Қазақстанның даму жолында этносаралық бірлік пен татулық

Жаңалықтар
7691

Ескіден қалған есті сөз бар: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі мықты ел озады». Ия, бүгінде ұлан-ғайыр алып топыраққа иелік етіп отырған еліміз бірлік пен ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде аяғынан нық тұрып, күн сайын дамып келеді десек артық айтқанымыз емес. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары болашаққа арналған мақсат пен мүддемізді анықтауда маңызды тарихи орынға ие. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен аталмыш Ассамблеяның жиырма тоғызыншы сессиясы 2021 жылы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев орталығында «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібімен шымылдығын ашқалы отыр. Биылғы жыл маңызды жыл - ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған еліміздің тәуелсіздігінің отыз жылдығы. Қысқа ғана уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанған саясаты мен халқымыздың ертеңге деген үмітінің арқасында етек-жеңін жинап үлгерген мемлекетіміз әлем алдында ынтымақтастық, бірлік пен келісімнің символына айналып үлгерді.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихына сәл шегініс жасасақ,1995 жылы, наурыздың 24-ші жұлдызында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өткен болатын. Сессияға мемлекеттік құрылымдардың басшыларымен бірге зиялы қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдері қатысты. Аталмыш сессияда сөйлеген сөзінде Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Мен, еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын» дегені әлі есімізде. Елбасы ұлттық саясаттың нәтижелерін қорытындылай келе, әрі қарай да ортақ мақсат пен мүдде жолында қызмет істейтіндігін айтқан болатын. Осы қағидаларды қатаң сақтаудың арқасында Қазақстан этникааралық және діни қақтығыстардың алдын алып қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік саясат саласындағы реформаларды іске асырып, жедел әрі жылдам даму жолына түсті деп нық сеніммен айта аламыз.

Әрбір мемлекеттің дамуы қоғамдағы саяси және діни тұрақтылықты қажет етеді. Тәуелсіздік алған кезде қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қоғамдағы этносаралық келісімді сақтау маңызды болды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөз халқымыздың ежелден бірлікті басты байлық деп мойындағанын дәлелдейді. Қоғамдағы ұлтаралық келісім мен достықты сақтау мен дамыту үшін құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің барлық жетістіктерінде ерекше орын алатындығын атап өткен жөн.

Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы өткені, бүгіні мен болашағы Қазақстан халқы Ассамблеясымен ажырамас. Тәуелсіздік алғашқы жылдарынан бері Ассамблеяның жұмысы елді біріктіріп, халықты біртұтас қоғам ретінде қалыптастырды. Бүгінгі таңда оның қызметін БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдар мойындады.

Бейбітшілік пен келісімді сақтау мемлекеттік саясат үшін этникалық дінаралық, аймақтық қақтығыстар түріндегі қауіп-қатерлер жағдайында ерекше маңызды екенін мойындау керек. Ұлттың тұтастығын сақтауда қоғамдық келісімге, саяси-идеологиялық құндылықтарға назар аударған жөн. Қоғамдық келісімнің қалыптасуы қазақстандық қоғамның көпұлтты табиғатымен тығыз байланысты.

Бүгінде Қазақстан - жүзден астам этникалық топтан тұратын 19 миллион халқы бар мемлекет. Жалпы, көпұлтты еліміздегі тарихтың сын сағаттарындағы ұлтаралық келісімнің тұрақтылығы, ең алдымен, жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігінде жатыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап этносаралық және дінаралық тұрақтылық пен бейбітшілікті, келісім мен ынтымақтастықты сақтауға ерекше назар аударылып келеді. Ол азаматтардың діни сенімдеріне, таңдауына және ұстанымына заңды кепілдік береді. Сондықтан әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қазір қара шаңырақтың мүддесіне қызмет етіп, елдегі ұлтаралық келісімнің сақталуына үлес қосқаны маңызды.

Елдегі діни тұрақтылыққа қатысты дәстүрлі діндердің құндылықтары рухани бірлікке қызмет етеді. Қазақстандық моделдің сабақтастығы қазақ халқының мейірімділігі мен төзімділігінде, барлық Қазақстандағы этникалық топтардың татулығында, мақсаттары мен міндеттерінің ортақ құндылықтарында жатыр.

Қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің символына айналған ҚХА еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына да өз үлесін қосады деп айтуға толық негіз бар. Ең алдымен, Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, халықтардың өміршеңдігін, олардың біздің елмен қарым-қатынасын, ұлттық ерекшелігін сақтау қажет болды. Осы қағидаларды ұстана отырып, ұлттық саясат елді мекен ететін барлық ұлттар мен ұлыстардың тең өмір сүруіне жағдай жасады. Бұл жұмыс бекер болмағандықтан, біз халықаралық бейбітшілік тұрғысынан бүкіл әлемге үлгі болып отырмыз. Елдегі бейбітшілік пен келісімнің тұрақтылығы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуға мүмкіндіктер туғызды. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2014 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен құрылған «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын көркейту һәм дамыту үшін маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2012 жылы өткен ХХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқан мына сөзі когнитивті санамызда ерекше сақталып қалыпты: «Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес». Сондықтан әр қазақ өзінің татулық пен бірлік алдындағы міндетін ойдағыдай атқарар болса, елдің экономикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыда қарыштайтын күні алда деп сенеміз. Ал Ассамблеяның құрылуы, оның саясатының дұрыс жүзеге асырылуы – саяси, әлеуметтік, ұлттық және экономикалық дамудың қазақстандық моделін ұсынды.

Қорыта келгенде, 2021 жыл – Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай, ұлттық тарихымызды ұлықтау және қазіргі биігімізді бағалау тұрғысынан маңызды жыл. Біздің тарихымыз бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Сондықтан мемлекетіміздің даму жолында барлық қазақстандықтарды біріктіретін ортақ концепция негізге ала отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы үлкен. Сайып келгенде, Қазақстан халықтарының ой-өрісі мен дүниетанымын қалыптастыруға үлес қосу үшін осы идеологиялық қадамға назар аударуымыз керек деп ойлаймыз. Осылайша, қазақ халқына оның рухани құндылықтарын басқа этностармен сіңіре отырып, елдің тұтастай қалыптасуындағы тарихи рөл жүктеледі.

Жомарт Жылкелдіұлы,

"Мәдениет порталы"

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...