Күні кеше бүкіл еліміздің қабырғасын қайыстырған қайғы болды. Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 бі...
Ашық аспан астында мәдени іс-шара ұйымдастырылды
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен дүлдүл ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Төрткүл» керуен сарайында «Мәдени мұра - халық қазынасы» ашық аспан астында мәдени іс-шара ұйымдастырды.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шарада К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Филармония шақырады!» концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Концерттік бағдарламаға сәйкес, филармония әртістері, нақтырақ айтқанда, ҚР Мәдениет және Еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.
Ашық аспан астындағы іс-шара Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын дәріптеу, жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатындағы «Кемеңгерліктің 30 жылы: жаңғырған тарих, жаңарған Тараз» кітап инсталляциясымен ерекшелене түсті. Кітапхана ұжымы көрермендер назарына Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жергілікті автордың туындыларын ұсынды.
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі іс-шара барысында музей қорында сақталған бірегей жәдігерлерден жасақталған «Көне жәдігерлер - тарих қойнауынан жеткен құндылықтар» жылжымалы көрмесін ұйымдастырды.