Конституция – біздің бүгініміз және ертеңіміз

АССАМБЛЕЯ
382

Жуырда Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан Республикасы Ата Заңы күніне қарсаңына «Қазақстан Республикасы Конституциясының біріктіру әлеуеті» атты республикалық ғылыми конференция өтті. 

Аталмыш бас қосудың басты мақсаты: қоғамдағы негізгі құндылықтар төңірегінде жұртшылықты ауызбірлікке шақырып, бейбіт өмір мен тату-тәттілікті нығайту арқылы мемлекетіміздің мызғымас беріктігін қамтамасыз ету болып саналады.  

Отызыншы тамыз күні – халқымыз үшін ең маңызды мереке болып саналатын Қазақстан Республикасының Конститутция күні аталып өтеді. Ол – заң аясында еліміздің тыныс-тіршілігін түгел қамтыған, ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі болып табылады. Сонымен қатар, Ата заңымызда жалпы халықтық мүддемен қатар ұлттық мүдде де бірдей қарастырылған. Яғни, Қазақстан халқының еркі мен тілегі, оның интеллектуалдық әлеуеті ескерілген. Осының барлығы халықаралық қауымдастық стандарттарына сай қалыптасқан.

Айта кеткен жөн, біздің еліміздегі болып жатқан барлық саяси оқиғалар төңірегінде – әрдайым, Қазақстан халық Ассамблеясы өз белсенділігін танытып келеді. Ол, көп ұлтты және көп конфессиялық Қазақстан халқының азаматтық ұстанымын нығайту барысында айтарлықтай қызмет таныту үстінде. 

Осы орайда Қазақстан халық Ассамблеясы еліміздің келешегіне қатысты, екі тағдыршешімдік референдумның өтуіне мұрындық болды. Қазақстан халық Ассамблеясы еліміздің толыққанды саяси субъектісіне айналып, мемлекеттің ұлттық саяси шешімдерін жүзеге асыруда белсенділік танытып келе жатқаны даусыз. Осындай іргелі істердің жемісі: мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтау, қазақстандық патриотизмды қалыптастыру, қоғамдық келісім мен бірігу ынтымағын арттырудан көрініс табады. 

Елім, жерім деп, өз Отанын сүйетін әр қазақстандық үшін Конституцияның 1 бабы. 2 тармағындағы жазылған ережеде: қоғамдағы келісім мен саяси тұрақтылықтың нығайуы және экономиканың дамуы барша халықтың мүддесіне арналғаны туралы айтылады. Сондықтан әр азамат хал-қадерінше туып-өскен Отанының өркендеуі үшін күш-жігерін аямауы тиіс. Осындай жанкештілік еңбек пен отансүйгіштік қасиет қана жарқын келешегімізді жақындатып, ұрпақ алдындағы жолды аша түседі. Конституция – біздің бүгініміз және ертеңіміз.

Ғылыми конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Саттар Фазылұлы Мәжитов, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени орталықтардың жетекшілері, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушы-профессорлық құрамы мен басшылары, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының кафедрасы оқытушылары, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер аясындағы жастар, сондай-ақ, өзге де Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты құрылымдар мен Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Салиқалы тұжырымды негізге алған ғылыми конференция нәтижелі өтті. 

Қазақстан халқы  Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру барысында Ата заңның тұрақтандырушы әлеуетінің ашылуы» айдарлы баяндамасы - осы алқалы отырыстың өзегіне айналды. 

Санаулы күндерден соң, Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сессиясы да өз жұмысын бастайды. 

Халқымыз өзі сеніп артып, мемлекет тізгігін қолына тапсырған Президетінен соны қадамдар мен тың ұсыныстар күтіп, жарқын келешектің нобайын, жайлы тұрмыс пен рухани толыстықта ғұмыр кешетіндей үмітті көргісі келеді. Десек те, бұның барлығы сайлауалды және Үкімет алдында қойылған тапсырмаларда айтылған.

Осы орайда Конституция күні мерекесі қарсаңында халқымыздың өркендеген елде өмір сүруге жасаған қадамдары туралы ойланып, оны ой сүзгісінен өткізен де жөн секілді. Ата заңның қағидасын бұлжытпай орындаудың кепілі Мемлекет басшысының міндеті саналғандықтан – қоғамдық әр қилы элиталық немесе саяси күштердің билік маңындағы топтасуы билік заңдылығы мен саяси тиімділікке әсер етуі тиіс емес, керісінше, заңдылыққа гарант ретіндегі Ел басшысы мен оны қолдаушы халықтың үлесі әлдеқайда орасан екенін ұмытпау керек. Сондықтан жалпы геосаяси ахуал мен ел жағдайына зер салып бағамдар болсақ, халыққа билік тарапынан не қажет екенін анықтайтын уақыт жетті. Яғни, «көктен жерге түсіп» ел-жұртыңмен емен-жарқын араласатын кез келді. 

Халық нені қалайды? Оған керегі: әділеттілік; табыс көлемінің артуы; экономикалық өсімнің тұрақтылығы; ертеңгі күнге деген сенімділік; сыбайлас жемқорлықтан арылу; сот пен құқық қорғау жүйесінің сапасы арту; еңбек етуге мүмкіншілік болып, тапқан табыстың әділ бөлінуі; баспана мәселесінің шешілуі; мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көруді тосады. 

Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұстанған саясаты - халықтың мұң-мұқтажын ескерерлік және шынайы орындалу әлеуеті басым бағыт. Әрбір қазақстандықтың «өз қолы өз аузына жететін» жағдайды жасауға шамасы бар, толыққанды нәтиже беретін қадам болып ерекшенеледі.  

Өз қоғамдық ортамызда немесе әлемдік кеңістікте қандай жағдай қалыптасып жатса да біздің әлемдік көшбасшыларының отыздығына ену стратегиялық жоспарымыз өзгеріссіз қала береді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев реформаларды қолдау бағытында: халқымыздың сенім-наным, саяси көзқарастарына қарамастан ортақ ауызбіршілікті ұйыта алған - экономикалық, институционалдық, әлеуметтік базасының идеологиялық алғышартын жасады. Глобальдық тұрғыдан қарағанда осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді шашып-төкпей, мемлекетіміздің әр азаматының игілігіне жаратуға тырысуымыз қажет. Сондықтан кемел келешек - келесі күні ататын таңмен ілесіп келе салатын ғажайып емес екенін, қаперде қатты ұстағанымыз абзал. 

Расында сондай ғажайып өмірге құлшынатын болсақ, онда біздің тарапымыздан аса бір жанкештілік талап етіледі. Ол үшін: күш-жігер мен ой-сана өз шегінен артық қимыл көрсетерліктей әрекетті талап ететін, табанды еңбек те керек болар. Ал осындайда бел шешіп, белсене араласуға ниеті мен құлқы жоқтар – әншейін, «қатынөсек, желсөз» төңірегіндегі «жауынгерлер» сапын толықтырып, орайлы сыншылдық емес, күйкі міншілдікпен шұғылданар.

Істің адамдары ондай бойкүйездіктен ада болып, белгіленген межелерге қол жеткізуге ынта танытып және сол арқылы шаруаның Конституцияның негізгі нормаларына сәйкес соңғы қалыптасқан жаңа жағдайға орай іске асуына мұрындық бола білуі тиіс.

Президент Қ.Тоқаевтың бүгінгі таңдағы алдыға қойып отырған мақсат-межелері Конституциямызда қарастырылырған: бейбіт өмірді қалайтын қоғам, еркіндік пен теңдік, қоғамдық келісімге бейімділік, әлемдік қоғамдастық сапынан лайықты орын тебуге талпыну, осы таңдағы және келешек ұрпақ алдындағы парыз бен борышқа жауапкер болу сынды айшықты постулаттарды негізге ала отырып, бұқара халықтың хал-жағдайын жақсартуға арналған тұщымды қадамдарды айшықтады.  

Сонымен қатар Елбасының о бастағы стратегиялық бағыты ел өркендеуінің «альфасы» мен «омегасы» ретінде сақтала береді.

Десек те ол кездегі көзделген дамуды әрдайым толықтырып отыру өмір талабы. Сондықтан «Әділеттілік» пен «Прогресс» стратегиялық тетіктері арқылы жаңаланды. Ата заңда Қазақстан Республикасының басты құндылығы адам екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Осы орайда мемлекет – адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік ұстанымнан таймауы керек.

Қазіргі таңда басты назарды мемлекеттің әлеуметтік сипатына қарай аударуға тура келді. Себебі, халықтың өмірі, құқықтары мен бостандықтары лайықты дәрежеде қорғалып, оның сақталуын қамтамасыз ететін уақыт жетті. 

Азаматтардың мойнындағы қарыздарды азайту, өңірлік дамудың жаңа стратегиясы, алдыға бастайтын күш ретінде жастардың рөлін арттыру назарға алынуы тиісті.  

Кезек күттірмейтін бір мәселе: қарапайым жұрттың қолын байлап, қадамын аштырмай отырған  тұтынушылық кепілсіз несиелерді өтеуге қол ұшын беруді сұраған көптеген өтініштер келіп жатыр. Әрине, оның мән-жағдайын билік тарапы жақсы біледі. 

Тұрмыс жағдай төмен әлеуметтік топ қатарына: көп балалы және мүгедек бала асыраушылар, табыс көзі келетін жалғыз асыраушысынан айырылғандар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жетім балалар жатады. Соңғы есеп бойынша олардың жалпы саны: мөлшермен бес жүз мың адамды құрап тұр. Мойындарына алған кредиттік қарыздарын өтеуге бұлардың шамалары жоқ. 

Сараптап көргенде, осындай кредиттердің 86%-нен астамы бір миллион теңгеден төмен болып шықты. Өтеуге тиісті қарыздардың орташа көлемі үш жүз мың теңге шамасында екен. Осы берешектерінен ол әлеуметтік әлжуаз топ өз беттерінше құтыла алмайтыны белгілі болды. Осы орайда Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екендігінің дәлелі ретінде - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдары жасалынып көрмеген, құндылығы жағынан халық үшін теңдессіз қадамға барды. 

Сонымен, Жарлыққа сәйкес, аталған санатқа жататын азаматтар үшін, бір реттік акция ретінде: екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына жалпы мөлшері үш жүз мың теңгеге дейінгі негізі борыштары мен сыйақысын жабуға бел байлады.

Демек, бұл - борышкерлердің  55%-тен астамы немесе екі жүл елу мың адам үшін мойнындағы қарыздан толық құтылғаны деп санауымыз керек. 

Ал одан жоғары мөлшердегі қарызданғандардың үш жүз мың теңге көлеміндегі борышы шегеріліп, қалған міндеттемелерін орындауға мүмкіндік туады деген сөз.   

 Сондай-ақ, 2019 жылғы 1 шілдеге дейінгі кезеңді қоса алғанда, банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық борыштары бар азаматтардың айыппұлдары мен өсімақылары да мемлекет тарапынан жойылады. 

Және айта кетерлік тағы бір жағдай: берешегін өтеу кезеңі тоқсан күннен артып кеткен азаматтардың кепілсіз тұтынушылық борыштарына орай кредит алу және қызмет көрсетуі мерзімінде орын алған тұрақсыздық айыбы мен комиссиялар, басқа да төлемдерді қарыз алушыға жүктеуге тиым жасалынды. 

Көңілге медет орнататын жаңалықтың бірі, 1 маусымнан бастап біршама бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық табысы 30%-ке ұлғайды. Сол мезгілден бастап атаулы әлеуметтік көмек ауқымына өзгеріс енді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік көмек алушылардың үш есеге ұлғаюына себеп болып, атаулы көмектің артуына әсерін тигізді. 

Егер осының барлығын сан тілімен таңбаласақ: еліміздің 1,5 миллион адамы қамқорлыққа қамтылып немесе 291 мың отбасына  202,5 миллиард теңге жұмсалды.

Осы қарастырылған ізгі шаралар: Қазақстан Конституциясы аясындағы өз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы жарқын ісі болып табылады. Сонымен қатар, осымен ғана шектеліп қалмайтын, сирек қадам емес екенін атап өткен жөн.   

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында: заң үстемдігі, әділ сот төрелігі, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты құрту және қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі – ел-жұрт арасындағы ортақ мәмілелі келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту, барша халықтың жағдайына әсері айқын тиетін экономикалық дамуды өркендету сынды негізгі конституциялық қағидаттар орын алған болатын-ды.  

Президент тарапынан ұсынылған «Әлеуметтік пакет» әрбір мұқтаж адамға дербес әлеуметтік қартасына сәйкес тікелей, нақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, оларға байланысты барлық ақпараттар мен деректер бір нүктеге шоғырландырады. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекке қатысты көрсетілетін стандарттарды пайдалануға ала-құлалық жасалынбай, тең түрде тұтынуға кепілдік орнатылды. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Медициналық пакеті» азаматтарымыздың сапалы медициналық қызмет алуына шынайы теңдей жағдай жасайды. Дәрігерледі бюрократтық көзқарастан ажыратып, өзінің ант берген негізгі қызметі адамды емдеуге оралтуды көздейді. «Дәрігер-пациент» ұстанымы - медицинаның ең маңызды өзегі болып табылады. Осы шараны қолдау бағытында 1  маусымнан бастап, барлық медицина қызметкерлерінің материалдық жағдайын арттыру мақсатында, жалақылары 30%-ке дейін көтерілді.

«Білімді ұлт: баршаға арналған заманауи білім беру стандарттары» атты келесі пакеттің басымдығы мен маңыздылығы тек білім беру жүйесіне ғана қатысты емес. 

Бұл - алдымыздағы онжылдықта жастардың еңбек нарығында лайықты орын алуына жағдай жасайтын қадам болуы тиіс. Ол үшін жастар жолын ашатын әлеуметтік лифтілердің кең алаңын қалыптастыру - әлдеқайда маңызды іс болып саналады.   

Сондай-ақ Президент ұсынған «Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары» сияқты пакетте аталмыш блокпен тығыз қарым-қатынаста, оның себебі: күллі әлем тәжірибесінде «білім экномикасынан» «адамдар экономикасына» ауысу аяқ алды. Осыған байланысты бұл блок тек интеллектуалды әлеуетті ғана өркендету емес, сондай-ақ шығармашылық және креативтік ерекшеліктерді қалыптастырып, оны іс жүзінде пайдалана білуге жол ашады.  

Бұл іс-шараларды жүзеге асырып, тікелей нәтижесін көру үшін мемлекеттік басқару жүйесіне жаңашылдық пен соны көзқарасты аңғартатын тың өзгерістер енгізілу аса қажет және онсыз нәтижеге қол жеткізу де мүмкін емес.  

Осы жаңашылдықтың мәнін үш бағытқа тарқатар болсақ: мемлекеттік басқару тетіктерінің түгелдейінің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, есеп беру, әрдайым бақылауда болуын қамтамасыз етіп, тоқ етер шешім қабылдау кезінде халықтың сөзіне иек арту керек.  

Ендігі жерде, Президенттің сайлауалды тұғырнамасындағы экономикалық блокқа қатысты «Бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму» конституциялық қағидатына оралар болсақ, онда: әкімшілік кедергілерді жою, еңбек өнімділігі мен отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетін арттыру секілді өміршең жоспарлар көрініс берген болатын., Тағам-тамақ, жихаз-бұйым, тоқыма-киім, құрылыс-тұрғын үй және өзге де салалар бойынша «қарапайым заттар экономикасы» базасында іске асыру мақсатталды. Осы шаруаға 600 миллиард теңге бағытталмақшы.

 Сонымен қатар «ауқатты ауыл» атты бағыт та өркендеудің бір тармағы болып саналып, осы арада финанстық ахуалды сауықтыру барысында, кәсіпкерлік саласын қолдауға байланысты барлық құжаттар мұқият тексеруден өткізіледі. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «бәрі білетін, бірақ сұраудан қорқатын» сауалға да тоқтала кетті.  Бұл – негізгі капиталдың 3,2 % ғана құрайтын ауылшаруашылығына тиісті инвестицияның тым төменгі көлемі; мемлекеттік қолдау шарттарының жиі құбылып отыратындығы, осы салдарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы саясатына қатысты қысқа және орта мерзімді басымдықтарды қалыптастыруға берілген тапсырмаларға сүйеніп, қолдау инструменттерін тұрақтандыру. Өзекті мәселенің бірі жерді тиімді пайдалану болып тұр. Қазіргі таңда 16,5 миллион гектар жер бос жатыр. Ауыл шаруашылығына тиесілі жер көлеміне жаппай аудит жасау арқылы, жер кадастры жүйесін цифрлау негізінде - ел өндірісінің негізгі факторы болып саналатын жердің бет пердесі ашылады. 

Президент «жер сол жерде жұмыс істейтіндерге ғана тиесілі болуы керек» шын мәнінде жаңашыл тұжырым жасады. Осыдан кейін жерді әлдебір финанстық алаяқтыққа, берекесіздікпен жалға пайдалану сияқты фактілер анықталса, шаруашылық шарттарын қайта қарауға тура келеді.

Азаматтардың экономикалық теңдігін қалыптастыру барысында - еліміздің инфраструктурасын ары қарай дамыта түсіп, экологиялық қауыпсіздік пен тұрғынүй мәселесін жетілдіру көзделіп отыр.

Осы орайда нақты көрсеткіштер сүйенуге тура келеді: әлеуметтік әлжуаз топ санатына кіретіндерге – қырық мың пәтер қарастырылса, алты жүз елу мың пәтер екі миллионнан астам өзге де тұрғындарға қол жетімді болмақшы.

Бірыңғай тұрғынүй саясатына көшу арқылы еліміздің азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашылады. Сонымен қатар олардың құқықтарының нақтылы теңдігі орнайды. Әрине бұндай жетістіктерге қол жеткізудің басты кілті өңірлік дамудың қарқынына байланысты екенін ұмытпауымыз керек. 

Осыдан барып, «Күшті өңірлер – қуатты Қазақстан» пакеті нақтылы өңірдегі нақты халыққа арналған бағдарлама болып табылады.Бұл жерде жергілікті тұрғындардың да аталмыш бағдарламаға белсенді түрде ат салысуы өте қажет. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ауылдан бастап облыс орталығына дейінгі 3000 тарта Қоғамдық келісім кеңестерінің жинаған мол тәжірибес бар. 

Кезінде Елбасының тапсырмасы бойынша жұмысын бастаған бұл институт жергілікті жердегі өзін-өзі басқару жүйесі санатында біршама жұмыстар жасай алды. Аудан, ауылдық округтер мен ауылдар көлемінде жергілікті бюджеттің тиімді жұмсалуына ықпалын тигізді. Сондай әрекеті арқылы қоғамның дамуын және тұрақтылығын реттейтін құралға айналды.

Осындай бірлесе іс шешу арқылы «халықты тыңдайтын» билік қордаланған талай мәселелердің түйінін тарқатып, келелі келісімдерге қол жеткізді. Соның арқасында қалыпты психологиялық ахуал орнап, әлеуметтік дағдарысқа жол берілмеді. 

Мемлекеттің саяси жүйесін трансформациялаумен қатар осы үдерістерді жүзеге асырудағы жастардың рөлі жөніндегі кешенді түрде белгіленген міндеттер – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының өзегі және қисынды қорытынды болып саналады. Оны толықтай тарқатар болсақ, «билік тұрғындардың арыз-мұңдарына құлақ асып, жергілікті жердегі мәселелерді шешіп, халқы алдында есеп беруге міндетті». Кез келген саясаткер үшін саяси жұмысты атқару оңай емес. Саясат - пышақтың жүзі секілді қылпылдаған аса жауапты және күрделі іс. 

Соған орай саяси жүйенің өзгеруі қоғамның өз тарапынан жүретін өзін-өзі реттеу әрекетінсіз мүмкін емес. Сондықтан сайлауалды тұғырнаманы жүзеге асыру барысында: 2025 жылға дейін азаматтық қоғамның дамуы туралы соны тұжырымдама дайындап, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы алдыға қойған мақсаттарды орындауға қатысты "баппен күйге келтіру" тетігі болып табылады. Яғни, бұл, Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасын және Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларға қатысты стартегиялық бағыттарды жүзеге асыруға арналған кешенді іс болды. Осы тұғырнаманы іске асырудағы конституциялық негіздегі басты мақсат: Қазақстан Республикасы Конституциясының «Жалпы ережелер» атты I бөлімі мен «Адам және азамат» атты II бөлімінің ережелерін барынша өміршең ету.

Бұған сайлау кезіндегі орын алған аса салмақты қоғамдық проблемаларды Қ.К. Тоқаевтың адамгершілік тұрғысында шеше алу әлеуеті де әсер етті. 

Демек, Қазақстан Республикасының Ата заңы өзінің о баста алған әлеуметтік сипатын ешуақытта жоғалпайтынын, сонымен қатар гуманистік қуатын өрістете түсетін орасан күш қорына ие екенін айғақтады. 

Қазақстан атты ортақ шаңырақ астындағы жүздеген ұлт өкілдері үшін Конституция күні аса мәртебелі мереке болып саналады. Бұл - барша қазақстандықтардың келешегіне деген бекем сенімнің кепілі, бейбіт өмірдің ашық аспаны, өскелең ұрпақтың жарқын ертеңі мен Мәңгілік еліміздің қақырамас қабырғасы. 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Мас жүргізуші бір топ адамды қағып кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жантүршігерлік оқиға Ресе...

Жаңалықтар

Танымал қазақстандық виолончелист Болат Тыныбеков дүниеден озды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Су...