Иран кино тарихы және Аббас Киаростами жайлы бір ауыз сөз

КИНО
4245

Ислам революциясына дейінгі Иран киносы

1900 жылы 18 тамызда ирандықтар алғаш рет әлемді кинокамера көрінісі арқылы көрді. Фотографтың қолындағы пленка құрылғысы бірнеше апта бұрын Парижде сатып алынған Gaumont брендінің камерасы еді. Ғажайып камераны қолына ұстаған фотографтың есімі Мирза Ибрахим Хан Аккасбашы. Көріністер Бельгияның Остенде қаласында жазылды. Түсірілген іс-шара корольдік отбасы сапары мен гүл шоқтары шеруінен тұрды. Ең қызығы, басты рөлде сол кездегі Иран билеушісі Музаффар ад-Дин Шах болатын. Мұнан кейін де бірнеше тарихи оқиғалар болды, бірақ олардың ішіндегі ең маңыздысы, бүкіл әлемге қасиетті кітап пен Исаның даңқын үйретуді мақсат еткен римдік католик миссионерлерінің Табриздегі Soli кинотеатрын ашуы еді. Иран киносының тағдыры сол күннен бастап Құдай, Патша және Жердегі Жұмақтың Мәңгілік Билігі арасында баяндала бастады.

Мұнымен бірге 1925 жылы Иранда алғашқы кино мектебінің ашылуымен кино қарқынды дами бастады. Міне, сол сәттен бастап Иран киносы елдің халықаралық елшісі қызметін атқарып келеді. Ирандық режиссерлар «Итальяндық жаңа реализм» қозғалысының әсерінен осы кезеңде әлемдік кинематографияның тарихына енген маңызды туындыларды шығара бастады. Арадға бес жыл салып, 1930 жылы Ирандағы алғашқы толықметражды көркем фильм түсірілді.

Алайда 1900 - 1979 жылдар аралығында исламдық революцияға дейінгі иран фильмдерінің көпшілігі кинематографиялық тіл мен техниканы өте қарапайым түрде қолданған мелодрамалар болды. Дегенмен комедияға, экшн мен толқуға негізделген фильмдер осы кезеңдегі Кино индустриясының бар маңызы ретінде көрініс тапты десек артық айтқанымыз емес.

Ислам революциясы кезеңіндегі Иран киносына көзқарас

Иран тарихындағы 1977-1979 жылдар кезеңі таңқаларлық оқиғаларға толы. Осы кезеңде үкіметке қарсы әрекет еткен шиит дінбасы Аятолла Хомейнидің қуаты күшейе түскен болатын. Ия, Хомейни 1979 жылы 1 ақпанда он төрт жылдық жер аударудан кейін Иранға салтанатты түрде оралды. Дәл осы уақытта билеуші Шах та елде емес еді. Ал премьер-министр Шахпур Бахтиярдың Пехлеви режимін жоятын революцияға қарсы тұруға күші болмады. Сонымен дүмбулер мен қақтығыстан кейін, билік Хомейнидің қолына өтті де кетті.

Хомейни елге оралғаннан уақыттан бастап кинотеатрға қатаң шектеулер қойылды. Ол киноның зұлым мақсаттарға қызмет етіп, оны саяси құрал ретінде қолданудың қолайсыздықтарын көрсетіп, киноны елдегі зұлымдық пен сыбайлас жемқорлыққа жауапты деп көрсетті. Бұл үдерісте Иран халқы өздерінің моральдарын бұзды деген сылтаумен кинематографияға ауыр цензура қолданыла бастады.

Тіпті революциядан соң барлық кинотеатрлар тоқтатылды. Алайда, шамамен бір айдан кейін Мәдениет министрлігі кинотеатрларды қайта ашу қажет деп мәлімдеді. Себебі билік тарапынан кинотеатрларда қандай фильмдердің көрсетілетіні анықталып, кинематографиялық кеңес құрылған болатын. Бұл кеңестің заңнамасын бойынша Иранда американдық фильмдерді көрсетуге тыйым салынды. Киногерлер өздерінің кинотеатрларында американдық фильмдерді көрсетер болса, олардың кинотеатрлары мемлекеттік дәрежеде жабылатынын қатаң түрде ескертілді. Әр бір кино қатаң бақылауда болып, көптеген Ирандық фильмдердің өздері де қайта тексеруден өтті. Қаншама Отандық фильмдердің көрсетілуіне тиым салумен қатар, олардың режиссерлерін қамауға алды, қысым көрсетті тіпті елден қуып жіберген оқиғалар да орын алды. Сол жылдары революция жетекшісі Хомейни исламның киноға деген көзқарасын былай түсіндірді: «Біріншіден, сол фильмде ұсынылған құндылықтар исламдық болуы керек. Ислам құндылықтары дегеніміз не, олар туралы айту арқылы осы құндылықтардың ауқымын анықтауға және ағартуға болады. Әрине, намаз үйрету - исламдық құндылық. Бірақ адалдыққа, батылдық пен күшке үйрету де ислам құндылықтары болып табылады. Сондықтан осы құндылықтарды қабылдайтын және мадақтайтын кез-келген фильмде исламдық мазмұн бар. Бұл мәселенің бір жағы. Екіншіден, бұл фильмде исламға жат көріністер болмауы керек».

1980-1988 жылдардағы Ирак-Иран соғысынан кейін Иран қиын экономикалық жағдайларға тап болды. Осы кезеңде аталмыш режимнің кинотеатрларға беретін қаржылай қолдауы қысқартылды. Тіпті 1992 жылы инфляцияның өсуі фильм өндірісіне шығындарды көбейтті және өткен жылдармен салыстырғанда елде фильмді шығару мүмкін болмады. Дегенмен 1993 жылы мемлекеттен қолдау тапқан Иран киносы 179 фильммен 125 халықаралық фестивальға қатысып, 34 марапатқа ие болды.

Иран киносындағы цензура

Иран кинематографиясы - 1930 жылдардан бері өмір сүріп келе жатқан, езгіші режим, цензура, тіпті жер аудару жағдайында өмір сүруге тырысатын бай және тартымды мәдениет. Ирандағы кино өнері ретіндегі кино тарихы, бүкіл әлемде кино өнері дүниеге келген күндер, яғни 1904 жылы Тегеранда алғашқы кинотеатрдың ашылуынан басталады. Сол күндері Иран халқы кино өнерінің алғашқы туындыларына үлкен қызығушылық танытты. Бірақ Иран өзінің ұлттық киносын құруы үшін ширек ғасыр күтуге тура келді. Ислам революциясы кезіндегі жоғарыда айтқанымыздай, Иран киносына әкімшіліктің, діни қызметкерлер мен консервативті адамдардың қысымы күшейіп, жүзден астам кинотеатрлар жабық тұрды. Билет бағасы төмендетіліп, салықтар көбейтілді. Адамдар кинотеатрларға шабуыл жасап, тәртіпсіздіктер басталды. Өйткені саяси режимнің ұстанған идеологиясы да һәм мақсаты да осы еді. Ал халық болса киноны Иранның жемқорлықтың ең үлкен себебі деп санады. Жүздеген кинотеатрлар өртеніп, мыңдаған адамдар қайтыс болды. 1982 жылы ислам үкіметі қабылдаған ережеге сәйкес ислам қағидаларын бұзатын және қорлайтын барлық кино және бейне фильмдерге тыйым салынды. 

Осы жерде айта кетерлігі, Иран киносы әр уақытта да дидактикадан аулақ болды. Жергілікті мәселелрден бастап, жалпыадамзаттық құндылықтарды өз деңгейінде көрсете білді. Мысалы, Иран киносы тарихындағы үлкен бетбұрыс бола алған, 1969 жылғы Дарюш Мерхуйдың 'İek' фильмін алайық. Жергілікті де, жалпыадамзаттық құндылықтарға да үн қосатын бұл фильм, өзінің сүйікті өлген сиыры секілді сезіне бастаған адам туралы баяндайды. Әрине, цензура әрдайым режиссерлерға басқа жол, басқа соқпаз іздеуге мәжбүрледі. Солайша Иран киносы шекпенін символизммен тікті. Яғни, тікелей оқиғаларға емес, жанама оқиғаларға, үлкен трагедиялық оқиғаларға емес, кішігірім және қарапайым оқиғалардың арнасына камераларын бағыттады.

Аббас Киаростами және жаңа көзқарас

Аббас Киаростами 1940 жылы 22 маусымда Тегеранда туған. Тегерандық режиссер өнерге әуелі суретші болып келді. 18-19 жасқа дейін сурет салды. 18 жасында үйінен кетіп, Таһран университетінің бейнелеу өнері факультетіне оқуға түсті. Университетте кескіндеме және графикалық дизайн бойынша білім алды. 1962-1966 жылдар аралығында көптеген қосалқы қызметтер атқарған Аббас, қолына камера алып, Иран теледидарының 150-ге жуық жарнамасын түсірді. 

Кино саласында 1970 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Киаростами 40-тан астам, оның ішінде қысқа метражды және деректі фильмдерде жұмыс жасады. 1979 жылы Ислам Революциясынан кейін өз мемлекетін тәрк етіп, Батыс өлкелеріне кеткен көптеген өнер адамдары мен режиссерлердің қатарынан емес, елде қалған аз мөлшердегі адамдардың қатарынан еді Аббас. Бірі білсе бірі білмес, Киаростами танымал фотограф және ақын. Оның ағылшын және парсы тілінде 200-ден астам өлеңідермен басылған «Желмен серуендеу» «Walking with the Wind» атты кітабы бар. Гарвард университетінің баспасынан шыққан. Оның фотографиялық жұмыстарының арасында 1978 жылдан 2003 жылға дейін өзінің туған қаласы Тегеранда түсірген 'қар' пейзаждарының 30-дан астам фотосуреттері де бірнеше рет көрмеге қойылды. 

Киаростамидің көлікте түсірілген жол мен ағаш суреттері 2007 жылы Нью-Йорктегі PS1 Contemporary Art Center қазіргі заманғы өнер орталығында қойылды. 1999 жылы өлеңдер жинағы жарық көрді. Венециядағы Венеция университетіндегі (Università Ca 'Foscari Venezia) Риккардо Циполи Киаростами өлеңдері мен оның фильмдерінің байланысын әр қырынан зерттеді. Ең қызығы, осы талдаудың нәтижелері Киаростамидің өлеңдерінде және фильмдерінде тақырыпты қолдану тәсілі бірдей екенін анықтады. Киаростами өлеңі ирандық суретші-ақын Сохраб Сепехридің кейінгі кезеңдегі табиғат өлеңдерін еске түсіреді.

Иран және Киаростами

Киаростами фильмдерінің таңғажайыптығы жөнінде әлем сыншылары мен көрермендері таңды таңғы ұрып әлі күнге дейін айтады. Осы таңғажайып фильмдері арқасында 1999 жылы екі бөлек халықаралық сыншылар сауалнамасында 1990-шы жылдардағы ең маңызды кинорежиссер ретінде бір ауыздан таңдалды. Режиссер Киаростами 2000 жылы Сан-Францискодағы кинофестивальде оған берілген және өмір бойына режиссерлік қызметте жетістікке жетуді білдіретін Акира Куросава сыйлығын ирандық актер Бехруз Воссуфиге иран киносына қосқан үлесі үшін беріп тағы да фильмдері секілді бар әлемді таңғалдырды.

Алған марапаттармен қоса, Киаростами фильмдеріне қатысты дау-дамай оның кинематографиялық стилінен туындайды. Өйткені фильмдерінің оқиғаларында көбінесе Голливуд фильмдері үшін маңызды болып саналатын кейбір мәліметтер жетіспейді. Сол сияқты, камераны орналастыруы, ауыстыруы, локоциясы стандартты аудиторияға арналмаған. 

Киаростамидің көптеген фильмдері Еуропада қошеметпен қаралса, Иран мемлекеті режиссердің фильмдерін көрсетуге рұқсат бермеген. Киаростами Иран билігі жөнінде ''Үкімет соңғы он жылда менің фильмдерімнің ешқайсысын көрсетпеу туралы шешім қабылдады. Менің ойымша, олар фильмдерді түсінбеді, - деп қысқа қайырған болатын бір сұхбатында. Мұнымен қоса Киаростами АҚШ-та да қарсылыққа тап болды. Мысалы, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейін оған 2002 жылы Нью-Йорк кинофестиваліне қатысу үшін виза берілуіне тыйым салынды.

Жомарт Жылкелдіұлы

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...