Тентек талант немесе Сальвадор Дали кім?

ашық дереккөзден алынды

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
447

Танысып қойыңыз, бұл ‒ Сальвадор Доменек Фелип Жасинт Дали-и-Доменек маркиз де Дали де Пуболь. Егер есім-сойын толық атауға қиналсаңыз, онда Сальвадор Дали я жай ғана Дали десеңіз де рұқсат. Себебі, әлем жұртшылығы феноменды осы атпен танығаны анық. Ол ‒ суретші, сценарист, иллюстратор, дизайнер, график, голографист, фотограф, сценограф, актер. С. Далидың жүрген жері ‒ сенсация, қылығы ‒ тұнған эпатаж-тын.

С. Дали 1904-жылдың 11-мамырында Испанияның Каталониясына қарасты Фигерас қаласында дүниеге келген, ауқатты отбасыдан шыққан. 1903 жылы ағасы аяқастынан менингиттен шетінеп кетеді. Тоғыз айдан соң шаңырақ шаттыққа толады. Әкесі елге сыйлы азамат, білікті нотариус боп қызмет еткен. Ата-анасы оған Сальвадор деп ат қойып, айдар тағады. Сальвадор испан тілінен аударғанда «құтқарушы» деген мағынаны білдіреді екен. Ес жиып, етек жауып, есейген шағында суретші: «Менің миссиям бейнелеу өнерін дадаизм, абстракционизм, т.с.с. «измдерден» құрқару», ‒ деп айтады. Ақылман, білімдар, алайда ешкіммен санаса бермес өркеуде, дөрекі Дали жұрт назарын өзіне аударғанды ұнататын. Оқушы кезінде-ақ иықтас-тізелестерінен оқшау жүргенді қолай көрген. Сыныптастары оны мазақтап, кекетіп-мұқатып, әркез тиісетін-ді. Ол ойында ұтылса, ұтқан адамша жүріп, көптің ызасына тиіп, кейде төбелес шығарып, ұл-қыздың мазасын алатын әдеті болған-ды. Ең қызығы ‒ суретшінің шегірткеден қорқатындығы.

Ол сурет өнеріне ертеден қызығады. 1910 жылы алты жасар Сальвадор «Фигерас маңындағы тамаша табиғат» атты картон сыртына сурет салады. Бұл дүние қазір Далидың мұражайында әлі күнге шейін сақтаулы. Ал, он жасында импрессионистердің шығармаларымен жақын танысып, шабыттанып, шабысына шабыс қоса бастайды. Ең алғашқы ұстаздарының бірі ‒ профессор Нуньес еді. Он төрт жасында жеке көрмесін ұйымдастырып, елді елең еткізеді. Қырық жеті жасында аты жаман аурудан анасы қайтыс болады. Бұл Далидың және әкесінің қабырғасына қатты батқаны сөзсіз. Алайда, алдына биік мұрат қойған жас пері 1921 жылы Мадридтегі Сан-Фернандо корольдік бейнелеу өнері академиясында оқуға бел байлайды. Қырсық һәм табанды жігітті райынан ешкім қайтара алмайды, тіпті әкесі де. Ол аталмыш Оқу ордасынан бірнеше рет қуылады. Соның бірі, мұғалімі ‒ Даниэль Васкес Диасты жақтап, администрацияға қарсы шығып, әлгінің әсерінен туындаған студенттер көтерілісіне қатысқандығы үшін. Манағының салдары болса керек, ол аз уақытқа түрмеге қамалады. 1926 жылы өнер тарихы пәні бойынша емтихан тапсырған талант үш профессордан құралған комиссияға өзі ерекше жақсы көретін Рафаэль Сантиге қатысты сұрақты біле тұра, қиқар-кертақыс мінезіне сап жауап бермейді: «Менің білімім мына отырған үшеуіңді қосқанда да асып түседі. Сондықтан, жауап беруден бас тартам». Дали сол күйі оқуын аяқтамастан, 1928 жылы Франция астанасы ‒ Париж шаһарына сапар шегіп, сол жақта келешек жары ‒ Гала Дьяконова және «Сюрреализм манифестінің» авторы ‒ атақты Андре Бретонмен танысады, ал 1929 жылы сюрреалистер қауымдастығына қабылданады. 1936 жылы бағыттастарымен араздасып, өз еркімен топтан шығады. Бұған Ф. Франко диктатурасы әсер еткен ұқсайды. 1937 жылы ол Италияға барып, Ренессанс дәуіріндегі туындыларды тамашалап, академистік негізге оралуды ойлайды. Бірақ, сюрреализмнен бас тарта алмайтынын түсінеді.

Елена Ивановна Гомберг-Дьяконова не Гала Дали үш ұлы тұлғаның музасына айналған өзіміздің Фатима Ғабитоваға келіңкірейді. Себебі, ол әуелгіде француз ақыны Поль Элюармен некелеседі, кейіндері неміс суретшісі Макс Эрнсттың ашынасына айналса, артынша С. Далиге үйленеді. Екеуі бірінші рет кездескенде суретші жиырма бестегі қылшылдаған жігіт, ал Гала отыз бесте еді. Гала француз тілінен аударғанда «мереке» дегенді білдіреді. Зайыбы шынында да суретшінің өмірін берекелі-мерекелі еткені ел есінде. Демиург оған оншақты картина арнады, шабыт берді, ақылшы-кеңесші қызметін атқарды, өнеріне өмірін арнады. Бұның қатарында «Порт-Льигат Мадоннасы», «Шарлардан құралған Галатея», «Галарина», «Христос Гала», «Атомды Леда», т.б. бар. Автор Галаны көбіне діни және мифологиялық мотивтер ортасында жиі суреттеген, мұны сыншылар Дали әйелін ессіз сүйгендігінің белгісі деп білген. Сөзіміздің тұздығы болсын, шебер естелігінде былай деп жазады: «Мен Галаны анамнан, әкемнен, Пикассодан және ақшадан да артық жақсы көрем...». Отызыншы жылдары Гала продюсер және арт-дилер мамандығын игереді. Ал, 1934 жылы некелескен соң ерлі-зайыптылар Парижге көшеді. С. Дали жаңа картиналар тудырса, ал әйелі оларды насихаттайды, сатады. Гала сюрреалисттердің филантропы және меценаты маркиз де Ноаймен кездеседі. Ол суретшіге қаржылық жағдайын жақсартудың қарапайым және тамаша әдіс ұсынады. Нәтижесінде, испандық гений талантына табынушылардың «Зодиак» атты құпия қауымдастығы құрылады, оның құрамына зодиак белгілерінің санына сай 12 адам ғана енеді. Бұл клубқа қосылу үшін мүшелік жарна төлеуге тура келді, ал жыл басында 12 жеңімпаз жеребе тартып, олар кезек-кезек Дали шеберханасына кеп, суретші жұмысының бірін таңдап я тапсырыс бере алады. Осылайша Дали жұмыссыз қалмады, күнде еңбек етті. Кейіндері теориялық тұрғыдан әбден қуаттанған Сальвадор халыққа кеңінен таралып кеткен атақты сөзін айтады: «Сюрреализм, бұл ‒ мен!».

Жас Дали ұстазы ‒ Рамон Пишот-и-Жиронес пен Пабло Пикассоның арқасында заманауи бейнелеу өнерін тереңірек зерделеп, өзін кубизм, акмеиз, импрессионизм, пуантилизм бағыттарында да сынап көреді. Ол Мадридтегі кезеңінде Луис Бунюэльмен танысады. Екеуі богемалық өмір сүру салтына тез үйренісіп, әдеби кафе, өнер салондарын аралап, тарих, философия, психология, дін, сондай-ақ Испанияда жаңадан ғылыми еңбектері таралып жатқан Зигмунд Фрейдты талқылайтын-ды. «Түстерді тәпсірлеу» зерттеуін оқыған Дали Фрейдпен кездескісі келеді. 1938 жылы Стефан Цвейгтің араласуымен екі алып Лондонда жолығады. Ауру әбден айналдырған 82 жастағы Фрейд пен Дали небары он бес минут қана сөйлеседі. Сол аралықта суретші ғалым портретының эскизын жасап үлгереді. Оны түс әлемі ерекше қызықтыра бастайды. Сөйтіп, көп ұзамай Далидың жаңаша сипаттағы, көрермен әрі таңғала, әрі түсінбей қарайтын картиналары пайда болады: аяқ-қолы ұзын бейнелер, балқыған сағат, ұшып жүрген пілдер, дәу бас, еріні бар диван, жалаңаш бейнелер, т.б. Бұл көркем туындылар көрерменге сиестадан кейінгі сәттей тосын әсер еткені белгілі. Ол жұртшылықты таңғалдырудан жалықпаған. Мәселен, 1934 жылы Нью-Йоркте аксессуар ретінде қолына екі метрлік нанды ұстап ап, орталық көшемен жүрсе, Лондондағы сюррелистер шығармашылығының көрмесіне сүңгуір-водолаздың киімін киіп келген. 1959 жылдың 7-желтоқсанында Парижде Дали ойлап тапқан, соны инженер Лапарра жүзеге асырған овосипедтың тұсауы кесіледі. Бұл шар тәріздес, бір орындығы бар құрылғы.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң Дали мен Гала АҚШ-қа сапар шегеді. Суретші ол елде сегіз жыл бойы тұрақтайды. Сөйтіп, жаңа деңгейге көтеріледі, таутұлғаның Америкадағы кезеңі өте өнімді өтті деуге негіз бар. Өйткені, Уолт Диснеймен бірігіп «Destino» (исп. тағдыр) мультфильміне сценарий жазады, зергерлікпен шұғылданады, киноларға декорация, костюмдер дайындайды, «Сальвадор Далидың құпия өмірі» атты автобиографиялық кітабын жарыққа шығарады, театрда жұмыс істеп, 1939 жылы ол либретто жазып, Рихард Вагнердың музыкасы негізінде Леонид Мясин «Вакханалия» (Ежелгі Грекиядағы шарап, жүзім, абаттандыру, шабыт, театр және табиғат күштерінің тәңірісі ‒ Вакхтың (Дионис) құрметіне орай өткізілетін діни-мистикалық мейрам. ‒ Ә.Б.) балетын сахналайды. Мұндай фрейдизмге негізделген жаңашылдыққа кісі біткен дайын болмай шығады, қайта тіксініп қалады, сыншылар жан-жақтан шабуылдап, туындының тас-талқанын шығарады. Алайда, Дали мен Мясин бұған пысқырып та қараған жоқ. Рихард Вагнердың музыкасына иек артқан «Ессіз Тристан» және Франц Шуберт әуеніне лайықталған «Лабиринт» атты екі балетты қояды. Ал, 1948 жылы суретші Америкадан Испанияға жол тартады. 1958 жылы Гала мен Дали Жирона қаласында ресми түрде үйленіп, ол әйеліне Пуболь қамалын сыйға тартады. 1970-1980 жылдар аралығында он тоғыз жастағы жас модель Аманда Лир (Тапп) мен Сальвадор Дали арасында шығармашылық байланыс орнайды. 1982 жылы Гала қайтыс болады. Ал, Далиге қамқор болам, қарайласып жүрем деген Аманда сертінен тайқып, продюсер Ален-Филипп Маланьяк деген азаматқа тұрмысқа шығады. Галаның қазасы Далиге ауыр соққаны айқын, ол депрессияға түседі, артынша Паркинсон дерті қозады. 1984 жылы Пуболь қамалында өрт шығып, қарттық жеңген гений әзер дегенде далаға шығып, денесін күйік шалса да аман қалады.

Бағана Далидың санқырлы тұлға болғанын айттық. Мәселен, ол испан кинорежиссері ‒ Л. Бунюэльдың «Андалусия төбеті» киносында семинаристың рөлін сомдаған және «Алтын ғасыр» (Луис Бунюэль), «Арбалған» (Альфред Хичкок) кинотуындыларына атсалысқан. Сондай-ақ, Дали әлем әдебиетінің классигі, испан ақыны, драматург, қоғам қайраткері Федерико Гарсиа Лоркамен («Бернарда Альбаның үйі» драмасын қазақшаға аударғам. ‒ Ә.Б.) 1923-1928 жылдар аралығында тығыз қарым-қатынаста болады. Гранадада жүріп құқық-юриспруденция саласы бойынша емтихан тапсырып, көп ұзамай Мадридке оралады, 1923 жылы жиырма бестегі Лорка алғашқы жыр жинағын шығарып, қарақты көзге танылып та үлгерген. Суретші ол кезде он тоғыздағы өрімдей жап-жас. Арадағы алты жыл екі алыптың аралас-құралас тіршілік кешіп, Франция поэзиясы, испан халық әндері, әлемдегі ахуал, мәдениет, өнер, ғылым туралы әңгіме тиегін ағытуға кедергі болмады. Ф. Лорка ән айтқанды жақсы көретін, пианинода еркін ойнайтын, әңгімешіл, терең білімнің иесі еді. Кейіндері суретші былай деп тамсана жазады: «Лорка ғана маған қатты ықпал етті. Ол поэзия деген құдіретті құбылыспен егіз боп, тұтасып кеткендей, тура. Ондағы мазмұндылық, нәзіктік мені тәнті етті. Лорка ‒ адасқан жолаушыға бағыт сілтер алау іспеттес-тұғын».

Дон Сальвадор «Бір генийдың күнделігін» өзінің музасы, жары, өз сөзімен айтқанда, «менің Троялық Еленама», «менің Әулие Еленама» ‒ Галаға арнаған. Автор аталмыш мемуарында бүйдейді: «Мен ұшқыр қиялымды ешқашан шектеген емен. Есесіне, әркез ғылыми жаңалықтардан хабардар боп отырдым. Күн өткен сайын күшейіп жатырмын. Техникалық тұрғыдан дамудамын. Алдағы жылы мен тек мінсіз ғана емес, әлемдегі ең епті суретші атанам». Қылқалам иесінің едірейген мұрты, аңғалағынан шығып кетердей шадырайған көзі, ұзын саусақтары, сүйірлеу боп барып біткен беті, испандарға тән қызба мінезі, барқыттай жұмсақ, қоңыр даусы өнерді қадір тұтар қауымның жадында мәңгілікке жатталды. С. Дали ‒ әлемге әйгілі «Чупа-Чупстың» («Chupa Chups») логотипын ойлап шығарған жан. Гений бұған ұзақ уақыт шығындамапты, 1969 жылы небары бір сағаттың ішінде-ақ әзірлеп бере салған. Компанияның негізін салған кондитер Энрике Бернат риза-хош кейіпке енеді, артынша-ақ өнім шетелде атақты боп кетеді.

1983 жылы француз менеджеры Жан-Пьер Гривори «Қара ерін» делінген одеколон шығарған соң, ребрединг жасағысы келеді. Сөйтіп, ол суретшімен кездеседі. Дали хош иістің ішінде жасмин мен раушангүлдің болғанын қалайды-дағы, эскизын салуға кіріседі. Тұғыр-базис есебінде «Книдиялық Афродита бет-жүзінің көрінуі» атты туындысы таңдалады. Флакон мұрын мен ерін пішінтес боп шығады. Мұрын ‒ иіс сезу мүшесі болса, ал ерін ‒ эмоцияларды айшықтайтын символ. Парфюмды жасауға атақты Альберто Морильяс кіріседі. Содан не керек, 1983 жылы Сальвадор Далидың қолтаңбасы бар 5000 дана санаулы сағатта-ақ сатылып кетеді. Кейіндері иіс суға суретшінің аты беріледі, ал қорап пен флакон сыртына Далидың суреттері бедерленеді. Текежаумыттай тепсінген текті тұлға 1989-жылдың 23-қаңтарында (дүйсенбі) сексен беске қараған шағында өзі туған Фигерас ауруханасында дүниеден өтеді. Ол: «Қабырымды ел-жұрт аралап жүретіндей етіп жасаңдар!..» ‒ деп өсиет айтқан-ды. Шебердің денесі бальзамдалып, туған топырағы ‒ Фигерастағы театр-мұражай ішіне, қалың шығармаларының арасына жерленеді. Франсиско Франко диктатурасын қуаттап, каудильоның саясатын қолдағаны үшін Дали сынға ұшырайды. Замандасы, әрі досы Пабло Пикассо фашизмды сынап, «Герникасын» (исп. Guernica) тудырғанда, шебердің манағыдай қылығын ел түсінбей қалады. Далидың «деген екені» көп. Соның бірі ‒ «Пикассо ‒ испандық, мен де ‒ испандықпын! Пикассо ‒ гений, мен де ‒ гениймын! Пикассо ‒ коммунист, мен де ‒ коммунист емеспін!».

1931 жылы Дали «Жадының тұрақтылығы» картинасын (24 x 33 см) санаулы уақытта ғана салып шығады, бір деректерде 2 сағат делінген. Автордың айтуынша, идея камамбер ірімшігіне қарап отырғанда туған-ды. Бұл шығарма 1934 жылдан бері Нью-Йорктегі Заманауи өнер мұражайында сақталған. Шебер ірілі-ұстақты 1100-ге тарта, кей кітаптарда 2000-ге жуық туындыны дүниеге әкелген деп жазылған. Қалай болғанда да, әйгілі суретші өнімді еңбек еткені анық. Бұлардың қатарындағы «Терезеге телмірген қыз» (1925 ж.), «Ұлы мастурбатор» (1929 ж.), «Жұмсақ құрылым қосылған бұқтырылған бұршақ» («Азаматтық соғыс қарсаңын сезіну» (1936 ж.)», «Отқа оранған керік» (1936-1937 ж.), «Нарцисс метаморфозасы» (1937 ж.), «Пілдерде көрініс тапқан аққулар» (1937 ж.)», «Түс» («Ұйқыдағы адам») (1937 ж.), «Кешкі өрмекші үміттен дәмелі» (1940 ж.), «Соғыс сұрқы» (1940 ж.), «Араның анар жанынан ұшып жүріп оянуынан бір секунд бұрынғы түсі» (1944 ж.), «Әулие Антонийды азғыру» (1946 ж.), «XXI ғасырдағы Пабло Пикассо портреты» (1947 ж.), «Әулие Иоанн Крестың Ғайсасы» (1952 ж.), «Пәк қыздың содомдық қанағаттануы» (1954 ж.), «Жады тұрақтылығының дезинтеграциясы» (1954 ж.), «Галлюциногенды Тореадор» (1969-1970 ж.) секілді картиналарды ерекше атап өтуге тиіспіз. С. Дали қоғамға, адамзат ой-санасына қозғау салды, бейнелеу өнерін, жалпы өнерді биікке көтерді, штамп-шаблондардан сескенген жоқ, керісінше оларды бұзып-жарды, туындыларымен, болмыс-бітімімен. Алыптың өнері ‒ өміршеңді, бұған есті бұқара куә!..     

 

 

Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы-ғалым

 

author

Әлiбек Байбол

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Талдықорғанда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам бір күннен кейін өртенген көліктің ішінен өлі табылға...

Жаңалықтар

Қазақстандық 18 жастағы азамат “Қырымға соғысқа барамын” деген хабарламаның салдарынан ш...