Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрған қоға...
«Бір атаның балалары»: Еврей этносы немесе тағдырлас қос халық
М. Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесіне арқау болған тағы да бір этнос өкілінің есімі – Жақып. Ұлты – еврей. Ділі мен діні, тілі мен түрі өзге болғанмен, тарихы мен тағдыры ұқсас қос халық, яғни қазақ пен еврейдің бір-бірімен байланысы көзіқарақты оқырманға аян деп ойлаймыз. Еврей ұлты дегенде алдымен көз алдыңызға ғарыш пен кіл ғаламның құпияларын шешуге тырысқан, өз дәрежесінде шеше де алған сүйікті Альберт Эйнштейн, адам психологиясының әлеміне еркін саяхаттаған Зигмунд Фрейд, өз сөздерін заңдылыққа айналдыра алған Спиноза, ғылымның тілімен біз фантастика деп атайтын жанрды әдебиетке әкелген әрі ғалым, әрі жазушы Айзек Азимов, адамзат руханиятына әлемнің кез келген нүктесінде тұрып шексіз еңбек сіңірген тұлғалар тізбегін үздіксіз жалғастыруға болар. Гейне, Кафка, Цвейг, Пруст, Сэлинджер, Ремарк, Пастернак, Бродский, Брик, Штраус, Шагал… Бұл тізімді тағы да ұзақ жалғастыруға мүмкіндігіміз жететінін сіз де ұқтыңыз. Тек бұл басқа еңбектің жүгі.
Біздің мақсат-мүддеміз Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасындағы қазақпен етене араласып, тарих тоғыстырған еврей ұлтының өкілдері жайлы болмақ. Өзге ұлттардың мүдделері мен пасық ойларының құрбанына айналған еврей халқын, өзі де өзгенің мақсаты жолында құрбан бола жаздаған қазақ ұлтынан артық кім түсінсін?! Сөздерімізге дәлел болатын қанды соғыс жылдарының куәгерлері һәм батырлары деп атауға болатын еврей ұлтының перзенті Александр Бектің қазақтың баһадүр ұлы Бауыржан Момышұлы жайлы жазған «Волоколомск тас жолы» повесі бола алады. Сонау соғыс жылдарында, ортақ ту астында өмір сүрген еврей және қазақ ұлтының ұлдарының бір-біріне деген шексіз құрметі мен ілтипатын шығарма арқылы оқырман сезіне білді.
Енді осы бір шығарманың қалай басылып шыққаны жайлы қызықты дерекке тоқталып өтсек: 1944 жылы академик Қаныш Сәтпаев Қазақстан Ғылым академиясын басқарып отырған кезінде Александар Бекті Алматыға шақыртып, оның «Волоколам тас жолы» кітабын Алматыдан шығаруға келісім шартқа отырады. Сөйтіп, кітап шыққанша сегіз мың, кітап шықаннан кейін сегіз мың сом қалам ақы төлеуге келісім бере отырып, А.Бекті кітаптың авторы ретінде, ал Б.Момышұлын шығарманың бас кейіпкері деп белгілеп, келісім шартқа қолын қойып, мөрін басады. Бұл келісім шарт А.Бек пен Б.Момышұлының арасындағы ауыз екі келісім шарттың заңдастырылған түрі. Қалай айтсақ та, автор мен кейіпкер арасындағы ауыз екі келісімшарттың негізінде жасалған бұл шарттың маңызы зор еді. А.Бектің «Волоколам тас жолы» кітабы сол кездегі соғыс тақырыбына қалам тартамын деген қазақ жазушыларына жол сілтеуші құрал болатындай шығарма еді. Әрине, еврей ұлтының қазақ жеріндегі толағай табысы мен қоғамдағы орны жалғыз Александр Бекпен шектеліп қалмайды. Қазақ жеріне аяқ тіреген күннен бастап еліміздің ақ пейілі мен жылы төрінен орын алған басқа да ұлттар секілді еврейлер де өздерін бөтен санамады деп ойлаймыз. Егер Қазақстан жері еврейлер үшін жайсыз жер болса Мұхтар Мағауиннің шығармасындағы Жақыптың болмысы бөлек болар еді ғой. Ал шығармада Жақыптың қазақ қоғамына қалай сіңісіп кеткені жайлы автор былай дейді:
«Ай артынан ай, жыл артынан жыл өте берді. Яков есімі тілге ыңғайлы Жақыпқа айналып, біржола тұрақтады. Көлденең жұрт көпке дейін қоймай жүрген орыс аты да, әктеп Дәуренбек таратқан жойыт аты да ұмтылды. Көзінің көк екені де, мұрнының үлкен екені де, бет бейнесінің өзгешелігі де оны жұрттан ерекшелейтін белгі болудан қалды. Желге, күнге тотыққан, сырма шалбар, тері тонды көп колхозшының бірі болды да шықты».
Міне, Жақып секілді бүтін бір еврей ұлтының да тағдырлас ұлттың топырағында «бір атаның балаларына» айналғандығы шығармадан да, қазіргі қоғамдағы орнынан да аңғаруымызға болады. Ал тағдыры ұқсас еврей ұлты қазақ жеріне қалай келді? Қайдан келді? – мақаламызға сәл шегініс жасап, осы бір сұрақтардың жауабын бірге іздесек…
Еврей халқының қазақ жеріне қоныстануы
Қазақ жеріне ең алғаш еврейлер 1867 жылдан бастап қоныс аударды. Ең алдымен еврей сарбаздары енді ғана қала атағын алып, бекініс салған Верныйға қоныстанды. Яғни, қазіргі Алматы шаһарына. Ал 1870 жылдардың соңына қарай қазақ жерінде еврей қауымы қалыптаса бастады. 1884 жылы алғашқы еврей синагогасы ашылды. 1897 жылы Верныйда жүзге жуық еврей тұрса, уезде екі жүзге жуық еврей ұлтының өкілдері болды. ХХ ғасырдың басында Верныйда екі жүзден астам, Ақтөбеде қырыққа жуық, Ақмолада екі жүздей еврей ұлты өмір сүрді. Көбіне еврейлердің арасында дәрігерлер кездесті. Олар: А. Рязанский Қызыл Крест ауруханасының негізін қалады, сонымен бірге М. Розенблюмнің есімін атап айтпауға болмас. 1926жылы Қазақстанға 4 мыңға жуық, 1939 жылы 20мыңдай еврей ұлтының өкілдері тұрды.
Қоныстанудың екінші кезеңі 1941-1945 жылдары жүзеге асырылды. Олар алдымен тағыда Алматы қаласына қоныстанды. Қоныс аударғандардың арасында танымал оперетор, кинорежиссерлар Эйзенштейн, Рошаль, Райзман да болды. Қазақстанның батыс облыстарына қоныс аударған еврейлер елімізде соғыстан соңғы жылдары жұмыс істеп, өмір сүруін жалғастырды. Дәл осы кезеңде қазақ жеріне қоныс аударылғандар Қазақстан жерінде өнердің дамуына аса үлкен еңбек сіңірді. Солардың ішінде қазақ музыка өнерінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі – Евгений Брусиловский, атақты суретші Зальцман, оның оқушысы, суретші Қазақфильмнің бас суретшісі болған П. Филонов та болды.
1959 жылы Қазақстандағы еврей ұлтының саны 28 мың, 1970 жылдары 27 700 құрады. Ал 1950 жылдары Қарағанды қаласына зиялы еврей қауымы көптеп жіберілді. Олардың арасында аудармашы Н. Коржавин, ақын Ю. Айхенвальд, математик А. Есенин-Вольпин ерекше атап айтуға болады. 1960 жылдары еврей ұлтының санының өсуі тың және тыңайған жерлерді игерумен тікелей байланысты. Олардың кез келген саланы жылдам әрі нақты меңгере алуы, өнеркәсіпті дамытуға үлкен үлес қосты. Олардың көпшілік бөлігі Израильге қайтты, біршамасы Канада, Австралия, АҚШ-қа көшті. 1970-1991 жылдар аралығында Қазақстаннан кеткендер саны 5 мыңға жетті.
1979 жылғы халық санағы бойынша елімізде 24 мыңға жуық еврей ұлты өкілдері тұрса, 1989 жылғы санақ бойынша 20 мыңға төмендеді, нақтырақ айтқанда 19 900. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары бойынша 3485 еврей қазақ жерінен жай тапқан екен. Сөзімізге дәлел болу үшін назарларыңызға қазақ жеріндегі еврей ұлтының өсу (-кему) көрсеткішін инфографика түрінде ұсынамыз. Мархабат!
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ жеріне қоныстанған еврей ұлтының көпшілігі Алматы секілді қалаларға шоғырланды. Бірақ аз көлемді болса да ауылды жерлерге де еврей ұлтының өкілдері көшкенін ескергеніміз жөн. Мәселенки, 1970 жылы қаладағы еврейлердің саны 25744 болса, ауылда 1269 еврей өмір сүрген екен. Ал бұл көрсеткіш 2009 жылға дейін бірнеше мәрте өзгеріске ұшырайды. Яғни, 2000 жылдардың басында қаладағы еврейлердің саны 3000-ға жуықтаса, ауылды жерлерде небәрі 200-ден асып жығылды.
Қала мен ауылда тұратын еврейлердің өсу (-кему) көрсеткіші
Енді осы бір қала және ауылды місе тұтқан еврейлердің ұлттық құрамы жынысы бойынша сандық жағы секілді өзгеріске ұшарамаса да өз дәрежесінде айтарлықтай процеске толы болды. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еврей ұлтының 49,9 пайызы ер адамдар болса, 50,1 пайызы әйел адамдарды құрады.
Еврейлердің ұлттық құрамы жынысы бойынша
Қазақстандағы еврей мәдениеті
Еврейлердің Қазақстандағы алғаш қоныстану жылдарындағы сандық көрсеткіш уақыт өте келе азайса да, өз мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен ділін жаңғырту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Әрине, оған біздің мемлекеттіміздің де қолдауы мен ықпалы айтарлықтай әсер еткенін һәм әсертетіп жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, Қазақстанда 1990 жылы еврей халқының «Шалом» журналы шыға бастады. Осы жылдардан бастап түрлі ұйымдар құрылды. Олар: «Маккаби», «Бней-Акива», «Бней-Брит» бөлімшелері және «Дрор» атты Еврей қауымдастығы. Алматы қаласында еврей мектептері мен балабақшалары ашыла бастады. Қазақстан-Израиль достық қоғамы мен «Бет Исраэль» мәдени орталығы құрылды. Онан соң еврей қауымдастықтары басқа да қалаларда ашылды. Ал 1993 жылы Алматы қаласында Еврей мәдени орталығы ұйымдастырылды. «Мехина» еврей мектебі 1994 жылы ашылды. 1992 жылы республикадағы барлық еврей ұлттық-мәдени орталықтарын біріктірген «Мицва» ҚР еврей ұлттық ұйымдарының Қауымдастығы құрылды. Мицва қауымдастығы құрамына 20 этномәдени бірлестік, 13 хэсэд қайырымдылық орталықтары, 13 қоғамдық орталық кіреді. Кейінірек Қазақстанда Хэсэд Еврей қайырымдылық ұйымы өз жұмысын бастады, Алматы қаласында алғашқы «Римон» Еврей Қауымдық орталығының негізі салынды. Қауымдастық ҚР Ұлттық Кеңесінің мүшесі, Дүниежүзілік Орыс тілді Еврей Конгресінің және Еуро-Азиялық Еврей Конгресінің төралқа мүшесі Александр Иосифович Барон басқарады. Мұнымен қоса, Қарағанды, Астана Өскемен қалаларында балалар шығармашылығының орталықтары, музыкалық, әдебиет клубтары, ана тілдері – иврит пен идишті оқыту бойынша клубтар ашылған.
Мицва қауымдастығы 1999 жылдың мамыр айынан бастап ай сайын республикалық «Давар» ақпараттық бюллетенін шығарып келеді, онда Қазақстанның еврей қоғамдастығының өміріндегі жаңалықтар, сондай-ақ еврейлерге қатысты басқа да ақпараттық материалдар бар. «Давар» - балалар мен жастарға, сондай-ақ аға буынға және қоғамның қарт мүшелеріне қызықты болатын әмбебап басылым. Бүгінгі таңда төрт мың данамен «Давар» Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Теміртау, Шымкент, Орал, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды және Қызылордада қалаларында таратылады.
«Мицва» Қауымдастығының қызметі туралы қауымдастықтың «Давар» газетінің хабаршысынан www.mitsva.kz ақпараттық web-сайтынан оқуға болады. Олардан басқа республикада «Шолом» газеті шығарылады. Тағы бір ауыз толтырып айтатын жетістік, 2014 жылдан бастап Қазақстанның еврей қоғамдастығының өмірін қамтитын jewishkz.com жаңа заманауи сайты жұмыс істей бастады. Морис Давидович Симашко атындағы республикалық еврей кітапханасы және бар. 1997 жылы Алматыда жұмыс істей бастаған бұл кітапхана желісінің бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша 16 филиалы бар. Міне, көріп тұрғанымыздай, қазақ жеріндегі еврей халқының мәдениеті күн санап дамып келеді. Аталған қауымдастықтардың қызметі еврей мәдениеті мен салт-дәстүрін қайта өрлетуге, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға, жастарды қауымдастық өміріне тартуға бағытталғанын да айта кеткеніміз жөн.
Қорытынды
Елдің нағыз бірлігі патриотизммен, өз жері мен халқына, өз мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен, жалпы құндылықтармен, мақсаттар мен міндеттермен нығайтылады. Біздің елімізде этносаралық қатынастар құрған модель теңдестірілген, тиімді, уақыт сынынан өткен және бәріне үлгі болып табылады. Жоғарыдағы мақаланы жазып отырып, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтудың дұрыс жолын таңдағанымызға әрқашан сенімдіміз. Бұл, әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясының елеулі еңбегі екенін ұмытпағанымыз жөн. Сөз соңында М. Мағауиннің мақаламызға арқау болған «Бір атаның балалары» атты шығармасындағы еврей Жақыптың ойымен аяқтағанды жөн көріп отырмыз: "Осы мен қазақ емеспін бе?"
Жомарт Жылкелдіұлы