Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)

ӘДЕБИЕТ
2546

5 тарау

Басын мына жерден оқи аласыз

... Ғалам елең-алаңда түрегеліп, терезенің пердесін ысырып сыртқа үңілді. Қараңғылық сұйыла бастапты. Осы мезгілде ол мал қораға барып, таңғы шөптерін қамдайды. Ұсақ малдың азығын кеше кеште салып қойғаны есіне түсті. Кейінгі кезде осындай әдіске көшкен-ді. Сәл де болса уақыт үнемдейді екен. Ең бірінші кезекте сауын сиырды сыртқа шығарады. Оның соңынан жеке қамауда тұрған бұзауы емексіп, мөңіреген болады. Бір айға жетпей емшектен ажыратылған бұған не жоқ деп қояды ішінен Ғалам. Сосын көк бурыл биеге су беріп, жем-шөбін алдына тастайды. Қапталындағы шарбақтағы тайға да кезек жетеді. Бұл екеуі түнімен күрсілдете пішен жеп, астыларын да аямай толтырады. Өзге мал секілді күйіс қайыруды білмейтін жарықтықтар тіке жеп, тіке тастайтын тәрізді. Қыйлары да сиырдыкі секілді емес, майланбай тез алынады. Ірі малдарды реттеп болған соң, төбесі жабық шалы қораға ұсақ малдарды қоя береді. Ешкілер елден бұрын асыға-аптыға ұмтылады. Науаға бірінші жетіп, соңынан ілінгендерді мүйізімен қағытып, бір өздері билеп-төстегілері келеді. Ғалам арасындағы қияңқыларын таяқпен жасқап, жөнге шақырған болады. Кісінің қарасы кете сала олар өз білгендерін қайта жасайды. Қой баласы момын-ау. Бір-жары шөптен қағылып, жетім баладай үрпиісіп шеттетіледі. Адуындылардың арыны басылған кезде, олар да жылыстап науаға жақындайды. 

Ғалам бірнәрсе ұмытқандай қой қораға қайта бас сұқты. Мана қораның қараңғылау түкпірінен қарайған бір дақты аңғарған секілді еді. Көз үйретіп, баспалап сол тұсқа таяды. Расында қараңғы бұрышта қалқиып қара қозы тұр. Енесі жалап, өзі ауызданған тәрізді. Бұл жақындап, қолын созғанда кәдімгідей жатсынып, қашады. Маңдайында қалайы қасықтай ағы бар ұрғашы қозы екен. Ұстаған кезде сулана дымқылданған кіндігі шұбатылады. Жібер дегендей босанғысы келіп тулайды. Ұрғашы төл еркегіне қарағанда пысықтау келеді екен. Өзі ауызданып, енесінің бауырында жатып, мына суықта қатып қалмаған себебі де сол шығар...

Ғалам терезеден үңіліп тұрып, осы сипатталған шәруаларды жасап жүрген біреуді көрді. Жүрегі тас төбесіне шыға шошып, екі көзін былшықтан тазартқандай аямай ысқылап, тағы үңілді. Уқалағаннан бұлдырап кеткен көздері орнына келген сәтте ол, өзін анық таныды. Еш алаңсыз, күнделікті үйреншікті күйбеңнің тербелісіне бөлене, ойланбастан жасай беретін қам-харакетті атқарған екінші Ғаламды көрді. Ең соңында шығарған қозы-лақтарға «мақ, мақ» деп дауыстап еді, ол жүгірмектер бір-бірін қуып, есікке таласа қора ішіне қайта жиналды. Жайпақ табаққа салынған арпаның жарма жемін таласа-тармаса бытырлатуға кіріскен. Арпаның иісін сезген қой-ешкілер де осылай қарай ұмтылды. Ғалам есікті іштен тарыс жауып алып, ұсақ-түйектің алыс-жұлыстарын қызықтап, есік көзіне тізе бүккен. Жемді, енелерін кергілей бермесін деп қуат үшін екі уақыт беріп тұрады. Енелеріне де қос уақыт осындай қорек шашылады. Бұлар одан да құр ауыз емес. Қампиған жүндері ме әлде тойған қарындары ма әйтеуір бүйірлері тоқ.

Сырттан бұны іздеген Қатшаның дауысы естілді. Ол есікті саңлаулап ашып: 

 - Қазір барам. Қозылар жеп болсын! – деп жауап қатты. 

- Күлді төгіп, отын кіргіз.

- Мақұл.

- Есік алдына қоя сал. Өзім алам.

Ғалам қозы-лақтарды шығарып, жылқылардың алдына тағы кішкене шөп тастап, ыстығы бетті шалған күлді апарып төкті. Ішінен «көмірдің қызуы ұзақ екен» деп қойды. Ағаш отынды мол қып шапқан еді, мұрты енді ғана бұзыла бастапты. Қарағайлы сая бақтан төсеніш боп төгілген инежапырақтарды тамыздыққа жинап қойған-ды. Шырпы таясаң болды, жанармай секілді лап ете түседі. Оны целофан дорбаға салып, отын қораның бір бұрышына қаттап жинаған болатын. Бір қолтық ағаш отын мен бір түйіншек тамыздықты есік алдына қойып, малдың қиын шығаруға кірісті. 

* * *

Ғалам терезеден үрке үңілді. Ештеңеге мән бермей, күнделікті қалыптасқан қызметін атқарып жатқан өзіне Ғалам таңырқай қарады. Ол, аяқ-қолы машықтанған қыймылдармен харакет жасап, ешқайда адастырмайтын көзіне жатық жолмен ғана жүретін, мәңгіліктің мәңгірген бір кісісіндей көрінді. Мына жалғанның қабырғасы сетінемейтін бір берік нышаны – осындай: кісі еті әбден өліп кететін, қара тұрмыс па екен?..

Іштегі Ғалам сыртқы есікті аша бергенде, оған қарама-қарсы кіріп келе жатқан өзімен соқтығысты. Анау бұған көз қиығын да салмастан бұны ауа секілді тесіп өте шықты. Ғалам өзінің дене-бітімін сипап көріп еді, қолға білінетін кәдімгі зат секілді екені аңғарылды. Ал анаған бу құрлы көрінбегені қалай деп аңтарылды. Егер бу болса, оның үстіне ең құрмаса ылғал болып жұғар еді ғой? 

Осы кезде жылқы кісінеді. Ауызғы бөлмеде бір-біріне киілген қос шелекті ажыратып, бұрышта тұрған флягтан еңкейтіп су құйды. 

- Жылытқыға су керек пе?

- Жоға. Өзі де жылы секілді.

- Бетіне мұз қатып қапты, қайдағы жылы! Құлын тастатасың, мә, шәугім!..

Таңғы ас әзір болғанша мал жақтың барлық шәруасын тәмамдап, беті-қолын жуып, ортаңғы бөлмедегі теледидарды қосты.

- Таңатпастан телмірмей, шәйіңді іш! Аула толы қар, елден ұят, соны тарт бақшаға!

- Көктем келе өзі-ақ еріп кетеді!

- Күн бұзылады деп телебизырың қақсап жатыр, кері сөйлемей айтқанды істе. Басыңнан асып жатқан жұмыс жоқ қой, бәрі еркектің істейтін шаруасы!..

- Мақұл.

- Немене осы, бірдеңе десем мақұл, мақұл деп басыңды шұлғып отырғаның? 

- Енді не деуім керек?

- Істеймін, жасаймын де. Жынға тиіп, мақұлдай бермей!..

- Басты ауыртпағаныңа не ақы сұрайсың, осы?

- Менің сөзіме басыңның жарығы ашылатын болса, сөйлемейтін мылқау қатын тауып ал! Мөлдіреп бетіңе қарап отыратын мен емес! Айтқанымды істетем, істемесең...

- Не істемесем?

- Істемей көр, сонда бір-ақ көресің!..

- Шатырың кетейін деген бе?!

- Сенің шатырың кетейін деген! Жан адаммен сөйлеспейсің, сенің үйің мал қора! 

- Сенімен арпылдасқанша малдармен үнсіз әңгімелескенім артық! Бітпей жатқан нең бар? Тілің қышыса – көрші қатындарға барып өсек айтысып, қышуын

қандыр. 

- Не істерімді сенен сұрамаймын!

- И-и кетші бар!

- Кетсең, кет!

Осындай ырду-дырдумен азанғы ас шала-шарпылы ішіліп, екі жақтың да қан қысымдары көтеріліп тарасады. Ыдыс-аяқтарын салдыратып кемпір қалады, кіре беріске шешілген қалың киімдерін апыл-ғұпыл киіп, Ғалам далаға ұмтылады. «Кетсең, кет!» деген лағнеттен әрман ащы сөз құлақ түбінде ызыңдап біразға дейін тарай қоймайды. Бұл сөзге ет үйреніп, мүлдем мән бермеуге де болар еді. Себебі, бұндай сөз қайтарысудың қашан пайда болғаны есінде жоқ. Әйтеуір, соңғы оншақты жыл бұл екеуінің ұрыс-керісі «Кетсең, кет!» дегенмен тәмамдалатын болған-ды. Былай қарасаң көңіл аударарлықтай маңызды да емес. Бірақ, Ғалам өзі осы сөзді әр естіген сайын жаңаша қабылдап, «Расында, кетсем бе екен?» деген ойға қалатынды шығарды. Адам аяғы баспаған, бір құздың түбін мекен етіп, мына жалғанның сыбдыры да естілмейтін тыныштыққа бөленгісі келеді. Адамзаттың о бастағы жаралған жабайы кейпіндегідей тіршілік кешіп, ойдан да тұрмыстық тірнектеуден де арылсам дейді. Боқ дүниенің құлына айналған пенделіктен құтылып, бір күнімен ғана ғұмыр кешетін тағылық өмірді қалайды. Ондай қатыгез тіршіліктің көрінген сәтте үзілерін де сезеді. Мейлі, аң аулап, шөптің тамырын қорек етсе де тек мынау қоғам деген қараңғылықтан құтылса екен... 

Шындығында ол үшін ағайын-туған, жора-жолдас сынды араласпаса болмайтын ортадан гөрі, қорадағы сөзіңді де ойыңды да бөлмейтін, көзбен ғана ұғысатын малмен сұхбаттасу әлдеқайда тереңірек секілді. Олардың көз жанарынан екінің-бірі аңғара бермейтін тылсымдық қуат ұшқындайтындай. Мына, адамзат сүріп жатқан өмір расында жалғандық, ал нағыз тіршіліктің тамыр соғысы өзгеше, оны біз ғана білеміз дейтіндей. Бір ғана әттегенайы: оларды табиғатынан ажыратып, адам баласы өзіне тәуенді етіп қойғаны... 

* * *

Соноу бала кезіндегі ата-анасының мал бағып, баспана еткен жер үйі есіне түсті. Алатауға бетпе-бет, керіле созылған терістік алқапты кенерлей жон-жон болып арқасы күдірейген, қызыл-қара тасты Қаратаудың қойнауында Қарамеңді деген қоныс бар-тын. Сол жәңкішекті жақпар тасты үңгіп жасаған баспананы паналап; төбесі ашық, тас қорада бұлар малдарын қыстатып шығатын-ды. Жалғыз бөлмелі көлемді жәйдің төрінде бес-алты адам қатарласа сыйатын ағаш сәкі бар. Төбені тақтаймен көмкеріп, әр тұстан қауіпсіздік үшін діңгектеген. Үңгірдің бетін жапқан жалғыз қабырға жақта аласа есік пен қарын жапсырған ойық тұр. Сол тұстан сырттағы тіршіліктің бар-жоғын аңғарасың. Кіре берісте тастан қаланған қазандық, бір құдықты пештің ұңғысы төбеге таспен өрілген. Қазіргідей көмір жоқ. Көбіне ағаш отын. Қызуы мол сексеуіл мен көкбеп жағады. Тас қызған соң, үйдің іші қайнап сала береді. Әлсін-әлсін есік ашып, салқындатып алуға тура келеді. 

Көк сағым басып, өшуге айналған соноу балалық шақтағы елес ішінен әке-шеше, сондағы келіп-кетіп жүрген жұмысшы, қызметкерлер бейнелері – сол қалпында қалықтап, көз алдына түзілді. Анасы ертелі-кеш қазандық маңында жүретін-ді. Малға жем-шөп тартып, жайылым ашып беретін тұрақты бір механизатор, шопан көмекшісі және бұлар аз болғандай ем-дом жасап, есеп-қисап жинаған малдәрігері мен зоотехник, ферма басшысы сияқты анда-санда соғып тұратын қонақтардың ас-суын әзірлейді. Бүгінгі кешкі ас – кеше тұзаққа түскен түздің көк қоянының еті. Таңсық астың сорпасы бүлкілдеп, иісі мұрынды жарып барады. 

Ғалам күні бойы тракторшыны жағалап, одан қалды Қаратаудың тау-тастарын кезіп, өз бетінше ойын салып жүреді. Кейде құшақ толы шөп арқалап келеді.

- Бұны қайдан алдың? – деген анасына ол: – Қардың астында төмпешік боп, үйіліп жатыр екен, аршысам көкбеңбек шөп! – деп тапқырлығына мәз болады.

- Балам, бұл тау тышқандарының қысқы азығы. Бекер бұзған екенсің. Олар аш қалатын болды ғой!

- Онда, қайта апарып тастайын ба?

- Адам иісі жұққан соң, олар жей қоймас...

- Ана қозылардың алдына буып іліп қой...

Арамза туған төрт-бес қозыны үйшік жасап бөлек ұстайтын-ды. Ғалам әлгі шөбін қос уыстан ортан белінен буып, үш-төрт бума ғып іліп қойды. Жұмсақ шөпті тістерін қытырлата шәйнап, ересектері қаужаңға түсті. Ал жақында туғандары бір-бір талын аузына іліп, әншейін малжаңдаған болады. 

Бұндағы кісілердің басы мал қораланып, ел орынға отырғанда ғана қосылады. Механизатор ағай туыс боп келеді. Өте әңгімешіл, көңілді адам. Сауықшылдығы бір төбе. Гармонь тартып, ән салады.

- Ал енді ел жаңалықтарын тыңдалық! – деп ол «Родина» деген радиоқабылдағыштың тетігін бұрап, әуе арналарын іздестіруге кіріседі. Қиқыл-шиқылдың арасынан бір кезде саңқылдаған диктор дауысы шығады немесе қазақ әуендері төгіле жөнеледі. Сақал-мұртына сауыс-сауыс мұз қатқан әкесі кірген кезде Ғалам оған тұра жүгіреді. Сүңгі тәрізді салбырап тұрған үшкір мұздарды біртіндеп алып, тазартқанды қатты ұнатады. Кейде бір талын аузына апара бергенде анасы: – Таста, балам! – деп ойбай салады. Әкесі сақал-мұртын күректей алақанымен уысын толтыра бір сипап, салбырағанның барлығын бож еткізіп, от алдына тастайды да сырт киімін шешіп, сәкіге беттейді. Сосын іргедегі сандық үстінде тұрған «Тройной одеколонды» қолына құйып, жел мен суықтан қап-қара боп, кей жері жарылып кеткен бетіне шылқылдата жағады. Жарылған жері ашыған сәтте екі бетін шапақтайды. Механизатор ағасы да, олардан қалыспай Ғалам да иіс суды бұрқырата жарыса жағысып, бет-ауыздарын шапақтап мәз болысады. 

Жаңалық пен музыка тыңдалған соң, ерік Ғаламға тиеді. Ол балаларға арналған кешкі ертегілерге құлақ түреді. Қолақпандай үш батареямен қоректенетін қабылдағыштың қуатын үнемдеу үшін – тек кешкі уақытта ғана қосып отыруға мәжбүр. Қораптың ішіндегі кішкентай кісілерді бір көру Ғаламның көкейтесті арманы болды. Артындағы тесіктерден қанша сығаласа да бір де бірін көре алмады... 

Ғалам терең құзға еніп, жер астынан үйшік қазып, қылуетке кеткісі келген кезде осы тас үйлері есіне түседі. Ахмет Яссауи, пайғамбар жасына жеткенде, бұл жарықта жүргенін жөн санамай, жер астына түскені Ғаламды ойға қалдырады. Ол жарықтық дін адамы болды. Ал, бұл кім? Нені түгендемек? Қарамеңдіге соңғы жиырма жыл ешкім ат ізін де салмаған шығар... Мүмкін, сол тас үй әлі аман тұрған болар? Сол қазіргі күні қараң қалған қасиетті қоныс «Қарамеңді де» әкесі мен шешесі және өзге адамдар байырғы кәсіптерімен шұғылданып, тірішіліктерін жүргізіп жатқан да шығар. Шіркін, сол жаққа барып, сырттарынан бір сығалап қайтса. Оны, осындай бір аңсар биледі...

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...