***Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы бойынша екі сериялы кино түсіріліп жатса...
Күләш Ахметованың бес томдық жинағының тұсауы кесілді
2917
Бүгін Тараз қаласында қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың жуырда ғана жарық көрген бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Ақын шаңырағында өткен шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, әкімнің орынбасары Ержан Жылқыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, жазушы-драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман қатысты.
Бердібек Сапарбаев Күләш Ахметованың қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталып, оның поэзиядағы елеулі еңбегін атап өтті. Әкім өз сөзінде ақынның өмір жолы, өнер жолы әрқашан да жастарға үлгі-өнеге екенін жеткізді. Сонымен қатар, әкім ақынға қазақтың салты бойынша құрмет көрсетіп, әкімдіктің атынан сый-сияпат жасады. Ақын да ақынын ардақтаған әкімге ризашылығын білдірді.
Аталған шараны Тараз қалалық Жамбыл-Тараз" газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жүргізіп отырды. Сондай-ақ, ол ақынның "Айша бибі" атты өлеңін оқып берді. Сонымен қатар, Жұлдыз Бейсек, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық сияқты әулиеаталық жас ақындар да ақынға арналған өлеңдерін оқыды.
Күләш Ахметова қазақ өлеңіне өзіндік нәзік үнімен, көркем шындығымен келген ақын. Әр жылдары ақынның түрлі поэтикалық кітаптары жарық көріп, оқырманнан лайықты бағасын алған. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері жары, ақын Қайырбек Асанов екеуі қазақтың қара өлеңіне қызмет етіп келеді. Жуырда ғана баспадан шыққан бес томдық шығармалары да ұлттың өлең өнеріне қосылған құнды дүниелер. Кітапта Әбділда Тәжібаев, Қадыр Мырзалиев, Әбіш Кекілбаев, Несіпбек Айтұлы және өзге де белгілі қаламгерлердің мақалалары жарияланған. Айта кетейік, ақын Күләш Ахметова биыл 75 жасқа толады.