Қуандық Түменбай. Дойбы ойнаған екі әйел

ӘДЕБИЕТ
5583


Айбарша әдемісіне әдемі. Атжақты өңіне қиылып келген қияқтай қара қасы әр беріп тұрады. Үшкірленіп біткен мұрны да кең маңдайды көтеріп, сұлу беттің шырайын шығарғандай. Көзі ше көзі, әйелге керегі көз ғой, тұнық қара көздің ар жағында сабырлылықтың бір әдебі бұғып жатқандай. Жұқа ерніне қызылды да көп жақпайды, сонан ба, қаймыжықтай боп көзге сұлу көрінеді. Осының бәрі әйел сұлбасын асырып тұрған адамзаттың сыйы дерсің. Тағамтану институтына жаңа келген экономист әйелдің бір кемшілігі – бойдақ екен. Жаңа мекемедегілер әрлі-берлі кездесіп қалғанда өмірдің осы бір қияс сиына қалай кезіктің дегендей көзбен болса да көңіл ұшындағы үпелек сауалды білдіріп өтеді. 

Әйелдің отбасы жағдайын бірінші боп білген кадрлар бөлімінің бастығы Күлиман еді. Өзі осындағы кадр біткеннің туған-өлген жылын том-том кітап қып түптеп, сейфке салып отырады. Кімнің қайда туып, қандай тағдыр кешкені бұның алақанында айнаға қарағандай көрініп тұр. Ә дегенде Айбаршаның жеке парақшасындағы өз қолымен толтырылған «Отбасылық жағдайы» деген тұсқа келгенде «ері жоқ» деген жазуды оқып, тіксініп қалды. Бірақ, қашан көрсең де өзінен үш-ақ жас кішілігі бар әйел күйеуі жоқ ұрғашының тәйтіктігіне салмай, сәлемін бұлдамай сызылып тұрады. Ең бастысы, жұмысқа мәттақам екен. Лездемеде тігісін жатқызып есеп бергенде бәрі тәк тұрады, ешкімнің көңілін қалдырмай, жұмсақ даусымен жұмыс жайын ғана жаңылыспай айтып шығады.

Күлиман жаңа келген әйелден көп күдіктеніп еді, бірақ басқан ізі таза, зымырап өткен үш айда кірлі табанның кінәратын көре алмады. Десе де, үш байға тиген ұрғашының көңілінен қол бұлғаған бір күдік кетпей қойды. Бір мезет өзіне-өзі сұрау сап, жауаптан да жаңылмады. «Қырықтың бел ортасына келгенде қылтың-сылтыңды қойдым, тапқан табысым бір басыма жетеді. Кімнің де болса бетіне тура қараймын, үш байға тиген қатын ештеңеден қорықпайды» деп көкайыл көңілін қайрағанмен әйел сезімін бунаған бір түйткіл әркез мазасын алып, өз-өзінен тиіседі де тұрады. Тәңір силаған тәуліктің бергенін қанағат қылмай, әркіммен аңдысқан әйел шіркіннің іші  пысады екен. Түн баласына дөңбекшіп шығып, көрер таңды көзімен атқызып жүр. Жұмыста әнебір әйелмен дойбы ойнаушы еді, ол да Нұр-Сұлтанға көшіп кетті. «Кеткені жақсы болды, ұдайы мені ұта беретін» деп бір жеңілдеп қалды. Бір ай өткесін жаңадан келген әйелге: «Бірге шәй ішпейміз бе?» - деп сұрау салып еді, «Апай, шәйді мен қояйын, үйде финский шәйнегім бар, соны алып келейін» деп алып-ұшты. «Апай» деген сөзі инедей қадалды, «мені кәрісініп тұр  ма?» деп тыржиып қалды. «Шәйнек менде де бар. Түске таман кел», - деп сәл жібігендей болды.

Қасына жақын отырған адамның жанына үңілді. Білімді әрі арғы-бергіден хабары мол екен. Көп сөйлемейді, сұрағыңа ғана жауап береді. Иманы алда сияқты. «Мұндайлар «служебный романға» көнбейді. Қанша әдемі болғанмен өздерінің құнын біледі». Шәйді жинап бола бере:

– Дойбы ойнауға қалайсың? – деді.

– Жұмыс уақытында ма?

– Қазір түскі уақыт. Ми демалады.

– Мен сыртқа шықсам ба деп едім.

– Онда есік алдына барып сергіп кел.

Айбарша есіктен шыға бергенде «Апай көңіліне алып қалмады ма екен?» деген күдігі сұлу тұлғасынан білініп бара жатты. 

***

– Шәй іштік, енді дойбы ойнайық, - деді Күлиман. 

Айбарша үндемеді, қысылып тұрған кейпі бар. «Мен осы кімнің бөлмесінде отырмын?» Көз алдына есік маңдайшасындағы «Отдел кадров» деп былшитып жазған жазу көлең етті.

Күлиман онша көрікті әйел емес. Дөңгелекше келген қара қошқыл өңінде бұжыр-бұжыр қара дақтары бар. Тұлғасы да еркек пішіндес. Дойбы тастарын тіккенде байқады – саусақтары майлы әрі быртықтау екен. Тырнақ астына жиналып қалған кірдің қара дағы да бар. Осы быртық саусақтарымен лездемде тақтаны жалп еткізіп жазып, дөп-дөңгелек дойбы тастарын тігіп тастады.

– Ойын білесің ғой?

Үндемеді.

– Ал, жүр. Ойынды ақ бастау керек. 

Айбарша «Бісімілла!» деп бастады.

«Мынаның имандылығын қарай гөр. Әке-шешесі, сірә, діндар болса керек. Әйтпесе өз қатарларымның аузынан «Бісімілланы» бірінші естуім». Күлиман да жүрді.

Айбарша ә дегеннен қиғаштап, жоғарыға қарай жол тартты. Жоғары қорғансыз тұр. «Әлде... әдейі осылай жүріп отыр ма екен?» деп, қатарынан екі тасты бірдей жеп қойды. «Алғашқы ойында жеңіле салайын. Апайдан ұят боп жүрер». Жеңілейін десе де, ашық жатқан жол жеңіске бастап, биге шығып, төңкеріліп түссем деген құмарлық жанын дызылдатып барады.

Апайдың өңі күреңгітіп кетті.

– Мен сенен үш-ақ жас үлкенмін, - деп кенет басын көтеріп ап, саңқ ете қалды. – Мені «Апай» демей, атымды атай бер.

– Сонда да ыңғайсыз ғой, - деді Айбарша төмен қарап.

– Ыңғайсыз түгі де жоқ.

Айбарша да сөзді бұрып әкетті.

– Иә. Спортта ыңғайсыздық болмайды.

– Оның үстіне әйелдер спорты, - деп Күлиман қосып қойды.

– Апай, - деді Айбарша басын көтеріп. – Мен бала күнімде шахмат, дойбы үйірмесіне қатысқам.

– Солай де. Екі жеп биге шықтың. Сенің айтылмаған сырларың аз емес сияқты. Бесте кел. Ойнаймыз.

Бірінші ойын осылай аяқталды.

***

 Күлиман екі-ақ рет жеңді, онда да қарсыласы біліп отырса да білмеген боп жүріп, әдейі мерейін өсірді. Өйткені, жаңа таныс жеңілген кезде әжептәуір мұқалып қалады екен. Ойыннан кейін ұзын дәлізде ұшырасып қалғанда қарсыласына қарап қабақ түйіп өтеді, әжетхана алдында жүздескенде де баса-көктеп бірінші боп кіріп кетеді. Тіпті, түсте бөлмесіне шәй ішуге келгенде «Дайынсың ба?!» - дейді ызбарланып. Кеше «Әрқашан дайынбыз!» - деп саңқ ете қалды. «Пионерсің ғой», - деп бір түйреп өтті. – Комсомолға да өтерсің», - тақтаны жайды да, шашылған тастарды өзіне қарай жалпақ алақанмен ысырып тастады. Тағы бір жеңілгенде: «Сұлусың ғой, бәрін игергенсің ғой», - деп ап-анық қып айтып салды. Сол сәт «Сұлулықтың дойбыға қатысы не?» деп ойланып қалды Айбарша. «Менікі не осы, осы кісіден тағы бір жеңілейінші, жасы болса үлкен, «кадровик» деген аты бар» деп қиялын тұйықтап еді, санасы құрғыр жүрістен жаңылмай тағы да жеңістің жолы жылт етіп көрініп қалды. «Геометрия мен алгебрадан «5» алғаным не керек, өмірден «5» ала алмай жүргенде... дардай әйелді жеңе бергенім кімге керек» деп те өзіне-өзі тосқауыл қойды. Кеше бір ұтылғанда: «Сен кадровикті жеңе бердің ғой», - деп айтып қалды. Өзінің де осында келгеніне үш айдан асты, қызыл тіл ұяңдықты әрі ысырып тастады.

– Кадр көп қой.

– Кадрдың көптігінен ғой, жеңіп жүргенің, - дегенде, тасқа тигізейін деп тұрған сүйріктей саусағын тартып ап, орнынан шалт тұрып, бөлмеден шығып жүре берді...

Сонан бері үш күн өтті. Кадрлар бөлмесіне бармады. «Бармаймын» деп шешті. Түскі үзіліске тақап қалғанда телефоны шыр етті.

– Айбарша, ренжіп қалдың ба? Басы бос әйелдердің арасында ондай сөз бола береді. Кел, шәй ішейік, соңынан дойбы ойнаймыз, - деп телефон тұтқасын тастай салды.

Айбаршаның тіні бос, біреудің аузына қарап тұратын көңілшек. Алғашқы махаббатынан алданып қалды, бірақ соңынан қумады. Онан кейін де бойдақтығын бетке басып кеткендер бар, бірақ «жалғыздың үні шықпас» деп, ешқайсысының етегінен ұстамады. «Сабақты ине сәтімен» болмады. Енді-енді ғана сөз парқын түсініп, көкірегіне бір қуат пайда болып, әйелдік қарама-қарсылығы ояна бастаған секілді ме-ау. «Қой, барайын, үлкен басын кішірейтіп, телефон соғып отыр. Отдел кадров басымен... Бірінші басшымен де тікелей байланыста... Барайын. Бірақ...» деп артына бұрылып, селт ойланып қалды: «Мен де әйел екенімді білдіремін. Басымнан сөз асырмаймын». Кәмпит-сәмпитін жылтыр дорбаға  салып ап, солай қарай аяңдады. Ұзын дәліздің ортан беліне жеткенде есік маңдайшасына қағулы «Отдел кадров» деген жазуды жаңа көргендей тағы бір оқып, тіксініп қалды. Сұқ саусағын бүгіп, есікті тық еткізді. «Кіріңіз!» деген қарлығыңқы дауыс естілді.

– Сәлематсыз ба, Күлиман апай!

– Апай деме деп едім. Дойбы ойнағанда бәледейсің. Неге есіңде сақтамайсың?! Атымды атай бер. Екеуміз де әйел емеспіз бе? – деп ә дегеннен шаптығып қалды.

Үндемеді, бірақ ішіне түйді, дереу қолбаладай қалбаңдап, шәйнекті тоққа қосты. Ала келген ол-пұлын да үстелге қойып, жымиып жүріп, бір сұлу көрініске еніп кетті.

Шәйді бір ұрттап болысымен қарама-қарсы отырған Күлиман делебесі қозып тіл қатты.

– Дойбыға қалайсың?

– Дойбыны кім жек көрсін.

Үн-түнсіз бір-бірін бағып отыр. Айбаршаның мылтық ұшы да қамалдың арғы бетінде жылт-жылт етіп сес көрсетіп тұр. «Осы кісі қызық өзі» деп, түсін суытып, тағы бір кесе шәй құйды.

Шәйдің орнын жинар-жинамастан тағы да ойынға кірісіп кетті. Бұл жолы да тақтаны үй иесі жайды. Шәйға қанып, қарсыласының әбден әдісін алған Айбаршаға қарсы алдындағы еркек пішіндес әйелдің сөзі де, айбары да әсер ете қоймады. Ол олақ жүріс жасап, дөрекі сөз айтса да, түк болмағандай тыңдап, тақтадан бас алмады. Төрт жүрісте «жау шебіне» шығып, дөп-дөңгелек дойбы тасын төңкеріп қойды. Сонда жеңілген жақтың айтқаны:

– Осы, сен, кадр іздеп жүрсің-ау, - деді.

– Неге олай дейсіз?

– Үш күн жоғалып кеткенде кіммен ойнадың?

– Ізденсең резерв көп. Бірақ, мен тек сізбен ойнаймын.

Күлиман қырылдап бастап, қылқына күлді. Анда-санда ішін басып қояды. Қырылдайтыны – шеккен ащы «Беломордың» түтіні көкіректі ыс боп көмкеріп қалған. Әбден күліп болғасын: 

– Әйел мен әйел де ойнай ма? – деді бетіндегі қара дақтары бүлк-бүлк етіп күлкі шақырып.

– Спортта әйел мен еркек кездеспейді.

Күлиман тағы да күлкіге көміліп, буынып қалды. Бұрыштағы қоқыс салғышқа иіліп, қақырығын былш еткізді.

– Үлкен спортта ше?

– Сіз де сөйлей береді екенсіз.

Күлиман жақ тым-тырыс. Көңілінде «тық десең, тауыққа тиген» ызың бар. Дойбыдан да, сөзден де ұтылып отыр. «Тілі шығайын депті. Сонда да бірге шәй ішетін біреу керек. Дойбы ойнайтын да адам керек. Тек анда-санда бір ұтылып тұрса... Тілін шығарған да өзім...».

– Ертең ойнайық, - деді дөңгелек тастарды күректей алақанымен ысырып тастап. Дойбы тастарының бір-екеуі тық-тық етіп еденге аунап түсті.

***

– Дайынсыз ба? – деп Айбарша есіктен сөйлей кірді.

– Шәй ішіп, күшейіп алып кірісейік те.

«Ә-ә, мынау өзі белсенді ғой. Көктем әсер етіп жүр ме екен өзіне». шықтым, - деп әпсәтте дөңгелек тасты шалқасынан жатқызып қойды.

Шәй бітер-бітпестен Айбарша сүйріктей саусақтары иіліп, тастарды тіге бастады.

– Сізді бір ұтып тастайын да, далаға шығып, сергиін. Маған сөйледі ілесе аласыз ба?

Қара жақ үнсіз. «Мынау, Құдай біледі, өткен түн құтысына бірдеңе құйдырғаннан сау емес».

– Ал, кеттік, - деген нәзік дауыс естілді. – Биге де 

– Би болсаң да етбетіңнен емес, шалқаңнан түстің ғой, - деп қарсыласы кекете.

Айбарша түсіне алмай абдырып қалғанда Күлиман тағы да ішегі қатып күліп, бір «Беломор» тұтатты.

– Күл, күле түсіңіз, Күлиман апай, - деді тақтаны жинап жатып. – Онан да, апай, сізге шахмат үйретейін де.

– Мың жерден үйреткенмен сен король бола алмайсың. Менің пешка болғым келмейді. Дойбы болса да шалқамнан түсіп, би болып жатқаным жатқан.

– Сіз білесіз ғой.

– Мен білгенді сен де білесің. Дойбы болса да осылай домалатып ойнай бергенім олжа, - деді Күлиман бір сәт мұңайып қап. – Шахматты байы барлар ойнап, мат қоя берсін.

– Мен шәй қояйын. Шәй ішіп отырып ойнаған рахат емес пе, - деп Айбарша қалбалақтап қалды.

– Шәйдан кейін ойнаймыз, - деді үй иесі әпсәтте қабағын шытып. – Адам ләззат алғанда тек ләззатпен айналысу керек, - деп шүпірлеген тастарды алақан сыртымен ысырып тастады.

Айбарша шәй қамына кірісті. Бүгін өзін біртүрлі жеңіл сезініп, дойбы ойнауға құмартып жүр. Көз алдында бір қызыл сызық алабажақ тақта бойымен жүйткіп, бірінен кейін бірі биге шығып, дөңгелек тастар төңкеріліп түсіп жатыр.

– Екі жеп, биге шыққың кеп шыдамай жүрсің-ау, қой, енді бастайық, - деп Күлиман тағы да тиісе сөйледі.

Шәйдің орнын жинар-жинамастан ойынға кірісіп кетті.

– Енді бір рет ойнаймын, көңіліңіз қалмасын. Спорт әрқашан екі таймнан тұрады, - деді Айбарша алғашқы жеңістен кейін. – Бөлмеге барып жұмыс істейік. 5-тен 6-ға дейін ойнасақ та кенде қалмаспыз, - деп, тағы да бәсекені  жеңіспен аяқтап, орнынан көтеріле бергенде қарсы отырған Күлиман ернін тістене сөйледі.

– Оны кадр шешеді.

Айбарша естімеген боп есіктен шыға берді.

***

Сағат бес болмай-ақ Айбарша кадрлар бөлімі есігінің алдынан екі рет өтті. Не десең де, осы есікте бір сұс бар. Бұжыр-бұжыр әйнегі шытынап, маңдайшадағы арбиған  әріптер күн сайын үлкейіп бара жатқан сияқты. Ашық есіктің алдынан әйел сұлбасы екінші рет кері қайтқанда бас бармағын шошайтып, өзіне шақырды.

Дойбы тастары сол күйі жиналмапты. Биге шығып, төңкеріліп жатқан тасқа екеуі де көз қиығын сата қарады. Айбарша білегіндегі күміс сағатқа үңіліп, еркінси сөйледі.

– Күлиман апай, мен енді сізбен бірге шәй ішпеймін. Соны айтайын деп ерте келдім.

– Дойбыны да қойдың ба?

– Қойдым.

Ол тағы да қырылдай күліп, бір «Беломор» тұтатты. Сосын күрк-күрк жөтеліп, қоқыс салғышқа қарай иілді. Тәмпіш танауынан қою түтінді ытқытып:

– Дой-бы-ны қою қай-да-а, – деді үзіп-үзіп сөйлеп.

– Оны сізден сұрамаймын. – Айтарын айтып, бұрылып кетті.

Шығып бара жатқан әйелдің дөңгеленген бөксесі көз алдына тартылғанда дойбы тастарын көргісі келмей дір-дір еткен алақан сыртымен ысырып тастады. Дөңгеленген тастар сау етіп жерге құлады. Тақтаның жалаңаш қалған ақ пен қара төртбұрыштары дойбы тілеп жұтынып тұр. Күлиман тоқ білегі дір-дір етіп телефонға қол созды. Қою түтінді аузынан шығарғанда әйел бейнесі көмескі тартып көрінбей қалды. «Жұмыс тауып ал деп айтсам ба екен...». Сол қолында телефон тұтқасы, оң қолында «Беломор» тұқылы. Әлсін-әлсін сорып, аузы бір босар емес. Байланысқа түспеген қара телефон ызыңдап сөз сұраса, дөңгелек ішіндегі тышқанкөз тоғыз сан мені бұраса екен деп жұтынып тұр. Сұқ саусағын дөңгеленген 0-ге тығып ап,  қайта суырып, сорайған тұтқаны тарс еткізіп тастай салды. «Соны қойшы» деп күбірлеп, тағы бір «Беломор» тұтатты.

madeniportal.kz

author

Қуандық Түменбай

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...