Жалғасын тапқан жарқын жол

АССАМБЛЕЯ
824

2008- жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша, бірінші шілдеден отызыншы қыркүйек аралығында өтетін - «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да лайықты жалғасын тапты. Осы орайда «Ахыска» республикалық түрік этномәдени орталығы Алматы қаласындағы «Достық үйі» аясында өткізілген ізгі шараға мұрындық болды. Олардың алға қойған басты мақсаты: қамқоршысынан айырылған, балалар үйі тәрбиесіндегі жеткіншектермен қатар көп балалы және әлеуметтік әлжуаз топ отбасы балаларына жаңа оқу жылы қарсаңында материалдық көмек көрсету болып саналады. Бұл шара жүзден астам мектеп оқушыларын қамтыды.

Атаулы іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Саттар Фазылұлы Мәжитов, «Ахыска» республикалық түрік этномәдени орталығының жетекшісі З.И. Қасенов, республикалық этномәдени орталықтарының басшылары мен мүшелері және Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, мемлекеттік мекемелер, шығармашылық интеллигенция, Алматы қаласы жұртшылығы, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, Алматы қаласының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері, Алматы қаласының мектеп оқушылары мен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.    

Қайырымдылық акциясының шымылдығын құттықтау сөзбен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев мырза ашты.

Ол өз сөзінде: 

-«Мектепке жол» іс-шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан қайырымдылық пен ізгіліктің белгісі. Сонымен қатар бұл - әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектерді жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблясы тарапынан жасалынған қолдау болып табылады. Осы орайда айта кету керек, жуырда Арыста орын алған қайғылы оқиға да Қазақстан халқы Ассамблясы назарынан тыс қалмады. Республикалық этномәдени орталықтардың барлығы зардап шеккен арыстықтарға жүз жеті миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Бұл дегеніңіз - Қазақстан халқының қашанда ауызбіршілікте екенінің айқын дәлелі, - деп атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Саттар Фазылұлы Мәжитовты да сөзге тартқан едік:

-«Мектепке жол» акциясы - Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 

жыл сайынғы жалғасын тауып келе жатқан іс-шара болып табылады. Бұл - тек ірі қалаларда ғана емес облыс, аудан орталықтарымен ауылдарда да жалпы республика көлемінде аталып өтіп жатқан маңызды акция. Әрине, қазіргідей нарықтық қатынастар кезінде әр отбасының жағдайы әрқалай болып келеді. Сондықтан тұрмыс жағдайына байланысты бірінші және алтыншы сынып аралығындағы мектеп оқушыларына, яғни, осы жолы жүзден астам жеткіншекке оқу құралдарын сыйға тартуды жөн көрдік. 

Бұл қайырымдылық шарасын өткізу үшін бірнеше этномәдени орталықтары демеушілік танытты. Соның ішінде «Ахыска» республикалық этномәдени орталығы осы шараның өтуіне бастамашылық жасаған болатын-ды. 

Акцияның көздегені тек қана материалдық көмек көрсетіп қана қою емес, моралдық тұрғыда да қолдау білдіру және Қазақстан халқы әрдайым мемлекеттің назарында екенін көрсету. Байқап қарасаңыз, осы жиында көптеген ұлт өкілдері бас қосқан. Яғни, ұлтаралық татулық пен келісімнің нышанын анық аңғаруға болады. Сонымен қатар адами құндылықтарды дәріптейтін тағылымдық дүниелерді насихаттау арқылы - еліміздің бірлігін нығайтуды да бір мақсатымыз деп есептейміз.

Іс-шара барысында мектеп оқушылары, ата-аналар тарапынан да жылы лебіздер мен ризашылық пікірлер айтылды. 

Этномәдени шығармашылық ұжымдары әзірлеген мерекелік концерт осы жиынның өңін кіргізді.

Арнайы сый-сияпаттарға ие болған жас бүлдіршіндерге арналып, небір тәттілер мен дәмі тіл үйірген тағамдарға толы кең дастархан жайылды.   

Сонымен қатар шақырылған меймандар да рухани қуат алып, ел іргесінің беріктігін ауызбірлік қана бекем ете алатынын шүбәсіз түйсінді.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

ҚР Халық әртісі Димаш Құдайберген автограф сұраған жанкүйерінің өтінішін орындаудан бас тартты, деп...

Жаңалықтар

Сенат және Мәжіліс депутаты Абзал Құспан соғыстың қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды mad...