Сұлтанмахмұттың алғашқы биографы

ӘДЕБИЕТ
1145
Қазақтың ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеевке 1927 жылдың 15 қарашасында жазған хатында: «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін.

Одан «басылады» деген хабар алып отырмын. Рас болса. Бұл мойнымдағы бір міндет тәрізді нәрсе еді. Ендігі міндет – сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету. Оны орындай аламын ба, жоқ па – білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақынның қадірін білетіндер азайып барады», – деп шынын да, мұңын да жазып қалдырған С. Торайғыровтың бірінші биографы қазақ әдебиетінің кемел суреткері – Жүсіпбек Аймауытов. 

Демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаянын жа­зу­да алтын діңгек етерлік дүниелері: 

1. Жазушының өз шығар­малары;

2. 1926 жылы «Еңбекші қа­зақта» жарияланған Жүсіпбек Ай­мауытовтың ашықхаты;

3. 1933 жылғы «Толық жи­наққа» алғысөз орнына дайында­ған, бірақ жинаққа енбей қалған Ж.Аймауытов очеркі;

4. Қазақстан Республикасы Ғы­лым акаде­миясы Орталық ғы­лы­ми кітап­ха­насындағы қолжазбалар;

5. 1920 жылдардан бері мерзім­ді баспасөзде жарық көрген есте­ліктер;

6. «Айқап», «Абай», «Таң» жур­налдарындағы, «Қазақ» «Са­рыар­қа», «Қазақ тілі», «Ақжол», «Ең­бек­ші қазақ» газеттеріндегі мате­риалдар. 

Ж.Аймауытов 1933 жылы «Толық жинақты» даярлау бары­сында ақынның әкесі Әбубәкірден барлық қолжазбасының хаттарын, суреттерін, қойын кітапшаларын алған. 

Профессор Бейсембай Кен­жебаев 1933 жылы Торайғыров жи­нағы шыққан кезде сол уа­қыт­тағы Қазақ мемлекеттік баспа­сы­ның директоры Мансұр Ғатау­линнің бөлмесінде біраз жоғары­да тізіп көрсетілген материалдарды көріп, танысқанын айтады. Өкі­ніш­ке қарай, М.Ғатаулин де 1937 жылдың құрбаны (Ол туралы «Қа­зақ әдебиетінің» 1937 жылы шық­қан 27 қарашадағы санында берілген). 

Тектегі тарихына тоқталсақ, «Торайғыр жасанған жаудан қайт­пайтын найзагер батыр болған, төрелік жасағанда жат-жақынына қарамайтын өте әділ би болған» деген ақынның немере інісі Шәй­мерден Торайғыров. 

Бір қызығы, ата-анасы Сұлтан­махмұтты еркелетіп Мақыш, Ма­қыжан деп атапты. Анасынан ерте айырылған ақын әжесі Монтайдың қолында өседі. 

«Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Ас­панмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар ба­сынан етегіне дейін сыңсыған сып­сың қарағай, ақ қайың, бар­ғын, мойыл, қиядан ойға, ойдан ар­манға сүңгіп, сыбдырлап, бұраң­даған бура бұлақ, шөккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабынкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлінің ертеректегі атауы), жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ, же­міс, тау іші ың-шың ақбұта толған жыршы құс, міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді», – деп Сұлтанмах­мұттың балалық бал дәурені өткен әсем табиғатты Ж.Аймауытовтың шабыт кернеген көкірегінде жыр­дай кестеленіп, бізге жеткен. 

Ақынның өмірінде ерекше із қалдырған Мұқан мен Нұрғали есімді екі ұстазы болған. Нұрғали Сұлтанмахмұттың ақындығын, алғырлығын, ғылым-білімге құш­тарлығын танып, Троицк сияқты қалаға барып оқуға кеңес береді, туған-туысқандарына оның әрі қарай оқуын жалғастыруына кө­мектесу жағын үнемі ескертіп отырады. 

«Махмұт 1912 жылы 9 сен­тябрь­де туған жерге қош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп, Омбыға жетеді. Әркімнен сұрас­тырып, отарбаны тауып алады. Бұрын жол көрмеген, қазақтың салқам-салақ баласы жолда киім­нен, кітаптан жұрдай болып, әрең дегенде Троицк шәһәріне жете­ді», – дейді Жүсіпбек. 

Бір қызығы, Сұлтанмахмұттың Троицкіде оқуының өзі де оңайға соқпаған. Сол тұста түйдей құр­да­сы, досы, сыйлас болып өскен әрі туысы, жас күнінен өнерге ынтық қазақтың тұңғыш органологі – Қамар Қасымов өзі жасаған дом­быралары мен ағаш бұйымдарын сатып, қаржылай көмек көрсеткен. Ақынның ризашылығы болса ке­рек, «Алғысхат», «Досыма» атты өлеңдер арнап, тіпті әйгілі «Қамар сұлу» шығармасындағы басты кейіпкер Гүләйімнің есімін өзгер­тіп, Қамардың атымен атаған екен. Өмірбаяны да өзгелерге ұқсамай­тын ылдиы мен қиындығы мол соқпақты жолдармен өткен атақты шеберді көп жанның біле бермеуі өкінішті-ақ...

Троицкіге барған кезде жас­тарға ұйытқы болған 3 қоғам іс­теп тұр­ған «Мейірімділік қоғамы», «Му­­зыка және драма», «білім та­рату қоғамы». Шәкірттік өмірге арала­су, шәһәрлі жердегі түрлі мәдени ұйымдардың жұмысына қатысу, ең бастысы «Айқап» жур­налының редакциясымен тығыз байланыс жасау жас таланттың жігерін жа­нып, ынталы творчес­тволық іске жетелейді. Өкініштісі, өкпе ауруы мен көз аурынан 1913 жылы дә­рігерлер оқуға үзілді-ке­сілді қарсы болады. Бірақ Троицк қаласында талантты хирург ретінде танылған, халық алдында және өзі­нің қыз­меттес жолдастары ара­сында зор беделге ие болған қа­зақтан шық­қан тұңғыш хирург­тардың бірі Әбубәкір Алдияров ақынның кө­зіне күрделі ота (опе­рация) жа­сайды. Бұл оқиға жайлы ақын Дихан Әбілев былай деп жазады: «Қаладағы айтулы хирург Бәкір Алдияров пен терапевт Ни­колай Пономарев Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың науқасын мұқият қарап шықты. Одан кейін Бәкір Алдия­ров Сұлтанмахмұттың көзіне операция жасады... «Құдай жа­рылқап, операция сәтті шықты! Бәкір Алдиярович бұл жолы өз қабілетінен де асып түсті», – деді Николай Иванович... Оның дәл алдында ақ халатты жас дәрігер Бәкір қуаныштан күліп тұрды. Сұлтанмахмұт оны қайта-қайта құшақтап, «Құдайға сенбеуші едім, сөйтсем ол бар екен. Ол – сізсіз, Бәкір! Сіздің жаныңыз әрқашан шуаққа толсын, біздің өмірімізді мәңгі жылытып өтсін!» делінген естеліктерінде. Трахомамен ауыр­ған көзін емдеп, жазған екен. Сол жылдары Троицк маңындағы қа­зақ ауылдарында бала оқытады, күзде қалаға қайта оралып, «Ай­қап» хатшысы ақын, жазушы Әкірам Ғалимов қайтыс болғаннан кейін, 1913-1914 жылдары жур­налда жұмыс істеп, ұзаққа бармай шығып кетіп, 1914 жылдың жазын­да туған елі, өскен жеріне оралып, қаладан көрген-білгенін үйрету мақсатында «Шоң серіктігі» ұйы­мын ашады. Нашарларға, оқуға шамасы жоқ кедей оқушыларға жәрдем көрсету, оқу жолдарына қаражат беріп тұру, газет-жур­налдар алдырып, кітапхана ашу. Одан хат білетін адамдарды мүм­кіндігінше пайдаландыру, ақын-жазушылардың шығармалары болса, соларды бастыру, тағы басқа игілікті істерге жәрдемдесу бо­лады. Өкініштісі, қаражат жи­налмай өрелі іс жүзеге аспайды. Содан Семейге, Семейден Катон­қарағайға кетіп, бала оқытумен айналысады. Қазірде Шыңғыс­тайдағы сол мектеп ақын есімімен аталады. 1916 жылдың қазанында Томскіге емделу мен орысша үйрену мақсатында барған ақынға математик Ә.Ермековпен таны­сып, ауруын емдетіп, даярлықтан орыс тілін жетік меңгеріп шығады. Ә. Ермеков бірден жақын тартып, сауаттылығына қатты таңданыс білдіріп, соңына дейін демеп ж­ү­реді. 1917 жылы Семейде болашақ ғалым Қаныш Сәтбаевпен кезде­сіп, біраз кітапты оқып, аудару жұ­мыстарымен айналысып, ден­деген дертін Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов қысырақтың қы­мызын ішіп, таза ауа жұтып ем­делсін деп Шыңғыстағы Медеу ауылына жібереді. Одан ауылына оралып, Павлодарда партия ісімен де біраз еңбек етіп, 1918 жылдың жазында Мәлике есімді қызға ға­шық болып, үйленбек болғанда дерті дендеп, 1920 жылдың 21 ма­мырында ажал құшағына алады. «Тым болмаса, екі жыл тұра ал­мадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», – деп жазып қалдырыпты қошта­сарында.... Небәрі 27 жасында аһ ұрып, іштегісін шығара алмай кете барады. 

1922 жылы Қазан қаласында Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмір» жинағының шыққаны белгілі. Кі­тапқа алғысөз жазған Бернияз Күлеев – Торайғыров шығар­ма­шылығын зерттеушілердің бірі. Бұл кітапқа үш поэмасы енген. Олар: «Адасқан өмір», «Кедей» және «Айтыс». Биыл атаулы кітап­қа 100 жыл толып отыр. 

Ғылым мен мәдениет бір күнде туған жоқ. Ол адамзаттың арқа­сында жетіліп, қазіргі дәрежеге жетті. Адам баласы кітап арқылы адамзат ақыл ойының інжу-мар­жанын бойына жинайды, ұрпақ­тан-ұрпаққа даналығын қалды­рады. Ойды ойға, миды миға, жү­ректі жүрекке жалғайтын осы бір бұқаралық пәрменді құрал бүгін­гінің әлеуметтік құбылысы. 

Осы бір құбылыс пен ақын өмі­рі және шығармалары қызық­тырса, Ұлттық академиялық кі­тап­хананың Сирек қорында түпнұс­қада қалған очерктері мен кітап­тары сақталған. 

Келіңіз, зерттеңіз! Әр кітап пен автордың айтары бар. 

Бабалар мұрасы – біздерге аманат! 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ, 

Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...