Хан Тәңірі шыңын бағындырмақ болған алматылық және мәскеулік туристер ажал құшты. Бұл туралы К...
Бүгін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті
Бүгін Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIIІ саммиті өтуі тиіс болатын. Оған кеңеске мүше барлық мемлекеттің Президенттері және байқаушы мәртебесі бар Венгрия Премьер-Министрі қатысатынын алдын ала растаған да еді. Алайда, коронавирус пандемиясының таралу қаупінің сейілмеуіне байланысты саммитті өткізуші тарап оны бейнеконференция режимінде ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2011 жылдан бері түркітілдес мемлекеттерінің басшыларын бір үстел басында тоғыстырып, маңызды мәселелерді жүзбе-жүз талқылауға, шешуге мүмкіндік беріп келген келелі кеңес бұл жолы онлайн форматта өткізілді.
Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми онлайн режимдегі саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі әлеміне ортақ рухани құндылықтар мен Түркістанның маңызы жөнінде пікір білдіре келе, Халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызына тоқталды.
«Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше, Түркі кеңесі аясында ынтымақтастың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда біз барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түркістан өңірінде Түркі елдерінің бірлескен арнаулы экономикалық аймағын құруды ұсынды.
«Пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 млрд доллар болды. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен. Сондықтан біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу басты міндеттің бірі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда ҚР Президенті тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор екендігін баса айтты.
«Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде Түркі елдерінің бірлескен арнаулы экономикалық аймағын құруды ұсынамын», - деді ҚР Президенті.
Саммит барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров: «Бұл саммит бастапқыда Түркістан қаласында өтуі керек болатын. Бұл шаһардың тарихи мұра ретіндегі рөлі жоғары. Дегенмен падемия бұл саммит бойынша жоспарды өзгертіп, онлайн режимде ұйымдастырылып отыр. Бұл тұрғыда цифрлық дипломатия жақсы мүмкіндік беріп тұр және осының арқасында байланысқа шығып отырмыз. Баршаларыңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ежелден бұл мейрамдағы ортақ құндылықтарымыз түркі тілдес әлемнің негізгі мұрасы. Жаңа жылда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі ары қарай да халықтарымыздың болашағы үшін жұмыс істейді деген үміттемін» дей келе, ҚР Тұңғыш Президенті, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғысын айтты.
Мұнымен қоса Түркі кеңесінің бейресми саммиті барысында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-ші саммиті 2021 жылдың 12 қарашада Ыстанбұлда өтетіні жайлы хабарлады.
«2016 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанның Шолпан ата қаласында Түркі кеңесінің 6-шы саммиті өткен болатын. Сол жиында 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Түркияда өткізу туралы шешім қабылдаған едік. Егер сіздер рұқсат етсеңіздер, бұл ойындарды мына коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырып, 2022 жылы өткізбек ойымызда бар», - деді Түркия Президенті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Түркі кеңесінің инвестициялық қорын құру қажеттігін атап өтті.
«Түркі кеңесі өзінің инвестициялық қорын жасақтап, Даму банкін ашатын уақыт келді. Осыған қатысты нақты жұмыстарды бастауға дайынбыз. Мұнан бөлек, көлік-транзит әлеуетімізді дамытудың маңыздылығы артып келеді. Оған өңіріміздің барлық мүмкіндігі де,әлеуеті де бар. Яғни, Орталық Азия арқылы Қытай, Үндістан, Пәкістан сынды әлемдік нарыққа шығар жол ашуымыз қажет. Ал Әзербайжан мен Түркия арқылы Еуропа елдеріне шыға алар едік. Ал бұл инфрақұрылымдық жобаларды қажет етеді», - деді Шавкат Мирзиёев.
Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Елбасы, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кіл Түркі әлемі үшін латын әліпбиін қолданудың маңызы жөнінде тоқталып өтті.
«Біз мәдени-гуманитарлық дамумен бірге бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Латын әліпбиін қолдану ортақ жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз жастарды жаһандық деңгейде дамытуға мүмкіндік аламыз», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Н. Назарбаев корнавирус пандемиясының салдарына тоқталып, әлем елдері қиындықтарға тап болғанын атап өтті. «Бұған дейін дағдарыстар болды. Алайда пандемияның салдары әлдеқайда қатты болып тұр», - деп атап көрсетті Назарбаев. Бүгінгі саммит барысында ҚР Тұңғыш Президенті өзін Түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде сайлағаны үшін ұйымға мүше елдердің басшыларына алғысын айтты.
Саммит соңында Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи басқосуды түйіндей келе, тұтас Түркі әлемі маңыз зор «Түркістан декларциясын» қабылдауды ұсынды. Қатысушы тараптар бірауыздан ортақ келісімін білдірді.
«Баршаңызды декларациясының қабылдануымен құттықтаймын. Осымен бейресми саммиттің жұмысы аяқталды. Бірлігіміз жарасып, Наурыздан Наурызға бірге жете берейік», - деді ҚР Президенті.