Шымылдығын «Дерево» қойылымымен ашқан, Мемлекеттік республикалық академиялық кәріс музык...
«Бір атаның балалары»: Дүңген этносы
Сөз басы
Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауиннің мақаламызға арқау болған «Бір атаның балалары» атты шығармасындағы келесі бір этнос өкілінің есімі – Оля. Жазушы қаламындағы Оля – ойын баласы. «Төмен» ойлы «үлкен» адамдардың құрбаны. Бірақ соған қарамастан барлығына төтеп бере білген, тіпті күле білген ақиқи жан. Сөзімізге дәлел болуы үшін шығармадағы Оляның болмысын назар салайық:
«Оның есесіне тақырбас дүңген қызы Оля келіпті. Шешесімен бірге. Сақылдап күліп, ұшып қонып отыр. Шешесі емес, – шешесі – беті үлкен, өзі де үлкен, орта жастағы дәу қара әйел екен, мойнын қисайтып, мықынын таянып, тапжылмай отырған қалпы аңыратып өлең айта береді, – сықылықтаған Оля».
Көріп тұрғанымыздай, Оля –көңілді, кәдуілгі кішкентай ғана періште секілді «сықылықтайды» Оля. Әрине, мұның барлығын алып жүректі дүңген қызының қайсарлығы деп білеміз. Сонымен, осы бір мақаламызда «бір атаның балаларына» айналған қайсар Оляның шыққан тегі, оның ұлты жайлы сөз қозғамақпыз. Яғни, Қазақстан елінде өмір сүретін дүңген ұлт өкілдерінің хәл-ахуалы, олардың ішінен шыққан танымал тұлғалар мен қоғамдағы орны турасында қалам тербемекпіз. Мархабат!
Дүңген этносы
Дүнгендер (жеңіл. қыт.: 东干族; дәст. қыт.: 東干族; пінин: Dōnggānzú) -Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан жерлерінде тұратын ұлт. Өздерін «Хуэй» деп атайды. Дүнген этносы — Орталық Азия ұлттарын басты төркін ете отырып, миграциялық көшу және сауда қарым-қатынастары арқылы Қытай жерінде біртіндеп қалыптасқан, бірлікке келген, әрі ислам мәдениет дәстүрін сақтаған ұлттық топ. Дүнгендер ұлт болып қалыптасып, даму барысында, қытай тілін өз ұлтының ортақ тілі ретінде таңдап алды. Дүңген - Қытай аз ұлттары арасындағы халық саны көбірек, бытырай қоныстанған ұлт. 2000 жылғы санаққа қарағанда, Қытайда 9 млн. 816 мың 805 дүңген бар екен. Жалпы халық саны жағынан Қытай, Жуаң және Манжур ұлттарынан қалса Дүңгендер төртінші орында тұрады.
Қазақстанда дүнгендер өз тілдерінде (қытай тіліне ұқсас) сөйлеседі. Бірақ орыс, қазақ тілдерін де жетік біледі. Негізінде «дүнген» этносы орыс тілінде пайда болған, өйткені Қытайда мұндай халық есімі қолданылмайды. Кей мағлұматтар бойынша «дүнген» сөзі түркі тілінен шыққан. Тағы бір жерлерде дүнген қытайдың "тунькэнь" – яғни, шекаралас аймақтағы әскери елді мекендер сөзінен алынғаны айтылады.
Сонымен, аспан асты елінде қалыптасқан дүйім бір дүңген ұлтының қазіргі таңда дүниежүзінде 10 млн-ға жуық өкілі өмір сүреді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Қытайдан бөлек, Орта Азия елдерінде яғни, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанда шоғырланған. 2017 жылғы санақ бойынша елімізде 68252 дүңген бар болатын болса, 2011 жылғы Қырғызстан еліндегі халық санағында 59994 дүңген тіркелген екен. Бұл көрсеткіштерге қарап Қытайдан кейін дүңгендердің ең көп қонысқан екі мемлекеті бар болатын болса, ол Қазақстан мен Қырғызстан екенін айта кеткеніміз жөн. Бұдан бөлек 2010 жылғы Ресей Федерациясының халық санағында 1651, ал Өзбекстанда 1353 дүңгеннің өмір сүретіні жария етілді. Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанда қоныстанған дұңген ұлт өкілдерінің орналасу инфографикасын төмендегідей ұсынып отырмыз.
Дүңген этносы Қазақстанға қалай келді?
1862-1877 жылдары қытайдың Шэньси, Ганьсу және Нинься провинцияларында дүнген – хуэйцзу ұрпақтарының кең ауқымды шаруалар көтерілісі болды. Көтеріліс цин әскерлерін жаншып тастаған.
Көтеріліс жасаушылардың жарты бөлігі Жетісуға қоныстану үшін мыңдаған шақырым жол жүрген. 1881 жылы Цин империясы мен Ресей арасында Іле аймағы бойынша келісімшарт жасалған. Келісімшарт бойынша Іле аймағының басым бөлігі (80 пайызы) Цин империясына берілген. Дегенмен, Іле аймағының 23 мың шақырым бөлігі Ресей империясының қолына өтіп, сол елге өткісі келгендерге сонда қоныстануға рұқсат етілген.
Келісімшарт жасалғаннан кейін ұйғыр мен дүнгендердің қоныс аударуының нәтижесінде Ресей империясы аумағында және КСРО, орталық Азия мемлекеттерінде сол халықтардың ірі диаспоралары құрыла бастады.
Қазақстан аумағына 15276 дүнген қоныстанған. Ал қазір бізге мәлім ақпараттар бойынша, Қазақстанда 68 мыңнан астам дүнген этносы өкілдері тұрады. Халық санағының статистикасын негізге ала отырып, дүнгендер Қазақстан бойынша жылдам саны артқан халық ретінде есептеуімізге әбден болады. Әрине, мұның барлығы еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығының арқасы екенін ескергеніміз жөн. Мысалы, 2010 жылғы Қазақстан халық санағында дүңгендердің саны 53696 болса, 2017 жылы 68252-ге артқан.
Дүңген этносының Қазақстандағы ең көп қоныстанған мекені
Дүңгендердің 85%-ға жуығы қазіргі таңда Жамбыл облысында өмір сүруде, оның ішінен 70%-ы Қордай ауданында шоғырланған. 2021 жылдың басындағы халық санағы бойынша Жамбыл облысындағы дүңген этносының саны 60 371-ге жетті. Бұл аталған облыс халқының 5,30% құрайды. Бұл Қазақстанда өмір сүретін дүңген этносы үшін ең жақсы көркеткіш деп білеміз. Мысалы, 2018 жылдың басындағы халық санағы бойынша Жамбыл облысында 57 245 болса, 2021 жылғы көрсеткіш жоғарыдағыдай.Демек, халық санының өсуі еліміздің бірлігі мен ынтымақтастығын көрсетеді. Назарларыңызға Жамбыл облысындағы дүңген этносының бірнеше жылдар аралығындағы өсу көрсеткішін ұсынамыз.
Жамбыл облысынан кейін дүңген этносының ең көп қоныстанған өңірі –Алматы қаласы. Мәдени астанамызда Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылдың басындағы халық санағы есебімен, 10 340 дүңген ұлтының өкілдері тұрады. Оның ішінде «Алатау» және «Жетісу» ықшамаудандарында жиі шоғырланған.
Дүнген халқының тілі және олардың мәдениеті
Қазақстанда тұратын басқа да ұлт өкілдері секілді дүнгендер де ана тілін сақтап қала білді. Әрбір дүңген азаматы отбасы, ошақ маңында дүнген тілінде сөйлейді және мұнымен қоса сөз басында айтып кеткеніміздей қазақ және орыс тілдерін де жақсы біледі.
Дүңген тілі - қытай-тибет тілдері семьясының қытай тобына жатады. 1926-28 жылдар аралығында араб графикасын пайдаланса, 1928-1953 жылдары латын, ал 1953 жылдан бастап кирил әліппесін қолданып келеді.
Дүнген халық шығармашылығы ауызша дәстүрлерді, ертегілерді, аңыздарды қамтиды. Халық әндері (чуз) ежелгі музыкалық аспаптардың, дәлірек айтсақ, сихузи, сянсяньзи (скрипка түрлері), шянзи - балалайка, әр түрлі барабандардың сүйемелдеуімен орындалады. Ерекше бір тұсы бұл аспаптардың кеңінен қолданғанымен, топ болып ән шырқау деген жоқ. Барлық әндер тек жеке орындалады. Көбіне халық әндерінің қозғайтын мәселелері басқа да халықтардың фольклорлары секілді эпикалық, лирикалық, батырлық пен гуманизмге және т.б. Ауыз толтырып айтатын көмекді эпикалық дастандарының бірі - «Цзиньчжу жуаньлянға дейін» деп аталады.
Дүнгендердің дәстүрлі кәсібі - суармалы егіншілік, яғни көкөніс пен күріш өсірумен айналысады. Аталған кәсіптерге қарап отырып дүңгендердің арасында бау-бақша шаруашылығы жақсы дамығанын аңғаруға болады. Мұнымен қоса, Дүнгендердің тағамдары әртүрлі, ащы қоспалары және дәмдеуіштері бар. Асхана аспаптары ретінде таяқшаларды пайдаланады.
ҚР Дүңген Ассоциациясының құрылуы
Дүңген этносының тілі мен мәдениетінің дамуы мен көркеюіне ҚР Дүңген Ассоциациясының орны ерекше. Дүңген мәдени орталығын құру жайлы шешім 1989 жылы 2 қарашада алғашқы республикалық дүнген құрылтай конференциясында қабылданған болатын. Қабылданған шешімге орай, Бакир Яхияұлы Баяхунов пен Ильяс Набиевич Вансванов дүнген мәдени орталығының алғашқы төрағасы болып сайланды.
Кейінірек ДНО Жамбыл облысы, Қордай ауданында тіркелді. Дәлірек айтсақ, дүңгендердің көп қоныстанған елді-мекендері болып есептелетін Масанчи және Сортөбе және Дунгановка (Жалпақ Төбе) ауылдары. Аталған аймақтарға ДМО-ның ең бірінші төрағалары болып Масанчи ауылында И.Бейшанло, Сортөбеде Д Суахунов, Жалпақ Төбеде болса Рахматулла Мұсаев тағайындалды.
Міне, осылайша 1990 жылы Бүкілодақтық дүнген қауымдастығы Фрунзе қаласында дүниеге келді. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда жекелеген дүнген бірлестіктері құрылды.
Қазіргі таңда дүңген ұлт өкілдерінің ең көп шоғырланған өңірі, Жамбыл облысында Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясы жұмыс жасайды. Мұнымен бірге, http://dungane.kz интернет сайты мен «Хуэймин Бо» атты газеті және бар.
Дүңген ұлтынан шыққан танымал тұлғалар
«Ел іші –өнер кеніші» демекші, дүңген ұлты да танымал тұлғаларға кенде емес. Ең атақты дүңген, яғни, хуэй ұлтынан шыққан адам – Чжен Хэ. Американың Life журналы жасаған әйгілі 100 адамдық тізімде Екінші мың жылдықтағы ең ұлы адамдар тізімінде 14-ші тұр.
Мағазы Масанчи – Орта Азия елдеріне Совет үкіметін орнатуға қатысқан революционер. Алматыдағы алғашқы дүңген мектебін ашқан және «Кеңестер елі» дүңген ұжымшарының негізін қалаған мемлекет қайраткері.
Ванахун Манзус – ІІ Дүниежүзілік соғысының қатысушысы. Кеңес Одағының Батыры.
Таширов Хайтахун - Қырғыз КСР-інде колхоз қозғалысының негізін қалаушы, Ош облысындағы Қызыл-Шарк колхозының төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері.
Юнусов Абдужалил Мажитұлы - самбодан КСРО спорт шебері, дзюдодан КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1983 жылғы КСРО халықтары Спартакиадасының чемпионы. 20 ғасырда Қырғыз Республикасының ең атақты дзюдошысы.
Мұнан бөлек, Майя Манеза - қазақстандық ауыр атлет, әлем чемпионы.
Ясыр Джумазұлы Шиваза – дүнген жазушысы.
Зульфия Чиншанло - қазақстандық ауыр атлет, әлем чемпионы.
Бакир Яхиянұлы Баяхунов - қазақ композиторы.
Мұхаммед-Омар Паншаев – суретші.
Сөз соңы
Міне, осылайша дүңген қызы Оляның ұлты жайлы шама-шарқымыз жеткенше жазуға тырыстық. Дүңген этносының еліміздегі хәл-ахуалы, халық демографиясы мен демоктариясы жөнінде аз-кем сөз қозғадық. Қазақстан халқы Ассамблеясының арқасында бүтін бір дүңген ұлтының тілі мен ділі, әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері қазақ жерінде жанданып келеді. Бұл, әрине, ең әуелі қазақ халқының кең пейілі мен ақ ниетінің арқасы. Тағдыр мен тарих жолы Қазақстанның барлық халқын «бір атаның баласына» айналдырды.
Жомарт Жылкелдіұлы