«Бір атаның балалары»: Неміс этносы

АССАМБЛЕЯ
2326

Марғасқа жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты повестіндегі келесі бір этнос өкілі есімі – Зигфрид Вольфганг Вагнер. Ұлты –неміс. Бірақ Ахмет ақсақал асырап алғаннан кейін Зигфрид Ахметұлы болып өзгерді. Иә, батыстың бұлдырық желі айдап келген Зигфрид Ахметтің ұлы болды. Қазақ ақсақалының ұлы. Міне, дәл осылай соғыс жылдарында түрлі себептермен қазақ жеріне келген немістерді ешкім алаламады, қараламады. Туғанындай өз бауырына басты. Себебі осыған дейінгі мақалаларда айтып кеткеніміздей, неміс ұлты да, қазақ ұлты да «төмен» ойлы адамдардың «үлкен» қателіктері мен әрекеттерінің құрбанына айналған еді сол кезеңде. Қазақ мұндайда «кемедегінің жаны бір» дейді. Осындай қиын қыстау кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңінен қол» шығарып, қазақ пен неміс ұлты қазақ жерінде тату тәтті ғұмыр кеше бастағаны әрине, ұлтымыздың ұлылығынің нышаны болатын. Оған дәлел ретінде сериялы мақалаларымызға арқау болған һәм темірқазық қылып ұстаған «Бір атаның балалары» шығармасынан қазақ қартының неміс баласын бауырына қалай басқаны жөнінде үзінді келтірсек:

«Ахмет ысырыла жол берген жұртты киіп–жарып балалардың алдыңа барды да қалт бөгелді. Қайсысын алсам екен деп ойланғандай. Жетімдерді жағалай шолып шықты да, ең баста тұрған ағайынды қазақ балаларының қасына келді. Екеуі біріне-бірі тығыла құшақтасып тұрған. Қолдарынан тартып еді, айрылмады. Ахаң тізесін бүгіп, екеуін бірдей баурына басты. Кезек-кезек маңдайларынан сүйді. Содан соң орнынан көтеріліп, балаларды жағалай бастарынан сипап өтті де, ең шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.»

Мұнымен қоса, Ахмет шалдың неміс ұлына «Айналайын, жүр, үйге кеттік. Апаң күтіп отыр» деуінің өзі қазақ халқының асқан пейілі мен ақ көңілің көрінісі деп білеміз. Тіпті Зигфридтің сүндет тойына бөтен демей, бөгде демей, өгей демей, көбей демей тегіс қазақ ауылының жиналғаны жаңағы ақпкөңіл мен асқан пейілдің арқасы еді. Сөзімізге тұздық болу үшін тағы да шығармадан үзінді келтірсек: «Кешіне Ахаң бүкіл ауылды баласының асықжілік ұстар тойына шақырды. Көптен қызылсырап жүрген жұрт үлкен-кіші, кәрі-жас демей, тайлы-таяғы қалмай тегіс жиналды. Ахаң жалғыз сегін сойған екен, бас-сирақ, ішекқарнына дейін асыпты. Молынан жетті. Семіз ет пен нәрлі сорпаға лықа тойған жұрт шай келгенде дастарқанға төгілген ірімшік, құртқа қарай алмады». 

Міне, «тегіс жиналған ауылды» -қазақ халқы, ал Зигфридтің өзін –Қазақстанға келген кіл неміс ұлты деп қарайтын болсақ, түрлі себептермен топырағымызға келген неміс ұлт өкілдеріне төрімізден орын беріп, бір үзім нанды бөліп жегенімізге тарих та, тағдыр да куә. Тіпті мақаламызға арқау етіп алған шығарманың жоғарыда келтіріпген үзіндісі де куә. Осы жердегі «бір ұзім нанды бөліп жедік» деген сөзіміз эмоцианалды болмас үшін шығармадағы  «Астан соң бригадир Берден ертең жұмыс барын еске салып еді, басқарма тоқтау айтты. Жамиғат той көрмегелі екі-үш жыл болды, отырып, көңілдерін көтерсін деген» деген үзіндіге тоқталып, соғыс кезеңіндегі қазақ халқының хәл-ахуалын бір рет болсын есіңізге түсіргеніңізді қалаймыз. Өзге түгіл өзіне әрең қараған ұлтымыз сол кездің өзін де қайсарлық танытқанын қазіргі ұрпағы таңды таңға ұрып айтатын болады. Бірақ қазақ халқы жасаған ісін мақтан тұтпайды. Себебі барлығымыз «бір атаның балаларымыз» емес пе?! Бәрімізді тағдыр қосқан. 

Неміс ұлтының қазақ жеріне қоныстану кезеңдері

Неміс ұлты өкілдерінің қазақ топырағына қоныс аудару кезеңдеріне сәл байыппен қарап, үңілетін болсақ, жоғарыдағы Зигфридтен бұрын, яғни соғыс басталмай тұрып та келгенін аңғаруымызға болады. Ал осындай алтернативті деректерге сүйене отырып, неміс ұлтының КСРО жерінде көп халықтардың бірі ретінде өмір сүргенін көреміз. 

Алтай мен Атырауды алып жатқан ұлаң-ғайыр қазақ жеріне немістер Патшалық заманынан бастап аяқ тірей бастаған. КСРО-ның әскери барлау құрамында да, ғылым Академиясында да көптеген немістер қызмет атқарды. Ал бұл дегеніміз Кеңес Одағының құрамында болған қазақ еліне өз деңгейінде ықпал еткенін жасыра алмаймыз. Мысалы, қазақ топырағына Ресей тарапынан бәрнеше мәрте арнайы экспедияциялар жүргізілгені баршамызға аян. Соларды бірі, яғни тарихи даталармен сөйлесек, 1734 жылы неміс ұлтынан шыққан ғалым Фридрих Миллердің қазақ даласының теріскей бөлігін зерттеу үшін табан тірегенін айта аламыз. 

Фридрих Миллер аталған экспедиция барысында қазақ жерінің географиялық бедерін қағазға түсіріп, тіпті сол өңірдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жайында қолжазба да қалдырған. Мұнымен бірге, Ресей әскери экспедиясының құрамында неміс ұлты өкілдерінің бірі Бухгольц та болған. Ол да Фридрих Миллер секілді Қазақстанның алтай және Зайсан өңірлерін зерттеген екен. Бұл аз десеңіз, Каспий теңізін әлемде алғаш рет мұхиттардан төмен жатқанын ортаға шығарған П. С. Паллас пен Е. Эверсман да бір жазып отырған неміс ұлтының өкілдері. Оралды зерттеген Эйлер де, Арал мен Каспий теңізінің картасын жасаған Струве де, тіпті түбі бір түркі халықтарының тілін зерттеген Фридрих Радлов та осы бір ғажайып неміс ұлтының өкілдері еді.

Ф. Радлов

Жалпылай айтқанда, қазақ жерінде неміс ауылдары І Дүниежүзілік соғыстан басталған кезеңдерді көбейе басталы десек артық айтқанымыз емес. 1885 жылы Фриденсфельд ауылының іргетасы қаланды. Сонымен бірге, еліміздің солтүстік аймағындағы Алтенау, Пруггергоф сынды ауылдарды да есепке ала кетейік. Бұл ХІХ ғасырдың басындағы оқиғалар легі болатын. Ал 1930 жылдары алыс жақын елдерден, дәлірек айтсақ, Қырым мен Лининград сынды облыстардан қуғындалған қатарында немістер де болды. 

Неміс ұлтын Кеңес Одағына мүше елдерге қоныстандыру, дұрысы жер аудару ІІ Дүниезіділік соғыстың КСРО жеріне кіруімен тұспа-тұс келді және бірнеше кезеңдерді қамтыды. Яғни, 1941 жылы «Еділ бойында тұратын немістерді қоныстандыру туралы» қаулы шығып, оларды қауіпсіз өңірлерге көшіреміз деген сылтаумен Еділ мен Украина жерінен немістерді жер аудара бастады. Ал шынтуайтына келгенде, ешқандай қауіпсіз аймаққа көшіру емес, керісінше қуу процессі жүзеге асты. Жоғарыдағы қаулы бойынша ІІ Дүниежүзілік соғыс кезеңде КСРО тарапындағы немістердің арасынан тыңшылар мен диверсанттар бар, сол үшін соғыс алаңынан аластату және жазалуға қол қойылған болатын. 

Ресей осылайша, Еділде етек-жеңін жинап, орнаға бастаған немістерді  Алтай аймағы, Жаңасібір облыстарына, сонымен қатар Қазақстанға жер аударады. Ал кей бөлігі Вермахттың жаулап алған өңірлерінде қалып қойып, Польшаға және Германияға айдалады. Кейіннен айдалған тұтқындарды да арнайы қамақ үшін Қазақстанға жер аударады. Жалпы есептен соғыстың соңғы жылдарында қазақ жерінде бес жүз мыңнан астам неміс тұрған деген мәліметтер кездеседі. Осы орайда айта кететін бір мәселе, Қазақстанға айдалған немістер бейберекет қазақ жеріне қоныстандырылмады. Олардың басым бөлігін Солтүстік және Орталық Қазақстанға орналастырып, біршама бөлігін Жамбыл облысының таулы аймақтарына көшірді. Мұнымен неміс ұлтының КСРО-дан тартқан азабы аяқталмады. «Қауіпсіз аймаққа көшіреміз» деген желеумен қазақ жеріне қоныстандырған немістер енді ІІМ-нің рұқсатынсыз еш жерге, ешбір аймаққа аттап баса алмайтын болды. Тіпті көшірілген аймақтан сыртқа шықса тікелей соттау туралы Жарлық та шықты. Алапат қызық империя соғыс аяқталғанымен де, өз еліндегі немістерді жіті бақылауда ұстады. Жоғарыдағы «бұлбұл-тор» ХХ ғасырдың ІІ жартысына дейін өз күшін жойған жоқ болатын. 

Орманды аңсаған бұлбұлдың темір тордан шыққандағы хәлін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Міне, сол сондай сезімде КСРО құлағаннан кейін Қазақстан жеріне жер аударылған немістер өздерінің тарихи Отандарына қоныс аудара бастады. Қазақ жерінен Германияға үдере көшкен алғашқы лектің өзінде, мысалы 1992 жылы сексен мыңға жуық неміс кетті. Айналасы бірнеше жылдың ішінде мыңдаған неміс тарихи Отандарына көшті де кетті. Бұл жерде ескеретін дүние, көшу себебі, қазақ жерінің жайсыздығы емес еді. Оған дәлел Қазақстанды әлі күнге дейін мекендеп қалған неміс ұлтының өкілдері, Германияға кетіп қайта оралған немістер. Оған дәлел Ахмет шалдың ұлы Зигрфид. 

Кеңес Үкіметінің соңғы жылдарындағы халық санағы бойынша қазақ жерінде қазақтар мен орыстардан кейін үшінші орында осы неміс ұлты тұрған деседі. Алайда Тәуелсіздікдің алғашқы жылдарында болса бұл көрсеткіш бірден төмендеп кетті. Мысалы, 1999 жылы елімізде ұзын-ырғасы үш жүз елу мыңнан астам неміс тұрса, 2015 жылы жүз сексен мыңнан астам неміс қалған екен. Қорытындылай келе, жазған һәм айтқан сөздеріміз жинақы болуы үшін назарлаңызға Қазақстандағы неміс ұлтының өсу (-кему) көрсеткішін ұсынамыз. Мархабат!

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ жеріне қоныстанған немістердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарына шоғырланды. Сонымен назарларыңызға неміс этносының көшіп келген бірнеше облыстың инфографикасын ұсынамыз.

2015-2016 жылдары бойынша Қарағанды облысындағы неміс этносының саны

Көріп тұрғанымыздай, немістердің ең көп шоғырланған Қарағанды облысының өзінде 2015 жылы неміс этносының саны -33 273 болса, 2016 жылы  33 121 болған. Бұл дегеніміз бір жылдың ішінде жүзге жуық немістің басқа өлкеге қоныс аударғанын білдіреді. Ал Солтүстік Қазақстан облысының инфографикасына назар салатын болсақ, ол жақта да өз деңгейінде этнос санының өзгеріске ұшырағанын байқаймыз.

2018-2020 жылдары бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы 

неміс этносының саны

Сонымен 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында тұратын немістердің саны -19 680 болса, бұл көрсеткіш 2020 жылы аз да болсын төмендегенін байқаймыз. Яғни, 2020 жылы этнос саны 19 502-ні құраған. Дегенмен аталған көрсеткіштер Қазақстандағы неміс этносы демографияның тұрақтылығын сақтап тұр. Ал ендігі кезекте мәдени астанамыз Алматыға кезек берсек. Алматы қаласындағы немістердің өсу (-кему) динамикасын төмендегідей сызып көрдік.

2018-2019 жылдары бойынша Алматы қаласындағы неміс этносының саны

Инфографика бойынша жалпы көрсеткіш 2018 жылы  7 499 адамды құраса, 2019 7 564 адамға жеткен. Яғни, жоғарыдағы жекелеген облыстағы немістер санының төмендеуі ірі мегополистердегі этнос санының көбеюіне алып келгенін аңғаруымызға болады. Бұл дегеніміз шеткері аудандар мен қалалардан ірі қалаларға ойысқан көшті байқаймыз. Ал әуелгіде немістердің ең көп қоныстанған өңірлердің бірі Жамбыл облысында 2021 жылғы санақ бойынша 4 203 адамды құраған. Ал бұл көрсеткіш 2020 жылғы облыстың халық санағы бойынша (4 276) жетпіске жуық адамның кемігенін көреміз. Оның үстіне алғашқыда ең көп қоныстанған облыстардың бірі болғанымен, Қарағандымен салыстырғанда едәуір дәрежеде аз екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен, назарларыңызға Жамбыл облысындағы неміс этносының санын өткен жылғы есеппен салыстыра отырып ұсынамыз.

2020-2021 жылдары бойынша Жамбыл облысындағы неміс этносының саны

Көріп тұрғанымыздай, қазақ жеріне қоныстанған уақыттағы көркеткішпен салыстыруға келмесе де, неміс этносының саны өз тұрақтылығын сақтап келеді. Мұның өзі еліміздің тұрақтылығы мен бейбітшілігінің арқасы екенін ескергеніміз жөн. Мұнымен қоса, жыныс мәселесі де демографияның тұрақтылығына белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. 2009 жылғы есеп бойынша, неміс ұлтының 86522-сі ер адам болса,  91887-сі әйел адам болған. Бұл дегеніміз 100 пайыз неміс ұлтының 48,5  пайызы ер адамды құраса, 51,5 пайызын әйел адамның құрағанын білдіреді. 

Немістердің ұлттық құрамы жынысы бойынша

Ендігі кезекте назарларыңызға неміс этносының ең көп, орташа және ең аз шоғырланған өңірлердің графикасын 2020 жылғы халық санағы есебімен ұсынамыз. 

Қазақстандағы немістердің ең көп-орташа-ең аз шоғырланған өңірлердегі көрсеткіш

Әрине, бірнеше инфографиканы көріп отырып, Қазақстандағы неміс этносының қанша пайызы яки қаншауы қалалы һәм ауылды жерлерде тұрады немесе тұрған деп ойлауыңыз мүмкін. Мақаламызға арқау еткен «Бір атаның балалары» атты шығармада Ахметұлы Зигфридтің қалада емес, ауылды тұрғанын ескерсек, неміс этносының тек қалалы емес, ауылды жерлерде тұрғанын білуімізге болады. Сонымен назарларңызға 1970 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі есеппен, қалалы және аулды өңірлерде тұратын немістердің санын және олардың өсу (-кему) көрсеткішін ұсынамыз.

Қала мен ауылда тұратын немістердің өсу (-кему) көрсеткіші

Қазақ жеріндегі неміс этносының мәдениеті

Нешеме зұлмат пен зұлымдыққа тап келген неміс ұлты Қазақстан жеріне келгеннен кейін, өз мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен дінін сақтау қалуға барынша тырысады. Әрине, өз мәдениет сақтау қалу һәм оны дамыту жолында мемлекет тарапынан да қолдау көрсетеді.Мысалы, 1964 жылы ең көп қоныстанған қалалардың бірі, Қарағандыда Қарағанды студиясы айына бір рет неміс тіліндегі бағдарламалар шығара бастайды. Сол сынды Нұр-Сұлтанда да 1966 жылдан бастап «Фройндшафт» неміс газеті оқырманға жол тартады. Тәуелсіздік алғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 1992 жылы 29 қазанда Алматыда немістердің алғашқы съезді өтеді. Мұнда респубикалық «Видергебурт» қоғамдық қорын құру туралы шешім қабылданады. Ал 1995 жылы өткен екінші съезде Қазақстан немістерінің Кеңесі құрылады. Бұл аз десеңіз, 1994 жылы Алматы қаласында неміс үйі ашылады. Аз уақыт ішінде бұл мәдениет ошағы немістердің мәдени, әлеуметтік-саяси ошалығына айналады. 

Неміс Кеңесі өздерінің туған тілдерінің сақталуына, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуіне үлкен көңіл бөледі. Бүгінде Алматыда ТМД аймағындағы жалғыз неміс драма театры жұмыс жасайды. Бұл театр тек Қазақстан бойынша ғана емес, Германияға да гастрольге шығып отырады. Халық мәдениетін дамыту мақсаттарында фестивальдар мен неміс мәдениеті күндері, семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп тұрады. Облыстық неміс қоғамдарында шамамен 230 шығармашылық ұжым жұмыс істейді.

Қазіргі таңда, Қазақстанда Гете мен Ницщенің, Хайдеггер мен Гуссельдің тілін тереңдете оқытатын 6 мектеп жұмыс істеп келеді. Бұл мектептердің түлектері ІІ дәрежелі тілдік дипломды ала алады. 

Мұнымен қоса, «Deutcshe Allgemeine Zeitung» республикалқ газеті мен «Феникс» әдебиет альманахы басылып шығарылуда, радиохабарлар мен «Kasachstan im Blickpunkt» телебағдарламасы халық назарына ұсынылған. Неміс мәдени орталықтарының қызметі немістердің этникалық қайта өрлеуіне және олардың Қазақстаннан көшіп-қонуларын азайтуға бағытталған. Аймақтық ұлттық мәдени орталықтар арқылы неміс халқының диаспорасын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін сақтап қалу бойынша мемлекеттік саясат жүзеге асырылады.

Қорытынды

Осылайша, «бір атаның балаларына» айналған Оля мен Жақыптың досы, Зигфридтің ұлты жайлы, олардың Қазақстандағы өмірі жайлы аз-кем сөз қозғадық. Сөз соңында Германиялық «Konrad Adenauer» қорының төрағасы Амос Хелмс отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында сөзімен аяқтағанды жөн санадық: «Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, аз ғана 20 жыл ішінде экономикасы көкке көтерілген елге айналды. Әсіресе елдегі 130-дан аса ұлттар арасындағы тұрақтылық, достық қарым-қатынас қалыптасқан қазақтың қасиетті жері қашанда өзге елдерге үлгі өнеге болуда».

Жомарт Жылкелдіұлы

Жаңалықтар

Бәйдібек ауылында ер адам бірге тұратын әйелімен ішімдік ішіп, кейін екеуі жанжалдасып қалған. Желід...

Жаңалықтар

Украинада қазір 300-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін, деп хабарлайды madeniportal.kz. ҚР СІМ...