каникулға кетіп барамын» деп алғашқы суретін салған суретші бұл күнде ұлтымыздың тарихи тағдыры туралы құнды дүниесін салумен айналысып жатыр. Бұл жұмыспен шұғылдана бастағанына екінші жыл өтіпті.
Нұрболат Ысқақов шығармашылығынан бөлек, отбасында да өнегелі, сыйлы адам. Жұбайы Балжан Омарова бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, көп уақытын мектеп басқару ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз. Райымбек ауданының құрметті азаматы, Ы. Алтынсарин атындағы медальдың иесі. Ерлі-зайыпты екеуі Асқар, Мақпал, Раушан, Нұрсұлтан секілді ұлдары мен қыздарын қанаттандырған.
– Зейнет демалысына шыққан соң тек қана шығармашылықпен айналысуды қаладым. Алда тұрған істерім көп. Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының тарапынан да түсіп жатқан ұсыныстар аз емес. Не дейін, мынандай тамаша табиғаты бар ел мен жерді шамамның келгенінше суреттей берейін. Біздің өлке өлмес жыр мен әнге, суретке лайықты жер. Мен туған ауылымды, атамекенімді жанымдай жақсы көремін. Сол үшін де бір сәт те алыс ұзағым келмейді. Денсаулығыма қарамастан, Шоғансай өңірінен Хантәңірі шыңын жақын жерден көруге барғанымды ұмытпаймын. Оның маған бергені көп, –дейді Нұрболат ағамыз.
Шалғай ауылда тұратын бүкіл елі-жұрты білетін суретшінің өмір жолы осындай.
Қанат БІРЖАНСАЛ, журналист Алматы облысы egemen.kz