Біріккен Араб Әмірліктерінің орталығы Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылады. Бұл туралы Сауда және...
Жанам деген жүрекке от берейік!
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жанам деген жүрекке от берейік» жобасы Жаркенттің қос ауылындағы әдебиет сүйер жастарға қанат бітірді.
Жобаның мақсаты:
Ана тілінің баға жетпес байлығын, қасиеті мен құдіретін артыру, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, дарынды оқушыларды тану, шығармашылыққа қабілетті жастарды ынталандыру, қолдау көрсету.
Жоба 5 тапсырмадан тұрады:
1. Ауыз әдебиеті. Жыраулар поэзиясын;
2. Қазақтың белгілі қаламгерлерінің шығармаларын;
3. Жетісудан шыққан қаламгерлер шығармаларын;
4. Жаркенттен шыққан қаламгерлер шығармаларын жатқа оқу;
5. Оқушылардың өлең, әңгіме, эссе жазу шеберлігін байқау.
Руxани жаңғыру бағдарламасы аясында туған жерге барып, шағын кәсіпорын, мектеп, балабақша салып, жол жөндеп, бау-бақша егіп жатқан қаншама игі жақсылар бар.
«Менің қолымнан не келеді? Туған жеріме не істей аламын?» деген ой жетегімен әдеби-руxани жоба дайындап, Алматы облысы, Панфилов ауданы Айдарлы мен Қоңырөлең ауылындағы мектептерге ұсынған ақын, тіл жанашыры Гүлбақыт Қасен – Жаркент топырағының тумасы.
Туған өлкесін перзенттік, ақындық жүрегіммен сүйетін ақын қыз жыл сайын қаймағы бұзылмаған, ұлттық құндылықтарды еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін сақтай білген ауылының абыз қарияларын құрметтеп, бата алып, тәуелсіз еліміздің болашағы, тізгін ұстар жас ұрпаққа әдеби қазба байлық – кітап апарып сыйлауды дәстүрге айналдырып келеді.
Биыл жыл басында «Жанам деген жүрекке от берейік» жобасына өз атынан 20 оқушыға қаржылай (5 мың теңге) степендия, 20 оқушыға ынталандыру сыйлығын (кітаптар) тағайындаған екен.
«Жанам деген жүрекке от берейік» жобасының қорытындысы 25 мамыр күні шығып, Соңғы қоңырауда үздік шыққан оқушылар марапатталды.
Жоба қорытындысы бойынша Айдарлы және Қоңырөлең ауылы бойынша барлығы – 162 оқушы қатысқан. 3 айда ауыл кітапханасынан 239 оқушы кітап алып оқыған.
Оқушылар Асан қайғы, Марғасқа, Ақтамберді, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар, Махамбет және т.б. жыраулардың толғауларын, Абайдан бастап қаншама ақындардың шығармаларын жаттап, өздері туған Жетісу өлкесінің қаламгерлерінің есімдерін жаңғыртқан.
Оқушылардың алды 60-70 жырға дейін, жалпы 5 бағыт бойынша барлығы 3158 жыр жаттаған:
1. Жыраулар поэзиясынан – 1262 жыр;
2. Қазақтың белгілі қаламгерлерінің шығармаларынан – 964 жыр;
3. Жетісудан шыққан қаламгерлер шығармаларынан – 559 жыр;
4. Жаркенттен шыққан қаламгерлер шығармаларынан – 373 жыр;
5. Өлең, әңгіме, эссе жазу шеберлігін шыңдауға – 26 оқушы қатысқан.
Бұл аталмыш жобаның бірінен-бірі асып түсу үшін, жаттаған жырларының санын арттырып, «сен қанша жыр жаттадың?» деп біліммен бәсекелескен ауыл балаларының рухани құндылықтарды, әдеби бай мұраларды бойына сіңіруіне қосқан үлес зор.
Ақын Гүлбақыт Қасеннің бастамасымен ұйымдастырылған «Жанам деген жүрекке от берейік» жобасын жаңа оқу жылында әр ауылға өткізуді Жаркент топырағынан шыққан, бүгінде руханиятқа қызмет жасап жүрген бір топ буын қолдап отыр. Жазғы демалысқа шыққан оқушылар әдебиеттің құнарын қанып ішіп, бос уақыттарын текке өткізбей, жаз маусымында жыр жауһарларын жаттамақшы.
Оқушы жастар кітап оқымайды, әдебиетке қызықпайды деген пікірдің жаңсақ екенін көрсеткен, көркем әдебиетке құмартып, өлең-жырға ынталанған, жанам деген ұл-қыздарымыздың жүректеріне от берген жобаның өміршең боларына сенім артамыз.
Айдарлы ауылынан үздік шыққан 10 оқушы:
1. Медиахунұлы Дінмұхамет – 10-сынып
2. Рахметоллаева Әлфия – 10-сынып
3. Тұлықожа Шұғыла – 10-сынып
4. Жақан Гүлден – 10-сынып
5. Несіпбек Арудана – 6-сынып
6. Махмұт Жания – 8-сынып
7. Ахмет Алтынай – 7-сынып
8. Нұрғайдар Жансая – 6-сынып
9. Қартбай Гүлдана – 7- сынып
10. Сыдықжан Сабина – 7-сынып
Қоңырөлең ауылынан үздік шыққан 10 оқушы:
1. Еренсіз Ақпейіл – 9-сынып
2. Ақынғали Анар – 9-сынып
3. Қабижан Балауса – 8-сынып
4. Марат Аружан – 10-сынып
5 Əтай Дінмұхамет – 7-сынып
6. Сейтбек Əмина – 7-сынып
7. Сатыбалды Əмина – 8-сынып
8. Төлеу Гүлнұр – 9-сынып
9. Батырхан Аида – 10-сынып
10. Тұралы Айшуақ – 6-сынып
madeniportal.kz