Абай Мауқараұлы. Буырқанған бояулар (эстетикалық эссе)

ӘДЕБИЕТ
3419

Ренато Гуттузо. Этнадан қашу

«Буырқанған» деген сөз әдетте теңізге қатысты айтылушы еді. Кейде, ашуланған адамның мінезін бейнелегенде қолданатыны да бар. Жараған бураға да айтылатын кезі болады. Дегенмен, негізінде теңіздің қатты толқынданған сәтіне жарасатын бейнелеу екенін де сөз жоқ.

Алайда, мұнда бояуларға қатысты айтылған. Көркем суреттің түрлі-түсті бояуларына теңеу ретінде. Буырқанған бояулар! Тосын теңеу екені рас. Көз алдыңызға қызыл, сары, жасыл, күлгін алапат асау бояулардың дүлей толқыны өзіңе қарай өршелене ұмтылып келе жатқандай! 

Әлде, қаншама түстер, өңдер, реңдер араласып алып шыр-көбелек үйіріліп аспан астында құйындай ұйтқып көз ұшында көрініп әне-міне орап, ұшырып әкетердей үрей туғызады. Осылайша, қиялыңызда қаншама қияпатпен елестете беру өз еркіңізде, әрине.

Бірақ, бір тосындығы бұл сөз кәдімгі кітаптың атауы. Осыдан дәл қырық жыл уақыт бұрын Алматыдағы «Өнер» баспасынан жарық көрген кітаптың аты. Авторы белгілі журналист, тоқсаныншы жылдары ұлт рухын оятуда ел есінде ересен қалған «Ана Тілі» апталығының алғашқы редакторы Жарылқап Бейсенбаев. 

Кітаптың алғашқы бетінде мәтіндердің жанры «эсселер мен сыпаттамалар» деп жазылғаны да осы кітаптың атауына сай бірден әсерлі көрінеді. 

Эссе жанры мейілі қай тақырып болсын тарих па, өнер ме, ғылым ба, әдебиет пе... қаламгердің еркін, тосын ойлары мен соған сай қолданытын ұшқыр сөз тіркестері, оқырманды жетелеп отыратын шалт оқиғалардан тұратын жалт етпе қысқа эпизодтар, қиялыңызға ерік бергізіп жетелеп әкеліп кілт тастап басқа қиырға жөнеле беретін көңіл-күй мен сезімнің сан-қырлы иірімдері... дейсіз бе, мүмкіндігі мол жанр. 

Тек, мәтін ішінде лепірме алдамшы нәрселер болмасын,  әр қадамда ақиқат шегінен аттап кетпесеңіз болды, оқырманды үйіріп аласыз. 

Міне, «Буырқанған бояулар» дәл осындай эссе жанрының мүмкіндігін шыңға шығарған сирек кітап деуге тұратын рухани дүние, тамаша туынды.

Кітаптың алғашқы тақырыбы «Сена үстіндегі сырбаз қала» деп аталған. Осы сөзді оқығанда-ақ автормен бірге әлемдік өнер ордасы саналатын әйгілі Парижге бірге барғандай күйге бөленесіз. 

Сена дегені өзен атауы. Бүкіл өнер туындыларын жауһардай бойына сіңірген Париждің сәніне сән қосып, қақ ортасыннан сылаңдаған сұлудай бұраңдап ағып жатқан әсем дария. 

Тақырыптағы жалыз сөйлем сезімді бірден баурап алуы да содан. Әрі эпикриздегі даңқты суретші Поль Сезанның «Бүкіл Парижді жалғыз алмамен дүрліктіргім келеді!» дегені әдемілікке деген қызу құштарлығыңызды одан сайын асқынта түседі. 

Осылай алып-ұшқан қызу көңіл-күймен Париж көшелеріне қуана қадам басқандай болып мәтіннің алғашқы сөйлеміне көзіңіз түскенде «Париж әманда сенің жадыңда жаңғырып жүрер думанды мереке» деген сөзді айтып тұрған ғажайып суреткер Эрнест Хемингуеймен де сол қалада бетпе-бет кезіккендей керемет әсер баурап алады. 

Бұл айтып отырғанымыз Жарылқап ағамыздың Парижге алғаш қадам басқан кездегі шабытты сәттерін оқырманын өзімен ертіп жүргендей етіп жандандыра жазған жазбаларының басталған тұсындағы бір үзік көріністер еді. 

Нақтырақ айтсақ, сонау Совет заманында «Спутник» деп аталатын халықаралық жастар туризмімен бір топ алматылық жастар Париж қаласына саяхаттап барған екен. Қаламгер ағамыз солардың қатарында болған, бұл туынды сол сапардың татымды жемісі дейміз. 

Сол жылдары Жарылқап ағамыздың бәлкім отыздың ар жақ-бер жағындағы жалынды жастық шағы болу керек. Алдында айтқанымыздай кітаптың басталуы қалай қызу әсерлі болса, ондағы әрбір тақырыптар да дәл солай  шапқан сайын өршеленіп, тері шыққан сайын тынысы кеңіп отыратын өрен жүйріктей мәреге сол тебінмен бірақ жетеді. 

Бірақ, менің мақсатым бұл туындыны талдау емес еді. Осы «Буырқанған бояулар» атты эсседен бейнелеу өнерінің әліппесін үйренгенімді егжей-тегжейлі жазсам дегем-ді. Өйткені, соның арқасында көзбен ғана сезіне алатын «Бейнелеу өнері» деген тылсымның сырын өз шамамша түсінетіндей болғам-ды.

Өйткені, бейнелеу өнерінің сан-түрлі қырын ашып, жаңа болмыстарын қалыптастырған ең атақты суретшілер француздық Поль Сезанн, Поль Гоген, Пабло Пикассолар, голландық Ван Гог, италияндық Ренато Гуттузо, ресейлік Михаил Врубель, Павел Кузнецов... сынды өнер шеберлерінің туындыларының ерекшеліктерін, астарлы сырларын, бояуға жасырынған болмыс құпияларын, шеберлік өзгешеліктерін қаламгер осы саланың білгірінен кем еместей сипатайды, түсініктер береді, суреттен сауатсыз кісіге хат танытқан ұстаздай танытады. 

Шынында, кескін өнері саласынан еш хабары жоқ адамдардың сондай көркем-суреттерге алғаш көз салғанда оның алабажақ, айғыз-айғыз шимай бояу секілді көрінетіні сөзсіз. 

Ал, сол бояулардың мән-мәнісін ұғып, астарына үңіле алатын білім, түсінік алғаннан кейін сауатсыз адам хат таныған соң қызықты кітапты құныға оқитындай халге жеткені секілді көркем суретке де үңіле, сүйсіне қарайтын болады. Әлгі, алабажақ деп көз тайдырып кете беретін бейнелердің айтпақ айырықша ойы, көңілді қобалжытар ащы пікірі, сананы билеп алатын сағынышты сырлары бар екенін білгенде тағы бір беймәлім дүниеге енгендей күйді кешеді, сол адам.    

Поль Сезанн. Ван Гогтың портреті

Бұл кітаптағы сурет өнері туралы осындай қызықты мағлұматтарды оқу үстінде кітаптың ортасына қосымша етіп салынған арнайы жылтыр беттерде аталған суретшілердің автопортреттері мен картиналарының болуы мұғалімнің тақтаға жазу жазып танытқанындай қызықтыра түсетінін айтар едім. 

Әйгілі суретшілердің жай адамдарға мүлде ұқсамайтын тағдыры бір таңғалдырса, сол адамдардың шығармашылық ауыртпалық пен азапты кеше отырып салған суретінің сыры қоса айтылғанда әлгі суреттер безенген бетті қайта-қайта ашып әлсін-әлі көз тоқтатып өнер иесінің автопортретіне бір, оның сырлы картинасына бір үңілумен бейнелеу өнерінің терең теңізіне шым бата түсесің.  

«Парижді дүрліктірген жалғыз алма» осындай тақырыппен басталып Пол Сезанның өз өмірі мен туындысы сипатталғанда әрине, әуелі алаулаған қызыл алма көз алыңызға келеді. 

Бірақ, Сезанның алмасы біз ойлағандай емес екен. Кәдімгі алманы фотосуреттегіден де бетер етіп мөлдіретіп салу оған дейін де қол жетіп қойған өнер табысы болса керек. 

Ал, Сезанн болса алманың яки айналадағы ненің болса да нақты болмысын, табиғи кескінін танытпақшы болған. Ол бүкіл жаратылыстың шар, конус, цилиндр секілді екенін аңдап сәйкестік, сүйкімділік, келісімділік, үйлесімділік, көркемдік деген өлшемдердің сондай пішіндерде жасырынып жатқанын, бояулардың да соған сай сәйкесетінін білген. 

Әйтпегенде, адамдардың көргеніндей көру, солай етіп сызудың ешқандай сырлы, сымбатты болмайтынын ұғып, тұрпайы тобырлық талғамнан ат тонын ала қашқан. Бұндай шешім оған оңайға түспеді, сол кездегі суретшілер ортасынан кетуге тура келді, олардың жан таласа жүгірген атақ-даңқ деген алдамшы-арбаушыдан қашуға бел байлады. Сөйтіп, жападан-жалғыз қалады. 

Кітапта «...сақал шашы аппақ қудай, үстінде айғыз-айқыз бояумен былғанған кең шекпен киіп тауға қарай ілбіп бара жатқан оны байқаған көше балалары қорқынышты ертегінің кейіпкерін көргендей соңынан шулай еріп, артынан тас атып мазақ қылатын...» дейді. Міне, Сезанн осындай аянышты хал кеше жүріп өз мақсатына қол жеткізді. 

Осы жолдарды оқыған соң кітапта берілген оның «Апельсиндері мен алмалары бар натюрморт» деген картинасына қадала қарайсың, әрине. Бірден көкейіңе «Бүкіл Париж көрермендерін шулататындай не бар мұнда?!» деген ой көкейге келуі сөзсіз. Иә, рас мұнда қанша үңілсең де жарқырап, жалтырап, мөлдіреп, еміндіріп тұрған ештеңе де байқалмайды. Қоңырқай, жасылдау түсті бояулар басым картина тым қарапайымдылығымен адамға жылыұшырайды.

Поль Сезанн. Алмалар мен апельсиндер

Натюрморттағы жемістермен таныс әрі бейтаныс нәрселер араласып тұр. Үстел секілді тұрған қиғаштау фонда бүкітеліп-бүктеліп қалай болса солай жайылған ақшыл жайма-орамалдың бір шеті салбырап қалған. Үстіңгі бұрышқа тағы сондай жасылала орамал қатпарлана тастай салынған. 

Ал орамалдың үсіндегі шыны табақта үймелете салған бес-алты қызылсарқыш түсті алма мен апельсиндер аралас көрінеді. Және орамалдың шетіне таман тағы да сондай алмалар мен апельсиндер шашылап жатыр. Жасылала орамалға тақау тұста су құятын қыш құмыра.

Енді, әрбір затқа жеке-жеке көз тоқтату керек болады, неге олай қойылған?  Өйткені, мұнда осыларды өстіп қоя салған адам да жақын маңда тұрғандай сезім тудырады. Не тіпті, өзіңіз осы жемістер қойылған қарапайым дастарханға жақын келіп қалғандайсыз. Жемістердің тым таныс етене түсі оның дәмі мен иісін де сізге сездіре бастағандай болады. Міне, осылайша бұл картина жанға жақын етенелігімен баурап алады. 

Сонда ғана сананың терең түкпірінде біз жете алмай жүрген, түсіне алмаған «қарапайымдылық» атты өнер құпиясымен қауышамыз. Алайда, қарапайымдылық деген қарабайырлық емес, әрине (натурализм емес деген сөз). 

Яғни, бір ғұламаның айтқан «даналық деген қарапайым да, кішпейіл нәрсе» дегені осы картинадан көрінетінін байқаймыз.

Бұл даңқты суретші сол даналықты бойына сіңірген шығар, бәлкім. Енді, осы картинасымен қатар тұрған Сезанның автопортретіне көз салғанда, жоғарыда кітапта суреттелген бишара халдегі адам емес, дегдар, ғұлама пішінді адам көз тартады. Ол мына бейнесінде жеке адамға ғана емес, бүкіл адамдарға назарын жіті салғандай зерделей қарап тұр. 

Автопортрет бүтіндей қара-жасыл түспен сомдалған, киімінің жағасынан асып тұрған шаш, еріндерді көрсетпей мол өскен мұрт пен жақтан иекті ораған сақал, сол жақтағы көлеңке сәл көмескілеген өткір көз жанар, әйел адамға тән жіңішке әдемі қас түгелдей жасыл тұманды құпия өңмен берілген. 

Тек қана қасқалау келген кең маңдай, оң жақ құлақ, оң жақ бет, сүйірлеу келген мұрын айқын аппақ-күлгін түспен көз тартуы, бұлт арасынан жарқ етіп шыққан жарық айдай көңілге жылы тиеді. «Мені түсініңдерші!» деп, өтініп тұрған көзғарасты байқамай қалуға болмайтындай өзгеше қарау. Бір сәттік қарау осылай ұдайы қарауға айналған.

Поль Сезанн. Автопортрет

Енді, Поль Гогеннің сурет өнерін тамашалағанда шеберліктің шегі жоқ екенін, хас шеберлер дара шыңдар секілді бір-біріне еш ұқсамайтынын байқап тәнті боласың. 

Ыстық белдеудегі шалғай мұхиттың бір түкпірінде жатқан Францияның иелігіндегі Тайти аралының тылсым табиғаты, мүлде бөлек болмыстағы адамдары Гогеннің ғажап қылқаламында жанданып дүниені шарлап кеткен. Бұл өзгеше бейнелер өздерін асқан мәдениетті санайтын еуропалық көрермендердің бір тобын таң-тамаша қалдырып риза болдырып жатса, бір тобын ашу-ызаға түсіріп күйіндіреді. Өйткені, бұл бар-жоғы аралдың «жабайы адамдары» жайлы өнер туындысы еді.  

Кітаптың қосалқы бетіндегі Гогеннің «Жеміс ұстаған әйел», «Сен оны қызғанасың ба?», «Автопортрет» сынды бірнеше картиналары жаппай күрең-қызғылт реңімен көз тартады. Таити аралына тән қызғылт құмдақ жағалаулар, пандан жапырақтарымен жабылған шатырлы, бамбуктен өрілген маори үйшік-күркелер, аптап қапырыққа мүлгіп селт етпей тұрған арал көріністері көрермен көзін үйіріп алады. 

Поль Гоген. Жеміс ұстаған әйел

Аралдағы дүниемен жаны мен тәні қосылып кеткендей өз еркімен, қалауынша мамыражай күн кешкен күрең терілі, емін-еркін тірліктегі бөлекше адамдарды осындай қызылт өң ғана дөп басатынын суретші тума сұңғылалығымен терең сезсе керек. 

Аталған картинада таитияндық әйелдер бейнеленген. Күнге күйген қоңырқай денелер сол жердің топырағына ұқсайды, әдептері, тұрысы, жатысы өз қалауынша көрініс тапқан. Бұл болса, біреулердің көзімен жабайы, дөрекі саналып жатса, ал суретші еркіндіктің, табиғилықтың қанша қымбат екенін жария етуге барын салғанын саналылар ғана ұға алған. 

Гогеннің өзінің автопортреті де әдеттен тыс қызғылт, өрттің жанында тұрғандай алаулайды, көз жанары ғана қиғаштай қарап осы ортаны жан-тәнімен жақсы көргенін білдіргендей байсалды, ойлы қалпынан аумаған. 

Ал, қолына ұстаған қылқаламы мен бір шеті ғана көрінген дәл сондай қызғылт-сары өңді шала сызылған картинасы шынайы көзғарасын дәлелдей түскендей өз бейнесімен бірге астасып кеткен. 

«Буырқанған бояулардың» мәтініндегі «Гоген аралдан тапқан туындыгерлік шабытына, өнеріне тоят әкелген тағдырына дән риза. Тек тынымсыз сурет салуға кірісіп кеткен. Таитияндық Техура атты жас қыздың сыйлаған қызу махаббаты да жадау жанын жадыратуда».

Бірақ, Гоген сурет өнерін ардақтайтын қалың қауымның есінде ұмытылмай қалатын кемел туындылар жасау жолында Париждегі бақуатты тірлігін, бес баласы мен даниялық сұлу жары Мэттені тастап, өз өмірін құрбан еткенін түсіну қиын-ақ! 

Өмірінің соңында жалғыздық, жанын қинаған сырқатпен арпалысып қиян шеттегі Атуана аралында өмірден өтті. Содан кейін ғана оның қалдырған өзгеше сипаттағы туындылары Гогеннің даңқын асырды. 

Поль Гоген. Автопортрет

Қосымша беттегі голландиялық әйгілі суретші Винсент Ван-Гогтің кариналары да дара болмысымен өзіне тартады. Қанын сорғалатып өз құлағын өзі кесіп алған асау мінезді, адамдармен тіл табысуы тым қиын қиқар бұл суретшінің салған пейзаждарынан табиғаттың төл иісі аңқып тұратыны анық. 

Құлпырта, емін-еркін етіп сызған егіс  даласының пейзажы көрген көзді емес, маужыраған денені селт еткізіп оятатындай жауынның салқын ілебі есіп, еркіндікке шақырады. Сап-сары болып піскен күнбағыстардың иісі мұрынға келгендей болады. Неге екенін түсіну қиын, суретші бояудың біз білмейтін тағы бір қырын тапқан, сірә.

«Буырқанған бояуда» таныстырылған ресейлік суретші П. Кузнецовтің картиналары қазақ сахарасын бейнелегені үшін де бізге етене сүйкімді әсер қалдырады. Сырт көз тұрғысында орыс суретшісі қазақ табиғатының салқар кеңдігін, адамдарының мамыражайлығын сурет өнерінде тап басқаны оның бұл өнердің майталманы екенін еріксіз мойындатады. «Киіз үйде дамылдап жатқан әйел», «Даладағы сағым» деген бірнеше суреті соған дәлел. 

Михаил Врубелдің «Отырған Демон» атты картинасы кітап авторын өте терең толғанысқа салған секілді: «Суретші Демонның еңсесін одан ары езіп, күйзелісі мен қиналысын тіпті күшейте суреттеу үшін сурет сомдалған кенептің биіктігін пәс, мүлде аласа етіп ал көлденеңін енді, ұзын болдырғандай. Кеудесі мұңға толы, тұла бойын зіл басқан пері-кейіпкер екі қолын тізесінің үстіне тастай салып, түпсіз ойға шомған. Ал сурет фонындағы қияли пейзаждың қызыл, алкүрең, жасыл, көк, қоңыр, сары, мұнартқан сан түрлі түспен көз тартуы Демонды одан сайын құпия ете түседі. Мына жат, суық әлемнен безінген сұмдық шарасыздық...» 

Михаил Врубель. Отырған демон

Міне, картинадан сөзге бергісіз осындай ой оқу, әрине бояу өнерінің таусылмас сыры бар екенін ұқтырады. Врубельдің тағы бір картинасы әсіресе, таңғаларлық: ымырттағы көк теңіздің ортасында, жайнаған кең көйлегін қанат секілді жайып, жаудыраған әдемі көздерімен артына бұрыла қараған, алтын тәжді  асқан сұлу ханым көрген жанды бұл тұрған адам ба, періште ме, дегізеді. 

Міне, осы «Теңіз ханшасы» картинасы да Демоннан бетер адамның сан қырлы тылсым болмысына бойлаған ғажап туынды екенін өнер сүйер қауым бағзыдан бері бірауыздан мойындаған өнер жауһары еді.

Бұл кітапта баяндалған бейнелеу көркем-өнері жайлы осындай терең танымдық мысалдарды айта берсек уақыт көтермесі анық. Өз басым осы кітаптың маған көркем суретті түсінудің әлппесі болғанын, оны қаншама рет қайталап оқыған сайын жаңа түсініктер алғанымды жеткізсем дегем-ді. 

Михаил Врибель. Теңіз ханшасы

Алайда, негізгі айтпағым осы «Буырқанған бояуда» аталған даңқтылардан асып түспесе кем қалмайтын көп құпиясын өзімен ала кеткен қазақтың біртуар өнер майталманы жөнінде еді. Яғни, ел есінен ұмыт қалған өнертану ғылымының ұстазы мен оның кемел жетістікке жеткен шәкірті жайлы азғана мағлұматты оқырманға жеткізуді қаламгерлік мұратым деп санап едім. Енді, сол жайлы:

Бейнелеу өнерінің әлппесін «Буырқанған бояудан» үйренсем, ендігі айтпақ болып отырған тәлімгер өнертанушыдан бейнелеудің бөлек бір әлем екенін ұққам-ды. 

Өнертанудың ерекше сезімі, кірпияздығы осы аса дарынды адамның тума табиғатында болды-ау, деймін. Өйткені, бұл адам бейнелеу саласында арнайы оқу бітірмеген-ді. 

Ол кісімен алғаш кезікеннен айнала дүниені түгел өнер туындысы ретінде қарайтынын, не болса да үңіле қалатынын байқап, «осы ағамыздың басында бір шалығы бар шығар...» деген ойға келгенім әлі есімде. 

Сөйте-сөйте, бұл кісімен бірге болаған әр кезімде мына айнала дүниенің бәрі көрме екенін, аяқ астында аткөпір боп жатқан малта тастардың өзі бір-біріне еш ұқсамайтын алуан пішіндерден тұратынын, құлаған ағаштың түбірі екеш түбірдің сояудай үшкір жаңқасының да әсемдігі бар екенін, бір-бірінен оза қия бетке ұмтылған шыңырау шыңдар қайталанбас ғажап қамал-қорғандардан аумайтынын, әлгі шырқау шыңдардың бір үшкіл кетігі мен алдырмас тайғақ шатқалы қалай өзара үйлесіп тұрғанын... ол ағамыз таусыла айтып, сол көріністерге тәнті болатын еді. 

Бірақ, осынша сансыз нәрселерге қанша үңілсең де ешбір мін табылмайтын тамсана таңғалып, айта беретін, айта беретін. Ең соңында «Осыларды сомдаған иесі еш мінсіз, шексіз шебер!» дейтін. 

Ал адам қолынан шыққан нәрсе болса болды, бұл кісі бір кемшілігін таппай қоймайтын. Көшеде кетіп бара жатқанымызда қасымыздан зырлап өтіп жататын сан түрлі маркалы мәшинелердің доңғалақ ішіндегі (обаты) пішіндеріне де назар аударып, «бәрінен де мына үш сала болып тұрған пішінді ойлап тапқан инженер ұтқан, соның талғамы тамаша, басқа анау көп тесік-тесік түрлері, мына көп тармақтылар, алты бұрыштылар... онша жақсы емес» деп көз адынан зымырап өтіп жатқан дөңгелектерге қарап бір сәт ойға берілетін-ді. 

Енді, бірде әдебиетке де кірісіп кететін: «Ауылдың тұсы терең сай тасқынды өзен гүрілдеп, желсіз түнде жарық ай сәулесі суда дірілдеп...» «Осы өлең жолынан не байқадың?» дейді, маған. «Ештеңе, бұл елдің бәрі білетін Абай хакімнің өлеңі ғой.»

«Міне, өзің әдебиетшімін деп жүрсең де осы құлаққа әбден сіңген өлеңнің деталын да білмейді екенсің!»

«Қайта тыңда, онда! Ауылдың жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп... Енді, қалай?» «Сол қалпы сияқты...». «Байқамадың, соңғысы оргиналы, алдыңғысы менің мәтінді сынағаным. Баяғы ауыл қазағы, ауылдың жаны демейді, ауылдың тұсы, дейді. Тасыған өзен лай, көбік болып кетпей ме, оған қалай ай сәулесі дірілдесін, сондықтан тау өзені болғандықтан, тасқынды өзен, деу керек!» 

Мен еріксіз бас шайқадым: «Ұлы ақынды қалай сынайсыз?!» «А, міне! Өнерде біздің өспейтініміз осы табынушылық мінезден! Мен мәтінді сынаудамын ғой, ақында шаруам жоқ! Мүмкін, соңғы мәтін жөндеушілер солай бүлдірген бәлкім, соны айтсам, қандай қате бар?! Мәселен, мына жолдарға не дейсің! «Қартайдық, қайғы ойладық ұлғайды арман, Шошыймын, кейінгі жас балалардан!» Асылында, «Қорқамын, кейінгі жас балалардан» деу керек еді. Шошыймын деу, кенет үрейленуді білдірмей ме! Ал, мұндағы қорықу басқаша келешектегі ұрпаққа сенбеу мағынасы тұрған жоқ па?». 

Өнертанушының дәлелді сөздеріне ойланып қалдым. Сөйтіп, бұл кісінің «әдебиетті де шағып тастайтынына» сенерімді де, сенбесімді де білмей жүргенде одан өткен қызық болды. 

Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» дейтін романы шығып, жабылып оқып жатқан кезіміз еді. Алдында, осы өнертанушы ағама айтқам, сондай мықты роман шықты, деп. 

Тағы бірде барсам, «Жұлдызға» жарияланған әлгі романның алдыңғы беттерін түгел қызыл шиедей ғып сызып тастап, «маған айтқан мықты романың осы ма?!» деп, қарап отыр. Сасып қалдым. Енді, бұл бетбақтырмайтын өнертанушы ағамның өзін оңдырмай жығатын уәж табу үшін шалт ойландым. 

«Ой, аға! Мәскеудің кіші залында осы роман бойынша Шыңғыс Айтматов оқырмандармен кездесу жасағанын «Орбитадан» көргеніңіз қайда! Орыстар залға симай қаптап отырды ғой. Сұлу жас қыз Айтматовқа гүл апарып ұсынғанда оны қалай алғанын көріп бас шайқағаныңыз қайда?! Қызға ілтипат көрсетпей, гүлді еңкеймей тұрып алды, ойпырай дарынына мастанып тұр-ау, дегеніңіз қайда?!» Өнертанушым бұл сөзіме жуасығанның орнына өршеленіп кетті.

«Ол оқырманмен кезігу деген әншейін, жазушыға құрмет қой! Бұл романның көркемдік сапасының ондай жиынға, жарнамаға қандай қатысы бар!? Міне, мына роман басталған жерде темір жол маңында қаңғып жүрген аш түлкі туралы он бет жазыпты! Маған аш түлкінің не керегі бар!? Шын жазушы болса, оқырманды өйтіп, уақытын жеп құр пәлсапамен алдаусыратпасын! Айтқалылы отырғанын тіке жазсын! Анау, Бальзак құсап «Шегірен бұлғарыдағыдай» қоғамның ауруын ашып көрсетсін, мына мақтап жүрген романыңның басы мынандай болса, іші де сондай қызыл сөзге толы, аңқау оқырманды алдайтын тәсілдерден басқа ештеңе емес шығар, мұны оқудың қажеті жоқ!» деп, шарт кетті. «Сыншылдықпен ауырған адам...» деп, түйдім ішімнен. 

Қаншама уақыт өткен кез еді, бір жолығып қалғанда өнертанушы ағама: «Әрбір өнердің өзіндік сыншысы, танушысы, зертеушісі бар ғой. Сіз бейнелеуді сынасаңыз да жетіп жатқан жоқ па?!» деп, ұсыныс айттым. 

Өнертанушы маған жылыұшырай қарап, басын изей отырып, жадырай күліп біраз отырды. Мен болсам, ол осы сөзімді түсінді, ақылымды алды деп, түйдім. Бірақ, мүлде басқаша әңгіме басталып кетті:

«Мына айналадағы дүниеге қарашы! Бәрі бірігіп бір үйлесім жасап тұрған жоқ па! Өнер деген осы үйлесімді жеткізу ғана, соны дәл тану ғана. Бөлшектеп әкету толық таный алмағандықтан туған өнер шеберлерінің әлсіздігі. 

Бірақ, адамзат тарихында бір өнер арқылы бәрін танытқан геннилер де аз емес. 

Бетховенді өнерсүйер қауым неге тәнті болып тыңдайды? Себебі, ол сол симфониясы арқылы айнала дүниеде сезгенін, әуенге түгел сиғызып, алуан құбылысты біртұтас бүтін ғып түгел жеткізген. Жеткізген деуден гөрі ғажайып болмысты гүл секілді иісімен, түрімен, түсімен ұсынған деу дұрыс. Ал ондай ғажап үйлесім, адамның жандүниесімен гармония құрмай қоймайды. Абай ақынның «Әсем ән мен тәтті күй, құлақтан кіріп бойды алар» деуі содан. 

Әттең, өмірім жепейді, әйтпегенде, сол Бетховеннің бір симфонясынан бір галерея сурет салып шығар едім. 

Ал, өзіміздің Қазанғап, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерейдің күйлері күй ғана емес, ол бүкіл қазақ сахарасының құбылысқа толы суреті, дала адамдарының ешкім айта алмаған сыры. Егер, осы күйлерді бейнеге айналдырса бүкіл дүние тамсанып қарап қалар еді! Өнердің жауы талантсыздар, олар осы үйлесімді білмейтіндіктен адам бойындағы табиғи талғамды қиратады, сөйтіп кірпияз өнердің сәулетті сарайы күйреп, жұртына қарабайыр, сұрқай қара күркелер қаптайды, оған өзінше баға бернетін тоңмойындық деген талғамсыз топастық келіп кетпестей қонжияды...»

Кез-келген адам түсіне қоюы қиындау өнертанушының осы айтқан ойлары құр жел сөз қалпында қалды ма, жоқ іске асқаны бар ма, деген сауал оқырманның көкейінде тұрғаны анық. Енді, сөзімді созбай осындай талғамнан туған нәтижені ғана айтып, әңгімемді тамамдайын. Қалғанын оқырман қауым өз ой елегінен өткізе жатар.

Осы өнертанушының өзі тәрбиелген ұлы әрі шәкірті Ойлан 1986-жылы Мәскеу қаласында өткен «Дүниежүзі балаларының бейнелеу олимпиядасына» қатысқан еді. 

Жасы он екі-он үш шамасында болу керек, сол кезде. Жолдаған суреті «Жайлымдағы жылқылар» деп аталыпты. Баланың осы картинасы Олимпияда қортындысында алдыңғы сыйлықтардың біріне ие болды. 

Одақтық «Октябрь шапағы» деген журналдың сыртқы мұқабасына жас суретші Ойлан көрнекі суретімен шықты. Және Данияның әйгілі графист-суретшісі Херлуф Бидструптың пікірі қоса жарияланды: «Мына суретші бала еуразия даласына жарасқан жанды жылқыларды көз алдымызға әкелді» депті.  

Содан көп уақыт өткеннен кейін, жуық жылардың бірінде Ойланның жеке шеберханасына барудың сәті түсіп еді. Үш бөлмелі пәтердің іші ені мен ұзыны үш те төрт метрден кем түспейтін өте үлкен картиналарға толы болғандықтан маған шеберхана іші картина-бөлмелерге айналған секілді қызық көрінді. 

Бұл картиналардың бәрі өз басым халықаралық және елдегі сурет-көрмелерінде көріп көзім үйренген картиналардан мүлде өзгеше екенін бірден байқадым. Ойланға кезікпеген жиырмаға таяу жылда оның шығармашылығы біз таный алмастай өсіп, өзгергенін аңдадым. 

Соның ішінде ені мен ұзыны пәтердің қабырғасына жетеқабыл «ҮКІЛІ ХАТ» атты картина менің бұрынғы бейнелеу-өнерін өзімше таныған танымыма симайтындай еді. Қолданған бояудың да түсін дөп басып айта алмаймын. Көкшіл-сұрғыш аспан түсті тұңғиық бояулар адамды қараған сәтте-ақ терең көлге батырғандай тартып әкетеді екен. Картинада бейнеленген хан сарайының шырқау биік маңдайшасына «Сарайшық» деп араб әріптерімен айшықтай жазылған алып қамалдың қарсы алдына келіп тұрмын. 

Дәл жанымда қиян қашықтан жетіп кеп, тері бұрқырап еркін ентігіп тұрған тұлпар, аттың үстінде қолына «Үкілі хат» ұстаған  жаужүрек хабаршының жанынан қарағанда ошақтағы шоқтай жайнаған көзқарасы өнбойыңды дуылдатып ерлікке шақырғандай, еңсеңізді көкке көтергендей, алпауыт қақпаның ашылуын жедел хабаршымен бірге асыға күттіргендей күйге түсіреді. 

(Төл тарихымыздан сауаты бар кім болса да Алтынорда заманында бес мың шақырымдық Қарқорымнан Сарайшыққа дейін әрбір отыз шақырым сайын «үкілі хатты» жалғастырып әкетуге әзір тұрып ұшқан құспен жарысып зымырап келе жатқан хабаршының қарасы көріне сала келесі хабаршы да тұлпарына қамшы басып, ұшқырлығын таяп қалған аттың екпінімен теңестіріп жанаса бере «үкілі хатты» қағып алып кете беретін сол заманның ең ұшқыр поштасы екенін білер еді. «Үкілі хатты» алып өтетін белгілі жол бойына қоныстануға, мал жаюға болмайтын қатал заңның арқасында шұғыл хабар осындай қиян қашыққа үш-төрт күнде жетіп қоятын-ды) 

Бұл картина көшпенділердің сол ғажап жеделдігін суреттеген. Бірақ, бұл картинаның одан да ғажаптығы көрерменді уақыт пен мекен шегінен шығарып әкететіндей бояу құпиясын меңгеруінде еді. 

Бейнелеу өнерінде тағы бір жаңа танымды көріп таңданып тұрдым. Ойланға: «Осы картина жайлы жазған өнертанушылар бар ма?» дедім. Ойлан жәй жымиды: «Аға, оны осының өзі-ақ танытып тұрған жоқ па, жазып қажеті не?» 

«Иә, солайы солай ғой, сені танытса дегенім ғой...» Ойлан: «Осы картинаның өзі мені танытып тұр емес пе?!»

«Енді, осындай еңбегің үшін сыйлық алу керек қой! Дүниежүзілік деген секілді...» Ойлан: «Осы сурет маған берілген сыйлық сияқты, бұдан жоғары сыйлық, егер болса...»

Менде басқа айтар сөз қалмаған еді. Тек, көкейімде кемелдік шыңына жеткен кезде сыйлық, атақ дегендер етекте қалатын нәрселер екен ғой, деген жалғыз ой тұрды.

Ойлан бұл еңбектерін өнер туындысы деп санаса да өзінің тіршілік кәсібі екенін де айтып қалды. Осы «Үкілі хатты» салуға тынымсыз үш жыл уақыты кетіпті. Енді, оны германиялық делдалдар сатып алуға келісіп қойғанын айтты.

Бұл өзгеше өнертанушы деп атап отырған адамымыз Жанатхан Сағиданұлы бақи дүниеге  озғалы да жиырма жылға аяқ басып қалған екен. 

Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда ол кісінің тәрбиелеген шәкіртерінің жеке көрмесі бірнеше рет ашылып өнерсүйер қауымды тәнті еткені қазір мүлде ұмытыла бастағаны мәлім. (Оған дейін Жапония, Францияда, Түркияда ашылған-ды) Жанатханның ең жақын дос-таныстары Қадыр Мырза Әлі, Шотаман Уәлихан, Әбдімәлік Нысанбаев сынды атақты тұлғалар, басқа да суретші, мүсінші әріптестерінің  көбімен байланыс үзілді, кейбірі бақида. 

Ал, өз басым ол кісімен жақын таныс болған кезімдегі қадау-қадау естеліктерді ғана қаламгер ретінде еске түсірдім. Өзгеше өнерін қысқаша жеткіздім. 

Енді, осы әңімемде ол кісінің бөлекше мінезін де ескеріп солайша аяқтайын: Жанатхан көрмелерін Алматыда ашып жүрген сол кездері басшылықтағы бір азамат жанашырлықпен: «Жанатхан інім, мұнда көшіп келіп алсаңшы, саған жер берейік!» депті. 

Сонда, Жанатхан: «Аға, ол елде мен аспанда тұрған жоқпын ғой...» дейді. Жанашырлық жасаушы адам: «Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады, бауырым?» десе, «Аға, қанша түрде түсінуге болтындай етіп тап-таза қазақша айтып тұрмын, енді...» деген екен. 

(Өмірін өнерге арнағандардың бәрі бастан кешетін осы бір сирек өнертанушының басынан өткерген ауыр тағдырын жазу бұл жазбаға тән болмағандықтан кейінге қалды.)

Абай Мауқараұлы,

 жазушы-журналист.

07-10-2020 жылы.

author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...