23 жастағы Жәнібек Савельев биыл қыркүйекте Қазақстанға келе алмауының себебін түсіндіріп, бұл турал...
Солтүстік Қазақстанда келіншек танысын өлтіріп, бірнеше күн үйінде жасырған
Фото: zakon.kz
Солтүстік Қазақстан облысында танысын өлтіріп, оның денесін бірнеше күн бойы төсектің астына жасырып қойған әйелге қатысты үкім шықты. Осы уақыт ішінде сотталған әйел жұмысқа барып, әдеттегі өмірін жалғастырып жүрген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz sn.kz сілтеме жасап.
Qazaqstan Media басылымы жазғандай, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын айыпталушы Эльмира Шевелева ауылға бұрыннан белгілі адам болған. 53 жастағы әйелдің мінезі қызуқанды екенін тұрғындар бұрыннан біледі. Оның заңмен алғаш мәселесі 2009 жылы басталған.
Сол кезде ол адам өлтіргені үшін жеті жарым жылға сотталған. Араға тура 10 жыл салып, Шевелева тағы да колонияға түсті: бұл жолы ауыр дене жарақатын салғаны үшін төрт жылға. Ол кезде үш бөтелке арақ ішіп, танысының әйеліне пышақ сұққан.
Бостандыққа шыққаннан кейін де әйел полиция тіркеуінде жиі көрініп, әкімшілік сотқа да талай барған. Таныстарын балағаттап, көршілермен жанжалдасып, тәртіп бұзған. Осы әрекеттері үшін жауапқа тартылып отырған. Тіпті жаза ретінде қоғамдық жұмыс емес, әкімшілік қамауды сұраған. Денсаулығым жоқ, ал айыппұл төлеуге ақшам жоқ деген уәж айтқан.
Қайғылы оқиға биыл 27 ақпанда Шевелеваның пәтерінде болған. Кешкі сағат алты шамасында ол үйден шығып, отын жармақ болған. Қолында балта болған. Сол кезде оның үйіне шақырусыз танысы Мехоношин келген. Әйелдің айтуынша, ол мас болған және кетуден бас тартып, түнемек болған. Сөзге келіспеушілік көп ұзамай қайғылы жағдайға ұласқан.
Есікті жабу үшін Мехоношинді айналып өттім. Бір кезде ол арқасымен маған қарай құлай бастады. Сәл қорқытайын деп балтамен екі рет ұрдым. Бірақ соққыны балтаның жалпақ жағымен емес, өткір жүзімен тигізгенімді аңғармадым. Ол соққы желке тұсына тиді. Содан кейін Мехоношин етпетінен құлады, – деп сотта жауап берген айыпталушы.
Оқиғадан кейін әйел жедел жәрдем де, полиция да шақырмаған. Қанды жуып, мәйітті бөлмеге сүйреп апарып, төсектің астына жасырған. Айтуынша, телефон теңгерімінде ақша болмағандықтан, ешкімге хабарлай алмаған.
Бірнеше күн бойы ер адамды туыстары мен полиция іздеген. Ал әйел сол аралықта жұмысқа барып жүрген. Көршілерінің айтуынша, ол бір жерде ыдыс жуып жұмыс істеген. Сонымен қатар таныстарымен араласып, қалыпты өмір сүрген.
1 наурыз күні іздестіру барысында полиция қызметкерлері Шевелеваны жұмыс орнынан тауып, үйіне апарған. Пәтерге кірген бойда мәйіттің иісі сезілген. Алғашында иіс жертөледен шығып тұр деп ойлаған.
Жатын бөлмеге кірген кезде диванның астынан мәйіт табылды. Осыдан кейін Шевелева болған жайтты айтып берді, – деді сотта полиция қызметкері.
Қорғау тарапы бұл әрекет абайсызда жасалғанын дәлелдеуге тырысқан. Алайда сот бұл нұсқаны қабылдамады. Себебі соққылар өмірлік маңызды аймақ – бас тұсына тиген. Демек, әрекет әдейі жасалған деп танылды.
Шевелеваны адам өлтіру қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оның әрекетінде қауіпті рецидив бар деп танылсын, – деп үкім шығарды Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршарыпов.
Сотталған әйел жазасын барынша қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ ол жерде алкоголизмнен емделуі тиіс.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, сотталған тарап оны апелляция тәртібімен шағымдана алады.