Қазақстанның бітімгершілік миссиясы

Жаңалықтар
673

Бүгінгідей әлемдік геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта ғаламдық қауымдастық үшін халықтар татулығы, өзара ынтымақтастық қарым-қатынас өте маңызды. Іздің ел Тәуелсіздігін алған бірінші күнінен бастап сыртқы және ішкі саясатта мемлекет тұрақсыздығын сақтау және халықаралық қауіпсіздікті нығайту бағытында сындарлы саясат жүргізіп келеді.

Егемендікке қол жеткізгелі бері Қазақстан әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын және жаһандық бейбітшілікті ұстап тұруға өлшеусіз үлес қосатын мемлекет болып қалыптасты. Осы жылдары халықаралық деңгейдегі шиеленістерді, дау-жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды шешуде, жауласушы тараптарды мәмілеге шақырып, араағайындық міндеттерді атқаруы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып келеді. Ал Тәуелсіз Қазақстанның 90-жылдардың басында-ақ Семей полигонын жауып, ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі бастасы жаһандық қауымдастық тарапынан қызу қолдау тауып, жаппай халықаралық қозғалысқа ұласты. Нақ осы қозғалыстың әсерінен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады. 

фотосурет egemen.kz

Жаңадан құрылған жас мемлекет татулығы жарасқан 130-ға тарта этностардың, қырықтан астамконфессия өкілдерінің ортақ Отанына айналды. Әйтседе алдымен патшалық Ресейдің, кейін Советер Одағының құрамында 260 жыл бойы үстем жағдайға ие болып келген «аға ұлт» өкілдері қазақтың егемендігін мойындағысы келмеді. Шовинистік дертке шалдыққан қауымның оған тіпті түйсігі де жетпеді. Тәуелсіздік декларациясын қабылдаған кезде мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланғанда жат пиғылдар өре түрегеліп, екінші мемлекеттік тіл ретінде орыс тілін тықпалауға барлық айла-амалдарын салды. Мұндай әрекеттер қоғамға жік салып, үлкен дүрдараздық тудырды. Тәуелсіздіктің мәнін түсінбеушіліктен туындаған дау-жанжал, түрлі қоздырушылық оқиғалар ара-тұра орын алып жатты. Дегенмен бәрінен де этностар достығын, татулық қатынасты жоғары қойған қазақстандықтар қоғамдық тұрақтылықты сақтап қала алды. Мұндай нәтижеге қол жеткізу оңай болмағанын мойындау керек. Осындай аумалы-төкпелі замандарда мемлекеттілігімізді абыроймен сақтап қала алдық. Қазақстан өзінің ашық-жарқын ниетімен тек бейбітсүйгіш, экономикалық дамуды көздейтін ел ретінде дамитынын көрсетті. Ядролық қарудан әлемде алғаш болып бас тартуы, 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын жаһандық діндер көшбасшылары съезін өткізуі, Бітімгершілік операцияларына қатысуы Қазақстанның бақ-берекетті қалайтын, тұрақтылық пен тыныштық жақтайтын мемлекет екенін паш етті. 

Әлбетте, кез келген мемлекеттің әулеті әскери қуатымен айқындалады. Армия сыртқы жауға төтеп бере алса, экономикалық тұрғыдан бақуатты болса тарихтта қалады, өз мүддесін қорғай алмаған осал елдер жұтылып бітеді. Біз бабалар мекен еткен Ұлы далада Тәуелсіз Қазақ мемлекетін құра алдық. Ғасырлар бойы бабаларымыздың армандап өткен Тәуелсіздікке 1991 жылы қол жеткіздік. 

Тәуелсіз ел тарихындағы маңызды оқиғаның бірі –1992 жылы  2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына ( БҰҰ) 168- мүшесі болып қабылданды. БҰҰ-ның қызметінің мақсаты – бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау; ұлттар арасындағы татулықты сақтау, даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешу; халықаралық мәселелерді экономикалық, әлеуметтік-мәдени әрі гуманитарлық тұрғыдан қарастыру. 

Бұрын-соңды кез келген мемлекетке БҰҰ Бітімгершілік миссиясына әскеріне жасақ қосуға рұқсат етіле бермеген. Бұл міндет тек халықаралық саяси-әлеуметтік міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын, небір күрмеуі қиын мәселелерге араласып, бітімгершілік, бейбітсүйгіштік қырынан көрінген мемлекеттерге жүктелетін. Мұны беделді халықаралық ұйымның Қазақстанға сенім артуы, мойындауы және санасуы деп түсінгеніміз жөн болар. Дегенмен, бітімгершілік күштер туралы мәселеде еліміздің сарбаздары  қақтығыс өрті өршіп тұрған аймақтарға бармайтынын айтуымыз керек. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның Бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесінде әбден ысылған әскер жіберіледі. Қазақстанның бітімгершілік саласындағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды. Нәтижесінде 2017-2018 жылдары біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қабылданды. 

Жалпы, Қазақстан Қарулы Күшінің бітімгершілік тарихы 1992 жылдан бастау алады. Посткеңестер кеңістігінде Тәжікстан мемлекетінің аймағында діни қақтығыстың соңы ұлт азаттық көтеріліске ұласып, ол ақырында бесжылдық қырғынға айналған. Шиеленіс аймағына көмек ретінде ҚР Жоғарғы Кеңесі арнайы қаулы шығарып, бауырлас елге бітімгершілік сарбаздарын жіберуге шешім қабылдайды. 

Бастапқыда 1992 жылдың күзінде Тәжікстанға Қапшағай қаласында орналасқан 35-ші жеке гвардиялық әуе-десанттық бригадасы жеке батальонының 300 десантшысы техникасыз жіберілді. 1993 жылдың көктемінен бастап, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы және ҚР Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы негізінде жеке атқыштар батальоны құрылды.

Қазақстандық батальон Бадахшан таулы аймағына орналастырылып, тәжік-ауған шекарасын қорғау жөніндегі жауынгерлік міндетін орындады. Бізбен бірге көршілес аймақтарда ресейлік, өзбек және қырғыз әскери бөлімшелері болды. Қазақстандық жасақ Хорог қаласында, содан кейін Калаи-Хумб елді мекенінде ресейлік шекара әскерлерімен бірге блокпостар мен заставаларды күшейтуші күш ретінде талай қарулы қақтығыстарға қатысты.

1993 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейін Тәжікстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі операцияға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 10 300 сарбазы қатысты.Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстардан 34 жауынгер хабар-ошарсыз жоғалып, 30-ға жуық ауыр жаралы оралса, 17 боздақ шейіт кеткен. Мемлекетіміз бейбітшілік пен бітімгершіліктің туын көтерген, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді жыл сайын cәуір айының 7 жұлдызы еске алу күнін өткізеді.

Ресми түрде Қазақстанда бітімгершілік тарихы 2000 жылы бітімгершілік батальонының құрылуымен басталады. Ал 2003 жылы «Қазбат» АҚШ пен НАТО қолдауымен Ирактағы бітімгершілік операциясына («Иракқа бостандық» операциясына) қатысады. 2003-2008 жылдар аралығында бітімгершілік миссиясына барлығы 270-тен астам әскери барған. Қазақстан бітімгерлері минасыздандыру, суды тазарту тапсырмаларын орындады. Бес жыл ішінде жеке құрам алты айдан он рет алмасты.

Қазақстандық мамандар Иракта 4,5 миллионнан астам түрлі оқ  дәрілерді – миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойып, 6718 текше метр суды тазартты. Әскери дәрігерлеріміз америкалық «Дельта» базасы медициналық тобының құрамында жұмыс істеді. Олар негізінен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

2014 жылдан бастап еліміздің 11 офицері Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Республикасында БҰҰ миссияларына атсалысты. Африка мен Кариб бассейнінің бірқатар елдерінде бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына жәрдемдесті. 

2015 жылы «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат еліміздің Қарулы Күштерінің бітімгершілік операцияларға қатысуын реттейтін міндеттер мен құзыреттерді айқындап берді. 

Бітімгершілік көмек 2018 жылы Ливан жерінде жалғасын табады. Ливан жеріндегі бітімгершілік миссиясында ҚР Қарулы Күші Үндістан контингенті құрамында болды. 

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан алақандай Ливан ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен көп жылдар бойы қарулы шиеленістерден көз ашпай келе жатқан еді. Осыған байланысты 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуына ықпал ету үшін БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күші құрылған-ды. Сол кезден бастап UNIFIL миссиясы өз жұмысын бастады.

Ливанға бітімгершілік мақсатында елімізден үш мәрте сарбаздар тобы аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті. Былтыр үшінші топ жолға шықты. Жалпы бұл миссия бойынша 42 елден 10 мыңнан астам сарбаз борышын өтейді.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, бітімгершілік миссияларына қатысқан мемлекеттер арасында Қазақстан 66-орында тұр. БҰҰ бітімгершілік миссиясына ең көп үлес қосушы ел – Эфиопияға (6650 сарбаз) қарағанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақстан – Орталық Азиядағы елдермен малыстырғанда бітімгершілік миссиясына мамандары ең көп қатысқан мемлекет. 

Ғалымдардың есебінше, жер бетінде 15 мыңнан астам соғыс болыпты. Осы қақтығыстарда жүздеген миллион адам қаза тауып, талай төлтума мәдениеттер мен өркениеттер тып-типыл жойылған. Адамзат тарихындағы алапат қырғын – Екінші дүниежүзілік соғысқа сол кездегі 73 мемлекеттің 62-сі қатысты. Соғыс салдарынан 71 млн. астам адам қаза тапқан. Оның ішінде әскерилер де, бейбіт халық та бар. 

Осы бағыттағы біліктілігін жетілдіру үшін ҚР Қарулы Күштерінің әскери жоғарғы оқу орындарының ұстаздары өзара мобильділікпен білім алмасады, ал үздік курсанттар Түркияда, Ресейде, Оңтүстік Корея, Англияда, Америкада және Кытайда оқып жатыр. 

Қазақстан Армиясының бітімгершілік миссиясына қатысуының сыртқы саясаттағы маңызынан бөлек, өзара толысу, күшею және шеберлік шыңдаудағы рөлі де үлкен. Өйткені әскери қызметкер сырт жерлерде жүріп, төтенше жағдайда басқа әскерилердің тәжірибесіне қанығып, біліктілігін арттырып, теориялық білімін нақты іс-тәжірибеде шыңдайды. 

Бітімгершілік операциясы активті және пассивті тұрғыда жүргізіледі. Қазақ әскері тек пассивті тұрғыда әрекет етеді. Пассивті дегеніміз – гуманитарлық және медициналық көмек көрсету, су жүргізу, көпшілік тұтынатын және өмірлік маңызды бар заттарды жеткізу, инженерлік-саперлік отрядтардың жарылғыш заттарды залалсыздандыру.

Қазақстандық сарбаздарды дау-жанжалы аз өңірлерге жіберіледі. Бітімгершілік миссиясының қауіпті тұсы көп. Ең алдымен, мұндай операциялардың құнымен адам өмірімен өлшенеді. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгершілік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқанын,  2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болғанын еске саламыз.

Дәулет АСАУ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...