Қазіргі қазақ драматургиясы – қазақтың XX ғасырдағы классикалық әдебиеті дамуының заңды жалғас...
Заман Төлеуов. Шаштараз бен диірменші (әңгіме)
4216
Бүгін әйелім көңілді келді. Сырт киімін асығыс шешіп, жедел айна алдына барып сыланып-тарана бастады. Мынадай оқыс мінезіне таңырқап, сірә бір жаққа қонаққа баратын шығармыз деген әуестікпен:
– Қайда жиналдың? – дедім. Ол көзін төңкере қарап, шашын сілки, ерекелей жымиды.
– Көз қайда? Мына кереметті қалай көрмей тұрсың?
– Мойныңдағы алқа, құлағыңдағы сырға да сол қалпы... Нені айтып тұрсың, жаным?
– Шашты қарасай, қалай керім етіп жатқызған! Бүгін, Түркиядан келген бір шаштаразға барғам. Құрбы қыздар кеңес берген соң... Расында, он саусағынан өнер тамған шебер екен! Сен де барсайшы.
– Әйелдердің шаштаразына барғаным ұят болар?
– Нағыз шебер – әйел-еркек деп бөлмейді. Сосын, тым жоғары ақы алмайды екен.
Бәрінен осынысы ұнады. Содан құдайдың бір сәті түскен күні барармын деп, әйеліме уәде бердім. Өз ойымша, шаш алу деген аса мехнатты жұмыс емес сияқты. Осы таяу маңдағы шаштаразда істейтін – қазақтың қара домалағы ешкімге күнімді түсірмей, шашымды өзі қырқып-шалып реттеп беріп жүр. Ал, сонау Түркиядан келіп, қазақтардың шашын алып жүрген түрік жігітіне қайран қалдым. Елінде шашы өскен кісі қалмаған соң, осында келген-ау шамасы деп топшыладым. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетіпті. Қызметіме кетіп бара жатып, айнаға жалт қарасам, шашым қобырап, түрімді бұзып тұр екен. Әп бәсе, бұның да уақыты жеткен екен, қайда барсам екен? Әбден бауыр басқан қазағыма ма? Әлде, ит арқасы қияннан келген түрік жігітіне ме? Әлденеге, сол қасқаға саңым ауды. Мамандығым – жорналшы болған соң, соны материалға талғажау табылып қалар деген дәме де емексітіп еді.
Мойныма алжапқышын жауып, қымтап болған соң, алдыма кілең мұрынды жігіттердің фотоларын тосты. Көзім алақтап, әрбірін бір қарап шықтым да:
– Қарағым, танауы менікі секілді тәмпіштеуі жоқ па? Мыналарың тым сұрапыл екен!
– Ағасы, сізге танау емес, шаш үлгісін таңдасын деп ұсындым.
– Бұны бірі маған келіспейтін сияқты... өзің амалдап көрсей...
– Мақұл, – деп шашатараз жігіт мені ары-бері айнала қарап алды да қайшысын жалаңдата кірісіп кетті. – Әңгіме айта отырыңыз ағасы... мені қайдан таптыңыз?
– Келіншегім кеңес берген... Түркиядан келген керемет шебер деп... Ол жақта шашын алатын адам қалмады ма?
– Ой ағасы, қылжақбас екенсіз! Сонау екі мыңыншы жылдары шақыртумен келгем.
– Қазақ десе өзіме тиеді! Құрылысшы шақыртып Астананы салдық. Ал, шаштараз шақыртқан деген миға қонбайды екен! Айтпақшы, кім шақырды? Өкімет пе?
– Жоға... осындағы қалталылар. Стамбулдағы мен істейген салонның қожайыны: «Балам, сен – бұл кәсіптің майын әбден іштің. Қазақстан жақтан нағыз шеберлерге шақырту жіберіп жатқан көрінеді. Барып, бағыңды сына» деді бір күні.
– Ә, солай десейші... сонымен?
– Ағасы, сенсеңіз, мен осы кәсіпке бес-алты жасымнан үйір болдым. Әкем мүгедек болып, оған – сол өзі сияқты аздап кемтарлығы бар бір қызды қосады. Сол екеуінен дендері құлан таза ұл мен қыз туыппыз. Әкем етікші. Ал, оның ағасы шашатараз болып істейтін-ді. Сабақтан келген соң, сол ағамыздың шаштаразынан шықпайтынмын. Бастапқыда еден сыпырып, одан бойым өсе келе –шаш ала бастадым. Жасыратын түгі жоқ. Өте кедей тұрдық. Менің арманым – өзіміз тұрған таркепеден құтылып, әке-шешеме әйдік үй салып беріп, қарындасымды тұрмысқа жақсылап жөнелту еді. Сол арманмен Стамбулға аттандым. Салонға жұмысқа тұру үшін арнайы курсты тәмамдадым. Қолыма түскен тиын-тебенді ата-анама апарып бердім. Олардың қарындарын ашырғам жоқ. Ал, өзім салондағы беретін бір шыныаяқ шәй мен бір құты сүтті қорек еттім. Мүмкін, үйдегі туыстарым ойлайтын шығар, мен – аузымнан жырып емес, ішкен-жегенімнен артылғанымды апарып жүрген шығар деп...
– Ту-у, кедейшілік сіздер де бар екен-ау?
– Бес саусақ бірдей емес дейді ғой. Ол бір өткен тұрмыс қой... қазір оларды кедейшілік көрді деп ешкім ойламайды. Сол тұрған ауылымыздағы ең бір көрікті үй – солардікі. Осы жаққа келіп, тынбай еңбек етіп, өзімнен үнемдегенім арқылы алдыма қойған мақсатыма қол жеткіздім.
– Бәрекелді! Мына ісің – біздің жастарға да үлгі болатын амал екен! Келін бар ма?
– Келінді кешірек түсірдім. Жұмыс-жұмыс деп уақыттың өтіп кеткенін аңғармаппын. Оны да әкем қузамаса – жүре берер ме едім...
– Біздің қыздың біреуі емес пе?
– Жоға, әкемнің таңдаған қызына үйлендім.
– Өз бас еркің жоқ па? Мұның қызық екен? Біздің ұл мен қыздар «егемендік» алып кеткелі қашан!
– Сіздерді білмедім... бізде, әке сөзі – заң! Кішкентай ұлым бар. Балабақшаға баруы тиіс. Бұнда үш тілде сөйлеуің керек екен... Қайда апарарымды білмей басым қатты. Ол, ауладағы балалармен ойнап, қазақшаға жетік боп алды. Үйде түрікше сөйлесеміз. Әйелім – не қазақша, не орысша білмейді. Әсіресе, соған қиын болды. Араласатын адамы жоқ.
– Меніңше, қазақшаға бер... Түйсігі де дұрыс боп қалыптасады. Кейін орыс пен ағылшынды керек болса, өзі-ақ игеріп алады.
– Бұныңыз дұрыс ақыл екен! Бірақ, түйсік дегеніңізді толық түсіне алмадым?
– Басымнан өткен соң айтып отырмын да... балаларым орыс балабақшасына барып, орыс мектебін бітірген. Не қазақ, не орыс емес – дүбара! Мен де кезінде орыс мектебінде оқып, артынан әке-шешемнің «тәрбие-таяғы» арқасында қайта қазақ болған сыңайлымын.
– Көп тіл білген жақсы ма деп жүрсем?
– Тіл білгеннің зияны жоқ. Тек, ділге зияны тимесе ғана. Орысша оқыса, сауатты, өткір азамат боп өседі деген алдамшы желеумен – бірнеше ұрпақтың обалына қалдық! Қазақ екенін өзі мойындағысы келмейтін, орыс болғысы келсе, орыс қабылдамайтын толқын өсті.
– Баламды қазақшаға берсем, қазақ болып кетпей ме?
– Үйдегі тәрбиеңе байланысты. Өзара қазақша сөйлсеңдер, әрине танауы қоңқиған қазақ өсіп шығады!
– Айтады екенсіз! Үйде тек түрікше сөйлесеміз.
– Міне, баланың тілі қай тілде шықса, сол тіл оның ана тіліне айналады.
– Қаперде сақтайтын жәйт екен...
– Ел жаққа барып тұрасың ба?
– Әрине. Туған жерге ештеңе жетпейді ғой, ағасы! Менімен бірге бастаған осындағы қыз-жігіттер баяғыда өздері салон ашып, пәтерден пәтер тұрғызып жағдайларын жасап алды. Мен, сол шабадан үстінде отырумен келемін. Бір күні елге оралуым тиіс деп. Әке-шешемнің де жасы кеп қалды. Мына салон да, тұрып жатқан пәтер де жалдамалы.
– Рас айтасың, бауырым! Тегі, жақсы адамның ешкімге жаттығы жоқ деген.
– Қалай, қазақ жұрты ұнады ма?
– Ұнамаса осы күнге дейін жүрер ме едім? Маған ғана шашын алдыратын сандаған кісілерім бар. Кеткім келген кезде соларды қимаймын. Алғаш қиналып жүргенімде , қазақтың атымтай жомарт ағалары мен тәтелері қатты қолдады. Тіпті, туыстасып кеттік десем де болады. Кей күндері, мен – арнайы шақыртумен сондай құрметті адамдардың үйіне барып, қызмет көрсетем. Егер таппай қалып жүрсеңіз, алаңдамаңыз...
– «VIP – клиенттер» деші!..
– Солай десе де болар...
* * *
Мына шаштараз жігіт мақтаса, мақтағанадай екен. Бес-он жасқа жасарып қалған сияқтымын. «Бөріні аяғы асырайды» демекші, түрік жігіті туралы мақала көлбеңдеп, нобайы елестей бастады. Кеңсеге кірген бетте жазу столыма жалп ете түстім. Әріптес қыз-жігіттер мені шыр айнала қоршап алды. Таңдайларын тақ-тақ қағысып, ерекше жылмиған менің ұсқыныма шектерін тарта қарасады.
– Біздің ағатай, жеңгеміздің көзіне шөп салуға ниеттенген секілді? – деп қыздың
бірі қағытып өтті. Оған қосанжарлай ұлдың бірі: – Ағамыздың жағасы жайлау, жүрегі дария, мынадай келбеттің алдында қандай сұлудың тізесі дірілдемесін?! – деп қойды. Бұлардың тым шектен шығып бара жатқанын жаратпай:
– Арандатамыз деп арамтер болмай-ақ қойыңдар! Осыған ұрындырып жүрген – сол
жеңгелеріңнің өзі! – деп тойтарыс бердім. Мені келеке қылып, бір күліспек болған далбастары быт-шыт болып, әркім өз шаруасына қайта оралды.
* * *
Осыдан отыз жылдай бұрынғы бір жағдайдың құйрығы бұлаң етіп, есіме оралды. Аудандық газетте істеп жүргенмін. Редактор осындағы кәсіпкерлер жайлы мақала жазу керек деп тапсырма берген-ді. Саусақпен санарлық төрт-бес пысық ағайынды жаза-жаза әбден жалықтық. Олар да қайта-қайта газетке шыға бергеннен мезі болған сыңайлы. Ымыраңды білсе, жүре сөйлесіп, қаша жөнеледі. Бірдеме дәм етеді деп ойлайтын да шығар. Алып империя құлап, әке-шешеден айырылып, жетім қалғандай – жаутаңдаған бір сорлы кез еді, ол. Айлықтың орнына ұн, кеспе тағы сол сияқты нәрселерді береді. «Айлығымды » алатын мезгіл боп қалған. Бұғалтір әйел: – Осындағы түріктің диірменінен барып, бір қап ұн алыңыз, – деп тілдей қағазды ұстатты қолыма. Сол маңда жүрген редактор да: «Бос қайтпай, сұхбат ала сал» деп қосымша жүк артты.
* * *
Ахмед бей, отыздан енді асқан жігіт екен. Қазақшаға жатық көрінді. Газеттен екенімді білген соң, диірмен орналасқан ғимаратты аралатып, таныстырды. Бұл жерде – кеңес кезінде «быткомбинат» (тұрмыстық бұйымдар өндіретін комбинат) болған-ды. Аласапыран шақ алас ұрып тұрған тұста – бір кездегі қазынаның дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. Адам айтқысыз талан-тараж аяқ алды. Сырттан келіп шапқан жау – бүйтіп сірә, бүлдірмес пе еді?.. Ахмед бей әңгімешіл жігіт екен. Кеңсесіне шай алдырып, екеуміз біраз дидарластық.
– Қазақ үшін өмірімде екі қабат жыладым, – деп ол сөз арасында мені күпті қып қойды. «Неге жыладың?» деуге дәтім бармады. Нәсілі, салмақты себеп болған тәрізденді. Керек болса өзі айтар деп, байсалдылық таныттым.
– Жұмысшыларың кілең өзге ұлттан ғой, жергілікті жерден ешкімді көре алмадым?
– Е, оның өз сыры бар. О баста, ішім бұрып, кілең қазақ жігіттерін қасыма тарттым. Кейін байқасам, бұлар күнде сұранғыш екен. Біреуінің енесі қайтыс болса, келесі бірінің атасының туған күні. Әйтеуір, қырық сылтау. Жұмыс істейтін кісі қалмады бір күні. Сосын, бәрін босатып, қазаққа жоламауға мәжбүр болдым.
– Түркия дамыған мемлекет қой, бұнда қалай тап болдың?
– Ой, ол жатқан бір хикая! – деп Ахмед бей қарқ-қарқ күлді. Сосын артында қалған қараңғы жылдарға үңілгендей – бір ноқатқа қарап отырып қалды.
– Қазақ елі тәуелсіздік алды дегенді естігенде егіл-тегіл жылағаным есімнен кетпейді! Еңіреп отырған менің үстімнен түскен әкем жағасын ұстап: «Балам, қандай бақытсыздыққа душар болдық?!» деп шоши сұраған-ды. Себебін білген соң, «Ұлы Тұран елінің атақонысы ғой – қазақ жері. Біздің де түп-тамырымыз содан тарайды» деп елжіреген елшіл жүрегіме сүйсініп, менің басымнан сипаған-ды.
– Екінші рет неғып жыладың? – деп ойда-жоқта дүңк еткіздім. Ахмед бей тағы қарқылдай күлді.
– Оны кейінірек айтам... Үстімізге бала жетектеген жас әйел кірді. Тәмпіш танау, екі-үш жасар қыз бала бірдеңе деп былдырлап, сескенбестен, мұрны қоңқиған түріктің алдына қарғып шықты. Анау әлгі балақайдың бет-аузын жалап, әлпештеп, өліп-тіріліп жатыр. Бұл не «кәнсерт» дегендей келген келіншекке аңыра қарадым. Ол көзін тайдырып, басын сәл ие, сәлем берген ізет көрсетті де әлгі еркелеген балақайға: – Папаңның мазасын алма, жұмыс жасап отыр. Үлкен адамнан ұят болады! – деп мен жақты меңзеді. Балақай өз тілінде жауап қатып, анасының айтқанын екі етпей, жүгіріп есік көзіне барды. Сосын «сау болыңдар» деген ишара жасап, кішкентай қолын бұлғады.
Ахмед бей менің абыржыған түрімді көріп:
– Жұбайым мен қызым ғой... күніне бір қабат соғып кетеді. Үйге кешкісін жай келем. Мені күте-күте қызым ұйықтап қалады екен. Кейін осындай амал тапты.
– Күйеу бала болдың ғой!? Ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Не үшін?
– Қайдам... өзге ұлттан деп...
– Тегіміз ортақ, бір атаның баласы емеспіз бе. Әрине, алғашында көңілдері қолқылдады. Кейін, мына періштені алып барғанымда жадырап жазға айналды ғой!.. Шәй алыңыз...
– Шәйдан гөрі әңгімең дәмді екен! Содан қазақ деген жұртқа қалай жолықтың?
– А-а, тегі, менің мамандығым – архитектор. Анкара мен Стамбулда менің жобаммен салған бес-алты үй бар. Өзім ауқатты отбасынанмын.
– Түсінікті, осында келіп үй тұрғыздым де?..
– Жоға, үйге еш қатысы жоқ. Теңіз жағалауындағы бір демалыс орнынан екі-үш қазақ жігітін кездестірдім. «Қазақстан егемен ел болды» деп жүрегім алып ұшып жүрген кез еді. Туған бауырларымды тапқандай қатты қуандым. Шынымды айтсам, сол күнге дейін қазақ дегеннің қандай болатынын да білмеппін!
– Екінші рет қалай жылағаныңды айтпай отырғаныңа қарағанда – соларды білмей өткенің дұрыс па еді?..
– Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ, маңдайға жазылғаннан қашып құтыла алмайды екенсің.
Әлгі жігіттер жалаңдап тұрған – кілең іскер азамат секілді көрінді. Сөзден сөз шығып, елу миллион қойымыз бар, ірі-қараға да сан жоқ, мал терісі ит-ырғын, түбіт, шуда, жүн бекерге шашылып жатыр деп айтып қалды. Ондай болса, мен қаржы берейін, сендер жинаңдар деп қол алыстық. Біраз уақыт өткен соң, бардым. Обалы нешік, жинауын жинапты. Бірақ, тауарлық сапасы тым нашар. Құрттағаны құрттап, шірігені шіріп кетіпті. «Теріні неге тұздамадыңдар?» десем, «қалай әкелді, солай үйе бердік, өзің тұзда деп айтпадың ғой» деп мені кіналап шықты. Қойшы, қыруар ақшаны желге ұшырып, кері қайттым. Сонымен қоя салғанның орнына тағы бір шаруаға киліктім. Қазақстанда жарық өшіп, қараңғылықта қалды деген хабарды естіп, өзіме тиесілі бір ғимаратты сатып, тағы аттандым. Қырғыз жақтан электр желісін тартып, орталық жүйеге енді қосылғанда менің шаруамды әлдебір білектілер иемденіп кетті.
– Тартып алды ма? Рейдерлік жасаған ғой. Ондай әдіс бізде бар.
– Рейдер-срейдеріңді білмедім, шыққан шығыныңды қайтарғанға қуан деп арттан бір тепті. «Енді қайттім, қап!» деп шарасызданып жүргенімде жылмаңдаған тағы бір-екі қазақ жолыға кетті. Жағдайдың мәнісін барлаған соң, «еліңе қайтпай-ақ қой, бізбен бірге кәсіп қыл» деп өздеріне ертті. Содан осындамын...
Телефон шыр етті. Атан өгіздің ортан жілігіндей аппараттың ербиген мұртын ары-бері түзеп, Ахмед бей қызу сөйлесіп кетті. Не айтып жатқанын бір Құдайым білсін. Бірақ, аңғарғаным, ар жағындасысы – өзінен үлкен, силы адам. Ахмед бей – сүйегі ірі жігіт. Жалпы түріктерге сай: мұрынды, қара торы өңді, түкті келген. Арғы тегіміз бір деп мың қайталасаң да – бұған қазақты ұқсату күлкілі тәрізді. Кеңес кезіндегі мыйға сіңдіріп тастаған пиғылды орнымен ойып алып тастасаң да түрік десе – көз алдыңа орыс киноларындағы басына шалма ораған, қызыл-ала дамбалды, қайқы қылышты, аяғында жеңіліп қалатын ұсқынсыз жауынгерлер елестейді. Сол кездегі саясаттың көздегені – кезінде біртұтас жұрт болған қалың елдің арасына жік салып, бір-біріне жек көрініш тудыру еді. Олар ойлағандарына қол жеткізді де. Өзім Алматы түбіндегі шағын қалада өстім. Қазақ, орыс, әзірбайжан, грек тағысын тағы ағайындар аралас тұрдық. Бұлардың дені – сонау екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылып келген жұрт еді. Түркиямен іргелес аудандарды мекен еткен месхетиндік түріктерді Грузиядан көшіріп, жан-жаққа бытыратып жіберген көрінеді. Солардың бір ұшқыны мен тұрған қалаға да жетіпті. Олар құжатқа өздерін әзірбайжан деп көрсеткенімен – өзарасында түрікпіз дейтін. Қаладағы қазақ пен орыс теперішті солардан көрдік. Өздері онша көп те емес. Оншақты болып ұйымдасып жүреді. Жалғыз-жарым кездесіп қалсаң сабап, пышақтап кетуден тайынбайды. Би алаңында төбелестен жекпе-жек ұйымдастыруға құмар. Қазақ пен орыстың бұлар сияқты басы қосылмайды. Доңыз бен қой бірге жайылмайтын секілді – қосылатындай, тартып тұрған қаны бір болса жөні-ау! Реті келсе, бір-бірімен қиян-кескіге түседі. Қорыта келгенде бәрінің тізесі қазаққа қатты батты. Содан қаладағы оқып жүрген студент қазақ жастары бірігіп, бір түні көшедегі кездескен өзге порымды жұртты жабыла сабады. Талай адам пышаққа түсіп, талайы оңбай таяқ жеді. Осы бұзықтыққа серке болған бірнеше жас айдалып кетті. Қазақта: «Ер шекіспей, бітіспейді» деген ғой. Сол сұрапыл төбелестен соң, қала жастарының арасы мүлдем ашылып кетеді деген қауіп бекер болды. «Паша-Саша» деп керісінше туыстасып кетті. Ахмед бей сөйлесіп болғанша, осыдан отыз жыл бұрынғы болған әлгі ойранды киноша көріп үлгердім. Көлгірсудің қажеті шамалы. Содан бастап түріктерді жақсы көріп кеттім десем, жалғандық болар. Тек, санасуға, сыйласуға болатын жігіттері бар жұрт екенімізді танытқаныма іштей разымын. Ал, мына отырған түріктің пиғылы маған аса таң... «Кезінде түріктен жылаған қазақ едік, енді бұны қай қазақ жылатты екен?» деген сауал қайта түртпектеді.
– Әкем ғой, хал-жағдайымызды біліп, әсіресе немересін қайта-қайта сұрай береді.
– Танауына қарамай, қызың өжет екен!
– Ха-ха!.. Қатырасыз-ау, аға!.. Әңгіменің аяғы – әлгі екеудің сөзіне ұйып, мен осында келдім. Қаңырап тұрған мына ғимаратты жекшелендіріп, диірмен орнаттым. Ішінен азық-түлік дүкенін аштым. Шаруам дөңгеленіп жүріп кетті. Ішімнен қуанып жүрмін. Құдайға да, осында ертіп келген әлгі азаматтарға да рақметімді жаудырып. Кәсіпті ұлғайтпақ ой келді. Әлгі «достың» бірінің туысы аудан әкімінің орынбасары екен. Кірпіш зауытын салмақ болдық. Оған рұқсатты сол береді екен. «Маған жиырма пайызын бересің» деді ол, қағаздарды реттеп бола бергенде. Мақұл деп келісім бердім. Сөйтсем, ол табыстан жиырма пайызды ай сайын сұрап отыр екен. Бас тартуға тура келді. Жұмысшыға, салыққа және тағы басқа шығындарды есептеп көрсем, дамбалсыз қалатын түрім бар. Тексерулер басталды. Ақыр-аяғында сотқа шақырды.
– Не үшін? – деп еріксіз елең еттім.
– Айтсам сенбейсіз! Мына ғимаратты сатып алған иесі мен болғаныммен – оның салынған жерінің иесі басқа біреу боп шықты. Бұдан қырық жыл бұрын бой көтерген ғимаратты әркімге сата-сата, кейін келе үйін біреуге, астындағы жерін біреуге сатып жіберген көрінеді.
– Сот не деді?
– Сот ғимарат сенікі, заңды. Ал жері сенікі емес дейді. Мен түсіндіріп әлекпін. Егер осы жер болмаса, ғимаратты қайда салар едіңіз! Ауада тұрған жоқ қой, қалықтап! Сот айтады «Заң бойынша ғимарат – ауада қалықтап тұр».
– Мәссаған, безгелдек! Иә, ары не болды?
– Бір кештетіп қайтып келе жатқам. Бір топ сотқар әй-шәйсіз жабыла кетті. Бір-екеуін жамсатып үлгірдім. Көп адам бой береме... Таяқ жедім. Кетіп бара жатқан біреуі «Тиыш жүрмесең, бұдан да зорғысын көресің!» деп қорқытты. Үйіме кеп ап, ай жыламайсың ба! «Не жаздым, бұ қазақтарға?» деп!..
– Содан ғимаратты қайттің?
– Соттан сотқа шағынып жүріп, әділдікке қол жеткіздім.
– Не күлеріңді, не жыларыңды білмейді екенсің!? – деп өзім жағамды ұстадым. Сол тоқсаныншы жылдары күллі қоғам жабайыланып кетті ғой. Өзім де талай құқай көрдім. Сауда жасаймын деп бар малдан жұрдай болдым. Жол торыған қанішерлер қаптап кетті. Апырау, күні кеше ғана ауыз жаласқан жұрт едік, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегеннің кері басымызға түсті. Жүз, ру, жерлестік сияқты пәлекеттерді білмеуші едік. Күннен-күнге бұл дерт те үдеп барады. «Әй, Ахмед бей, осындай өзді-өзі қырық ру, қырық пышақ жұрттың арасында аман жүрген сен – мықты азамат екенсің!» деп оның жүзіне сүйсіне қарадым. «Шіркін-ай, Мұстафа Кемал Ататүрік сынды қазақта да ұл туып, іштен іруге айналған халқын біртұтас ұлт қылатын күнді көрер ме екем?!» деп арманға қалдым. Бұл ойымды оған айтуға намыстандым. Себебі, бұл – менің ішкі жарам, жанымды жеген қайғым еді...
* * *
Бір қызығы, сонау кездегі кешкен пәс көңіл-күйім әлі күнге аса сейіле қойған жоқ-ты. «Сыртымыз бүтін – ішіміз түтін» демекші, ұрандатумен осы күнге жеттік. Билікке мемлекетшілдер емес – жемқор-алаяқтар ие болып, асау өзенше арқыраған ақпарат ағыны: «жымқырды, қымқырды, құрықталды» деген құрыған сөздерге толып кетті. Қасиетті саналатын «қазына мүлкі» дегеннен қадыр кетіп, ұры-қары үймелейтін «шыбынқорыққа» айналды. Ары қарай ой жүгіртуге денең түршігеді. Сірә, сайтан – адам кейпіне кірген кезде, қазақтың бет-порымын таңдап алған тәрізді...
Сұрықсыз ойларды үркітпек болып, басымды бір сілкідім де Ахмед бейді тегін есіме алмаған шығармын деп, ел жақтағы бір досыма қоңырау шалдым. Түрік бауырымның бүйірлегенге шыдамай, баяғыда кетіп қалғанына сенімді едім. Алған жауабым таңқалдырды: «Өй, Ахмед бейдің мұртын балта шаппайды! Диірмені істеп тұр. Бірнеше сауда дүкені тағы бар. Осы өңірдегі атымтай жомарт!»
Ахмед бей қоймай жүріп қазақтың тілін тапты ма, әлде, елдікке бет алған халқымның ниеті түзу жолға ауды ма? Не де болса, бұл да – бір жақсылықтың нышаны. Ішім жылып, жан-жағыма жадырай қарадым. Көзімнен жалт-жұлт еткен отты байқап қалған әріптес жүгірмектің бірі: – Аға шабытына мінген тәрізді! Алдияр бабам қолдай гөр! – деп қутыңдады. «Енеңді ұрайын!» дегендей оған бір көз тастадым да расында, құйылып келіп жатқан жағымды ойлардың жетегіне еріп кеттім. Бірақ, төбемнен бір ызың кетер емес: «Ақбілектің күшімен, ақ найзаның ұшымен!» деп мақамдатады. Ұлан-ғайыр жерді ұрпағына сақтап қалған бабаларды мақтан еткенде – төбеміз көкті тірейді. Ал, сол көктен төмен үңілген бабалар рухы біздің мына тірлігімізге риза ма екен деген ой келді...
Астымнан су шыққандай атып тұрдым. Ойымды бұзған ана жүгірмекті сыбасам ба екен, әлде, оңды ой келмейтін шақша басымды сабасам ба екен деп аңырдым...