Отандық прокаттағы коммерциялық бағыттағы фильмдердің көтеретін та...
Ұстазға еткен қызмет немесе Наурызбек жырау шәкірттерін қалай тәрбиелеген?
Бұрынырақта Бесқаланың Қоңырат қаласында Наурызбектің алғашқы шәкірттері болып саналатын Төребай, Жайылхан секілді жыршыларды кездестіріп, әңгімелері мен жыр-термелерін тыңдағаным бар. Олар сонда ұстазы туралы, жыршылық өнерге қалай келгені хақында әңгімелеп берді. Бүгінде өздері де үлкен жыраулардың қатарына қосылған өнер иелері: «Ұстазымызға жыр саздарын, термелерін үйренейін деп барғанымызда, бізге жұмысын істетіп, атызындағы жоңышқасын орғызып қоятын», – деп еске алады. Нәукеңнің тағы бір шәкірті Тұрлан Бейсенбаев та бастапқыда ұстазына осылай қызмет еткенін айтады.
Расында, бұл – шәкірт дайындаудың ертеден келе жатқан әдісі. Өнерге құмартқан жасты әуелі осылай жұмысқа салып, оның еңбекқорлығын, төзімділігін сынаққа алады. Ұстаз алдына келген талапкер «қайтсем де, үлгі, тәлім алуым керек» деп шын ықыласпен келсе ғана бұл сынаққа көнеді. «Болса – болар, болмаса – қалар» деген жеңіл-желпі оймен келіп, бұл сынаққа көнбейтіндер «мен өнер үйренгелі келгенмін, ұстазға қызмет ету міндетім емес», – деп түсінген. Мұндай тар аядағы түсініктерге жастардың ертеден келе жатқан ұстаз-шәкірт қағидаларын білмеуі, бұл сынақтардың негізгі мәнін түсінбеуі себеп. Көне көздердің айтуынша, мұндай тәсіл атақты діни оқу орталықтары Бұхара, Хиуа медреселерінде де қолданылған. Діни білім алуға келген балаларды алдымен егін егу, шөп шабу тәрізді басқа да шаруашылық істерге салып, шәкірттің ілім алуға деген ынтасын тексерген. Бұл «Дін, ілім жолына түспекке шын бекінген жас болса, ауыр сынақтардың бәріне төзіп, медреседе қалады, ал ынтасыздары өз жөндерімен кетеді» деп әдейі жасалатын айла екен. Білімге құштар жастарды ертеде осылайша сұрыптап алатын болған. Сол тәсіл жыраулық өнерде де кең қолданылып келді. Бұған ертеректе жыраулардың діни сауатты болғандығы, медресе көргендігі себеп болса керек.
Бұл жерде жастайынан көп ізденіп, ел аралап үлкендердің ескі әңгімелерін тыңдаған Наурызбек жыраудың осындай ұстаз-шәкірт қағидаларын біліп, оны өзінің шәкірт дайындау ісінде пайдалануы қалыпты жағдай еді. Әрине, еңбекке салғанда тек қара жұмыспен шәкірттің уақытын зая кетірмеген. Мәселен, өзі жиын-тойларға кеткенде шәкіртіне біраз жұмыс тапсырып, сонымен бірге жыр-терме жазылған қолжазба дәптерлерін де беріп кетеді. Ұстазы келгенше шәкірттер әрі еңбек етіп, әрі жыр жаттап, уақытты пайдалы іспен өткізетін. Нәукең өзі келген соң домбырасын қолына алып, бірнеше терме-толғау айтып, шәкірттерінен жаттаған термелерін сұрайтын болған. Жыршылықтың басты қағидаларының бірі – репертуардың молдығы. Жырды көп білмей жыршы болам деу – бекер іс. Кем дегенде бір күн, бір түн жырлайтындай жыр жаттау шәкіртке қойылар алғашқы талаптардың бірі еді. Осы орайда, шәкірт дайындаудағы тағы бір маңызды әдіс – мақам үйреткенде бірден қағыс мен перне басуға көшпейтін. Жырау күн сайын шәкірттеріне өзі жырлап беріп, шәкірттің мақамды тыңдау арқылы меңгеру қабілетін шыңдайтын. Шәкірттер біраз уақыттан кейін өздері-ақ ұстазының мақам-саздарын, қағыстарын үйрене бастайды. Қолма-қол үйренбей, есіту арқылы меңгеруді үйренген жыршы болашақта да көптеген музыкалық шығармаларды тез әрі қиналмай меңгеріп алады.
Наурызбектің жанында көп жүріп, әңгімелерін тыңдап, ұзақ жылдар бойы жолдас болған шәкірті – Өсербай жырау Сәрсенбайұлы. Осы күні Өсербай аға бұрынғы ақын-жыраулар жайлы, ұстазы Наурызбек туралы көптеген деректерді кейінгі жастарға айтудан жалықпайды. Ұстазынан қалай тәлім алғанын Өсербай ағамыз былайша әңгімелейді: «Ол кісі бізге, шәкірттеріне мақам үйреткенде перне басуды, қағыс қағуды, терменің соңын қайыруды үйреткен жоқ. «Пәлен күні мына жерде жырлаймын, соған кел» дейтін. Жырауды көпшілікпен бірге қаумалап отырып, саздарын, сөздерін құлаққа сіңіру арқылы үйренгенбіз. Бұл шәкіртін жалқаулыққа үйретпеу үшін әрі тыңдау арқылы меңгеруді қалыптастыру үшін жасалатын».
Осындай сатыдан өткен шәкірттері іріктеліп, қабілетті, дарындылары ғана ұстаз көңілінен орын алған. Ұстазға ұнап, үмітін ақтағаннан кейін ұстаз-шәкірт қарым-қатынасы жаңа бір деңгейге өтетін. Мұндай шәкірттері енді ұстаздың қасына еріп, үлкен ас-мерекелерге қатысып, жыраулық ортамен танысады. Жыраудың шәкіртін үлкен топқа әкелуінің басты мақсаты бірнешеу. Біріншіден, ұстазының жыр сарындарын, домбырамен қостауларын бойына сіңіреді. Екіншіден, халықтың психологиясын меңгеріп, орындаушы мен тыңдаушының байланысын сезінеді. Сондай-ақ, жыр жырлау тәсілдерін үйреніп, ұстазынан жырлау барысында халықты баурау үшін қолданылатын актерлік шеберлігін үйренген. Мұның бәрі болашақта жыршы боламын деген адамға үлкен өнеге болып, өзін жыршы ретінде қалыптастыруға септігін тигізетін. Жыр қоры қалыптасып, жыр саздарын әжептеуір бойына сіңіріп, біраз жырлай алатындай деңгейге жеткесін шәкіртті құрға салған. (Құр – жыраулардың қаумалаған халықтың ортасында отырып жырлайтын орны). Құрға салғанда түбегейлі жырлау үшін салмаған, жыраудың өзі топта ұзақ жырлап, тынығатын кезінде кезекті шәкіртіне беретін. Мұның бәрі болашақ үлкен жыраудың алдағы өнер жолына азық болатындай тәжірибе еді.
Өнеге мен аманат
Жоғарыда аталған төзімділік, жыр жаттау, терме мақамдары мен жыр саздарын үйрену сияқты басқыштардан кейін шәкірт алдында бұдан да күрделі іс тұрады. Жалпы, ұстаздық-шәкірттік жолда сыйластық, адамгершілік, өнерге құрметпен қарау сияқты ертеден келе жатқан өмірлік қағидалардың маңызы зор. Жырау өзі орындайтын термелердің мән-мағынасын түсіндіріп, бұл терме-толғаулардың, жыр-дастандардың бабалардан қалған аманат екенін, оларды бұзбай, таза қалпында кейінгіге жеткізу сол аманатты орындаудың басты шарттарының бірі екенін шәкіртінің санасына құйып отырған. Мәселен, Наурызбек жыраудың жолын жалғастырушы Өсербай, Оразай, Сәрсенбай, Ринат жыраулардың репертуарларындағы Нәукең шығармалары әлі күнге ешқандай өзгеріссіз орындалып келе жатқаны олардың ұстаз шығармашылығын бұзбай, сол қалпында жеткізуге тырысатындығын көрсетеді. Бірде Наурызбектің алдында бір шәкірті жыраудың өз термесін орындайды. Арасында кездесетін «Наурызбектің сіздерге әкелген сұлу жыры бар» деген жолдардағы «Наурызбектің сіздерге» деген сөзін өзгертіп, өз есімін қосып айтады. Сонда Нәукең ескерту жасап, біреудің шығарған сөзін иемденіп, бұзып айтуға болмайтынын айтқан. Шынында, Әбубәкірдің, Майлықожаның, Жамбылдың терме-толғауларында автордың өз есімін қосып айту дәстүрі бар. Енді осы ақын, жыраулардың есімдері бар толғаудың жолдарына қазіргі орындаушылар өз есімін қойып айтса қалай болар еді? Толғаудың мән-мағынасы өзгеріп, тарихи құндылығынан айрылып қалмай ма? Сондықтан да, жыраулық дәстүрде ұстаздар шәкірттерінің баяғыдан келе жатқан терме-толғаулардың авторларын, ондағы адам есімдерін өзгертпей орындауын қадағалаған.
Наурызбек жырау көбіне өзіне дейінгі ақын-жыршылардың үлгілі істерін, өмір жолдарын, шығармаларының шығу тарихын әңгімелеп, жас жыршыларға өнеге етіп отырған. Ондағы мақсат жас талапкерді тек қана жыр-термені жақсы орындайтын өнерпаз қылып қана қоймай, оларды арғы-бергі тарихтан хабардар, өнердің қадір-қасиетін, киесін түсінетін рухани жетілген тұлға етіп қалыптастыру болатын. Жыраулық дәстүрде саз, сөз, ақындық, күйшілік сияқты бірнеше өнер тоғысқандықтан, шәкірттерден осы өнер түрлерін мүлтіксіз меңгеру талап етілетін. Өйткені, жыраудың мақсаты шәкірттеріне жәй ғана терме айтуды, домбыра тартуды үйрету емес, өзіне дейінгі бабалардың мұрасын кейінгі жас буынға толық жеткізіп, жыраулық дәстүр дейтін ұлы өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру болып табылады.
Бұрынғыдан қалған жол
Жыраулық өнерде шәкіртіне ұстазының бата беру дәстүрі бар. Бұл – диплом бергенмен бірдей іс. Алған өнегесі мен тәлімін сіңіріп, жырлау шеберлігі әбден толысқан шағында, жұрт алдында көсіліп жырлай алатын дәрежеге жеткенде ғана ұстазы батасын берген. Бата беру – енді ел алдында жеке жырлауыңа болады деген рұқсаты іспеттес. Өнерде «сәт сапар» тілеуі. Бір қызығы, шәкірт тәлім берген ұстазынан бата алмай, ешқашан жеке өзі топқа түспеген. Әдебиетші-ғалым Қ.Жұмажанов «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» деген кітабында табын Дүйсенбай жыраудың Қарасай жырау Қалиұлына өнеге көрсеткенін айта келіп: «Ол Қарасайдың жыршылығы, орындау шеберлігі, ақындық қабілеті толысып, жырды дамытып жырлау мүмкіндік қасиетіне толысқан шағында, 25-26 жастар шамасында ел алдына жыр толғау үшін рұқсат батасын береді», – дейді. Мұндағы деректерден де жыраудың толысқан шәкіртке ғана бата беретінін көреміз. Наурызбек жырау Нұрмұхамбет атты шәкіріне:
Бұрынғыдан қалған жол,
Ұстазынан бата алған.
Бата алғасын көркейіп,
Халыққа білгіш атанған.
Көре-көре көсемсің,
Сөйлей-сөйлей шешенсің
Іштен жоқ ешкім жасалған.
Бата алған іс – аталық,
Нұраш жырау болуға,
Беліңді будың аттанып.
«Айтқыш екен, шіркін» деп,
Батасын берсін көп халық.
Термені толқып төге бер,
Еті қызған жорғадай.
Іркіліп жүрме, тоқталып.
Айтқыш екен дегенге,
Алға өрлеген бақытты,
Бұзып алма мақтанып.
Осы менің ақ батам,
Домбырамен қосылып,
Шалқи бер інім, шаттанып, – деп өлеңдетіп бата берген екен.
Бір қызығы, Нәукең батасын кез келген шәкіртіне бермеген. Кейде ел ішінде «Нәукең батасын пәленшеге бермепті ғой» деген сөздерді есітіп қаламыз. Кейбір жыршылар Нәукеңнің бәтиясын алдым деп мақтанып жатады. «Наурызбектің шәкірті» деген атқа ие болу үшін алдымен жыршылық өнерді жақсы меңгеру керек болған, өнерге ықыласпен қарап, жақсы игерген шәкірттеріне ғана батасын берген. Ұстаздың мұрасын, аманатын кейінгіге жеткізушісі шәкірті болғандықтан, шәкірт таңдауға қатты мән берген сыңайлы.
Бүгінде жыраудың шәкірттері атанып жүрген жыршылардың ішінде жоғарыда аталғандай шәкірттік кезеңдерден өтпей-ақ, батасын алғандары бар. Мысалы, шоманайлық Сәрсенбай Рахманбердиев орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде Наурызбек жыраудың батасын алған. Өйткені, ол бала кезінен өз бетінше ізденіп, көптеген терме-толғауларды, жыр-дастандарды жаттаған. Нәукеңнің жырларын аулына келіп жырлағанда тыңдап, дыбыс таспаларынан мақамдарын үйренген.
«Жырау батасын алдық» дейтіндер аз емес. Соның ішінде шәкіртке арнайы берілетін батаның орны бөлек. Ал салтымызда кездесетін «дастархан батасы», «ризашылық батасы», «сапар батасы» сияқты бата берудің түрлері көп. Алайда, жыраудан мұндай бата түрлерін алғанмен бұл «Ұстаздың батасын алдым» деп айтуға келмейді. «Пәленше жыраудың батасын алдым, шәкіртімін» деп айту үшін оған жаңағы айтылғандай арнайы шәкіртке берілетін бата берілген болуы тиіс. Әйтпесе, дастарханның басында кім кімнен бата алмай жатыр?
Төребай жырау, Жайылхан Қаратаев, Өсербай Сәрсенбайұлы, Тұрлан Бейсенбаев, Болатбек Ердәулетов, Нұраш жырау, Сәрсенбай Рахманбердиев сияқты т.б. шәкірттері Наурызбек жыраудың ұстаздық батасын алғандар. Бұлардың бәрі де ұстазынан алған тәлімді кейінгі жас буынға жеткізіп, ұстаз аманатын адалдықпен орындады. Төребай, Болатбек ағаларымыз әрдайым жыраулық өнердің туын тік ұстаумен бүгінде пәниден бақиға аттанған болса, қалған аты аталған ағаларымыз әлі де сол жолда еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленіп жүр. Осындай ұстаз-шәкірт қағидаларын қатаң сақтап, жыраулық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін дәстүр барда ұлтымыздың ұлы өнері қазақпен бірге мәңгі жасай бермек.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы.