Елімізде 22 су қоймасын салу жоспарланған – «Қазсушар» маманы

Жаңалықтар
2155

Еліміздегі  су қоймаларының 99 пайызы сонау Кеңес дәуірі кезінде салынған. Барлығына күрделі жөндеу қажет. Бұл мәселе бүгінде Үкімет деңгейінде көтеріліп, бірқатарына жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Біз осы орайда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бөлім бастығы Мұхамедкәрім Мәдиевке аталмыш мекемеге қарасты су қоймаларының жағдайы мен жаңа су қоймаларын салуға қатысты бірнеше сұрақтар қойған болатынбыз.



- «Қазсушарға» қарасты су қоймаларының саны қанша? Стратегиялық маңыздылары бар ма ішінде? Жалпы соңғы жылдары су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі өткір қойылып жүр ғой. «Қазсушар» қаншасын күрделі жөндеуден өткізді? 

- Біздің мекеменің балансында 83 су қоймасы, 82 гидроторап және 30 шақты топтық су құбырлары бар. Бұлардың барлығы дерлік осыдан 40-50 жыл бұрын Кеңес үкіметі кезінде салынған. Одақ құлағалы бері күрделі жөндеу жүргізілген емес. Тек кейінгі жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Бізге қарасты 83 қойманың 53-і, гидротораптың 29-ы стратегиялық маңызға ие. Солай болған соң оны мемлекеттік күзет мекемесі күзетеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік күзет мекемесі 42-сін, «Қазсушар» 10-ын күзетіп отыр. Су қоймаларын пайдалану жөнінде бізде «101-ші бағдарлама» бар. Сол бойынша су қоймалалрын ұстап отыруға, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, құажетті құрылыстар салуға қаржы бөлінеді. Биыл су қоймалары мен гидротораптар үшін мемлекеттен 10 млрд. 700 млн. теңге бөлінді. Бәрін рет-ретімен игеріп жатырмыз. Апатты жағдайдағы су қоймаларын қайта құруға да қаржы бөлінді. Биыл тоғыз нысан жөндеуден өткізілу керек болатын. Соның екеуі пайдалануға берілді. Олар – Қызылорда облысындағы Сол жағалау магистральдік каналы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ақылбек сай»  су қоймасы. Қалғандары жыл соңына дейін күрделі жөндеуден өткізіледі. Одан басқа былтыр аса апаттық жағдайдағы 15 нысанды жөндеуден өткізуге қаражат бөлінген бөлініп, жұмыстар басталып кеткен еді, соның жетеуі былтыр пайдалануға берілді. Биыл сегізі беріледі. 

- «Қазсушарға» қарайтын су қоймалардың ірілері қайсы? 

- Ең ірісі деп Шардара су қоймасын айтуға болады. Одан төмен Көксарай су реттегіші. Көксарай тасқын су көбейген кезде Шардарадан шыққан суды ұстап қалады. Жалпы Қызылорда жақты су баспау үшін салынған қойма. Сондай-ақ, Астананы қорғау үшін салынған бөген де бізге қарайды. 


Шардара су қоймасы


- Ірі су қоймаларын ұстап тұрудың шығыны да мол. Сол үшін оларды жекеменшікке беру жайы қалай боп жатыр деген сауал қылтиып тұр ғой бұл сұрақтың соңында.

- Иә, дұрыс айтасыз. Су қоймаларын жеке меншікке беру, жалға беру жайы Су кодексінде де бар. Бұл орайда Бұқтырма су қоймасы «Қазцинкке» жалға берілгенін айтуға болады. Өскемен, Шүлбі су қоймаларын жалға алу тәртібімен америкалық АЭС компаниясы пайдаланды. Осындай жалға берілген су қоймалары бар. Бірақ, жеке меншікке берілгені жоқ.  Көбінде шама болмайды ғой ұстап тұратын. Қойманы ұстаудың шығындары көп. Мысалы, Күрті су қоймасына «Базис А» компаниясы қызығушылық танытқан болатын. Бір-екі рет мекемеге хат та жазған. Ары қарай ойланып қалды ма, қайтадан ол мәселені қозғаған жоқ. 


Бұқтырма су қоймасы


- Жаңадан су қоймаларын саласыздар ма?

- Жаңадан 22 су қоймасын салу жоспарда бар. Үкімет тарапынан Бұзлық су қоймасын салуға нақты қаражат бөлінді. Жобасы жасалу үстінде. Бұл су қоймасы Есіл өзенінен салынады. Жылда Петропавл қаласын су басып жатады. Бұзлық та Көксарай сияқты қызмет атқарады. Астана су қоймасынан көлемі екі есе үлкен болады деп күтілуде. Сондай-ақ, Нұра өзенінен Кеңбидайық су қоймасын салуға қаражат бөлінді.

- Көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүргізілуде? 

Дайындық шаралары жылда жүргізіледі емес пе? Әдетте «апат айтып келмейді» деп жатамыз. Шын мәнінде солай. Әйтпесе жазық даладағы Абай ауданының ауылдарын су басады деп кім ойлайды? 2010 жылы болған алапат тасқын көптің есінде шығар. Негізінде тасқынды, селді таулы елдімекендер күтеді ғой. Әсіресе, оңтүстік, шығыс өңірлерге қауіп көбірек төнеді деу қисынды сияқты көрінгенімен, жазық далаларды да су басу қаупі бар уақытта өзекті. Өйткені тасқын су – үлкен апат. Тау тасқыны жарты сағатта өте шығады. 

Біз жыл сайын шамамыз келгенше, бөлінген қаражатқа байланысты дайындаламыз. Күз мезгілінде суару жұмыстары аяқталған соң нысандарды қарап шығып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қысқа дайындаймыз. Қыс режиміне өту үшін судың арналарға баратын қақпаларын жауып, өзенге бұрылатын қақпаларды ашамыз. Көктемге дайындық содан соң жүреді. Қазгидрометтің болжамына сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Штаб құрылады, кезекшілік атқарылады. 

-Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылға арналған бағдарламасында су қоймаларына қатысты қандай пункттер бар?

- Жоғарыда айтып өткеніміздей апатты жағдайдағы су қоймалалрын күрделі жөндеуден өткізу,жаңа су қоймаларын салу осы бағдарламада қамтылған. Яғни, мұның бәрі Үкіметтің жоспарындағы шаруалар. Десе де жоспардағы нәрсе деп қарап отыруға тағы болмайды. Ол су қоймасының тозғанын, қаржы керек екенін дәлелдеп барып ақша аласың. Ешкім саған «міне, бағдарламада тұр, ала ғой» демейді. Қанша жерден жоспар, бағдарлама дегенімізбен, кейде өмір өз түзетулерін енгізетіні де жасырын емес.

- Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Айгүл Сейілова

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...