Біржан Ахмер. Сизифтің тасы (Ықылас Ожайұлының бір өлеңі хақында)

ӘДЕБИЕТ
2894

Батыс философиясының бір тармағы ретінде көпшілікке мәлім экзистенцианализм (өмір сүру) бағытының эстетикалық жұрнақтарында нендей сиқыр, нендей жұмбақ жатқанын іздеп табу, оны толығымен ақыл-ой қажетіне жұмсау – ерекше табандылық пен терең түйсікті керек қылары сөзсіз. Ал сол «Өмір» концепциясындағы реалистік идеялар мен романтикалық әсіре көркем бояулардың тоғысатын тұсында ұлы жұмбақ, басқаша айтқанда, жаратылыстың ғажайып сырлары жасырынған. 

Есте жоқ ерте замандардан бері адамзатпен бірге, оның санасында үнемі жаңғырып келе жатқан басқару психологиясы – өркениеттің қадау-қадау мәселелерімен байлынысып, мәдениеттің жағымды һәм жағымсыз бейнесін қалыптастырушы фактор болып тарихқа енді. Өткен ғасырдың өктем жылдарындағы үлкен жүйенің әсеріне «сырқаттанып» қалған санамыз, ақыл-ойымыз, жан дүниеміз жаңа құбылыстарды жылдам қабылдауға бейім емес. Сызылып қойылған шеңбер төңірегіндегі қиялымыздан туған өнерлердің көбісі табиғи болып шықпайтыны да сондықтан.

Құл – өзгерісті қаламайтын үнсіздік. Бұл жердегі мән – арынды өзендей ағып өтетін уақытша идеяларда жатқан жоқ, керісінше мәңгіліктің кілтін іздеген, өмір, ар, рух, таным филофофиясының астарына бойлаған сенделісте (мазасыздықта) жатыр. 

Ақын Ықылас Ожай «Варвар» өлеңінде былай дейді:

Бір...

Бір, екі, үш...

Тепкілеген жерді

Ет жүректі езді,

Сансыз солдаттың,

Етігінен ұшқан,

Ессіздіктің шаңы.

Бұл үзіндінің өзінде неше рухтың күрсінісі, неше тәннің бұлқынысы, неше жанның құлшынысы жатыр екен?.. Жалғыз детальдың жалпыға ортақ «жауыздығын» жаныңмен естіп, мөлт еткен жанарыңның ұшымен «сезінесің». Ішкі тыныштықты бұзатын мұндай ойлар көп бола бермейді. Нағыз өлең секілді. Бәлкім содан болар, бұл шумақ арса-арса бұтақтарды сілкіп ұшқан қарғадай көңілде жатталып қалғаны бар.

Іштегі тас – әр адамның қабылдауына ауыр тиетін метафора. Абайша айтсақ, «Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес». Адам жаратылысының құпиясы да, құндылығы да, қиындығы да осы «тасты» жібітумен байланысты. Бір қызығы, ғасырлар бойы жасап келе жатқан алпауыт жүйелер, мораль мен идеологиялар бұл құбылысты өзгертуге қанша тырысқанымен, соңында бәрібір адам өзінің сол бұрынғы қалпына орала береді. Дежавю!

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы – адамзат санасының «дүмпуі», яки ақыл жарылысы болған ерекше кезең болғаны баршаға мәлім. Қазіргі белді университеттерде дәріс оқып жүрген әдебиеттанушы ғалымдар сол уақытта өмір сүрген Ф.Ницшенің идеяларына, «құлыпсыз» қиялына қайран қалады. Ф.Ницшенің жаратылыс, дүние философиясы жайында айтқан пікірлерінен кейін көптеген еуропалық қаламгерлер мүлде басқа арнаға бұрылып, өз «менін» іздеуге кірісті. Басқаша айтсақ, адам жанының кілті – маңайындағы сансыз детальдарда емес, өзінде.

Грек мифологиясында «Сизифтің тасы» немесе «Сизиф тағдыры» деген ұғым бар. Мұның сыры мынада жатыр: Ол бір мезгіл ажал құдайы Танатосты байлап тастап, адамдар өлімнен құтылған екен. Қатты ашуланған олимп құдайлары оны қатал жазалаған. Оған берілген жаза: Дәу бір тасты тау басына домалатып шығару керек. Бірақ әр рет тау басына тасты домалатып жете бергенде тас етекке қарай домалап кетіп отырады. Сөйтіп, Сизиф мәңгі бақи тас домалатумен болады, бірақ мақсатына мәңгі жете алмайды. Батыстық контексте «Сизиф тағдыры» (sisyphean) – еш нәтижесі жоқ іспен шексіз-шетсіз айналысуға мәжбүр болу мағынасын береді. Олимп Құдайларының ойынша, еш нәтижесі жоқ іспен айналысудан өткен жаза дүниеде жоқ көрінеді.

Бұдан Сизифтің абсурдты қаһарман екендігі айқын көрінеді. Оның құдайларды менсінбеуі, өлімді жек көруі және өмір сүруге деген құштарлығы – оны адам сенгісіз азапқа душар етті.

Тағы да Ықылас Ожай сөйлесін:

Әлем...

Әйнекке тамған

Әйелдің жасы.

Әмір мен Шахтар

Ерігіп...

Немесе есінеп отырып

Умаждай ғана салған

Қайран да ғұмыр

Сизифтің тасы.

Миф әлеміне бойлаған сайын адамзат санасының түрлі қатпарларына енетініміз рас. Дегенмен, оқиғадағы бізге маңыздысы – философиялық түйіні, яғни уақытты өлтіру ойыны. Бұл үрдістің бастауы жоқ және соңы да болуы мүмкін емес. Адам бар кезде, аталған ойын да бола бермек. Адам ішіндегі құмарлық пен мүдделер қақтығысы уақыттың қалай уыстан шығып кеткенін сездірмей қойды. Осы орайда, біз ақырзаманға қарай бет алып барамыз ба, әлде ақырзаманнан шығып, жаңа бір кеңістікте өмір сүріп жатырмыз ба деген ойлар қылаң береді. Мораль мен қалыптасқан этиканың сеңін бұзып, жаңаша пайымдауға мүмкіндік беретін тыныштық «дауысы» басқаша сөйлейді. Бір тұжырымға келу қиын.

Біз кейіпкердің тасты көтеріп, оны домалатуға, онымен бірге еңіске көтерілуге тырысып жатқанын, құлағанын, сүрінгенін, қайта тұрғанын елестете аламыз. Содан барып санамызда төгілген тердің, азаптың бейнесі суреттеледі. Қарап отырсақ, бір адамның ғұмыры солай мағынасыз өте береді. «Боталы түйе секілді, Қорадан шықпай өлдің бе?» (Абай).

Сизифтің жүзі тастан әрең ерекшеленеді.

Біржан Ахмер

ақын

author

Ықылас Ожайұлы

КОМПОЗИТОР

Қоғам

Елімізде жалғызбасты әкелердің саны 70 мыңнан асады , деп хабарлады madeniportal.kz. Саят есімді жа...

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...