Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс атқаратын Қазақстан жазушылар одағын...
Еділбек Дүйсен: "Құс жолы бүрлеп төбеңде..."
1782
Мұнарасын тұман қамаған мешіт,
Пəрəнжі киген қарындасымдай, меңді.
Бір кездердегі нəп-нəзік үміт
бүгін шыдам кейіпіне көшіп,
Үнсіздік шеңберінде өлді...
Үнсіздік шеңбері
өртенген кітаптар даусы.
Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.
Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы
Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.
Біз де бір іргесінен сауысқан арылмайтын ауыл
Икемсіз өмірге үйренген демде.
Кеудеміздегі "Берлин қабырғасы", ғасырлардай ауыр,
Селк етер емес,
Шығыстан сыңсыған азалы желге.
Алдымызда-Үрей,
төрт табандап жабысқан түнге,
Үрейдің түсіңдегі көлеңкесін көресің күндіз
артыңа қарап:
...екеуміз жел өтіндегі бақбақ басына бірге,
Отыр екенбіз деймін ұлпалар қадап...
ҰЙҚЫСЫРАУ
Əлі есімде...
Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек
Ауыл үстін айналып жүріп
кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.
Содан бастап, тарғыл түс- ұранға айналды
Тарғыл шүберек- жалауға айналды
Ескілік- беріктік мәніне ауысты
Бағана- қасиетті ағашқа айналды
Мен де бəрі секілді бұған құлай сендім.
Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.
Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.
Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым...
Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.
Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иə, əлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.
Жоқ, бұл менің түсім емес деймін...
АЛДАНҒАН
Құрғақ іңір.
Көк мешіт.
Лыпасы жоқ ескі бақ.
Мешіт үсті ұшады қарқылдаған көш шұбап.
Қара ағаштың ең соңғы жапырағын үгітіп,
Көшеді олар түн жайлы ертегіні ұмытып.
Мен қаламын осында шағырымды құшақтап,
Жас төгеді ол шым-шымдап уысыма түсі аппақ.
Жүрекмүсін, ғасырдың жазығы жоқ, жазғырма,
Тіл тигізбе Тәңірге!
Тіл тигізбе Тағдырға!
Күннің нұрын алаңсыз доңғалатып аңғалақ,
Өзгеріссіз өтеді мендік ғұмыр жол қарап.
Мен дегенің... пақырмын, аяқталған мерекем,
Қашып едім Тағдырдан. Тағдыр деген сол екен.
Мəнсіздікпен бітер деп алдымдағы жол тағы
Үмітсіздік ішінде қалтыраймын
Қорқамын.
Уақыттың қарызы келеді əлі өтелмей,
Көлеңкесі көліктің езіп... жаншып кетердей
үрейімді үрлейді. О, о несі, о несі?
Өздеріндей мен-дағы бір ғұмырдың егесі
емеспін бе? Бақ пен сор арқалаған, жоқ қармап,
Көше шамы бітетін теңіз жақты бетке алған.
Аспан жақтан əуезді ести алмай бір өлең,
Көшпендінің қираған шаңырағына түнеген.
Оты сөнген шаңырақ, оңалмайтын мəңгілік,
Кетті бəрі жөніне, бізді жұртқа қалдырып.
Көкке ұмсынып,
ошақтан түтін шығар дірілдеп,
"Кел, соңыма жалған" деп, бұл тұрады күлімдеп...
SCOTOPHOBIA. БЕЗГЕК
Құс жолы бүрлеп төбеңде
бейне өрік талша.
Бейне өрік талша елітер күйге еніп те алса-
Табаныңнан кеп түнде Өлім қыдықтайды екен,
Мəнсіздігіңнің ішінде кейде өліп қалсаң...
Мен жалықсам да ғұмырдан...
Жол арымаған...
(Жол арығанша шалдықпау жөн еді маған)
Қанша пəруана болса егер шамдалда өртенген,
Соншама үміттерімнің обалы маған...
Білерім осы!
Білгенім- құндағы жырдың.
Тəлейі шығар бұйыртқан бұл да ғұмырдың.
Оңай деймісің маған да, бауырыма да,
солғанша сору емшегін құрғақ іңірдің?!
Мың жылда бір рет қанбаған Іңірдің шөлі,
Тынады болып ақыры жырыңның соры.
Іңір мен Таңның ортасын адақтап жүрген,
Шамасы, былай бітеді ғұмырдың соңы:
"Ақындық құштар Тəңірлік сезімге ұласып,
Қайыршының да алдында сөзің жуасып.
Күнұзағына ғайып боп, сабыла іздеген,
Артыңда тұрар көлеңкең көзіңді басып..."
Иə, осылай!