Аристотель және перипатетиктер ІІІ

ТАНЫМ
3469

Джорджо де Кирико. Оралу меланхолиясы

Түп негіз (субстанция) мəселесі 

Аристотельдің айтуы бойынша, субстанция теориясы екі маңызды мəселені қамтиды: 1) Қандай субстанциялар бар? Кейбір философтар айтатын сезіммен қабылданатын субстанциялар мен басқалары айтатын сезімнен тыс субстанциялар ғана өмір сүреді ме? 2) Жалпы субстанция дегеннің өзі не? Əдістемелік жағынан екінші сауалдан бастаған қолайлы, яғни адамдарға жақсы таныс ұғымнан бейтаныс ұғымға қарай жылжыған дұрыс. 

Натуралистердің айтуынша, субстанция материалдық элементтерден тұрады (бастапқыда). Платоншылдар оны формадан тұрады деді. Дұрыс мағына субстанцияны индивидтен жəне форма мен материядан бір уақытта жасалған нақты нəрседен іздейді. Кімдікі дұрыс? Аристотель бойынша, барлығы дұрыс, тек олар жекелей алынса біржақты жəне жартылай дұрыс болып есептеледі де, өзара келісілген түрде біріксе шындықты ашады. 

1) Материя (hyle – грек тілінен гиле – орман, құрылыс материалы секілді) сезіммен қабылданатын шындықты құрайтын бастама екені даусыз, бұл тұрғыда ол – «форманың субстраты» (ағаш – үй формасының субстраты, балшық – ыдыстың субстраты). Материяны жоғалтсақ, біз бүкіл сезімдік əлемді жоғалтамыз. Бірақ материя өз алдына – детерминдендірілмеген потенциал. Ол формаға ие болғанда ғана белгілі бір көкейтесті нəрсеге айнала алады. 

2) Ал форма, керісінше, материяны анықтайды, актуалдандырады, жасайды, бүкіл заттың мəні болып табылатын «барлықты» құрайды. Себебі бұл толық мағынадағы субстанция (оны латын тіліне былай аударған: quod quid est, quod quid erat esse), грекше eidos – форма. Алайда бұл Платондық Гиперурания формасы емес, бірақ заттың өзіне тəн форма (материяның формасы). 

3) Аристотель «synolos» деп атайтын материя мен форманың бұл композициясы материалдық негіз бен формальдық негізді біріктіретін субстанционалдылық. «Категориялар» диалогында «бірінші субстанция» – бұл «synolos», индивид, форма – «екінші субстанция». Алайда «Метафизикада» басқаша: «мен форма деп кез келген заттың болмысының мəнін жəне оның бірінші субстанция арқылы болатын бірінші мəнін айтамын». Бірақ бұл тек көзге көрінетін қайшылық. Эмпирикалық тұрғыда біз жеке, нақты индивидтің субстанция ретінде өмір сүретінін факт ретінде белгілейміз. Бірақ тым теоретикалық тұрғыдан бұлай емес: себебі форма – болмыстың бастамасы, себебі жəне негізі, оның арқасында индивид түзілген. Сонымен, болмыстың неғұрлым нақты мағынасы – бұл субстанция екенін анықтады. Субстанция біріншіден материя, екіншіден – ол жеке, үшінші мағынасында – ол форма болып табылады. Болмыс – ол материя; одан кейін – жеке бас, индивид, одан соң – форма, бұл индивидке, яғни жеке басқа негіздеме береді, іргесін қалайды. 

Джорджо де Кирико. Мазасыз муза

Субстанция, акт, потенция 

Материя – бұл форманы қабылдау қабілеті мағынасындағы «əлеует», «əлеуеттілік»(бронза – ескерткіштің əлеуеті). Форма, керісінше, осы қабілеттің «акті» немесе «актуалдануы» ретінде есепке алынады. Материя мен форманың біріктірілуі акт болып табылады. Егер біз оны форма тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда ол «энтелехия», ал материалдық жағынан алсақ – əлеует пен актінің араласуы орын алады. Барлық материалдық заттар түрлі деңгейде əлеуетті болып келеді. Ал барлық материалдық емес заттар əлеуетінен айырылған таза формалардың, таза актілердің мəні болып табылады. 

Өзектілікті Аристотель «энтелехия» деп атайды, бұл жүзеге асырылу, жетілу дегенді білдіреді. Жан тəннің мəні немесе формасы болып табылатындықтан акт, немесе дене «энтелехиясы» болып саналады. Құдай – бұл таза «энтелехия» (аспан əлемінің басқа да қозғалмалы жоғарғы ақыл-ойлы күштері секілді). 

Акт, Аристотель бойынша əлеуеттен абсолютті түрде басым болып келеді. Соңғысы, актіге бағытталған секілді етіп пайымдалған. Форма (акт) – əлеуеттіліктің шарты, ережесі, аяғы жəне мақсаты, акт – бұл мəңгі жəне жаратылмаған субстанцияның өмір сүру формасы. 

Джорджо де Кирико. Махаббат әні

Сезімнен тыс субстанция 

Аристотельдік метафизиканың ғимараты сезімнен тыс субстанция түсінігін аяқтайды. Субстанциялар алғашқы шындық болып табылады, шындықтың басқа барлық модустары осыған тəуелді. Субстанциялар секілді уақыт пен қозғалыс өзгермейді. Уақыт жаратылмаған жəне аяқталмайды. Уақыттың жылжуы «басында» жəне «кейіннен» деген сəттердің болуын жоққа шығармайды, алайда уақыт – мəңгілік, ол сəттерден құралады. Екінші жағынан, уақыт – бұл қозғалыстың детерминациясы, яғни бастапқы нəрсенің мəңгілігі, кейінгінің де мəңгі болатынын көрсетеді. 

Алайда, ненің арқасында мəңгілік уақыт пен мəңгі қозғалыс өмір сүреді деген сұрақты қояды Стагирит. Бұл сұрағына мынадай жауап табады: мұның барлығы Алғашқы бастаманың арқасында («Физика» диалогындағы негіздеме). Ал бұл алғашқы бастама – 1) мəңгі жəне 2) қозғалыссыз болуы қажет, өйткені қозғалыссыз нəрсе қозғалатын нəрсенің абсолютті себебі бола алады. Қозғалатынның барлығы, басқа бір нəрсенің ықпалымен қозғалады (мысалы үшін, тас таяқтың соққысынан ұшып түседі, таяқты соғып, қозғалысқа түсіріп отырған қол, қолды адам қозғалтады). Яғни барлық қозғалысты түсіндіру үшін біз, алдымен оның бастапқы себебіне назар аударуымыз қажет, себебі ешнəрсе өздігінен қозғалмайды, ол бір күш ықпал ету арқылы қозғалысқа түседі. Бұлай болмаған жағдайды біз мəңгі қозғалыста болатын едік, бұл ақылға симайды. 

3)Алғашқы бастама əлеуеттен айырылған болуы керек, яғни таза акт секілді болуы қажет. Өйткені, əлеуетке ие болған нəрсе актіде болмауы да мүмкін, сондықтан да аспанның үнемі қозғалыста болуы таза актіні өзіне шарт етеді. 

Мұның барлығы «Қозғалыссыз қозғалтқыш» болып табылады, яғни біз іздеген сезімнен тыс субстанция. Бастапқы қозғалтқыш өзі қозғалыссыз бола тұра қалайша барлық затты қозғалысқа түсіреді? Аристотель мұны «тілек объектілері мен түсініктері» мысалында көрсетеді. Біздің тілегіміздегі объектілер, əрине, əдемі жəне ізгі заттар болатыны белгілі, олар бізді ешкімнің мəжбүрлеуінсіз жəне итермелеуінсіз өздеріне баурап алады. Мəңгі Қозғалтқыш ағымдағы себеп (мəрмəрмен жұмыс жасайтын мүсіншіні, ұлы дүниеге келген əкені тартатын секілді) ретінде емес, «Causa fi nalis» яғни, көзделген себеп ретінде өмір сүреді, себебі Құдай əрқашан кемелдікке қарай тартып отырады. 

Əлемнің басы, хаостық (немесе ғарыш емес) сəті жоқ, болмаған да. Керісінше болған жағдайда, бұл актінің потенциядан басым болуы туралы ережеге қарсы келуші еді, ол бойынша əлемнің басы бейберекет, яғни потенция, ал содан кейін əлем, яғни акт болады. Алайда, Аристотель бойынша, бұл абсурд: егер құдай мəңгілік болса, онда ол универсумды өз махаббатының объектісі ретінде үнемі тартып отырды. Демек, əлем үнемі шынайы кейпінде қалып отырған. 

Джорджо де Кирико. Гектор және Андромаха

Сезімнен тыс субстанцияға байланысты мəселелер 

1) «Аспан мен табиғат тəуелділікте» болатын Алғашқы бастама – бұл Өмір. Бірақ қандай өмір? – Біз үшін қысқа ғана уақытқа берілген, – ерекше кемелдікке жеткен өмір. Бұл – таза мағынадағы Өмір, онда пайымдау белсенді жүреді. «Біз үшін мүмкін емес болған нəрселер, Құдай үшін олай емес, себебі оның өмірінің актісі – бұл рақаттану. Жоғарғы деңгейдегі сезімдер мен танымдар бізге рақат береді, өзекті болғандықтан үміт пен тəтті естеліктер береді, алайда мұндай бақытты күйге біз анда-санда түсеміз, ал Құдай мəңгіге осындай күйде... Сонымен бірге Ол өмірдің өзі, себебі саналы танымның белсенділігі өмір болып табылады, ал Ол –белсенділіктің өзі. Сондықтан біз Құдай – мəңгі жəне бəрінен де үздік деп айта аламыз». 

Құдай не туралы ойлайды? Керемет жəне ғажайып туралы. Алайда ең кереметі – ол Құдай. Сонда ол өзі жайлы ойлайды. Оның пайымдаушылық белсенділігі – бұл «ой туралы ойлау». Онда түсінік пен түсінуге келетін ұғым бірігеді. Интеллект түсінуге келетін ұғымдарды субстанцияға біріктіре алады, ол пайымға ие болу актісі. 

Құдай мəңгі, қозғалыссыз, ол – əлеуеттілік пен материядан айырылған таза акт, рухани өмір жəне ой туралы пайымдау. Осылай болған соң, ол көлемге жəне бөлікке ие болмайды: ол бөлінбейді, сезімсіз жəне өзгермелі емес. 

2) Бұл субстанция жалғыз ба əлде басқа да бар ма? Аристотельдің ойынша, аспанды құрап отырған өрістердің қозғалысын түсіндіру үшін бір ғана мəңгі қозғалтқыш жеткіліксіз. Жұлдыздар бекітілген өрістер мен жердің аралығында түрлі қозғалыс жасайтын тағы 55 өріс бар. Бұл өрістердің барлығы мəңгі қозғалтқышқа ұқсаған, алайда жұлдызаралық кеңістікте иерархиялық жағынан одан төмен орналасқан жоғарғы интеллектуалдық күштер арқылы қозғалысқа түсіріліп отырады. 

Сонда политеизмнің формасы дегеніміз не? Аристотель үшін, Платон жəне басқа да кез келген грек секілді, құдіреттілік ұғымы түрлі көріністердегі шындықтарды қамтитын кең саланы білдіреді. Құдіреттілік – бұл Мəңгі қозғалтқыш, аспанда қозғалатын сезімнен тыс субстанциялар, адамдардың жандары, яғни мəңгі жəне жойылмайтынның барлығы құдіретті болып табылады. 

Бірақ, Аристотельдің өз метафизикасының қабырғасын бір қалыпқа салуға деген ұмтылысын жоққа шығаруға болмайды. «Метафизиканың» 12-ші кітабында біз заттардың көптеген негіздер арқылы басқарылуға көнгісі келмейтіні туралы оқимыз, бұл Гомердің өлеңі арқылы берілген: «көпшіліктің басқаруы жаман, тек біреу ғана басқарған абзал». 

Аристотельдің монотеизмі тиімді қызмет етуден бұрын, көбіне қалаулы болып табылады, өйткені ол Мəңгі қозғалтқышты таза түрінде көрсеткісі келді де төменгі қабаттарға əлем бірлігін сақтауға үміт беретін ұғымдарды қойды. Бұл талап былайша түсіндіріледі: 55 қозғалтқыш-субстанциялар теңдей дəрежеде мəңгі, материалдық емес жəне Мəңгі қозғалтқыштан тəуелсіз болып келеді. Аристотельдегі Құдай бұл 55 саналы өрістің жаратушысы емес, барлық қиындық осы жерден туындайды. Стагирит Құдай мен осы субстанциялар, өрістер арасындағы қарым-қатынасты анықталмаған күйде қалдырады. Ортағасыр бұл субстанцияларды «періштедей парасатты күштерге» өзгертеді, алайда бұл өзгеріс тек туынды ұғымының арқасында мүмкін болады. 

3) Субстанция мен сезімдік əлемнің арасындағы қарым-қатынас қандай? Құдай шынайы əлемді, жеке алынған адамды, өзгермелі жəне кемелденбеген заттарды емес, өзін-өзі пайымдайды. Құдайды түсінудегі мұндай шектеу Аристотельді əлемді жаратқан Құдай емес, Құдайға арналған, кемелденуге бара жатқан əлем қызықтыратынын білдіреді. 

Құдайды түсінудегі басқа бір қиыншылық та сол секілді негіздемеге ие: Құдай – махаббаттың нысаны, алайда өзі жақсы көрмейді (яғни жақсы көреді, алайда өзін). Адамдар жеке тұлға ретінде құдайдың махаббатының мəні болып табылмайды. Құдай адамдар тарапына, оның ішінде жеке адамға қарай бағытталмаған. Адамдардың əрбірі, заттардың əрбірі секілді түрлі тəсілдермен Құдайға тартылады, алайда Құдай олардың ешқайсысын жақсы көре алмайды. Басқаша айтқанда, Құдай махаббатқа ие, алайда сүюші емес. Ол субъект, алайда махаббат субъектісі емес. Аристотель үшін (Платон секілді) Құдай Абсолют секілді өзінен бөлек басқа біреуді сүйе алмайды. Себебі, махаббат – бұл «өзіңде жоқ нəрсеге деген құштарлық». Грек адам үшін махаббатты қайтарымсыз жəне риясыз сый ретінде өлшеу белгісіз болып табылады. Бұған қоса, Құдай жақсы көре алмайды, себебі ол – таза ой, сол үшін де сезімсіз, демек махаббатсыз. 

Джорджо де Кирико. Евангелиялық натюрморт

Платон жəне Аристотель сезімнен тыс ұғымдар жайлы 

Сансыз дəлелдермен қаруланған Аристотель платондық идеялар теориясын сынға алды, егер идеялар трансцендентті болып, заттық əлемнен алшақтатылса, онда идеялар əлемнің пайда болуына да, өмір сүруіне де, түсінілуіне де себеп бола алмайды. Мұндай тағдырдан қашу үшін формалар сезімдік əлемге ішкі сипаттар ретінде қайтарылды. Материя мен форманың синтез теориясын Аристотель Платонға балама ретінде ұсынды. Алайда, ол сезімнен тыс шындықты жоққа шығаруды ойлаған жоқ, тек оның Платон берген түсініктемесіне келіспеді. Идеялар, формалар сезімдік ұғымдардың көмкерілуі ғана болып табылады. Бұл сөзсіз прогресс. 

Алайда полемикалық екпінде ол ақылға сиятын формалар мен таза сананы, немесе таза Интеллектіні шектен тыс айырды. Түрлі формалар əлемнің Құдайға тартылуынан туындайды, тек бірнеше жүзжылдықтан кейін «ноэтикалық ғарышты», яғни Құдайдың ойындағы Идеялар əлемін алу үшін аристотельдік позицияны синтездеу мүмкін болады.

Дж. Реале және Д. Антисери 

"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"

Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов


Оқи отырыңыздар: Аристотель және перипатетиктер

Аристотель және перипатетиктер ІІ