Қазақ иделогиясы Қожа Ахмет Ясауиден бастау алады.Бір Фатиха үш Ықылас оқып, Қожа Ахмет Ясауи...
Айгүл Сейілова. Идеялар әлемінің шындығы
Тәннің өлетінін, сезімдердің өткіншілігін жан біледі. Сосын жарық дүниеден мән таппай шарқ ұрады. Оның үстіне осы дәуірдегі адам қоғам болмысының техникалануына байланысты моральдық құндылықтарға көзқарасын өзгертіп, «қазір өтіп кететін» сәттік көңіл-күйдің әуеніне төңкерілуге бейіл боп алды. Жалғыздық, үрей, сенімсіздік билеген, одан қалса ақпараттардың тасасына «тығылуды» үйренген көптеген адамдар мидың кешенді қызметіне мұқтаж еместігін көрсетуде. Техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіровтің «Сана экологиясы» атты монографиясын оқып шыққан соң осындай ойымыздың беки түскенін жасырмаймыз.
Ә.Әшіров екінші мыңжылдықтың соңында біздің дүниетанымымызға айтарлықтай әсер етуі тиіс жаңалық ашылғанын айтады. Ол – жаратылыстану ғылымында нақтылықтың (реалность) біз білетін қатты, сұйық, газ тәрізді және плазмалық күй деп аталатын төрт деңгейінен басқа физикалық вакуум, энергиялық-ақпараттық өріс және абсолютті «ештеңе» деген атауларға ие болған тағы да үш деңгейінің ашылуы. Бастапқы төртеуі материалдық әлемді бейнелесе, соңғы үшеуі нәзік әлемнің деңгейі ретінде қабылданып, соның ішінде абсолютті «ештеңе» сол әлемнің ең тұрақты деңгейін көрсетеді. Әрине, философтар материялар әлемінен басқа идеялар әлемінің бар екенін ертеде айтып қойғанымен, бұл тек ХХ ғасырда ғана дәлелденіп отыр. Осы дәуірде физиктер мен философтар, математиктер мен психологтар әлемді «абсолют», яки, жоғарғы сана, жоғарғы күш, көркемдеп айтсақ, Құдайдың ақпараттық өріс арқылы билейтінін бір-біріне тәуелсіз түрде дәлелдеп шықты. Ғылыми түрдегі сызбасы мынадай: ғарыштық ақпарат – адам – трансформация – ғарыш.
А.Г.Гурвичтің биоөрістің генетикалылығы туралы жаңалығында адамның қандай ой ойласа да, оның ғарыштағы «сана өрісінде» сақталатыны айтылады. Осы тұрғыдан келгенде ғалым көпшілік ғалымдарды ғылымға деген догмалық көзқарастан арылуға шақырады. Ол физиканы ғылымдардың патшасы дейді. Мәселен, кез келген ортодоксальді бағыттағы физиктің кванттық механикада әлі де анықталмаған әлемдердің бар екенін ескеруін, сонымен қатар классикалық механиканың пайымдарын қайта қарауын ұсынады. Өйткені біздің әлем осы қарама-қайшылықтардың бірлігінде. Физиктерге жаңа идеяларымен жаңа қадамдар жасап, адамзат баласының мына әлемдегі нақты өмірін тиянақтайтын кез жеткенін айтады. Ал математика – ғылымдардың патшайымы. Химия, биология сияқты ғылымдарға математика енгізілгені үшін ғана олардың өрісті бола түскені талассыз. Осы жерде Фурьенің мына сөзін айта кеткен орынды сияқты: «математикалық анализ біздің санамыздың қабілеттілігін көрсете отырып, сезімдеріміздің жетілмегенін, өміріміздің қысқалығын анықтап берді. Одан да ғажайыптығы, ол жаратылыстың бірлігі мен қарапайымдылығын, табиғаттың ақиқат заңдарының өзгермейтінін дәлелдеп берді».
Екінші мыңжылдықтың соңында Г.И.Шиповтың физикалық вауумның теориясын жасау үшін Риччидің геометриясы мен үш вакуумдік тепе-теңдіктерді: А.Эйнштейн, Янг-Милл, Гейзенберг тепе-теңдіктерін пайдалануы да математиканың шын мәніндегі патшайым екенін дәлелдейтін құбылыс десек, Ә.Әшіровтің ойынша, болашақта ең маңызды орынды математика иеленеді. Өйткені ол сан, кеңістік, уақыт туралы түсініктерін тереңдету үшін ең алдымен философқа керек. Медицина туралы пайымында аурудың алдымен адамның энергиялық-ақпараттық жүйесінде пайда болатынын, физикалық денеге кейіннен өтетінін алға тартады. Біздің медицинаның көп жағдайда дәрменсіздігінің бірден-бір себебі, дәрігерлеріміздің әлі күнге дейін «сау денеде сау рух болады» дейтін ұранмен бірден денені емдеп кетуінде. Сөйтіп олар денені емдеу арқылы адамға уақытша ғана жеңілдік сыйлайды әрі ауруды «ішке қуады». Тибеттік дәрігерлер болса алдымен ауруды адамның биоөрістік жүйесінен «қуу» керектігін дәлелдеп келеді. Ғалым осы арада тибеттік дәрігерлердің Ресей халқын обадан қалай аман алып қалғандығын әңгімелейді. Ол оқырманға ауруды адамның басына төнген тажал деп емес, өмірді бағалауға үйрететін қайырымды күш деп сипаттайды.
Біз осы күнге дейін «сананы тұрмыс билейді» дейтін түсінікпен өмір сүріп келеміз. Мичуриннің «Мы не можем ждать милостей от природы – взять у нее наша задача» дейтін ашкөз қағидасы да материалистік түсініктеріміздің бекіп, идеялар әлемін мойындамауымызға түрткі болды ғой деп ойлаймын. Тарихтағы Спарта оқиғасының өзі неге тұрады? Жарымжан балалардың көзін жойып отырған гректердің қанқұйлы әрекетіне көпшілігіміздің осы күнге дейін сүйсінетініміз өтірік емес. Оған да сол «сау денені сау рух мекендейді» дейтін түсінік әсер етеді. Сондықтан осы күнге дейін мектептерде, жоғары оқу орындарында дене тәрбиесі сабағының аптасына бірнеше рет өткізілуіне баса мән беріледі. Ал керісінше «рух тәрбиесі» дейтін сабақ мүлде жоқ. Профессор өз монографиясында адамзаттың материалистік көзқараспен шектелуін сынға алады. Тек физикалық әлемнің күйін күйттеген адам баласы Жер атты ортақ үйімізді қашанға дейін ластамақ? Оны тазартуды ойлай ма екен? Ол үшін алдымен сана экологиясын тазарту керектігіне мән бере ме екен? – дейді ол.
«Физикалық әлем – асқақ сезімнің, қиялдың әлемі. Өйткені жер немесе біздің физикалық денеміз адам санасы мен тіршілік атаулының санасының біріккен көрінісі ғана. Шын әлем – біздің психикалық әлеміміз. Санамыздағы шындықты қабылдайтынымыз үшін солай болады» –дей келе Ә.Әшіров Жер бетіне ядролық соғыс, экологиялық апаттар ғана емес, адамның жарымжан санасы да қауіп төндіріп отырғанын, өйткені негізінен материалистік санамен өмір сүретін адамзат рухани құндылықтарды мойындамай қойғанын қынжыла әңгімелейді. Үшінші мыңжылдықта ғылым адамгершілік, діни бастаулардан негіз тартып, дін ғылымиланған жағдайда өз мәнімізді тани алатынымызға тоқталады.
Бұл жерде мидың қызметі үлкен рөл атқарады. Физикалық әлемдегі өмір қамымыз үшін сол жақ бөлікпен (яғни логикамен) ойланамыз. Мидың оң жақ бөлігі арқылы рухани кеңістікке жол тапқан адамдар да жоқ емес. Бірақ өте сирек. Профессордың ойынша, тек логикамен өмір сүру – әлсіздік. Адамдардың үнемі бір нәрседен қорқып жүруі, бір-біріне сенбеуі, жалғыздықта күйзелуі жетілудің, толыққанды адамдықтың көрінісі емес, физикалық әлемге бой ұрған әлсіздіктің белгісі. Адам оң жақ ми бөлігін іске қосқанда ғана толыққанды адам дәрежесіне көтеріледі. Осы жерде ата-бабаларымыздың оң мен сол туралы айтқандары ойға оралады: «оң қабағым тартты», «өзі бір оңды жан екен», «оң мен солын танитын жасқа жетіп қалды», «айы оңынан туыпты», «сол жағыңмен тұрғандай ашулысың ғой», т.б. Жазуды оң қолмен жазып, асты оң қолымызбен алатынымыз, босағаны оң аяқпен аттап кіретініміз – дала философиясының озықтығынан хабар беретін үлгілер. Түптеп келгенде алдымен оң жақпен ойлануға бағыттау. «Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма? Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін», дейтін Абай өлеңінің мәні де осы жерде ашылады ғой деймін.
Осы дәуірде америкалық ғалым Барбара Энни Бреннон адам тәнінің классификациясын жасап, оны ғылыми тұжырымдады. Атап айтқанда, эфирлік, астральдық, ментальдық, каузальдық, интуитивтік, аспани және каббалистикалық терминнен алынған кетерлік денелердің алғашқы үшеуі адам өлгеннен соң алғашқысы 9 күннен кейін, екіншісі 40 күннен кейін, үшіншісі 90 күннен кейін өмірін тоқтататынын, қалған денелер «жанның денелері» екенін, олардың өлмейтінін дәлелдеп шыққан. Бұл жерде оның бәрін жіліктеп беру мақсат емес. Тек «подсознание» деген ұғымның төңірегінде бірер сөз. Қазақша баламасы түкпіргі сана болғанымен, біз күнделікті өмірде интуицияны білдіретін түйсікті қолданамыз. Осы түкпіргі сана – жанның өлмейтінінің дәлелі. Бір ғана мысал. Басымыздан өткен оқиғаның бұрын да солай болғанын әлдебір күш арқылы «көріп», сезіп қойып жатамыз. Басқа да шаруаларымыз көп болғандықтан, оған айтарлықтай мән беріп, күні бойы ойланып отырмайтынымыз тағы рас. Әлдебір күш деп отырғанымыз – түкпіргі санадан жеткен ақпарат. Ғалымның «Сана экологиясы» монографиясында жан-жақты қамтылған өлшемнің бірі – сана. Адам санасын оның жетілу және даму жолындағы өмірлік тәжірибесі деп көрсеткен ғалым түкпіргі сана, жоғарғы сана және жеке сана туралы толымды ойлар айтады. Адамның өткен шақтағы санасы болғаны үшін түкпіргі санада барлық білімнің банкі бар екеніне тоқталған ғалым жоғары сана қандай оқиғалар күтіп тұрғаны туралы ақпарат жеткізетінін, ал жеке сана адам баласында 7-8 жасында ашылатынын әңгімелейді. Ғалымдар сана мидың қызметі болғандықтан, ХХ ғасырдың соңына дейін ол адамның басында деген пікірмен шектелгені мәлім. Ал кейбір ғалымдар өздерінің заманауи зерттеулерінде адамның миын физикалық денені басқаратын, жан мен тәннің биоөрістік жүйесінен, сондай-ақ Жаратушының ақпараттық өрісінен мәлімет алатын, адамның физикалық денесі мен санасын байланыстыратын жүйе ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан келгенде екінші мыңжылдықтың соңын ала адам санасы тәннен тыс, оның өрістік құрылымында болатыны дәлелденуде. Мынадай мысал келтіруге болады: 1936 жылы Король Людовик өзіне қарсы шыққан Диц фон Шаунбургты төрт серігімен өлім жазасына кеседі. Өлім алдында Людовик оның соңғы тілегін сұрайды. Сонда ол әр сегіз қадам сайын бір адамнан қойып, оны төрт серігімен қоса бір қатарға тұрғызуын, сосын ең алдымен өзінің басын алуды, бұл бассыз күйінде қай серігінің жанынан өтіп үлгерсе, соған рақымшылық жасауын өтінеді. Оның бұл тілегіне таң қалған король орындауға уәде береді де, айтқанындай басын алғызады. Фон Шаунбург бассыз күйінде төрт серігінің де жанынан өткен соң құлайды. Бұл Людовиктің күнпарағында ең ғажайып оқиға ретінде тіркелген...
Бір досым «адамның еңсесін өз күнәлары басады» дегенді айтады. Бұл пікірді теріс дей алмаймын. Себебі, көп жағдайда ойлаған жаман ойымыз іске асып, амал кітабымызға күнә болып жазылып жатады. Сол сияқты жақсы ойлар да іске асады. Яғни ой заттанады. Профессор ойдың заттануына байланысты оның таралу жылдамдығы, салмағы, пішіні болатынын жазады. Ой торсионды толқынның табиғатына тең, ал торсионның жылдамдығы 10-ның 9 дәрежесі С-ге тең дейтін болсақ, С – секөнтіне 300000 км-ді бейнелейтін жарық жылдамдығы. Сондықтан ой ғарышқа әп-сәтте жетеді. Ғалымның пайымы бойынша адамның тағдырын ой – іс-әрекет – әдет – мінез қалыптастырады. Сондықтан ол мүмкіндігінше жақсы ойларды ойлау керек. Жақсы ой көңіл-күйдің көтеріңкі болуына, сол арқылы өмір сүруге құлшыныс оянуына көмектесетінін айтады. Бұл жерде ғалым «адамдар өзгерсін десең, өзгерісті өзіңнен баста» дейтін қағиданы алға тартады. Ойыңыз жақсарғанда жүрегіңізде махаббат пен тыныштық орнайды. Сізге жақсы адамдар жіберіліп, өміріңізде жақсы оқиғалар орын алады. Және осының бәрі өз уақытында болады. Өйткені махаббаттың алмайтын қамалы жоқ. Сол ғана адамның жанын толтырады, сол ғана Тәңірмен байланыстырады»,- дейтін ғалым махаббатты әлдеқайда биікке көтеріп жазады. Дүнияауи қажеттілік дегеннен шығады, осы өмірде қай-қайсысымыз да бақуат тұруды мақсат ететініміз рас. Көптің көз жасына келген, біреуді алдап алған ақшаға емес, әрине. Профессор бұл мәселені бір сөйлеммен былай түйіндейді: «Біз ақшамыз жоқ болғаны үшін емес, ойымыз жұтаң болғаны үшін кедейміз...».
Түйіп айтқанда, «Сана экологиясы» – адамның рухани әлемдегі мүмкіндіктерінің мол екені, соны пайдалану арқылы ғана ол жер бетіндегі парызын толық орындап, өз мәнін ашатыны туралы еңбек.