Гуманитар бағытта қазақ тіліне аударылған 100 кітаптың маңызы қандай

РУХАНИЯТ
2241

2021 жыл елімізде балалар әдебиеті жылы деп жарияланды. Сол арқылы өскелең ұрпақтың әдеби кітаптар оқып, сол арқылы тарихты тануы, кітап арқылы баланың таным-түсінігін молайтып, ой көкжиегін кеңейту көзделгені белгілі. Болашақ бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына жиған қасиеті негізінде қалыптасады. Сол себепті балалар мен жасөспірімдердің сұранысына жауап беріп, олардың қажеттілігі жолында аябаған жөн. Бұған дейін балаларға арналған жүз кітап баспадан өтіп, оқырманның қолына жету жолында жұмыс атқарылып жатқаны хабарланды. Мұндай жұмыстың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маманды тәрбиелеу, даярлау. 

Қазірдің өзінде елімізде табысты түрде дамып келе жатқан табиғи ресурстардың өндірісінен бөлек, өңірлік, жаһандық нарықтағы сұранысқа ие өнімдер мен қызметтердің қолжетімді болуы шарт. Бұл ең әуелі зияткерлік қызмет, ресурстардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілік. Бұл тек экономика ғана емес мәдениет, әдебиет, жалпы гуманитар бағытты қамтиды. Атап өткен үш негіздің бәрі осыдан төрт жыл бұрын, 2017 жылы қабылданған «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасында қамтылған. Бәсекеге қабілеттілікті арттыруды тек балалар ғана емес, жалпы қоғам талап етеді. Сол себепті алты бағытты қамтитын бағдарлама аясында «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы іске асты. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласында біздің қоғамға инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заман мен болашақты жақсы түсінетін гуманитарлық бейіндегі адамдар да қажет екенін атап өтті. Ертеңгі күннің ерекшелігі – минералды ресурстардың болуы емес, адамның бәсекеге қабілеттілігі ұлт табысының факторына айналады, деді Елбасы мақаласында. Осыған байланысты студенттердің тарих және саясаттану, әлеуметтану және философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары саласында уақыт талаптарына сай білім алуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасауды тапсырды. Бірнеше жылдың ішінде қазақ тіліне аударылған жүз кітап қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледжерге мыңдаған данамен жеткізілді. Бұл жобаны жүзеге асырғандардың айтуынша, бұл жоба аясында гуманитарлық пәндер бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ соның арқасында бұған дейін баламасы болмаған шетелдік сөздер қазақ тілінің лексикалық қорына қосылып, тілдің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазақ тілінде ғылыми мән мен мазмұн пайда болды. Сонымен қатар бұл гуманитарлық факультеттердің студенттеріне заманауи стандарттарға сай сапалы білім алуға жол ашты. Ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің жедел дамуына жағдай жасады. Содан кейін ел көлемінде шетелдік еңбектерді қазақ тіліне аудару ісі қарқын алды. Ең маңыздысы – ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасау, оның ішінде академиялық аударма дәстүрі қалыптасты.

Оқулықтардың негізгі бөлігі ағылшын тілінен аударылған. Сондай-ақ француз және орыс тілдерінен аударылған оқулықтар да бар. Бұл кітаптардың кейбірінің орыс тіліндегі нұсқасы болғанына қарамастан, жобаны жүзеге асырушылар оқулықтарды түпнұсқа тілінен аударуды жөн көрген. Мысалы, оның ішінде философияға қатысты Реми Хестің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» еңбегін, әлеуметтануға қатысты «Әлеуметтану теориясы», «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтік психология» секілді оқулықтар бар. 

Айта кететіні, бұл жоба төрт кезең негізінде жүзеге асты. Алғашқы кезең 2017-2018 жылдарды қамтыды. Бастапқыда жобаға ұсынылған 800-ден астам еңбектің ішінен таңдалған 18 оқулық осы жылдары басылып шықты, оқырманға жеткізілді. Екінші кезең отыз оқулықты қамтыды. Бұл жұмыс 2018 жылы іске асты. Бірінші кезеңде оқулықтар Қазақстанның 112 жоғары оқу орнына тегін жеткізілсе, екінші кезеңде баламаланған кітаптар ел бойынша 132 жоғары оқу орнында таратылды. Жобаның үшінші және төртінші кезеңі 2019-2020 жылдарға тура келді. Бұл кезеңде қалған 53 оқулық аударылып, баспадан шықты. Сондай-ақ тегін таратылды.

Сапалы тегін онлайн-курстар ұсыну арқылы ел халқының зияткерлік деңгейін арттыруға бағытталған Қазақстанның ашық университетінің сайты да қазақ тіліне аударылған жүз кітапты қиындықсыз оқуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның басты мақсаты – цифрлық технологиялар арқылы барлығына онлайн-білім беруді қол жетімді ету. 

Жоба студенттер арасында да, еліміздің жұмыс істейтін тұрғындары арасында да әлемдік ғылыми әдебиеттің қазақ тілінде оқылуын арттыруға бағытталған. Үш жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «100 жаңа кітап» жобасы сәтті аяқталып, бекітілген кітаптар толық аударылды. Мамандардың мәлімдеуінше, аударылған барлық кітаптың заманауи мазмұны бар, олар әлемдегі ең танымал және жиі оқылатын оқу кітаптары. Жобаға үш жүзден астам қазақстандық маман қатысқан. Бұл бастама бір жағынан ел ішінде қазақ тілінде ақпарат көзі болса, екінші жағынан қазақ тілінің ғылым тілі болуына жасалған маңызды қадамдардың бірі болды. 

Заман Төлеуов,

"Мәдениет порталы"

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...