Юрий Быковтың үздік 4 фильмі

КИНО
3809

«Боль есть, смерть есть, а Бога я не видел»

Юрий Быковты өз кейіпкерлерінен алыстата алмайсың. Көп режиссер фильмдегі тағдырларды сырттан бақылағанды ұнатса, бұл режиссер сол майданның ішінде жүреді. Оның әр кейіпкерінен Быковтың мінезін, Быковтың сөзін, Быковтың өзін көресіңОның фильмдеріндегі әлеуметтік шындық көптің жарасын тырнап, оған тұз сепкендей болады. Быков көрерменге  шалт шешімдерімен, ащы ақиқатымен, эксперименттен қорықпайтын тәукелімен өтімді.  Қиянатқа төзу, төзбеу мәселесіндегі ішкі төбелес «Жить», «Майор», «Дурак», «Заводты»  резонансты фильмге айналдырды. 


«Майор» (2013)

«Майор» боевик, криминалды драма болса да, адам факторын алға шығаруымен күрделі. Қылмыс жасап, кішкене баланы басып кететін милиционерді режиссер фильмнің өн бойында өз ар-ұятымен алыстырады. 

Дүниеауи жағдайлармен кездескендегі адамның саналы, бейсаналы қабылдайтын шешімдері, ол шешімдерге айналасының ықпалы ауыр эпизодтармен беріледі. Бәлкім шынайы өмірде мұндай атыс-шабыс, бейберекеттік жоқ шығар, бірақ адами факторларға қатысты сұраусыз дүние көп. Айналадағы бұл көңіл күй – кілтін бұрап қалса сарнай жөнелетін, зарлай жөнелетін сырсандық сияқты. Быков әлеуметтің бос тұрған осы тиегін ағытады.

Әділет пен тазалықтың абырой биігінде қалу немесе  шен-шекпен, лауазым мен мансап қуып бүкіл ізгіліктен алыстау – рухани ішкі тартыстарды осындай түрлі эмоциялар мен ауыр тәуекелдер арқылы алып шығу Быковтың барлық фильмдерінде бар. Бұл жерде сіз баласынан айрылған бір ғана отбасының трагедиясын емес, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, қызметін асыра пайдалану, қиянат үстемдік құрған  жүйедегі түрлі тағдырларды көресіз. Бұл кездейсоқтықтан бәріміздің сақтандырылмағандығымыз үшін алаңдайсыз, суреткердің көркем фильмге деректілікті, өзектілікті артқанына аздап ренжисіз. Өйткені қоғамдағы әлеуметтік, қылмыстық тақырыптар көркем фильмге айналғанда оның ақиқаты бәрібір сенімен қалады. 


 

«Дурак» (2014)

Быков халықтық көңіл күйді жақсы түсінеді және оны киноға айналдыра алады. «Дуракта» астар көп. Фильм бастала сала сіз тағы да айналадағы ахуалға сантехникпен бірге сапарлап кетесіз. Жарылған құбыр Быков қоғамының тағы бір жарасын түртеді. Авторлық фильмнен режиссердің азаматтық ұстанымы мен жеке позициясы анық көрінеді. Ұлттың шерін, ұлттың жанын  киноға айналдыру – таза өнер. Халықтың әлеуметтік ахуалын осынша ащы жеткізе алған режиссер – нағыз суреткер. Әлеумет тақырыбының ішінде біте қайнасу кез келген жазуға, сызуға, түсіруге таласы бардың қолынан келмейді. Нағыз суреткер, ұлы жазушы, қайталанбас режиссер болу үшін шығармашылық адамына Быковтың махаббаты мен Быковтың ашу-ызасы керек.  

Фильмде әйелі мен қызын шыңғыртып, күнде шашынан сүйреп, сабап жататын маскүнем бар. «Күйеуіңді не істейміз, алып кетейік пе?!»-деген милицияға: «Жоқ, ол ертең жұмысқа бару керек!»-дейді әйелі... Өз лайына өзі тұншығудың басқа да мысалдары көп мұнда. Үстел үстіне бір жартыны қойып алып, үстіндегі созылған мәйкісі секілді саясатты, таусылмас жемқорлар жырын созғылаумен таңын атырып, кешін батыратын бәрімізге етене қоғам бұл. 


Оқи отырыңыз: Бәрекелді, Ким Ки Дук! Кәріс киносы гуманисінің 5-топ фильмі 


Фильмдегі қала мэрінің туған күні мақтау мен мадаққа бөртудің әдемі мысалы, қоғамдағы параллельдерді көрсетудің озық үлгісі. Жемқорлық та бір жібін суырсаң тарқатыла беретін киім сияқты. Бірақ бүгін кім жарасымды киімін бүлдіріп, оны тарқатып, сөткісі келеді?! Быков әлеумет шарасыздығын 800-дің тағдырына араша сұрату арқылы жеткізді. Ондағы ақиқат ештеңені өзгерткісі келмейтін көзі ашық болса да, көкірегі ұйқыдағы көп. Маскүнем, нашақор, тәрбиесіз жастар жатақхананың ғана емес, мемлекетті құраушы ұлттың сипатына айнала бастағанын жеткізгісі келген Быковтың кинодағы жанталасы шарасыз сантехниктің жаңғырып жететін жанайғайы сияқты. Бірақ құлақ естігісі, көз көргісі келмесе шытынаған ғимарат қашанғы шыдас береді?! Ендеше, күндердің күнінде бұрқ етіп барып жер болмау, көзіңді ашып үлгермей жатып үйіндіге айналмау үшін  әркім өз таңдауын жасауға тиіс.  Ештеңеге елеңдемейтін, қаннен қаперсіз, қорқыныш үрейден ада, өмірлері де, өздері де тастанды, тасбауырға айналған «Дурак» тұрғындарын сырттан бақылаудың өзі ауыр. «Мы живем как свиньи и дохнем как свиньи, потому что мы друг другу никто». Бас кейіпкердің шарасыздығын, әділет іздеген қоғамның байлаулы қолын, жолын бір сөзбен ғана түйіндей салу Быков шешімін құптатады. Ащы болса да ақиқат ортақ, бұл біздің айна. Айнаны қалай айналдырсаң да өзіңді көресің, өзіңе өкпелейсің.


«Завод» (2018)

«Боль есть, смерть есть, а Бога я не видел». «Заводтың» барлық мазмұны Быковтың «Жить» фильміндегі бас кейіпкер айтатын осыбір сөздің қалыбына ғана сыйып тұр. Быков фильмдеріндегі тағдырлардың тірелетіні де осы тіркес, осы нүкте.

Кино да көркем әдебиет сияқты. Мен Звягинцевтің, Хлебниковтің, Дворцевойдың, Быковтың фильмдерінен қоғамның бүгінгі ақиқатын көрем, олардың әрбір эпизоды сол сәтте миыңда жаттала кетеді, оған қайта оралудың, қайта көрудің қажеті жоқ. Ол шындық айналып келіп өзі-ақ алдыңнан шығады,  сенің еншіңде  режиссер шеберлігіне тәнті болу ғана қалады. Авторлық киноның бүгінгі қоғамның барлық ар-ұятын арқалап жүргендей көрінетіні де осыдан. «Завод» саған адам төзімінің шегі мен шетін нұсқайды. Бір қарағанда адамның жаны, болмысы, іші тоқтаусыз созыла беретін резеңке сияқты, ол бүкіл қиянатты көтереді, әділетсіздікке төзеді, жәбір жапа, зорлық-қорлықты да үнсіз жұтады, жеңіс пен жеңілісті де осы резеңке «тұлып» (мес) екшейді. Ендеше, бәрі кеңірдектеп, тынысын тарылта берген сайын байқұс санаға, жұдырықтай жүрекке күндердің күнінде жарылудан басқа не қалады? Осыдан кейін «Дурактан» соң жарты жыл депрессияда жүрген Быковтық көңіл күйді түсінесің, жазушы жанын аяйсың.  

«Заводтағы» айлықсыз азып тоза бастаған жұмысшыларды өз мақсатына пайдаланғысы келген Седой да (Денис Шведов), суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын завод қожайыны Калугин де (Андрей Смоляков) тұрмыстық даудың емес, адами мінез, ұстанымдардың аражігін ажырату құралы ғана. Бұл жердегі психология өндірістегі проблемадан  күрделі. Сол себепті мен үшін мұндағы көңілсіз монотон, іш пыстыратын үнсіздік, сүреңсіз ғимарат, сұп-сұр әлем, тасыр-тұсыр атыс, уақыт ұрлайтын кадрлар екінші эффект, екінші планға өте береді. 90- жылдарды көрсетемін деп 90-жылдар деңгейіне түсетін фильмдер көп біздің біраз режиссерларда. Бұл тұрғыда Быков фильмдерінің өткірлігімен, өтімдігімен уақытты бағындырыпты. «Завод» әдемі ертегіге алданатын жастағы көрерменге арналмағаннан кейін ащы болса да ақиқатқа тура қараған жақсы. 

«Заводтағы» жұмысшылардың әлеуметтік әділет орнату жолындағы әрекеті (Калугинды кепілге алуы) – жетекші сюжет көрінгенмен, көрерменнің «бунт түніндегі» әр кейіпкермен жеке таныстығы (әрқайсының өмірі, отбасы, жеке проблемасы) мәселені тіпті тереңдетеді. Мәселе әдеттегідей әділетсіз шешілетін финишке жақындаған тұста қиянатшыл ортаның өз ішінен бір жанкештінің атып шығып, бәрінен баз кешкен кезекті Седойға айналуы ғаламдағы ғажаптарды адамнан алыстата беретіні өкінішті.


«Сторож» (2019)

«Сторожда» режиссер  адамның ішкі ізденістеріне, психологиялық күйіне қарай бұрылыпты.  Мұнда да  қатал, шорт шешімдер болғанымен кейіпкердің психологиялық күйі көбірек салтанат құрады. Мұнда алдыңғы қателігінің күйігінен айыға алмай жүрген бас кейіпкерді Быков оп-оңай тағы бір күресінге тастай салады. Бұдан сіз адамның мінезі, ұстанымы барлық кезеңде тұрақты деп ғылыммен нақтыланған тұжырымның әлсірегенін көресіз. Яғни, сіз сол сәттегі ситуациялардың құрбанысыз, сол сәттегі шешіміңіз сіздің рухани әлеміңіздің өлшеуі. 

Бос ғимарат пен суық табиғат та мұндадағы үшеудің ішкі әлемімен үндес. Өйткені жан тыныштығынан айырылған адам да еш кәдеге жараусыз, қаңырап қалған, айдаладағы бос ғимарат сияқты. Ондай адам қайда қашса да, кезекті қателігіне қайта ұрынады. 

Фильмде күзетшіні үшеудің бензин құйып өртемек болатын жері бар. Бұл көрініске санаторий терезесінен еш реакциясыз қарап тұратын жігітті (Стас-Владислав Абашин) әуелде қорқақ, мінезсіз деп ойлайсың. Ал бірақ соңғы шешуші сәттер бұл тұжырымыңды оңай өзгертеді.  Өмірінде еш тиянақ қаламаған Вераны (Алла Юганова)  да  бала қасіретімен байланыстырасың. Оның бақытсыз күзетшіден (Влад-Юрий Быков) қандай сәуле іздегенін түсінгің келеді.  Мұндағы актерлардың үздік үштігі біз айыптай беретін  әртүрлі адами әлсіздіктердің  себебіне нақты мысалдар ұсынады. Ішке түскен удың салмағын таразыға тартуды әр көрерменнің өз құзіретіне қалдырады. 




Шолпан Рақымқызы


Оқи отырыңыз: Андрей Звягинцевтің үздік 5 фильмі



Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...