М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музейінің құрылған күн...
Қуыршақ жүргізу шеберлігі үйірмесі ашылды
Негізі, театр сахнасындағы кез келген қойылымның дүниеге келуі бірінші кезекте оның режиссері мен авторына байланысты. Пьесаның сахналануына жауап беретін де солар. Алайда спектакльге байланысты залда отырған адамдардың алғашқы әсеріне ең алдымен актерлер жауап береді. Эмоцияның шынайылығы, іс-қимылдың дұрыстығы, әрбір сөздің нақты айтылуы, дауыстардың жағымды естілуі – осылардың барлығы актерлерге қойылатын негізгі міндеттер. Қойылым кезінде олар мүлде басқа адамдарға айналып, солар сияқты өмір сүреді. Осының бәрін ескере отырып, біз актерлік ойынды театр өнерінің ең маңызды бөлшектерінің бірі деп айта аламыз. Бірақ аталмыш мәселеге қуыршақ театры саласы тұрғысынан қарайтын болсақ, онда актерлік өнердің маңыздығы одан бетер арта түсетінін байқауға болады. Бұл жерде актерлер қуыршақтарды жәй ғана қимылдатпайды. Олар қуыршақтарға жан бітіреді. Оларды тірілтеді. Ерекше дауыстар салады. Және өздерінің сахнада екендерін байқатпауға тырысады. Қуыршақ жүргізуші актер қойылым кезінде қол мен саусақтың шаршап қалмауына және сөз бен дауыстың образға сай болуына зейін салады. Онымен қоса, спектакль уақытында өзінің әріптестерімен үйлесімді болуға, бірлік сақтауға тырысып бағады.
Міне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршак театрында әлі күнге дейін осындай еңбекпен аянбай айналысып келеді. Қуыршақ театры актерлері спектакльдерді магияға толы таңғаларлық кешке айналдыра алады. Нәтижесінде кішкентай көрермендер таңғажайып әлемдерге саяхат жасап, ерекше позитивті көңіл-күйге бөленіп, сүйсіне еске аларлық жарқын естелік қалыптастырады. Тәрбиелік мәні зор қойылымдардың арқасында олардың ой-өрістері кеңейіп, бойларында ізгі қасиеттер пайда болып, мәдениетті азаматтарға айнала бастайды. Әрине, қуыршақ театрының негізгі аудиториясы – жас бүлдіршіндер. Дегенмен де, жасөспірім қыз-жігіттер де, ересек де қуыршақтардың көмегімен қойылатын спектакльдерді кішкентай балалармен бірге солар сияқты үздіксіз тамашалайды. Олар да актерлердің арқасында сахнадағы көріністерден қуаныш пен шаттыққа толы әсер алып, ертегі атмосферасына толықтай енеді. Тіпті өздерінің ересек екендерін де спектакль соңына дейін ұмытып кетеді.
Қуыршақ театрының арқасында біз «спектакль» деген ұғымға басқаша көзбен қарай аламыз. Әдеттегіден мүлде өзгеше формада болатынын да анық сезінеміз. Қуыршақ артистерінің қабілеттеріне бір мезетте қызыға әрі таңдана қараймыз. «Осылар сияқты қимылдата аламыз ба?» – деп те ойланып қаламыз. Қуыршақтарды ұстап көруге, қимылдатуға, қалай жұмыс істейтіндігін анықтауға да құлшынып қаламыз. Қандай ерекшеліктері бар? Осал тұстары бола ма? Қандай түрлерге бөлінеді? Қалай өндіріледі? Қалай сақталады? Қосымша данасы жасала ма? Міне, осындай және өзге де сұрақтар мазамызды ала береді. «Қуыршақ жүргізуді қалай үйренеді екен?» – деген сұрақ та басымызға келе қалады. Дәл осындай сұрақтарға жауап беру үшін қуыршақ театрының мамандары, солардың ішінде әсіресе актерлері, уақытылы шығармашылық жиындар өткізіп, жиналған жұртты қуыршақ театрына тартып отырады. Мұндай жиындар бір жағынан ақпарат беруді жүзеге асырса, екінші жағынан жарнама ретінде қызмет атқарады. Оның үстіне, театрымыздың мамандары шығармашылық пен өнерге қатысты ой-түйіндерімен және тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік алады.
Сондай іс-шаралардың бірі – Мәдениет басқармасы ұйымдастыруымен «Alatau Creative Hub» алаңында өтіп жатқан қуыршак жүргізу шеберлігі үйірмесі. Аталмыш алаң Алатау ауданында, тура «Алматы арена» мұз сарайының жанында орналасқан. 2020 жылдың Тәуелсіздік күні қарсаңында толықтай функционалды алаң ретінде жұмысы басталған. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында дәл осы алаңға қатысты: «Креативті индустрияның болашағы осы жерден басталады», – деп анықтама берген. Жасырмай айтайық, аталмыш орынның өзіндік бір шармы бар. Қоршаған ортаның адамға әсер етуі дегенді осы жердің есігінен кірген сәтте ұғынуға болады. Себебі жағымды әрі жаңашыл интерьер заманауилық пен шығармашылық атмосферасын бірден сездіреді. «Alatau Creative Hub» ішінде заман талабына сай кітапхана, бірлесіп жұмыс істеуге қолайлы кеңістік, шығармашылық кездесулерге арналған орын, кішкентай бүлдіршіндер ойнайтын алаң, медиатека, кофехана, үйірмелер, т.б. бар. Және бұның өзі тек бірінші қабаттың сипаты. Одан да көп ерекшеліктері де бар.
Міне, дәл осындай жаңадан ашылған қызықты орында, жастарды өзіне тартып, креативті болуға жағдай жасайтын алаңда «Қуыршақ жүргізу шеберлігі» үйірмесі іске қосылды. Үйірме аясында Мемлекеттік Қуыршақ театры актерлері мастер-класстар өткізіп, жас бүлдіршіндерге біршама ақпарат беріп, көңілдерін жақсылап көтереді. Мәселен, «Сахнагер-2018» сыйлығының «Үздік қуыршақ жүргізушісі» номинациясы иегері әрі Мәдениет саласының үздігі – артист Болат Момынжанов, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері әрі Мәдениет саласының үздігі – артист Айдын Жақыпбаев бүлдіршіндермен мастер-класс аясында кездесті. Осы жақында ғана театр артисі Толқын Тлеулиева кішкентай балаларға қуыршақтармен жұмыс істеудің алғышарттарын үйретіп, қойылымдарды тамашалау жөнінде ой тастады. Жоспар бойынша, үйірменің жұмысы әрмен қарай жалғаса түспек. Қуыршақ театрының өзге де артистері осы жоба аясында мастер-класстар өткізіп, жас балалармен жүздесуге мүмкіндік алады.
Үйірменің «Alatau Creative Hub» алаңында іске асырылуы бекерден емес. Айтқанымыздай, аталмыш орын жастарды креативтілікке бейімдейді. Кішкентай балаларға өмірлік мақсаттарын анықтауға, ізденімпаз әрі жасампаз болуға көмектеседі. Қуыршақ жүргізу шеберлігі үйірмесінің дәл осындай замануи жерде өз жұмысын бастауы өте пайдалы. Кім біледі, мүмкін қазіргі таңда үйірмеге қатысып жүрген балалардан болашақта қуыршақ театрының дарынды артистері, режиссерлері, авторлары, өзге де мамандары шығып қалар?..
Дамир АМАНТАЙ