Салтанат Жамбылова: «Ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың мұрасын насихаттаудан еш жалықпаймыз»

ӘДЕБИЕТ
3078

«Ғасырға жуық ұзақ ғұмырында ол екі дәуірдің, көптеген әлеуметтік дүмпулердің куәсі болды, өмірдің ауыртпалығы мен тіршілік қуаныштарын да бір кісідей бастан кешірді, кедеймін деп мойыған жоқ, болдым-толдым деп тасыған жоқ. Жағымпаздық пен өтіріктің құнын жақсы білген Жамбыл ешқашан байлыққа да бас иіп көрген емес. Басқаның қасіретін терең қабылдап, зұлымдықпен де аяусыз күресті. Ақындар айтысында оған ешкім тең келе алған жоқ. Жамбылдың домбырасы – Жетісудың жан-жүрегі мен айдай ақиқаты еді. Ол өзінің көп достары мен туыстарының қазасын көрді, кешегі соғыс қасіреті жүрегін тілгіледі. Тек алмастай айбарлы сөз ғана онымен өмір көшінің соңына дейін бірге болды, мәңгі өлмес топырағы ғана оны бауырына басып, алыстарға бастай берді». 

Әбіш Кекілбаев

Бір ғасыр өмір сүріп, қазақ жырының даңқын асқақтатқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жаны тыныштық тапқан жері – Алматы қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылы. Ақынның атымен аталған бұл ауылда дара тұлғаның құрметіне ашылған музей бар. Бұл киелі мекенге еліміздің әр аймағынан, тіпті шет мемлекеттерден де келіп, тірісінде-ақ аты аңызға айналған Жамбылды танып-білуге ниет білдіретіндердің қатары бүгінде өте көп. Жамбыл Жабаевтың ғұмырнамасын, шығармашылығын бүгінгі өскелең және келешек ұрпаққа жеткізу, жастардың бойында ата-баба тарихына, қазақ халқының салт дәстүріне, әдет-ғұрпына қызығушылық сезімін ояту, оларды музейдің тұрақты келушісіне айналдыру мақсатында Жамбылдың әдеби-мемориалды музейінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп, көрнекті жобалар жүзеге асырылуда. Осы тұста музейдің тыныс-тіршілігінен жақынырақ хабардар болу үшін Жамбыл музейінің жетекшісі, Жамбыл Жабаевтың туған немересі Жамбылова Салтанат Тезекбайқызымен сұхбаттасудың реті келді. 

- Жамбыл атамыздың көзі тірісінде тұрған үйі бүгінде музейге айналып, үлкен мәдени жәдігерімізге айналғаны хақ. Музейдің құрылу тарихы, құрылымы туралы толығарақ айтып өтсеңіз.

- 1938 жылы Жәкеңнің шығармашылық еңбегінің 75 жылдығы тойланды. Осы мерейтойға байланысты атамызға он екі бөлмелі тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақын өмірден өткен соң тұрған үйі, Қазақстан үкіметінің шешімімен 1946 жылдың 8 шілдесінде, өмірінің соңғы жылдары (1938-1945) өзі тұрған үйінде ашылды. 1947 жылдың мамыр айынан бастап, музей ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын ғылыми орталық болып халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музейде 12 бөлме бар. Бұл бөлмелердің әр қайсысы ақын өмірінің кезең-кезеңінен мағлұмат береді. Ондағы жәдігерлер амбыл атамыздың өмірге келгенінен бастап, өмірден өткенге дейінгі 100 жылдық өмір тарихын баяндайтын шежіре деуге болады. Музей экспозициясы соңғы 30 жылда ірі-ірі үш рет жаңартудан өтті. (1983-1996-2011) соңғы жаңарту кезінде музей жәдігерлері тұратын ветриналар қазіргі талапқа сай жаңартылды. Ақынның 150 жылдық мерей тойы қарсаңында Қазақстан Үкіметінің шешімімен бұрынғы музей үйіне жапсарланып үлкен мәжіліс залы салынды. Ғимараттың сыртында ақынның кесенесі мен гараж орын алады. Гараждың ішінде ақынның автокөлігі де сақталған.

Кесенесі туралы мына бір жайды айтпай кетуге болмайды. Жәкең өмірден өтерде өзі өсиет етіп, сүйегін ата-бабалар жатқан қабірстанға емес, өзі тұрған үйінің іргесіндегі алма бағына жерлеуді аманат етеді. Ақынның осы өтініші орындалып, сүйегі жалпы қорымнан бөлек, өзі өсиет еткен алма бағының ортасына жерленеді. Мүрдесінің басына 1946 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойының қарсаңында, үлкен, биіктігі 18 метрлік ерекше шығыстық архитектура үлгісімен (кесененің жобасын жасаған Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев, архитекторы сол кездегі Алматы қаласының бас архитекторы болып істеген Белоцерковский болған) кесене (мавзолей) салынады. Кесенеге аракідік күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. 1971 жылы ақ мәрмәрмен қапталса, 1983 жылы күмбезі тағы да 4 метрге биіктетіліп, сән салтанаты арта түсті. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Иран елінен келген арнайы алдырылған ою-өрнекті плиткалармен көмкеріліп, кесене алдына, өмірде өзіне желеп-жебеуші болған қызыл жолбарыстың мүсіні орнатылды.

Мұражайдың тағы бір құнды жәдігерлерінің бірі – ақынның автокөлігі. М-1 МК маркалы автокөлік бүгінгі күні оталатын жағдайда. 2008 жылы толық жөндеуден өткен.

Ақын үйіне кіре салысымен көзімізге Жәкеңнің көзі тірісіндегі жабдықталған үй жиһаздары түседі. Өз қолымен ұстаған, пайдаланған жеке заттары тағы бар. Бұл бөлмелер кіре берістен бастап үйдің сол қанатын алып жатқан алты бөлмені қамтиды. 

Ұлы ақын бұл зәулім үйде кіші баласы Тезекбай мен оның отбасысымен тұрған. Толық мемлекет қамқорлығында болғандықтан, өлеңдерін қағазға түсірумен айналысатын әдеби хатшылары, көлік жүргізуші, аспазшысы және жеке дәрігері болған. Әдеби хатшылары болып Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қапан Сатыбалдин сияқты қазақтың белгілі ақын жазушылары тағайындалған. Бұл қызметшілер үйге келіп қызмет атқарған. 

Бірінші ескерткіш бөлме – қонақ бөлмесі. Ақынның көзі тірісінде бұл дастархан басында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, К.Бәйсейітова, Д.Нүрпейісова сияқты елімізге танымал мәдениет, әдебиет, қоғам қайраткерлерімен бірге сол кезде Қазақстанды басқарып отырған мемлекет басшылары және ақын талантына бас иген өзге де кісілер болып, ұлы ақынмен тілдесіп әңгімелесетін болған. 

Екінші ескерткіш бөлме – медициналық кабинет. Бұл бөлменің қабырғасынан ақынның дәрігері Рақымбай Досымбеков пен ақынның фотосуретін көре аласыз.

Келесі бөлме – жатын бөлме. Ақынның ұстаған таяғы, бөркі, жуынатын құралдары, кебісі мен мәсісі көзге бірден түсетін бұл бөлмеде әлі күнге дейін ақын тұратын сияқты. 1945 жылы 22 маусымда таңғы сағат 7.55-те ақын қайтыс болады. Сол мезетте тоқтап қалған сағаты да осы бөлмеде. 1937 жылы ақын Шото Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына барған сапарында Тайыр Жароков сыйға әперген таяғы бар. 1936 жылы КасПи-дің студенттері сыйлаған домбырасы. 

Төртінші бөлме – жұмыс кабинеті. Сол жақтағы бұрышта СИ маркалы радиоқабылдағыш, қабырғада 1938 жылы сыйланған Амангелді батыр бейнеленген кілем бар. 1943 жылы орнатылған телефон мен кітап сөресіндегі кітаптар да көзге бірден түседі. 

Бесінші бөлме – қонақ бөлмесі. Бұл жерде сол кездегі үш ашпалы айна мен жалғыз төсек орналасқан. Бұл бөлмеде ақынның әдеби хатшылары кезекпен келгенде демалған.

Соңғы ескерткіш бөлме – шағын асхана. Немере, келін балаларының қымыз ішкен, шәй ішкен бөлмесі. Ақынның көзі тірісіндегі зат – өзбек қызы Исмайлованың сыйы. 17 жасында сыйлаған портрет мулене жібімен тоқылған, құнды еңбек. Үйдің ортасындағы ас үй – кезінде қазақ қонақжайлылығының куәгері болғаны анық. А.Толстой, Л.Соболев, Әуезов, П.Тычина, Байсейітова, Б.Келлер, С.Эйзенштейн, Ә.Қастеев және т.б. қайраткерлер әр жылдары, әр кезде осында болып, ұлы ақынмен тілдесіп, әңгімелескен.

Мұражайда 12 адам қызмет істейді. Мұражайдың ғылыми қызметкерлері келушілерге экскурсия жүргізіп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық кештер өткізіп тұрады. Жыл сайын, Жамбылдың туған күнінде, 28 ақпанда, мерекелік салтанатты жиналыстар өткізіліп, оған облыс басшылары, республикаға танымал ақын-жазушылар, мәдениет-әдебиет өкілдері, ғалымдар қатысады.

Музейге келушілердің қолтаңба қалдыратын арнайы кітабында небір саңлақ саяхатшылардың, асқақ дарын иелерінің, еліміздің шартарабынан келген қарапайым адамдардың ықылас-лебізі сақтаулы. Солардың ішінде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Еңсесі биік ел боламыз десек, халық даналарын, өз тарихымызды қадірлей білуіміз керек. Жамбыл бабамыздың аруағы қазақ елін қолдап жүрсін» деген сөздері бәрімізге айтылар сөздің тиянағы деп ұғамыз. 

Мұражайдың іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағы бар. 

1996 жылы музейге жанамалай конференц зал салынып іске қосылды. Бұл конференц залдың алғашқы іргетасын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, елбасы Н.Ә. Назарбаев қалады.

Музейдегі Мәскеу онкүндігіне арналған экспозицияда Жамбылдың С.Мұқановпен, К.Байсейітовамен, Т.Жароковпен және колхозшылармен, мемлекет қайраткерлерімен кездесулерінен фотосуреттер қойылған. Жамбылдың Қазақ КСР-інің 1-шақырылған Жоғары Кеңесінің депутаты, Кеңестердің бүкілқазақстандық төтенше 10-съезінің делегаты болғандығына толтырылған мандаттар, ақынның ең алғашқы наградасы – Еңбек Қызыл Ту ордені, М.Соловьевтің «М.И. Калинин Жамбылға орден тапсырып тұр» деген картинасы да осында тұр. Мәскеудегі онкүндікке қатысушылармен бірге Жамбылды бүкіл ел қошаметпен қарсы алды. 1936 жылы мамырдың 17-нен 23-не дейінгі аралықта өткен онкүндікте Жамбылдың қолма-қол төгіп шығарған толғаулары елге күнбе-күн тарап жатты. 

1937 жылы желтоқсанда Жамбыл әуелі Мәскеуге, сол жақтан Тбилисиге, Шота Руставелидің жұртқа белгілі «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығын тойлауға арналған КСРО Жазушылар одағы басқармасының пленумына барған сапары топ-топ жыр болып, «Кавказға саяхат» деген кітабына кірді. 

Ақын 1938 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісі өлеңмен ашылды. Оны ашқан да «20 ғасырдың Гомері» Жамбыл Жабаев еді. Музейдегі Жамбылдың шығармашылық қызметінің 75 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі бөлімде елдің түкпір-түкпірінен және көптеген шет елдерден «халық поэзиясының ақсақалына» жіберілген құттықтау жеделхаттар мен хаттардың фотокөшірмелері, сондай-ақ, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы оны Ленин орденімен наградтағаны туралы 1938 жылы 19 маусымдағы Жарлығы, той иесіне тапсырылған адресаттар, фотоальбомдар, сый-сияпаттар қойылған. Көркем әдебиетті дамытудағы аса көрнекті табыстары мен жетістіктері үшін марапатталған 52 ақын-жазушының ішінде Жамбылдың «Құрмет Белгісі» орденімен наградталғаны туралы 1939 жылғы 31 қаңтардағы жарлықтың фотокөшірмесі де, 1941 жылдың наурызында берілген Мемлекеттік сыйлық лауреатының дипломы да осы тұсқа қойылған.

Музейдің Отанды қорғауға арналған бөлімінде «Ленинградтық өренім» өлеңі, оның отты жылдардағы жеңіске жұмылдырған поэтикалық қуаты, плакаттар, бұған қоса қарт Жамбылға алғыс сезіміне тола жазылған майданда жүрген жауынгерлердің сарғайған хаттары да тұр. Ақын есіміне деген сый-құрметтің белгісі ретінде Ленинградтың 250 жылдығына арналған медаль да осында қойылған. Бұл медаль 1959 жылы Жамбыл музейіне жіберілген. 1942 жылы 1 маусымда «Правда» газеті: «Рақмет, қымбатты ақын, бізді қуантқаныңыз үшін сізге жауынгерлік қызылармиялық рахметімізді айтамыз. Бәріміз де сіздің жырларыңызды жатқа білеміз» деп жазды. 

Жамбылдың ұлы Алғадай 1943 жылы 22 ақпанда Синельников қаласының түбінде ерлікпен қаза тапты. Жамбыл бұл қазаға қатты қайғырды. Ақынның шері «Алғадай туралы ой» деген жоқтау жырға айналды. Жамбылдың Ұлы Отан соғысы кезінде шығарған жырлары қазақтың ұлттық патриотизмінің тамаша тарихи ескерткіштері. Олардың өзі «Соғыс жырлары» деген тұтас бір жинаққа айналды. Ол қазір музейде сақтаулы. 

Келесі бөлмеге Жамбыл мұрасын зерттеуші, жамбылтанушылардың шығармалары қойылған. М.Әуезов, Мұқанов, С.Садырбаев бұл салада үлкен еңбек сіңірді. Музейде Жамбылдың ізбасарларынан К.Әзірбаевтың, Ү.Кәрібаевтің, Н.Байғаниннің, И.Байзақовтың, Жамбылдың немересі – ақын Әлімқұл Жамбыловтың және басқа да көптеген белгілі көркем сөз шеберлерінің бейнелері тұр. 

- Мәдени туризмді дамыту аясында музейге ішкі және сыртқы туристер легін арттыруға бағытталған қандай жұмыстар жасалынып жатыр? 

- Мәдени туризмді дамыту аясында музейге келушілер санын арттыру бойынша жыл басында арнайы жұмыс жоспары құрылады. Сол бойынша жыл соңына дейін әр түрлі бағыттағы жұмыстар атқарылып жатыр. Жамбыл ауданында орналасып, Жамбыл атамыздың өзі тұрған үйі болғандықтан Алматы облысы бойынша қасиетті қара шаңырақтардың бірі – осы музей. Музей қорындағы Жамбыл атамыздың өзі қолданған заттарын, үйдің артында бабамыздың орналасқан кесенесін, территорияның кеңдігін өз көзімен көріп, табиғаттың әсемдігі әрі ауаның тазалығын сезіну үшін музейге келетіндердің саны жыл сайын артпаса, кеміген емес. Бүгінде музей тек ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту мекемесі ғана емес, ол – ұлттың ұлт екенін айғақтайтын ерекше мәнді киелі мекен болғандықтан, музейге келген әр келушінің рухани қажеттілігін өтеу үшін ғимараттың ішіне ғана емес, сыртқы алаңын өз қалпында сақтап тұру, көгалдандыру үшін үнемі шаруашылық жұмыстарын да атқарып отырамыз. Себебі, әр келушінің назары бірінші кіре беріске түсетіні анық.

- Туристік бизнес, білім беру орындары, БАҚ өкілдерімен музей арасындағы әріптестіктің белсенділігі қандай?

- Ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың соңында қалдырған мол мұрасын насихаттаудан еш жалықпаймыз. Музейге қызығушылық танытатын адамдар көп болғасын, мекемелермен тікелей жұмыс жасалынады. Жақын күндері музей қызметкерлері шетелдік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қырғызстан Республикасында өткен Жамбыл атамызға арналған кітаптың тұсаукесеріне арнайы қатысты. Республика бойынша Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Қызылорда қалаларындағы музейлерде Жамбыл атамыздың жеке заттары апарылып, өмірбаяны мен шығармашылығы жан-жақты насихатталды. Ауқымды жұмыстар жүргізілгендіктен үнемі жергілікті және қалалық БАҚ өкілдері қызығушылық танытып, жиі кері байланыс орнатып, тұрақты түрде келіп отырады.

- Музей коллекциясын сандық жүйеге айналдыру, электронды ақпарат жинау барысында атқарылып жатқан жұмыстар легі қандай? 

- Музейдегі экспонаттар сандық жүйеге келтіріліп, толықтай жинақталды. Бүгінде электронды каталог жұмыс жасайды. Кейіннен қосылған экспонаттарды да электронды ақпаратқа тіркеп, қолданысқа енгіздік. 

- Музейдегі жәдігерлер қаншалықты жаңартылып отырады? 

- Қазіргі таңда музейдегі жәдігерлердің жалпы саны – 3000-нан асады. Оның 2000-нан астамы негізгі қорда болса, қалғаны ғылыми қосалқы қорда. Жамбыл музейінің қоры өте бай. Жамбыл атамыздың жеке заттары, киген киімдері, тұрмыстық бұйымдары, көзі тірісіндегі қолжазбалары, арнайы үкімет тарапынан, шетелдік азаматтардан сыйланған сыйлықтары... Одан бөлек музейдің қорын толықтыру мақсатында өзі тұрған Жамбыл ауылы және көрші ауылдарда экспедициялық іздестіру жұмыстарын жүргізіп, үй-үйді аралап сол кездегі құнды жәдігерлерді сұрастырып, іздеп, тіркеудеміз. Ғылыми-зерттеу және жинау, ғылыми қор жұмысы, ғылыми-экспозиция жұмысы, көпшілік ағарту жұмыстарын атқарып келген мұражай қызметкері жылына екі мыңнан астам келушілерден басқа, шетелден келген қонақтарды қарсы алады. 

- Жамбыл атамыздың 175 жылдық мерейтойына орай мемлекет тарапынан музеймен бірлескен қандай жобалар іске асырылды?

- Жамбыл атамыздың мерейтойы аясында үстіміздегі жылдың ақпан айында мемлекеттік деңгейде тойланған шарада Нұр-Сұлтан қаласының Салтанат сарайында үлкен көрме ұйымдастырдық. Ол жерде үкімет басшылары, облыс, аудан әкімдерінің назарына музейдегі Жамбыл атамыздың жеке заттары мен картиналары ұсынылды. Жылдағы дәстүрмен әр жылдың 28 ақпанында осы ауылда Жамбыл атамыздың туған күнін кең көлемде атап өтіп, әр түрлі кітаптардың, ғылыми зерттеулердің, жинақтардың тұсауын кесетінбіз. Өкінішке қарай, еліміздегі карантинге байланысты былтырдан бері бұл шаралар уақытша тоқтатылды.

- Далалық мәдениеттің дарабозы атанған Жамбыл атамыздың ұрпақтарымен музей келушілер арасында кездесулер ұйымдастырылады ма? 

- Ақынның көзі тірісінде бұл шаңырақтан қонақ үзілмеуші еді. Есмағамбет Исмайловтың естеліктерінде: «Екі ақын (Нүрпейіс пен Жамбыл) Алматыда, онан кейін Жамбылдың үйінде әр мезгіл бірге, ұзақ уақыттар отырып кеңесіп, іштегі бар шерлерін ақтарғандай, өздерінің жастық кезіндегі бастарынан кешкен кейбір қызық әңгімелерін де еске түсіріп көңілдерін жадырата сырласатын» делінген. Осы және көптеген ақын-жазушылардың естеліктерінен Жамбыл ақынның үйі – ақындар мен басқа да өнер адамдарының сырласатын, қызықты да көңілді әңгімелердің айтылатын орда болғаны анық. Ақын мен оның отбасы мүшелері өте қонақжай еді. Үйге қонақ келеді дегенді естіген ақын жасы мен мәртебесіне қарамай, сол қонақты тағатсыздана сыртта күтіп тұратын кезі де болған. Бұл шаңырақтан дәм татып, Ұлы ақыннан бата алуға, рухани үндестікті жалғауға, ақынның өнеріне табынуға келген жанның саны қаншама еді. Тіпті сұрапыл соғыс кезінде Кеңес Одағының батырлары М.Ғабдуллин мен Б.Момышұлы да киелі шаңырақта ақынның сыйлы қонақтары болған. Жамбыл баба өз батасын беріп, өлең-жырымен әр солдат, әр майдангерге күш-қуат беріп, үміттерін жалғаудан шаршаған емес. 

Музей әкімшілігі Жамбыл атаның ұрпақтарымен тікелей байланыстамыз. Себебі өзім Жамбыл атамыздың кіші ұлынан тараған тікелей немересімін. Атамның әр затын көзімнің қарашығындай сақтап, ғұмыры мен еңбек жолын үнемі насихаттаудамын. Сондай-ақ, осы ауылда тағы да басқа немерелері тұрады. Олар да музеймен тікелей жұмыс жасап, атамыздың мұрасын қорғап, құрмет көрсетеді. Атамыздың көзін көрген асыл қарияларымыз бар. Олардың ауыздарынан тың деректерді естіп, үнемі өзімізге түртіп, кездесу ұйымдастырып отырамыз. 

Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиетінде ойып алатын орны бар екенін біз, бойында қазақтың қаны бар азаматтар, ұмытқан жоқпыз. Оған күллі халықтың ақын аруағына бас иіп келуінен, ақынның өлеңдеріне сұраныс танытқанынан байқаймыз. Кезінде Чили ақыны Муньос Эспиноса Диего «Суырып салма ұлы ақын Жамбылға бас иіп құрмет тұтамын. Оның бауырластары – суырып салма ақындар біздің елімізде де бар. Мен ешқашан да Жамбылдың үйінде болып, құрметке бөленем деп ойламаған едім. Ұлы ақын жырларын испан тілінде оқып, танысқаннан соң оның туған жерінде, үйінде болсам деген арман менің жүрегіме ұялап, шықпай қойды. Сол арманым бүгін жүзеге асқанын өзіме мақтаныш етемін» деген екен. Бұл бір ғана шетел азаматының пікірі. Сол заманда мұндай ерекше ілтипатқа ие болып, ақын үйінің жылулығы мен тартымдылығын сезген адам қаншама. 

Қазақтың басқа халықтардан ерекшелігі оның қонақжайлылығында. Сол қасиетті бойымызға сіңіріп өскендіктен, меймандарды күту мен ұлылықты дәріптеуден еш жалыққан емеспіз, жалықпаймыз да…


Сұхбаттасқан: Гүлім Көпбайқызы 

author

Жамбыл Жабаев

АЙТЫСКЕР

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...