Ассалаумағалейкум, Әділ!Ертең — сенің туған күнің! 50 жас...Іздеп барып құттықтауға өзің, бары...
Суреттер сөйлейді
Күні кеше елімізде тұңғыш рет ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауы жарияланған болатын. Осыған байланысты ақын Жадыра Байбұланова мен суретші Құралай Аманжолованың аталмыш жоба жөніндегі пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз. Мархабат!
Жадыра Байбұланова:
Өнердің қай түрі болмасын, бір-бірімен ұштасып, қабысып жатады. Өлең дегеннің өзі сөзбен салынған сурет болса, бейнелеу өнері қылқаламмен жазылған бекзат өнер ғой. Осы ретте бұрын-соңды болмаған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» онлайн-байқауының ұтары көп. Бірнеше жыл бұрын өзім ұнатқан суреттерге өлең жазып, оны «Суреттер сөйлейді» деген атаумен кітапқа енгізген едім. Бұл байқаудың да сол жаңашылдығы қуантты. Одан бөлек, суретшілер мен ақындар бірін-бірі біліп, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тарту болатын тың еңбектер туады деп ойлаймын, бұйырса. Байқауға сәттілік!
*** Бара алмаған жолдар бар, барғым келер, Тама алмаған жанарда жаңбыр да өлер... Адамдар көп, байқаймын, айналамда - Амандықтан аспайды әңгімелер... Қол бермесем - қалды дер құлашты аяп, Жақсы десем жағдайым, растай-ақ! Жан болса ғой, хат жазып жіберетін, Аман-саулық, күн райын сұраспай-ақ... Менің жалғыз жағдайым, дертім - жүрек, Жақсымын деп, жүректі өлтірдім көп. Өлең жазып отырмын хат орнына, Босап қалған кеудені толтырғым кеп. Көре алатын жан таппай жанарсыз да, Көнді көңіл ызғарға, санам - сызға. Ал адам көп... Адам көп айналамда: - Сәлеметсіз? - Қалайсыз? - Амансыз ба? *** Не қалды арамызда? Ыза-кек пе? Сезімге тәкаппармыз біз, әдетте... Не қалды жолды екіге бөлмегенде? Айта алмай ішқұса боп, өлді Өлең де... Күйдірсең, өзің жаққан отқа, қайттім? Сүйем деп, жүрегімді көп қарайттым... Кешірші! Сені сүю болса күнә, Жүзік боп тағылмадым саусағыңа... Енді әркім өз жарасын емдеп бақсын, Кешірдім! Мен де аппақпын. Сен де аппақсың... *** «Сізге» айналып кеткелі «Сен» дейтінім, Өлең болып барамын өң-кейпі – мұң... Махаббатты сол шығар, жырлайтыным, Махаббатқа сол шығар, сенбейтінім... «Сәлеметсіз...» – жалғыз сөз сенен естір, «Амансыз ба?..» – мендегі елемес түр. Тағдыр, саған түк емес екі жүрек, Егілерін білсең де, ерегестір! Бәрі мәңгі деуші едік, қалды онымыз, Бақыттымын сенсіз де – ал, көріңіз: «Кетпешінің» орнына – «Көріскенше!» «Сағындымның...» орнына – «Сау болыңыз!» Жазғанымен қалуды бір жүздесіп, Тірлік кешіп келеміз – тілсіз кешіп... Өмір өтіп барады, өкініш – сол, Сен екеуміз жүргенде «Сіз-Біз» десіп... *** Күннің күркірі мұңды қозғасын, Өзгесі бізге лайық деп пе ең? Сенде – ақ жауын, менде – көз жасы, Келші, қосылып жылайық, Көктем! Келші, қосылып вальс билейік, Жауынның қандай жағымды әуенi! Ешқашан енді құлай сүймейік, Жарай ма? Мұң ғой сезім әлемі... Келші еркелеп, ертіп бағымды, Ес-түссiз сүйдiм. Сол-ақ қой күнәм! Шарфыңды сый ғып тақшы кәдiмгi, Кемпірқосақты орап мойныма. Жүректiң қызыл жағып бояуын, Асфальт үстiн керемет етіп, Сүйетінімді жазып қоямын – Өшіріп кетші себелеп өтіп... Сынсам да өзiңмен сынамын бiрге, Шаттықтан кеттi шұғыла ғайып. Ерегiскенде мына өмiрге, Қосылып бiрге күлiп алайық, Келшi? *** Қоштасу үшін бір кездесейік, Бір тілдесейік соңғы рет. Қап-қара Түнге Күнді іздесейік, Ойлап жүр Ол да сөнді деп. Күнменен бірге көріп қалайын, Көңілің содан күйсе артық... Әтірді ұнайтын сеуіп барайын, Сағынышымның иісі аңқып! Ұзын көйлектің сыз ап етегін, Саған айтатын сәт ұттым – Өмірдің сонша ұзақ екенін, Тым қысқа екенін бақыттың... Ойнады жалған солай – көнейік, Жасымды жыр қып жаттайды ел. Уақытқа үздігіп қарай берейік, Сен бірақ сағат тақпай кел...
Құралай Аманжолова:
Әрине, осы іспетті конкурстар көптеп өтуі керек. Бұл шығармашыл адамды жұмыс жасауға шабыттандырады. Қазір біздің елде талантты адамдар елеусіз қалып жатқаны рас. Мәдениет — адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Бұл туралы ұзақ уақыт сөйлесуге болады. Сол ретте осындай шаралар, конкурстар жиі өтуі керек деп санаймын. «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» байқауы көптеген талантымыздың өнер аспанында қанат қағып, еркін самғауына жол ашады деп сенемін.
Әділет Шопен